(Шілде - карантин - шілдехана немесе ұлт ұстазы туралы екі естелік)
Еліміз екінші мәрте қатал «карантинге» қамалды. Карантин деген атау сөз көне латыншадан аударғанда «қырық» деген мағына береді екен. Бұл карантин қазақ «қырық күн шілде» дейтін жаз мезгілінің ең ыстық айына дөп келді. «Шілде» сөзі қазаққа парсының "шілдə" дегенінен ауысқан. Оның да мағынасы «қырық» дегенді білдіреді. Сонда қазақтың "қырық күн шілде" дегені қырық санын білдіретін парсы сөзінің мағынасын ашатын тіркес болып табылады. Сонымен қатар ол бүгін қолданысымызға ентелеп енген каратнин ұғымының баламасы да болып шығады.
Шілде атауынан тарайтын қазақтың жалпақ ғұрпы бар. Ол – шілдехана. Аталмыш атау екі сөзден құрылған: бірі – шілде, екіншісі – хана. Шілдесі, жоғарыда айтқанымыздай, түсінікті. Ал «хана» дегеніміз де парсы сөзі. Ол «бөлме» немесе «бөлектеу» деген мағына береді. Демек, қазақтың «Шілдехана күзету» ғұрпы - жаңа туған нəрестеге каратин жасау, оны жұрттың көзінен тасалау. Мұндағы мақсат – нәрестені тіл-көзден қорғау. Қазіргі медицина ұғыммен айтсақ, вирустан сақтандыру. Имунитеті қалыптаспаған қызыл шақалақтың организмі дүниені қоршаған түрлі вирусқа төзімсіз болуы әбден мүмкін. Ата-бабаларымыздың көне дүниетанымы мен сан ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі мен негізінде туындаған сақтық шарасы.
Бүгінгі таңда ковид індеті қызылшақа нəрестені емес, тұтас халықты шілдеханаға - карантинге қамап қойды. Осы орайда, қазақтың ескі салтын жаңа заманға лайықтап, БАҚ бетінде, әлеуметтік желіде қашықтықтан «шілдехана күзетуді», яғни карантинді жолға қоюға болады.
Бұрынғы шілдеханада не айтылатын еді? Әрине, жақсы сөз, жыр, тілек, қызу әңгімелер тиегі ағытылады. Бүгінгі таңдағы әңгіменің басы «ковидттен» басталатыны сөзсіз. Халық арасында «Бірінші байлық – денсаулық» деген тәмсіл сөздің мағынасы артты. Індетке қарсы тұру үшін сақтық шараларымен қатар адам организмінің имунитетін күшейту мәселелері - көп әңгіменің арқауы. Деннің саулығы үшін табиғи өнімдерді, дәстүрлі тағамдарды ас мәзіріне қосу – бүгінгі таңда қазақ жұрты үшін өзекті тақырып. Дәстүрлі мәзірдегі қой етінің сорпасы, қазақы ет, саумал, қымыз, ашытпа көже деген тағам-сусындарға сұраныс өсті.
Пандемия індетінен туындаған көріністерді саралай келе, қазақтың біртуар тұлғасы А.Байтұрсынұлына қатысты екі естелікті жариялауды жөн санап отырмын. Бірі – 1990 жылдары құлаққа қанық болып, 1993 жылы қазіргі «Қостанай таңы» газетінің бетінде (17.09.1992 ж.) «Ахаң дарынды публицист» деген мақалада жарияланған естелік, екіншісі – қостанайлық ақсақал Бақыткерей Әбітайұлының өз қолымен жазып берген естелігі.
