Түркістандық рухы айқын тұлға
Ерте үзілген балалық
Еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов қазіргі Алматы облысы, Талғар ауданында 1894 жылы 26 желтоқсанда дүниеге келген. Ресми деректер мен тарихи құжаттардың көпшілігінде осылай көрсетіліп жүргенімен, қайраткердің қызы Сәуле Рысқұлова әкесінің шын негізінде 1896 жылы туғанын айтады. Тұрмыс тауқыметін жастайынан тартып, ерте есейген Тұрар кезінде екі жасын ұлғайтып жазғызып алған көрінеді.
Тұрардың әкесі Рысқұл Жылқайдарұлы кәнігі аңшы, шабандоз, көкпаршы адам болған. Отбасын асырау қамымен аңшылық жасап, өмірінің көп бөлігін тау-таста өткізген Рысқұл XIX ғасырдың 80-жылдары жергілікті билеушілердің озбырлығы салдарынан елден шеттеп, Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы) Жетісу өңіріне көшіп келген. Бірақ жаңа қонысында да көптеген әділетсіздікке душар болған. Осы жағдайды Тұрар өзінің бір еңбегінде: «Әкем жергілікті әкімдердің қорлығына шыдай алмай, күншығыс Талғар болысының управителі Саймасай Үшкемпіровті атып өлтіреді», – деп баяндаған. Анасы сәби күнінде қайтыс болып кеткен Тұрар әкесі істі болып, түрмеге жабылғанда небәрі 11 жаста екен. «Қанға – қан, жанға – жан» деп дүрліккен болыстың туыстары «ардақты адамымыздан айырған сұмның жалғыз ұлын бауыздап, кегімізді аламыз» деп, Тұрарды өлтірмекші болғанда, төңіректегі ел ара түсіп, әрең аман алып қалады. Мұны естіген Рысқұл түрме бастығы Приходькоға қайта-қайта өтініш айтып жатып, Тұрарды қасына алады. Әуелде түрменің ауласын сыпырған Тұрар артынан Приходьконың баласын күймемен гимназияға таситын болады. Күндіз осындай жұмыстарды атқарып, кешке әкесінің жанына келіп жатып жүреді. Рысқұлмен бірге түрмеде жатқан революционер Александр Бронников Тұрардың қайсар мінезін, алғырлығын байқап, оған назар аудара бастайды, орысша сауат ашқызып, жазу, сызу үйретеді. Соттың үкімімен Сахалинге 10 жылға жер аударылған Рысқұл конвойлар айдап бара жатқанда қашып кетеді. Сөйтіп, 1907 жылы Жамбыл облысы Талас өңіріндегі нағашыларының ауылында қайтыс болады. Тұрар қарындасы Түйметай екеуі өгей шешесі Ізбәйшәнің қолында қалады. Қиыншылықтың дәмін осылайша бала кезінен татып өскен Тұрардың бойында әлеуметтік әділетсіздікпен қоса, ұлттық езгіге қарсы күрес рухы да ерте оянады.
Бүркіт АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
Большевиктік платформада жүріп, елдік мүдделер үшін күресті
– Тұрар Рысқұлов – қазақтың ел бастаған саяси серкелерінің бірі. Тұрар туралы айтқан кезде сол кезеңдегі биліктің ұстанымына назар аударғанымыз жөн. Ол кезде мәскеулік саясаттың салдарынан қазақ элитасы екіге бөлініп қалды. Екі бағыттық ұстаным болды. Біреуі Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашылар болса, екіншісі Тұрар, Сәкен, Сейітқали Меңдешев сияқты зиялылардың бағыты болды. Екіншілері Кеңес өкіметінің негізгі қызметінде жүрді. Олардың стратегиясы бір болды да, тактикалық мәселелері екі түрлі болды. Бірақ екеуі де қазақ автономиясына, қазақ мемлекетін құру ісіне өз ой-жоспарларымен адал қызмет етті. Сондықтан да біз осы екі бағытты ұстанған зиялыларға да аса құрметпен қарауға тиіспіз. Тұрарлар өз мақсаттарына «коммунистік партияның формасы арқылы жетеміз» деп ойлады. Және олар бұл жолда көп нәрсеге қол жеткізді. Сол 1920 жылдары Қазақ автономиясы құрылды. 1936 жылы ол Қазақ Советтік Социалистік Республикасына айналды. 1936 жылғы Конституция бойынша Қазақстан кәдімгі республика болып шыға келді. КСРО құрамындағы республикалардың бірі болғандығымыздың арқасында біз 1991 жылы Одақ ыдырағанда бұрынғы шекарамызбен тұтастай шығып кеттік. Яғни өз территориямызға иелік етуіміздегі бұл кісілердің еңбегі ерекше.