Бірінші естелік– Сыр бойынан сақталып жеткен әңгіме. Айтушы – Ахмет Әбсадықұлы, 1937 жылы туған. Мамандығы – физика-математика пәнінің мұғалімі. Әңгімені өз әкесі Барақұлы Әбсадықтан естіген. Барақұлы Әбсадық 1894 жылы туған, 1984 жылы 90 жас жасап, дүниеден озады. Жайлаған қонысы – Сыр бойындағы Қараөзек, Арқада – Қарсақпай. Әкесі Барақ Байғабылұлы біраз жылдар Қарсақпай жақта -Ұлытау мен Сарысу арасынан жайлап тұрып қалады. Қарсақпайдағы кен орнын кеңес үкіметі қоғам меншігіне алғаннан кейін, «ендігі кезек жеке малға келеді» деген қауіппен бес ағайынды кісілер болып, науқастанып жатқан әкелері Барақты теңге артып, «есің барда еліңді тап» деген тәмсілге сүйеніп, «тыныш жатқан» Сыр бойына қоныс аударады. 1929 жылы Сыр бойында кәмпескеге ілініп, аштықтың зардабын тартады. Соғыс жылдары военком тарапынан бастамаға үн қосып, қолындағы біраз малын майданға самолет алуға деп «өз еркімен» береді.
Әлқисса, 1990 жылдары Алаш зиялыларының жаппай ақталып, шығармалары жарық көріп жатқан кез. Біз студентпіз. Қолымыз қалт еткенде әкеміздің бақшасына көмектесеміз. Бақша атамыз Әбсадық жайлаған Тасарық деген жерде (қазір Әбсадық тоғайы деп те аталады). Көршіміз - әкемізбен бірге қызмет жасайтын Сейілбек ағай. Ол да физик-математик. Оның да бірнеше баласы бар. Бақшада жұмыс та жасалады, әңгіме де айтылады. Әңгіме ауаны әртүрлі. Тарих та бар, заманауи көріністер де бар. Соның бірінде ақталып жатқан Алаш зиялылары туралы әңгіме қозғалды. Сонда біздің әкеміз Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы туралы өз әкесінен естіген мынадай әңгімені айтып берді:
«Біздің әкелеріміздің қыстауы – Қараөзек, жайлауы – Қарсақпай екен. Атамыз Барақ Байғабылұлы революцияға дейінгі біраз жылдарды Ұлытау мен Сарысу аралығын жайлап, Найман жұртымен қоныстас болады. Барақтан бес ағайын тарайды. Бесеуі де Найманнан қыз алған. Қарсақпайдың кен орындарын үкімет меншігіне алған жылдары әкелеріміз Сырға қоныс аударады. Көкем Әбсадық жастық шағы өткен өңірді сағына ма, әйтеуір, Арқа жағы туралы көп әңгіме айтатын. Бірде ол бала кезінде Ахмет Байтұрсынұлын көргенін айтып еді. Оқиға былай болған: Арқада Барақ атамызға мыңғырған мал бітіп, ауқатты тұрады. Қарсақпайды жаз жайлап, күз болар уақытта Атбасардағы базарға мал айдап барып, сауда-саттық жасайды екен. Үлкендер жағы ірі малды, жасөспірімдер қой-тоқты айдап қолғабыс қылатын едік дейді әкеміз. Бірде, 15-16 жасар кезім, базарға мал айдаған кісілерге қосылдым. Жаздың соңына қарай шыққанбыз. Мидай жазық даланың үстінде малды өз аянымен жая отырып, Атбасарды бетке алып кете бардық. Бір күні алдымыздан пәуеске арба көрінді. Бізді басқарып келе жатқан кісі оқтай озып барып пәуескеге жолықты. Сәлден кейін кейін қайтып келіп: «Осы жерде кідіреміз, малды иіріңдер. Мына пәуескеде қазақтың қадірлі азаматы Ахаң-Ахмет Байтұрсынұлы жолаушылап барады екен. Сол кісіге қонағасы береміз»,- деді. Содан не керек, дереу малды иіріп, бір семіз тоқтыны сойып, қонақасы дайындадық. Ас піскенше Ахаң біраз әңгіме айтты. Баламыз ғой көп нәрсе есте қалмапты. Бір есімде қалғаны оның қазақтың денсаулығына қатысты айтылған сөзі. Ахаңның: «Таза ауада, табиғат аясында жүріп мал баққан қазақтың денсаулығы мықты болуға тиіс. Оның басты себебі қазақ малдың етін жейді, мал далада жайылып сүйген шөбін жейді. Ал дүниедегі дәрі-дәрмектің барлығы шөптен жасалады»,- деген сөзі құлағымда қалыпты деп отырушы еді көкем».