КСРО кезінде қанша жерден көркейді десек те, дәл сол уақытта біздің қазақ алтын тордағы жолбарыстай күй кешті. Бас көтерген адамдарды Мәскеу жендеттері қырып тастап отырды. Қазақ аштық жылы бір қырылса, қуғын-сүргін жылдары бір қырылды. Сол кезде Алашорданың бірде-бір азаматын билікке жолатпауға тырысқан. Сталин «Оларды тек кітап жазуға, журнал шығаруға, әдеби жұмыстарға ғана тарту қажет» деген арнайы нұсқау берген. Міне, осы тұста большевиктік платформаға кірген Тұрар сияқты қазақтар сол платформада жүріп, елдік мүдделер үшін күресті.
Большевизм дегеніміз ол кезде пәрмені мықты, аса үлкен, керемет күш болатын. Ақшасы да, қаруы да, билігі де бар дегендей. Сондықтан олармен ашық күреске бару, оларды жеңу мүмкін емес еді. Алайда орыстардың идеясын айтып, солардың ұстанымдарын жақтай жүріп, өзінің халқын алға сүйреу осы Тұрарлардың қолынан келді. Солардың еңбегінің арқасында елімізге инвестиция келді. Ашаршылық кезінде Мәскеуден көмек сұрау арқылы Тұрар ашығып жатқан елін құтқарып қалды. Саясатта ашық күресіп жүріп, мұны істеу еш мүмкін емес еді. Солардың қызметін істей жүріп, елдік мәселелерде халыққа Тұрар Рысқұлов елеулі пайда келтірді.
Мен «алашордашылардың қудалануына Тұрар Рыскұловтың тікелей қатысы болды» деген пікірмен түбегейлі келіспеймін. Оларды бір-біріне қарсы қойған – мәскеулік саясат. Ал олардың тікелей жеке бастарына қатысты өшпенділіктері мен бас араздықтары болды деп ойламаймын. Керісінше, олар астыртын болса да кездесіп, бірінің идеясын бірі қостап отырды.
Қайраткер тұлғаның қалыптасуы
Бастауыш білімді Меркідегі орыс-түземдік мектепте алған Тұрар, одан кейін 1910 жылы Пішпектегі I дәрежелі ауылшаруашылық мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Cосын оған Самара қаласындағы орта дәрежелі ауылшаруашылық училищесіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ «көшпелі қазаққа жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ» деп шеттеткен училище директоры Тұрарды оқуға қабылдамай қояды. Білім алуға деген талабы зор Тұрар сонда да мойымастан Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысады. Бірақ онда да «бұратана» деген ат алдынан шығып, қабылданбауға айналған соң, оқу министрлігіне шағымданып жүріп, арнайы рұқсатпен сынақ тапсырып, студент атанады. Оқи жүріп, Ташкенттің іргесіндегі Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып істейді. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде оқуын тастап, Меркедегі жақындарына кетеді. Толқу үстіндегі жергілікті халық ақыл сұрап Тұрарға келе бастайды. Бұл жөнінде Тұрардың: «...Мен олардың жақсылап ұйымдасуы керектігін айтып кеңес бердім. Көбінесе патшаның чиновниктеріне шабуыл жасау керектігін, сөйтіп, қазақтан майданның қара жұмысына адам алуды тоқтаттыру керектігін айттым. ...Учаске приставы менің үйімде жасырын мәжілістер болып жүретіндігін сезіп қойыпты», – деп жазғаны бар.
Сол мезетте Тұрар Әулиеатадағы көтерілістің ұйымдастырушысы ретінде тұтқынға түседі. Бірақ түрмеден шыққаннан кейін де өзінің идеялық ұстанымынан айнымайды. 1917-1918 жылдары Әулиеата уездік Совдепі аткомының төрағасы болады. Ашаршылыққа ұшыраған халықты арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерге жергілікті халық өкілдерін көптеп тартуға барын салады. Тұрардың тікелей басшылығымен Әулиеата қаласы маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылады. Одан кейінгі уақытта Тұрар Түркістан денсаулық сақтау халкомы, Түркістан ОАК төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы, РСФСР Ұлт істері жөніндегі Халық комиссары төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
Түркістан тәуелсіздігі жолындағы күрес
Түркістан Компартиясы жанындағы Мұсылмандар бюросының төрағасы әрі республика жетекшісі ретінде Тұрар Түркістан территориясының бірлігін сақтап қалу мәселесін бірнеше рет көтеріп, оны мекен етушілердің біртұтас халық екендігін, тек тағдырдың тәлкегімен бөлшектеліп кеткендігін дәлелдеуден танбайды. Өзі төрағалық еткен жергілікті атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып, жұмыс істейтін органға айналдырады, сондай-ақ оны жергілікті халықтардың құқын қорғайтын ұйым дәрежесіне көтереді.
Рысқұловтың принципшілдігі мен табандылығы шамына тиген Орталықтың басшылары оны «пантүрікшіл» деп айыптады. Тұрардың Түркістан Республикасының саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы табанды күресінен іштартқан Мәскеудегі басшылар оны елден шеттетуге күш салды. Сөйтіп, 1924 жылы ақпанның 4-інде Рысқұловты Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке жіберіп, Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына бекітті. Ал 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі етіп тағайындады. Тұрар онда да ірі жұмыстарға ұйытқы болып, Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Ел астанасының атын Улан-Батор (Қызыл батыр) деп қоюды ұсынды.
Тұрар Рысқұловтың ең соңғы жоғары қызметі Ресей Федерациясы Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасарлығы болды. Ол кезде жасы әлі отызға да толмаған Тұрар 1926 жылдың мамырынан бастап, бұл қызметті 11 жыл бойы атқарды. Сонымен қатар Рысқұлов Түрксіб теміржолын салуға басшылық еткен үкімет комиссиясының төрағасы болып, оның әуелде жоспарланғандай алты жылда емес, төрт жылда пайдалануға берілуіне ұйытқы болды. Маманданған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей және шетел оқу орындарында көптеп оқытуға көп көңіл бөлді.
Қазақ өлкелік БК(б)П комитетін басқарған Ф.Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан төңкерісін жасау» идеясына ашық қарсы шықты. Халықтың аштық жылдарындағы күйзелісін жүрегіне жақын қабылдаған ол 1933 жылы барлық мәселені ашық айтып, Сталинге хат жазды, аштықпен күрес барысында басшылыққа алынуға тиісті нақты ұсыныстар жасады. Тек содан кейін ғана Қазақстанға азық-түлік жөнінен көмек көрсету мәселесі шешіле бастады. 1932-1933 жылдардағы сұмдық аштық салдарынан қазақ халқы жойылып кетудің аз-ақ алдында қалғанда шындықты айтуға Тұрардан басқа ешкімнің батылы барған жоқ. Ұлы Тұранның тәуелсіздігін көксеген Тұрар идеялары большевиктік жүйеден, әрине, қолдау тапқан жоқ. Отаршылдық пен шовинизмді батыл айыптап, түркітілдес халықтардың конфедерациясын ұсынған, экономикалық-саяси тәуелсіздігін арман еткен Тұрар «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен 1937 жылы тұтқынға алынып, 1938 жылдың 10 ақпанында атылды. Әділетсіздік мұнымен ғана біткен жоқ. Тұрардың жанұясы, бүкіл бала-шағасы мен туған-туыстары да мейлінше қудаланды.