ХХ ғасырдың басында ұлт ұстазының қарапайым малшылар ортасында отырып айтқан сөзі. Бүгінгі пандемия кезінде сол сөздің қадірін біліп жатқандаймыз. Табиғи тағамдар имунитетті көтереді. Имунитеті мықты кісі вирус шабуылдарына төтеп бере алады. Қазақ жұртының корновирусқа төтеп бере алмай, жаппай індетке ұшырауының бір себебі, бәлкім, ғасырлар бойы қалыптасқан ас мәзірінің күрт өзгеруі де әсер еткен шығар. Қазақтың Ұлы Даласы мыңғыртып мал бағуға қолайлы. Техника мен технология дамыған қазіргі кезеңде оның бейнетін азайтып, пайдасын көбейтуге мүмкіндік зор. Әлі де кеш емес...
Авторлық шегініс. Барақұлы Әбсадықтың кіндігінен тараған он баланың бірінің есімі – Ахмет. Біз, осы естеліктің авторы Әбсадық баласы Ахметтен тараймыз. Қазіргі күні атамыз бұл есімді баласына сол Ахаңның құрметіне қойса керек деп болжаймыз. Бірақ ол туралы Әбсадық атамыз ешқашан айтқан емес екен. Бәлкім, айтуға қорыққан шығар. Себебі «халық жауы» атанған Ахмет Байтұрсынұлының атын атау кеңес дәуірінде кім-кімге болса да оңай болмағаны белгілі. Оның үстіне өзінің кәмпескеге ілінгені, колхозға кіруден қашқақтап, жеке шаруамен айналысып, саяқ жүргені бар. Қаһары қатты кеңес үкіметінен шын мәнінде қаймықса керек.
COVID-19 індеті өмір сүру салтымызға, тұрмыс-тіршілігімізге, дүниетанымымызға үлкен өзгерістер енгізіп жатыр. Әлемдік пандемия туыстық, ұжымшылдық менталитете негізделген қазақтың əлеуметтік байланысына да салмақ салуда. «Көппен көргеннің бəрі ұлы той» деп санайтын біздің ұжымшыл, туысшыл, ағайыншыл қоғамымыз тосын келген індет жағдайында ұстанатын оқшаулану саясатына көшіп жатыр. Әлеуметшілдік бірлігі баяу ұйысатын қазақ жұрты үшін салт-саяқ жүруді қалайтын ковид көріністері өз зиянын тигізуі мүмкін. Мысалды алысқа бармай-ақ, 30-жылдардағы қуғын-сүргін кезеңінде ағайыншылдықтан айырылып қала жаздаған тарихымыздан байқауға болады.
Екінші естелік сол Ахмет Байтұрсынұлының жұбайы Бадрисафаның тағдыры туралы болмақ. Мұнда Бадрисафа өмірінің соңғы күндері туралы шағын мәлімет жазылған. Естеліктің авторы - Бақыткерей Әбітайұлы атты қостанайлық ақсақал. Қазір көзі бар ма, жоқ па, білмеймін. Хабарсызбын. Ол кісі естелікті өз қолымен жазып, маған сонау 2004 жылы «Ахметтану туралы ізденісіңе бір септігін тигізер» деп ұсынып еді. Естеліктің түпнұсқасы менің қолымда. Жеке мұрағатымда ұстап келемін. Естеліктің баянынша, ұлт ұстазының жұбайы күйеуі атылғаннан кейін қайын жұрты Қостанайды сағалап келген сияқты. Өкінішке қарай, кейуанаға ағайын-жұрты пана бола алмай, Бадрисафа Қостанай қаласының іргесіндегі Александровка селосындағы мүгедектер үйіне орналасады. Сол жақта қайтыс болады.