Тұрар Рысқұлов және Алаш зиялылары
Мәскеулік жымысқы саясат сол тұстағы қазақ элитасының екіге бөлінуіне себепкер болды. Тарихшы ғалым Бүркіт Аяған айтпақшы, «Екі бағыттық ұстанымның бірі Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашылар болса, екіншісі Тұрар, Сәкен, Сейітқали Меңдешев сияқты зиялылардың бағыты болды. Тұрарлар өз мақсаттарына «коммунистік партияның формасы арқылы жетеміз» деп ойлады. Және олар бұл жолда көп нәрсеге қол жеткізді. Мысалы, сол 1920 жылдары Қазақ автономиясы құрылды. Ол 1936 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы болды. КСРО құрамындағы республикалардың бірі болғандығымыздың арқасында біз 1991 жылы Одақ ыдырағанда бұрынғы шекарамызбен тұтастай шығып кеттік. Яғни өз территориямызға иелік етуіміздегі бұл кісілердің еңбегі ерекше».
Бір қарағанда, әрқайсысының ойы әртүрлі сияқты болып көрінгенімен, Тұрардың тәуелсіздік жөніндегі идеясы Мұстафа Шоқайдың да, алашордашылардың да мақсат-мұратымен тікелей ұштасып жатты. Тек олардың күрес жолдары әртүрлі болды. Мысалы, Мұстафа Шоқай ұлттық тұрғыдағы Түркістан Республикасын коммунистік партияның араласуынсыз құрмақ болды. Қызыл жүйенің өкілі ретінде Тұрар өз ойларын социалистік кеңістік шеңберінде жүзеге асыруға тырысты. Бір анығы, ол қандай жағдайда да ұлт зиялыларынан мүлдем қол үзіп кеткен жоқ. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасовтарды астыртын болса да қолдап, байланысқа түсіп, ел азаттығын көксеген идеяларын қуаттап жүрді. Алашордашылармен байланысы әшкереленсе, Т.Рысқұловтың кеңес басшылығы тарапынан қуғындалатынын білген ұлт зиялылары оны сақтау мақсатымен аулақ жүруге тырысқан. Кейбір мәселелер бойынша сын айтқанымен, Мұстафа Шоқайдың өзі Тұрарды «коммунистік бетперденің ар жағынан түркістандық рухы көрініп тұрады» деп жоғары бағалаған...
Қалила ОМАРОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алашорда» деректі фильмінің режиссері:
Үлкен еңбегі – қазақты ашаршылықтан құтқаруы
– 1919 жылы Сырдария өңірінде аштық болды. Қазақтар аштан қырылып жатқанда, большевиктер «Кеңес өкіметін орнатамыз» деп алысып жатты. Сонда Тұрар «Халық қырылып жатқанда Кеңес өкіметінің керегі не?» деп айтысқан. Тұрардың көзге түсетін жері де – осы. Ол – жас та болса өте өткір, позициясы айқын, көзқарасы анық адам.
Алашорда тарағаннан кейін, Алаш қайраткерлері оппозициядан кетіп, әрқайсысы әр жерде бас сауғалап, жұмыс істеп жүрді. Сұлтанбек Қожанов Ташкентте «Ақ жол» газетін ашып, зиялылар соның маңына жиналды. Сол кезді зерттеп жүрген тарихшылардың пікіріне жүгінсек, Алаш қайраткерлері саяси аренадан кетіп, большевиктік көзқарастағы жаңа билік келген кезде қазақты басқаруға сахнаға үш тұлға шығады. Олар – Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов. Осы үшеуінің ортасына от түседі. Сталин Сұлтанбек Қожановтың «Ақ жолын» жауып тастауды бұйырып, хат жазады. Ондағы келтірілген фактілер Тұрардың хатынан алынған. Билік осылайша зиялы қауымды өз мақсатында пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салды. Оны дипломатиялық жолдармен әдемілеп іске асырды. Сондай қиын кезеңде большевиктік, пролетарлық көзқарастағы билік өкілдерінің ішінде қазақ болмаса, халықтың жағдайы қиындайтын еді. Сондықтан билікке араласу керек болды. Ол үшін солардың сөзін сөйлеп, солардың жауын жамандауға мәжбүрлік туындады. Сол себепті де Тұрар Алаш қайраткерлерінің саясатын жоққа шығаруға, өзін большевик ретінде көрсетуге мәжбүр болды. Тұрардың трагедиясы осында.
Дегенмен Тұрардың тарих алдындағы үлкен еңбегі – қазақты ашаршылықтан құтқаруы. Ең бастысы, қалай құтқарып қалды десеңші? Ол үлкен ерлік істеді. Қазаққа тікелей геноцид жасап отырған Сталинге еш қаймықпастан хат жазды. Ол кезде Сталинге тіке келіп, қатесін айту тұрмақ, сыртынан сөйлеу мүмкін емес болатын. Соған қарамастан бірінші болып Тұрар қарсы сөйледі...
Қайраткердің кісілік келбеті
Жарлының отбасында дүниеге келіп, өзінің табандылығы мен еңбекқорлығы, тұлғалық тегеуріні арқылы көрнекті мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген Тұрар Рысқұловтың адами қасиеттері де ұрпаққа үлгі боларлықтай. Бұл ретте қайраткердің жары Әзиза Рысқұлова: «Тұрар көпшіл, адал, мейірімді, еңбекқор, өзінен гөрі өзгенің қажет-мұқтажын көбірек ойлайтын жан еді», – деп еске алған екен. Мәскеуде тұрған жылдарында үлкен қызмет атқарғанына қарамастан, Тұрар күйеуі қайтыс болған қарындасы Түйметайды бес баласымен елден көшіріп алады, одан басқа да немере інісі, өзге де ағайын-тумалары бала-шағасымен Рысқұловтардың үйін паналаған. Елден барған зиялы азаматтардың да Тұрардың отбасына соқпай кетпейтіні сирек болған. Тағы бір қасиеті – Тұрар, ең алдымен, тазалықты сүйген. Әкесінің «жағаңды кірлетпе» деген ескертуін есінен шығармаған ол киімін кір шалдырмай, мұнтаздай қалпында жүретін әдетінен өле-өлгенше танбаған. Тіпті ату жазасына кесілген кезінде де «ақырғы тілегіңді айт» дегендерге «жуынып-шайынып, тазаланып алайын» десе керек. Сондай-ақ Тұрар ешқашан атақ-даңққа, мансапқа қызықпаған. Жетім балаларға арнайы пансионат ашқызған кезінде көп адам оған Тұрар Рысқұловтың атын беруді ұсыныпты. Бірақ Тұрар келіспей, пансионатты «Жас Түркістан» деп атауға кеңес беріпті.
Тұрар Рысқұлов әлемдік деңгейдегі реформаторлығымен бірге, экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам болған. Мысалы, «халық жауы» ретінде ұсталар алдында ол «Қазақстан тарихы» атты көлемді ғылыми еңбегін жазып бітіруге таяу қалған екен. Алайда тәркіленген қағаздарының арасында кеткен бұл құнды еңбек сол күйі ұшты-күйлі жоғалған. Тұрардың экономика саласына қатысты еңбектері мен басқа әдеби мұралары да көп болған. Бір өкініштісі, сол шығармалары күні бүгінге дейін ғылыми жүйеленбей де, зерттелмей де келеді. Тұрарды әр қырынан танытатын тарихи құжаттар Мәскеудегі, Ташкенттегі мұрағаттарда әлі қаттаулы жатыр. Осы орайда тұрартанушы, белгілі геолог Молдияр Серікбайұлы: «Өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлігі жан-жақты зерттелген жағдайда Тұрар әлемдік деңгейдегі ірі қайраткерлердің қатарынан әлдеқашан орын алар еді», – деген ой айтады.
Дихан ҚАМЗАБЕК, филология ғылымының докторы, профессор, алаштанушы ғалым:
Алаш қайраткерлерімен идеялас болды
– XX ғасырдың басындағы, сол ғасырдың аса күрделі 20-жылдарындағы қайраткерлердің бірлік, елдік мәселелеріндегі көзқарастарын, ұстанымдарын бүгін біз жиі айтуға тиістіміз. Өйткені көп жағдайда бірі большевик болып көрінетін, екіншісі алашордашылар деп есептелетін зиялылар осы 20-жылдары елдік идея мәселесінде біріккен сияқты. Мысалы, Алаш зиялыларының Тұрар Рысқұловқа қатысы қай жерде көрінеді? «Заки Балиди Тоганның естеліктері» деген кітапта: «20-жылдары Тұрар Рысқұлов Орталық Азиядағы большевизмге қарсы басмашылар қозғалысымен астыртын байланыста болған» деген деректер жазылған. Яғни «Олармен Тұрар белгілі бір адамдар арқылы байланыс жасап тұрған» дейді. Бұдан оның ұлтқа қызметінің бір көрінісін аңғаруға болады. Екінші мысал, Түркістан зиялыларына 20-жылдары Орынборда бас сауғалауға тура келді. Сонда 1922 жылы Халел Досмұхамедов бастаған зиялыларға көптеген мәдени, рухани ұйымдарда жұмыс істеуге тура келді. Осындай рухани, мәдени ұйымдар жұмысының өз дәрежесінде атқарылуында да Тұрардың еңбегі ерекше деп есептеймін. Оның үстіне, туысқандығы жағынан Жаһанша Досмұхамедұлы мен Тұрар Рысқұлов – туған бажалар. Сондықтан да ол жағынан бұлардың арасында байланыс болды. 1922 жылдың аяғына қарай құрылған «Талап» мәдени-ағарту ұйымына елшіл азаматтар топтасқан еді. Ол ұйымда Мағжан Жұмабаев та, Мұхтар Әуезов те, Мұхамеджан Тынышпаев та болған. Бұлардан өзге де Алаш зиялылары осы ұйымның мүшелігінде болды. Сол ұйымға Тұрардың бірнеше мәрте нақты көмек көрсеткендігі «Ақ жол» газетінде жазылған.
Негізінде, мен тұрартанушы емеспін. Бірақ белгілі бір дәрежеде Алаш зиялыларының бағытына ден қойған адаммын. Жалпы, Тұрар Алашқа байланысты сын пікір айтқан күнде де, оны заманның бедерінде қарауымыз керек. Тіпті тереңірек зерттеп қарасаңыз, сондай пікірлердің өзі де кей жағдайда Алаш зиялыларын құтқарып отырған. Белгілі дәрежеде Тұрар мен Мұстафа Шоқай түрлі полярлық позицияда жүрсе де, Алаш қайраткерлерімен идеялас болғандығын көреміз. Яғни жалғыз шаппай, түркі халықтарымен, түркі зиялыларымен бірлесе үн қатуы, ақылдасуға әрекет етуі осыны көрсетеді. Мен Смағұл Сәдуақасовтың өмір жолын зерттеу барысында осыдан 20 жылдай бұрын ол кісінің туған-туысқандарымен жолыққан болатынмын. Солар Тұрарды аузынан тастамай, «қиын жылдары бізге Тұрар көмектесті» деп айтып отыратын. Тіпті Смағұл Сәдуақасовты соңғы сапарға жөнелту сәтіндегі қамқорлығы да Тұрардың қайраткерлігін көрсетеді.