Соғыс және еңбек ардагері Бақыткерей Әбітайұлы сынды ақсақалдардың Ахаңа қатысты деректерге жанашырлық пен ізденгіштік танытқан ынтазарлықтарына бас ие отырып, оны жариялауды жөн көрдім (автордың стилі мен орфографиясы сақталды):
Естелік
Мен 1970 жылы іссапармен Меңдіға (ра) ауданы (на) баруға Қостанай автовокзалынан билет алып, Боровской бағытына жүретін автокөлікті күтуге тура келді. Автовокзалдың іші толған жолаушылар, әр бағытқа бара жатқандар. Қатардағы бір бос орынға орналасып қолымдағы газетті оқып отыр едім, менің қатарымда отырған 3-4 ақсақалдар Амангельді ауданына бара жатқан жолаушылар екен. Біреуінің жанында балдақ сүйеулі тұр. Жастары 60-70 шамасындағылар.
Бір уақытта әңгімелерінен құлағыма шалынғаны Бәдрисафа Ақмет Байтұрсыновтың әйелі, күйеуі қалық жауы болып ұсталып кеткен соң, ағайын-тумалары Бәдрисафаны қалық жауының әйелісі деп еш қайсысы жақындары қамқорлық көрсетпеген соң, амалсыздан Александров мүгедектер үйіне 1942 жылы жаз айларында барып орналасады. Онда 3-4 жетіден кейін көз жұмады. Өлер алдында өзі мені мұсылмандар зиратына жерлеңдер деп айтыпты дейді. Ақсақалдар әңгімесін әр қарай жалғастырып отырды. Бірақ мен автокөлігім жүретінін қабарлаған соң жүріп кеттім.
1995-1997 жылдары журналист марқұм Байтұрсын Ильяс-қа Бәдрисафа Александровкада өлгені жөнінде естігінімді айтқан едім. Б.И. Александров мүгедектер үйінен анықтама қабар алмадым деді. Содан кейін мен бұрынғы Қостанай облыстық Есеп-санақ басқармасының бастығы Подаляков М.Н. 1942 жылы Александров с/советінен өлгендер тіркелген куәліктер қайдан алуға болады дегенімде, облыстық стат архивінен алуға болады деген соң, көп жылдар облстат қалықтың ту және өлімдерді тіркеу бастығы А.Дружинамен және облстаттың көп жылдар бұрынғы орынбасары Н.Ф. Смирновадан анықтама сұрағанымда, Александров индом архивте жоқ деді. Александров индом отчеты Қостанай обл собес береді деп қабарлады. Одан кейін мен Байтұрсын Ильясқа Александров индомының бухгалтері Король-мен хабарласуды ол отчетты қайда тапсырғанын айтады дедім, ол Б.И. қабарласты ма ол жағын білмеймін.
Ақаңның әйелінің зираты Александровтың топырағына жерленгені анық. Сол себепті Александров поселкасына Бәдрисафа Байтұрсыноваға көше атын беріп, ескерткіш тақта орнату керек.
Ақмет Байтұрсыновті зерттеушілер: облыстық архивтен, облсобестің архивінен, және КБ архивінен Бәдрисафаның өлімі туралы тіркелген Александров индом архивінен алуға болады. Бәдрисафа Байтұрсынованың өлгені және қайда жерленгені анықтама куәлік.
Бақыткерей Әбітайұлы соғыс және еңбек ардагері қ.Қостанай, Қозыбаев көшесі, 39-22 пәтер. Тел №54-73-78. 8.ХІ. 2004 ж.
Авторлық шегініс: Бадрисафа Байтұрсынкелінінің қайда жерленгені туралы әлі күнге дейін құжатқа сүйенген толық қанды мағлұмат жоқ. Ахметтанушылар түрлі болжамдар айтады. Тіпті, Меңдіғара ауданының бір ауылына белгі соғылды деп те естідім. Біздіңше, НКВД бақылауында болған Бадрисафаның Александровкадағы мүгедектер үйінде қайтқаны, сол маңдағы бейітке жерленгені бекер айтылмайтын сынды.
Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы.