ТӨРТ ТҮСТІКТІ БИЛЕГЕН ТӨРТ ПАТША

Мен бұл әңгімелерді жас кезімде оңтүстік аймаққа аттары танымал «Көкалташ» медресесін бітірген Нияз, Ешмағамбет, Ерімбет сияқты молдалардан, заманға орай өзін құпия ұстаған аса білімдар ғұлама атам Жылкелдіұлы Ілиястан, өз әкем Сағындықтан естіген едім. Кейінірек тіл тарихы саласына мамандана бастағанымда «Қисас-ул анбийа» (Пайғамбарлар туралы қысқа әңгімелер), «Нахдж-ул Фарадис» (Фирдаус пейішіне бастайтын жол), «Софы Аллаяр» (Аллаяр сопы) сияқты көне түркі жазба ескерткіштерін оқып, білімімді толықтырдым. Қазіргі және болашақ ұрпақ ғибрат алуы үшін оқыған-тоқығандарымның бірқатарын жүйелеп, қағаз бетіне түсіруге бел байладым. Бұл жолы бүкіл дүние жүзін билеген екі мұсылман, екі кәпір патша туралы сөз қозғамақпын.

Шаддад малғұн. 
Нұх алайһи с-салам Құдайдың құдіретімен адамзат тұқымын, бүкіл тіршілік иелерін топан су апатынан аман сақтап қалған еді. Одан және оның кемесіне мінген адамдардан тараған ұрпақ өсіп-өніп, көбейіп, қайтадан жер бетін толтырады. Бірте-бірте мұсылмандық ұмытылып, барлығы дерлік кәпірге айналады. Халқы қандай болса, патшасы да сондай болуы заңды. Бүкіл жер жүзі бір ғана адамға – Шаддад малғұнға бағынады. Шаддад малғұн кім еді? Оны ауыздан-ауызға айтылып, сақталып қалған мына бір хикая ғана жеткізе алады.
Періштелер де адамдар сияқты Жаратушыны көре алмайды. Бірақ тілдесе алады. Алла тағала бірде жан алушы Әзірейіл періштеден сұрайды: «Осы Сіз адамдардың жанын кеудесінен ала жүріп, аяушылық көрсеткен кезіңіз болды ма?» «Болды, Жаратушы Жаббар ием! Бірде теңізде кетіп бара жатқан кемені талқандауға әмір бердіңіз. Әміріңізді орындадым. Бір тақтаның бетінде бір жасқа жетпеген нәресте шырылдап суға ағып бара жатты. «Кемедегі барлық адамдар ауыр күнәлі бола-ақ қойсын. Мына бір сәбидің қандай жазығы бар екен», – деп ойладым. Аяп кеттім. Екінші. Шаддад малғұн өзін құдаймын деп жариялап, қолдан пейіш жасатты. Пейіш біткеннен кейін өзі аралап көрмекші болды. Босағадан енді аттауға ниет еткенде: «Жанын алыңыз», – дедіңіз. «Сонша жыл салдырған еңбегіне ең болмаса пейішінің ішін де аралап көре алмады-ау, – деп аяушылық білдірдім». «Ендеше, сол аяған екі адамыңыз – бір-ақ адам. Суға кетіп бара жатқан сәби өзін құдаймын деп жариялаған Шаддад малғұн еді. Сіздің аяушылығыңыздың арқасында аман қалған болатын. Менің ісімді бағалауға шамаларыңыз жете ме екен?»
Бұл әңгімеден не түсінуге болады? Болашақты бұлжытпай болжай білетін Тәңірі паруардігер Шаддадтың өсіп-жетілгенін қаламай, сәби кезінде-ақ құртып жіберуді жоспарлаған сияқты. Бірақ Әзірейіл алейһи с-саламның өз табиғатына тән емес аяушылығы бұл іске тосқауыл болып, Шаддад бүкіл жер жүзін билеген зұлым патшаға айналады. Ол өзін құдай сезінеді. Оқымыстылардың, білімпаздардың о дүние жайындағы әңгімелері қажытқаннан кейін, өзі қолдан пейіш жасатып, жер бетіндегі адамдарға теңдессіз дәрежесін көрсеткісі келеді.
Ғалымдар жұмақтың топырағы алтын мен күмістен жаратылған, оның үстінде ағып жатқан өзендер бал татиды десе, қисапсыз алтын мен күмістен топырақ жасатып, пейішінің табанына төктіреді. Суы бал татыған өзендерді ағызып қояды. Жұмақта не бар десе, соның барлығын істетеді. Жалғанның тұтас байлығы, қазынасы бұлай етуіне, таңғажайып пейіш салдыруына толық мүмкіндік беретін еді. Алайда, амал нешік, Алла тағаланың лағынетіне ұшырайды. Шаддад малғұн атанады. Оның қолдан тұрғызған пейіші адам көзінен перделеніп, о дүниеге қызмет ететін болады. Әуелде Жаратушы Жаббар ие жеті-жетіден пейіш пен тозақты тең жаратқан екен. Қазіргілер адам қолынан жасалған пейішті де есепке алып, сегіз пейіш, жеті тозақ деп әңгімелейді. Ақсақалдар жасанды жұмаққа халыққа көрсеткен жақсылығы мен жамандығы тепе-тең Ленин сияқты адамдар барады деп отыратын. Олардың айтуына қарағанда, Шаддад малғұн жасатқан пейіш тозаққа да, жұмаққа ұқсамайтын біз өмір сүріп отырған дүниеге біршама ұқсас ерекше мекен-жай көрінеді.
«Мың бір түн» әңгімелерінде бір кедей кісінің түйе қарап жүріп, Шаддад салдырған пейішке кездейсоқ ұшырағаны туралы айтылады. Жаннат ішінде үйіліп жатқан алтыннан түйесіне біраз алтын артып алады. Байиды. Бұл хабар патшаға дейін жетеді. Кедейді бастатып, биліктегілер алтын көмбені іздеуге аттанады. Алайда әлгі кісі көрген жерде еш нәрсе болмай шығады. Бұған кейінірек көңіл аударған білімпаздар Шаддад салдырған жаннат осы деп жорамалдайды. Әңгіменің ақиқаттығына көз жеткізу үшін Алла тағала бұл жұмақты реті келгенде пенделеріне осылайша көрсетіп қояды екен.

Ескендір Зұлқарнайын
Шаддад дүниеден өткеннен кейін адамзатқа бірнеше нәбилер (кіші пайғамбарлар) келіп, халықты мұсылман жолына үгіттейді. Жолға салады. Бұл кезеңде мұсылманшылықтың ең дәуірлеген тұсы Ескендір Зұлқарнайынның заманы еді. Ескендір анасынан қос мүйізбен туады. Періштелер ата-анасына қос мүйіз жер жүзін билейтін патша болудың нышаны екенін айтып, мұны аса құпия ұстауды тапсырады. «Егер әке-шешесінен басқа бір адам біліп қойса, ол мүйіз өсіп, Ескендірдің түбіне жететіндігін, өліміне себепкер болатындығын» ескертеді. Осы себепті Ескендірдің шашын әкесінен басқа ешкім алмаушы еді. Қос мүйізді бас киім кию сол кездегі патшалардың салт-санасында бар болатын. Ғажабы, Алла тағала Ескендірге жасанды емес, табиғи қос мүйіз сыйлаған сияқты.
Ескендір кәмелет жасына толы­сымен-ақ Алла тағала оған орасан зор байлық, таусылмайтын қазына-мүлік береді. Қисапсыз әскер жасақтауына жағдай жасалады. Періштелер арқылы бүкіл әлемге тарайтын шым-шытырық жолдардың хикметін үйретеді («әл-Каһф» сүресі, 84-аят тәпсірінен). Қай жерге барғысы келсе, адаспай, тура жолмен баратын болады. Мұның үстіне тәңірі Ескендірге елден ерекше билік ұсынады: «Қай елге барсаң да жеңіп шығасың. Ол елдің халқын қырып тастайсың ба, тұтқынға аласың ба, әлде оларға шапағат көрсетесің бе, еркің», – дейді («әл-Каһф» сүресі, 86-аят тәпсірінен).
Ескендір өте ақылды еді. Алла тағала тарапынан өзіне берілген нығметтерді ысырап етпеді. Билікті де шектен шығып, асыра пайдаланбады. Қай елді бағындырса да, сол елдің зұлымдарын, залымдарын, теріс жолға түскендерін жоятын да, халыққа тиіспейтін («әл-Каһф» сүресі, 87-аят тәпсірінен). Әділ жазалаушы – Алла тағала, жазаларда мен пенделікке салынып қалмайын деп қатты сақтанатын. Алдымен батысқа, мұхитқа тіреліп қалғанша жорық жасады. Жолындағы барлық халық оған бағынды. Кейін қайтып, жабайы адамдар мекендейтін алыс шығысқа дейін әскерін апарады («әл-Каһф» сүресі, 90-аят тәпсірінен). Бұдан кейін оңтүстікке ат басын бұрады. Жолай бір мұсылман елге жолығады. Арасында үлкен шатқал бар екі таудың беткейін мекендейді екен. Олар Ескендір Зұлқарнайынның бақ-дәрежесін көріп, шағым айтады. «Сіздің мына екі таудың арасындағы шатқалға қабырға тұрғызып, бекітіп тастауға күшіңіз жетеді. Біз сізге салық төлеп тұрайық, көмектесіңізші», – дейді. Себебі, таудың арғы бетінде тұратын Йажуж, Мажуж аталатын бұзақы кәпір халық осы екі таудың арасы арқылы келіп, жыл сайын мұсылмандарды қырып-жойып, зорлық-зомбылық көрсететін. Бұлар қарсы тұруға дәрменсіз еді. Ескендір Зұлқарнайын: «Мақұл көмектесейін, бірақ сіздердің салықтарыңыздың маған қажеті жоқ. Онсыз да бізге Жаратушы дүние-мүлікті үйіп-төгіп беріп қойған. Тек жұмыс қолы жағынан қарассаңыздар болды», – деп жауап қайтарады.
Өнерпаз халық екен. Темір мен мыс­ты қосып балқытады. Екі таудың арасына тас қалатып, балқытпаны оларды кіріктіретін балшық орнына жұмсайды. Тосқауыл қабырға биік тау­мен тілдесіп, мыс-мәтін болып бекіп қалады. Орасан зор ерлік жасаса да Ескендір Зұлқарнайын мақтанбайды: «Мұның бәрі Жаратушы Жаббар иенің рақымы», – дейді («әл-Каһф» сүресі, 98-аят тәпсірінен). Жер жүзін билеген патшалардың бірі – Ескендір Зұлқарнайынның осылайша халыққа көрсеткен қызметі көп болады.
Ескендір Зұлқарнайын Құранда есімі аталатын Ілияс алайһи с-саламмен замандас еді. «Ал‑йас­» араб тілінде «ілім‑білімі аса терең» деген мағына береді. Оған келе‑келе «хызыр» деген ат таңылады. Себебі, кез келген қураған ағаш Ілияс жамбасын тигізсе болды, көгеріп кете береді екен. «Хызыр» (қазақтар «қыдыр» деп атайды) араб тілінде «көкпеңбек», «көк шөп» деген мағыналар береді. Көптеген мұсылман ғалымдары Ілиясты бір пайғамбар, Хызырды бір пайғамбар деп түсінеді. Шындығында, екеуі – бір‑ақ пайғамбар. Мұны Хазірет Сұлтан Қожа Ахмед Йасауи бабамыздың ең үздік шәкірті Сүлеймен Бақырғани өз жырларында сенімді түрде айғақтайды. Ол әрдайым «қиын‑қыстау кездерде көмектесетін Қызыр Ілияс бабам бар», ­– деп толғайды. 
Ілияс алайһи с‑салам да, Ескендір Зұлқарнайын да «Абу‑хаййат» (ақырзаманға дейін мәңгілік өмір сыйлайтын бұлақ) суын ішіп, Алла тағалаға көп ғибадат етсек, көмектесетін жерде мұсылмандарға көмектессек», ­– деп армандайтын. Ескендір Зұлқарнайын едәуір әскермен Ілияс алайһи с‑саламды ертіп, өзінің жол тапқыш қабілетін пайдаланып, қараңғы түнектегі «Абу‑хаййат» бұлағын іздеп шығады. «Абу‑хаййат» бұлағын табады. Алдымен ол бұлаққа Хызырды, қолына қараңғыны жарық ететін гауһарды ұстатып, бір топ әскермен жібереді. Ілияс алайһи с‑салам патшаның сілтеуі бойынша бұлақты тауып, құмары қанғанша суын ішіп қайтып келеді. Ескендір қараңғы түнекке енді өзі сүңгиді. Бірақ сол жерде жолықтырған Исрафил періштенің шарапаты арқасында ақылға келіп, «Абу‑хаййат» суын ішуден бас тартады. Сөйтіп, аты аңызға айналған Қыдыр бабамыз Ескендір Зұлқарнайынның жол білгіш қасиетінің арқасында, мәңгілік өмір сыйлайтын суды ішіп, қазірге дейін тірі жүр (Рабғузидің «Қисас-ул анбийа» қиссаларынан). Ақырзаманға дейін мұсылмандарға байқатып та, байқатпай да көмектескені көмектескен.
Күндердің күнінде, Ескендір болып‑толып тұрған кезде, әкесі қайтыс болады. Шашы әбден өседі. Мінезі салмақты, аса ақылды бір жігітті әлденеше сынақтан өткізіп, өзіне шаштараз етіп тағайындайды. Егер мүйізі бар екендігін біреу‑міреуге айтып қойса, басын алатындығын қатты ескертеді. Ант алады. Айтқандай, жігіт бір‑екі жылға шыдайды. Алайда ішіне сыймай, құпияны айтқысы келе береді. Әрбірден соң іші кеуіп кетеді. Жігіт қатты ойланады. «Бір таудың етегіне барып терең құдық қазайын. Сонда жатып алып: «Ескендірдің қос мүйізі бар», ­– деп айқайлайын. Шерімді тарқатайын», ­– деген тоқтамға келеді. Ойын іске асырады. Таудың етегінде бір қойшы қой бағып жүр еді. Таудан жаңғырыққан: «Ескендірдің қос мүйізі бар», ­– деген сөзді әлденеше мәрте естиді. Таң қалып, аулына айтып келеді. Бұл сөз бүкіл елге тарайды. Ақырында Ескендір Зұлқарнайынның құлағына жетеді. Сол кезде мүйіз өсе бастайды. Амал қанша, жазмышына көнеді. Сөздің шығу тарихын анықтайды, бірақ жігітті жазаламайды.
Патшаның айдай әлемге айтып келген ажалы Ескендірдің өзінен бұрын анасын қатты күйзеліске ұшыратады. «Мезгіліңнен бұрын, жастай кетіп бара жатырсың», ­– деп ішкені ірің, жегені желім болады. Күні‑түні қайғырады. Ескендір жұбату мақсатымен анасына екі түрлі кеңес береді: «Мен өлгеннен кейін халыққа дастарқан жайып, ас бересің. Алайда ол дастарқанға үйінен өлік шыққан адамды шақырмаңыз», ­– дейді.
Анасы өсиет‑кеңесін орындайды. Бірақ дастарқанына бірде‑бір адам келмей қояды. Ол сонда ғана тағдырдың жазғанына мойын ұсынбай, аса қатты азаланып, жылап‑сықтағаны асылық екенін түсінеді. Өлім барлық жанға ертелі‑кешті келетін Алла тағаланың бұйрығы екендігін есіне түсіріп, тәубасына келеді. Халықтан кешірім сұрап, қайта дастарқан жаяды.
Анасы екінші өсиет‑кеңесін де орындайды. (Ескендір сол жолы: «Егер мені қатты сағынсаң, бейсенбіден жұмаға қараған түні таң алагеуімде күн шықпай қабірімнің басына келіп, Ескендір деп шақырсаң, бейнемді көре аласың. Тілдесесің», ­– деген еді). Алдын ала қойған шарттары орындалғаннан кейін: «Ескендір», ­– деп үн қатады. Қабірден ешкім шықпайды. Қайталап үн қатады. Шықпайды. Үшінші мәрте: «Ескендір Зұлқарнайын», ­– деп айқайлап жібереді. Сонда ғана Ескендір Зұлқарнайын қабірден шығып, анасымен табысады. Сағынышын басқаннан кейін: «Балам, неге сонша күттірдің?» ­– дейді. «Мен жерленген жерге қырық Ескендір жерленген екен. «Мені шақырды», «Жоқ, мені шақырды» деп бір‑бірімізбен таласып, уақыт оздырып алдық. «Ескендір Зұлқарнайын» жалғыз мен екенмін, ешкім тосқауыл жасамады», ­– деп жауап қайтарады. 
Біздің замандастар әлбетте бұл диалогқа нанбайды. Себебі, құдайдың құдіретіне сенбеушілік қанымызға сіңген. Ерекше әулие адамдардың өлі, тірісіне қарамай бір‑бірімен сөйлесе алатындығы сан мәрте дәлелденген ақиқат. Қазіргі дәуірде әулие кісілерді шырақпен іздесек те таба алмаймыз. Керемет, мұғжизалардың көрсетілуі белгілі бір заманға, ортаға байланысты. 
Бір өкініштісі, ілгерідегі ғұламалардың бірқатары Ескендір Зұлқарнайынды Грекиядан шыққан Александр Македонскийге, ежелде парсылардан шыққан Ұлы Александрге, тағы басқаларға балап, қатты шатастырған. Бір тәңірінің бар екендігін білмейтін, көп құдайға табынатын патшалардың Құран Кәрімге енуі әсте мүмкін бе? Оның үстіне олардың қос мүйізі жоқ қой. Сондай жалған ақпараттардың бірі Абай атамызға да жеткен сияқты. Әйтпесе:
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы ер көңілді
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен», ­– деп жырламай қоймас. 

Адам «құдай» – Нәмруд
Бүкіл дүние жүзін өзіне қаратқан бұл патша, айтушылардың сөзіне қарағанда, төрт мың жыл жасаған. Сондықтан өзін өлмейтіндей көрген. Бірде әлемдегі атағы жер жарған көріпкелдерді шақыртып алып, барлығына: «Осы мен өлем бе?» ­– деген сұрақ қояды. «Өлесіз, ­– дейді бірауыздан. ­– Осы биыл туатын бір бала ажалыңызға себепкер болады».
«Олай болса» деп сол күннен бас­тап жаңа туған балалардың бірін қоймастан бір жыл бойы түгел өлтіруге бұйрық шығарады. Азардың әйелі ғана ішіндегі баласын өлтіруге көзі қимайды. Елсіз‑күнсіз алыстағы бір таудың үңгіріне барып босанады. «Неде болса өлгенін көзім көрмесін» деп сонда тас­тап кетеді. Құдайдың құдіретімен бір киік келіп, сәбиді емізіп тұрады.
Бұл бала тегін емес еді. Оқиға былай болады. Жаратушы Жаббар ие Жебірейілді шақырып алып: «Шын берілген досым Ибраһим алайһи с‑саламның өмірге келетін уақыты болды. Пайғамбарлық нұрды түнімен ұйықтамай, таңсәріні күтіп алған бір мұсылманның үстіне шаш», ­– дейді. Жебірейіл алайһи с‑салам жер бетіне түсіп, ұйықтамай отырған бірде‑бір мұсылманды ұшырата алмайды. Қайтып келіп: «Азар деген бір кәпір ғана бұт жонып отыр», ­– дейді. «Қайтадан тағы бір тексеріп көріңіз». Бұл жолы да Азардан басқа ешкімді кездестіре алмайды. Қайтып оралған Жебірейілге Жаратушы: «Пайғамбарымның нұрын апарып Азардың үстіне шаш», ­– деп бұйырады. 
Азардың әйелінің сонау алыстағы үңгірге апарып тастаған нәрестесі Жебірейіл шашқан рахмани нұрдан пайда болған осы бала еді. Бала осы үңгірде он алты жасқа дейін болады. Құдайдың берген сана‑сезімінің арқасында өз бетімен Алла тағаланың бір екендігін, бар екендігін пайымдап, оған шәк‑шүбәсіз сенеді. Әңгіме‑сөз басылғаннан кейін «ең болмаса өлген баламның сүйегін көріп қайтайын» деп үңгірге Азардың әйелі келеді. Сөйтсе, еңгезердей жігіт алдынан шығады. Періштелер қамқорлық жасап, Ибраһимге ата‑анасының тілін үйретіп қойған еді. Анасы баласымен тез түсінісіп, үйіне әкеледі. Көрші‑қолаңға: «Бір туысқанымыздың баласы еді», ­– деп өтірік айтады.
Уақыты келіп, пайғамбаршылық қонғаннан кейін Нәмруд патшаға келіп, ислам дініне шақырады. Талай‑талай мұғжизалар көрсетеді. Бірақ патша тоңмойынданып ерегісіп, кәпірлігін үдете түседі. Алланың елшісін әр түрлі жазаға ұшыратады. Бірақ ол бәрінен де Жаратушының көмегімен аман қалып отырады. Ең соңында Нәмруд патша Ибрагим алайһи с‑саламды өртеп жіберуге бұйырады. Құдайдың құдіретімен бұдан да аман қалады.
Нәмрудтың амалы таусылады. Олай ойлайды, бұлай ойлайды. Ойлай‑ойлай: «Ибраһимнің құдайының әскерімен соғысамын», ­– деген шешімге келеді. Ибраһимді шақырып алып: «Сенің құдайыңның әскері бар ма?» ­– деп сұрайды. Ибраһим алейһи с‑саламды періштелер дайындап қойған еді. Ол: «Бар», ­– деді. «Онда әскерін шығарсын».
«Пәлен деген қатар жатқан екі таудың арасы кең шатқал. Сонда бүкіл шерігіңізді апарып аялдай тұрыңыз. Сенімен соғысуға менің Раббым өз әскерін шығарады». Нәмруд жүз мыңдаған, миллиондаған таңдаулыларын апарып, шатқалды тұтас толтырады. Күтіп тұрады. Бір кезде тау жақтан қап‑қара бұлт болып, енапат маса қаптап келіп, Нәмрудтың әскерін бас салады. Әуелгі кезде әскерінің түрі осы ма деп нәмрудтықтар масаны менсінбейді. Әр адамға жүз мыңдаған маса жабылғанда, оларды өлтіріп тауыса алмайды. Екі‑үш сағаттан кейін бүкіл әскер жанын қоярға жер таба алмай быт‑шыт болады. Бірінің үстін бірі басып, шатқалдан қаша жөнеледі. Құдайдың құдіретінде шек бар ма? Нәмруд те, әскері де, сөйтіп, әбден масқара болады. 
Ең қызығы, бір қанаты сынған бір жарымжан маса Нәмрудтың құлағына кіріп кетеді. Ол есебін тауып, ақырында патшаның миына жетеді. Аз-аздан жей бастайды. Бірақ әр жегені Нәмрудке өте ауыр тиеді. Шырылдап, өзін қоярға жер таба алмайды. Жаны көзіне көрінеді. Тіпті болмаған соң басын тоқпақтатады. Тоқпақтаған кезде сәл тоқтағандай болады. Бұл іс қырық жылға созылады. Нәмруд қырық жыл бойы басын тоқпақтатады. Маса бүкіл миын жеп тауысады. Нәмруд өледі. Бүкіл дүние жүзін билеген кәпір патша Нәмрудтің өмірі қорлықпен аяқталады. Сол үшін де ХІV ғасырдың саңлақ ақыны әл-Хорезми өзінің «Мухаббат-наме» (Махаббат жайында толғаулар) атты дастанында:
Берүр йарым сиңәк елкинга сатур
Ким ол Нәмрудниң мағзын ушатур
Берер жарымжан масаның қолына селебе пышақ
Ол Нәмруд (патшаның) миын ұсатады, – деп жырлайды. Мұндағы сиңәк (маса), елкин (қол), сатур (үлкен пышақ), мағз (ми). «Үлкен пышақ» деп отырғаны – масаның ұзын тұмсығы, мағз дегені – орыстың метатеза құбылысына ұшыраған мозг сөзі. Орыс тілі мен парсы тілі типологиялық жағынан туыстас.
Ибраһим алайһи с-салам жауы – Нәмруд патшаны жеңгеннен кейін баласы екеуі жер жүзі мұсылмандары құлшылық ететін Алланың үйі – Қағбаны тұрғызады. Баласы Исмаил да – кейінгі мұсылмандарға мәңгі мұғжиза қалдырған ірі пайғамбарлардың бірі. Ол – әкесі Ибраһим алайһи с-салам Алланың жолына құрбандыққа шалам дегенде қарсылық білдірмей, тағдырына тәнті екендігін білдірген ерекше жан. Құдай құдіретімен оны өлімнен аман сақтап, аспаннан көк қошқар түсіреді. Содан бастап мұсылмандарға жылына бір рет құрбандық беру сүннет болып қалады. Оның нәресте кезінде жерден зәмзәм суы қайнап шығуына себепкер болуы адамзаттың сүйікті пайғамбары Мұхаммед салла алаһу алайһи уа салламның тегі өте асыл екендігін көрсетеді.

Сүлеймен алайһи с-салам
Халық бұл кісіні Тақ Сүлеймен деп те атайды. Себебі, ол – Дәуіт алайһи с-саламның таңғажайып себептен дүниеге келген жалғыз баласы. Оқиға былайша өрбиді. 
Бір күні Дәуіт алайһи с-салам отыз баласымен намаз оқып тұрғанда «Ой, өзіміз де бір қауым ел болып қалыппыз ғой» деген көңіліне тәкәппарлық ой келеді. Намаз оқығанда он бес баласы бір жағында, он бес баласы екінші жағында тұрады екен. «Ассалаумағалейкүм» деп оң жағына қараса, он бес баласының сәждеден бас көтермей қалғанын, «ассалаумағалейкүм» деп сол жағына қараса, екінші он бес баласының сәждеден бас көтермей қалғанын көреді. Бірақ сабыр сақтап, намазын бұзбай жалғастыра береді. Алла тағала Дәуіт алайһи с-саламның құлшылығына, сабырлылығына риза болады. Жебірейіл арқылы: «Отыз балаңды тірілтіп берейін бе, әлде отыз балаңа татитын бір ұл берейін бе?» – дейді. «Өлер бала өлді ғой, отыз балаға татитын бір ұл беріңіз», – деп жауап қайтарады.
Сүлеймен ересек болып, ақыл-ес енгеннен кейін Алла тағаладан: «Ешкімге ұқсамайтын ерекше патшалық бер», – деп тілейді. Жаратушы тілегін қабыл етеді де, өз даргаһынан мыңыншы есімі жазылған жүзік жібереді. Соның арқасында жан-жануарлардың, құстардың, бүкіл мақлұқаттың тілін біледі. Жел әміріне бағынады («Нәмил» сүресі, 15-19-бәйіттер тәпсірінен).
Ұшан-теңіз биліктің әсерінен Сүлеймен алайһи с-салам әлденеше жаңылысады, қателіктер жібереді. Таңда махшар күнінде бүкіл пайғамбарлардың ішінде ең көп қиналатыны осы Тақ Сүлеймен көрінеді. Бірде ол, өз дінін іштей қабылдамағанына қарамастан, кәпірдің асқан сұлу қызына үйленеді. Оны өте жақсы көреді. Пайғамбардың аса қатты сүйіспеншілігін пайдаланып, ол өзінің бұрынғы (ата-бабасының) құдайына құрбандық шалуға рұқсат сұрайды. Сүлеймен үзілді-кесілді тыйым салады. Амалы таусылған сұлу келіншек ең соңында: «Ең болмаса, бір шегірткені қандасам болмас па екен», – деп үзіледі. «Онда тұрған не бар» деп, әйелінің көңілін қимай, шегірткені құрбандыққа шалуға рұқсат етеді.
Мұндайды қалт жібермейтін қарғыс атқан Ібіліс өзінің қарауындағы бір жынын Сүлейменнің жүзігін ұрлап алуға жұмсай қояды. Шариғатқа сәйкес келмейтін істі істегені үшін Сүлейменнен жын жүзікті оп-оңай ұрлап алады. Сүлейменнің түр-түсіне, формасына енеді де, таққа отыра қалады. Сүлеймен дәрет алып болғаннан кейін жүзігін қараса, бұрынғы орнында жоқ. Тақта өзінен айнымайтын біреу отыр. Өзіне төнген қауіпті түсінеді де, бетінің ауған жағына қаша жөнеледі. Абырой болғанда, Алла тағаланың көп ұзамай рақымы түсіп, жүзік қырық күннен кейін өзіне қайтарылады. «Жүзігі барда Сүлеймен, жүзігі жоқта сүмірейген» деген нақыл осы оқиғаға қатысы айтылған.
Қысқасы, Сүлеймен алайһи с-саламның дүние жүзілік билігіне Құран Кәрімде едәуір орын берілгендіктен, бүкіл мұсылмандар қауымы шәк келтірмейді.

Болашақта дүние жүзін билейтін бесінші патша
Ол – Құдайдың құдіретімен Көкке көтеріліп кеткен Иса алайһи с-салам. Оны дұшпандарының айқыш ағашқа таңып өлтіргені шындыққа жанаспайды («Әли-имран» сүресі, 55-аят; «Ниса» сүресі, 156-159 аяттар тәпсірінен). Ғалымдардың айтуынша, қазір өмір сүріп жатқан адамдардың ұрпағы түптің түбінде от апатына ұшырайды. Одан бір бөлек кісілер аман қалады. Жиырма бес әйелге бір еркектен келеді. Әйелдер бір-бірінен қызғанып, ол еркекті де өлтіріп қоятын көрінеді. Алайда адамзат соған қарамастан қайтадан өніп-өседі. Жерді толтырып, көбейеді. Тіпті қазіргі қалпына келеді. Өкініштісі сол: адамзат толығынан кәпірге айналады. Жер бетінде «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар» деп азан айтатын бір адам қалмайды. Осы кезеңді күткен жалғыз көзді Дажал есегін мініп, жер бетіне шығады. Есегіне таққан қоңыраулардың әсем әнін, тамаша музыкасын тыңдаймын деп мың сан адам есектің қадамына ілесе алмай құмырсқадай қырылады. Сөйтіп, ол әлеуметке орасан зор апат әкеледі. Дажал деген кім еді?
Кереметі асқан бір пайғамбардың тұсында ол арамза некесіз бір әйелден туған құбыжық бала болатын. Алты жасында-ақ оған шапса қылыш өтпейді. Суға салса батпайды, отқа салса күймейді. Амалы таусылған халық Алланың елшісіне шағымданады. Пайғамбар Құдайдың құдіретімен, дұғаның күшімен бір таудың ішіне сұм Дажалды қамап тастайды. Ол тілімен жалап-ақ күн сайын таудан шығып кетуге таяп қалады екен, таң алдында «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар» деген азан естілгенде жалаған жері тұтасынан қайта бітеліп, бәз қалпына түсетін көрінеді. Күндегі азабы – осы. Оның жер бетіне шықпауы үшін – әрқашан азан оқылуы шарт.
Заманы келіп, бостандыққа шыққан Дажалмен осы мезетте Раббының рұқсатымен жерден шыққан Мәді алысып, жеңісе алмайды. Әбден қалжыраған кезінде аспаннан Иса алайһи с-салам түседі. Екеулеп Дажалды өлтіреді. Жамбыл атамыз: «Аспаннан Иса түскен жоқ, Жерден Мәді шыққан жоқ» деп жырлайтын Мәді кім?
Орта Азиядан Дариқа атты теңдесі жоқ асқан палуан қыз шығып, патша болады. «Мен өзімді жыққан адамға ғана тұрмысқа шығамын. Егер жыға алмаса, ренжімесін, бұтын бұт, қолын қол етіп лақтырамын. Басын жұлып өлтіремін», – деп жариялайды. «Жығамын» деп келіп, талай палуан өлім құшады. Бұл дақпырт Арабиядағы Хазіреті Әлидің де құлағына жетеді. Мұхаммед салла аллаһу алейһи уа салламнан ол қызбен күресуге рұқсат сұрайды. Пайғамбар келісімін береді.
Хазірет Әли Дариқамен үш күн, түн күреседі. Бірақ бірін бірі жыға алмайды. Ақырында Дариқа тамақ ішіп келуге рұқсат сұрайды. Хазірет Әли тамақ ішпейді, қаза болған намаздарын оқып, күрес алаңында отыра береді. Тамаққа әбден тойып алған Дариқа қыз Хазірет Әлидің қажыр-қайратына төтеп бере алмай, қас қағымда шалқасынан түседі. Уәде бойынша алыстан келген палуанға тұрмысқа шығады. Алты ай отасады. Жүкті болады. Бір күні пайғамбар Хазірет Әлидің түсіне еніп: «Бізді ұмыттың ба?» – дейді. Дариқадан рұқсат сұрап, еліне қайтады. Аман-есен ұл туса атын Мәді қоюды өтінеді. Дажалды өлтіретін осы Мәді. Біз әңгімелеп отырған Алла сүйіктісі Мәдінің шейіттер айта беретін – жоғалып кеткен – имамға, мәсихқа еш қатысы жоқ.
Мәді он алты жасқа келгенде Арабияға әкесін іздеп келеді. Балаларын күрестіріп, тамашалап отырған әкесінің үстінен шығады. Олардың кім екенін сұрастыруға да шамасы келмей, өзі де қызыққа бөленіп кетеді. Ең соңында Хазірет Әлидің Мұхаммед-Қанафия атты баласы бүкіл балаларды жеңіп, дараланады. Әкесі өзге он сегіз баласын Мұхамед-Қанафияның жеңгеніне масаттанып отыр еді. Кенеттен Мәді: «Маған күресуге бола ма?» – деп ұсыныс жасайды. «Болады». Мәді көп ұзамай Мұхаммед-Қанафияны алып ұрады. Бұған әкесі намыстанып кетеді. «Әй, бала, менімен күресуге қалайсың?» – дейді. Басын изейді. Әкелі-балалы екеуі, бірін-бірі білместен, күресіп ала жөнеледі. Бірін-бірі ала алмайды. Бала әлсіреп бара жатқаннан кейін: «Я, пірім, Хазірет Әли», – дейді. Әкесі тоқтай қалып: «Хазірет Әли менмін ғой», – дейді. «Әкеммен күресіп, масқара болыппын, қарарға бетім жоқ», – деп қаша жөнеледі. Хазірет Әли тұра қуады. Жеткізетін бала жоқ. Түн, күн қашады, апталап қашады. Ақырында Самарқан маңайындағы бір тауға тіреліп қалады. Алладан жәрдем сұрап, тауға: «Ашыл», – дейді. Тау ашылады. Мәді ішіне еніп кетеді. Хазірет Әли аңқиып тұрып қалады. Жылай-жылай еліне қайтады. Адамзаттың жауы – Дажал да таудың ішінде, оған тойтарыс беретін қаһарман – Мәді де таудың ішінде. Бірақ екі бөлек тау.
Иса алайһи с-салам мен Мәді баһадүр бүкіл жер бетін билеп, адамдар мәңгі аңсаған мұсылман заманын орнатады. Нағыз бейбітшілік, әділдік, адалдық, имандылық үстемдік етеді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын дәуір келеді. Жұмаққа ұқсайтын мұндай бақыт Адам атадан тараған ұрпаққа бір-ақ рет берілетін көрінеді. Иса алайһи с-салам мен Мәді баһадүр өлгеннен кейін еш түзелу болмайды. Ең соңында «Бисмилла» деген бір-ақ сөзді білетін жалғыз адам қалады. Өңгесі кәпір жолына түседі. Сол мұсылман өлгенше ақырзаман кідіре тұрады. Ол жан тапсырған мезетте Исрафилдің кернейі үрленеді. Әлем астан-кестен болады. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
Білетіндердің пікіріне қарағанда, от апатының алдында үш мемлекет судың астында қалып, батып кетеді. Бүкіл өнер-ғылым, техника өз-өзінен тоқтайды. Компьютер істемейді, телефон сөйлемейді, поезд жүрмейді. Тағысын тағылар. Ең соңғы Исрафил үрлеген жел апатының алдын-ала белгісі – құран кітаптарындағы жазулар құдайдың құдіретімен ұшып кетеді. Қасиетті аят жазылған кітаптардың барлығы тап-таза ақ қағаз болып қалады. Бұлардың барлығын, түптеп келгенде, әрине, бір Жаратушы ғана біледі.
Осы өмірдегі бір таң қаларлық факт мынадай. Мадина қаласындағы пайғамбармыздың мешітінде Мұхаммед салла аллаһу алайһи уа саллам жерленген. Оң жағында – Әбу Бакір Хазірет пен Омар Хазірет. Сол жағында екі орын бос тұр. Мұнда, аңыз бойынша, болашақта Иса алайһи с-салам мен Мәді баһадүр жерленбек. Қажылыққа барғандар бес терезеден жерленгендерді де, жерленуге тиіс бос орындарды да көре алады. Жоғарыда айтылған хикаялардың ақиқаттығына дәлел – осы. Құранды ақиқат деп танысақ, мұның барлығы – ақиқат.
Бұл әңгімелерге, расында, біреу сенер, біреу сенбес. Мәселе онда емес. Мақсат әр жерде бытырап, шашырап жүрген хикаяларды бір тақырыптың төңірегіне шоғырлау еді. Ол ойымызға біршама жеткендей болдық. Тарихты білмейінше, келешек күңгірт. Тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде жарты әлемді, ширек әлемді билеген Еділ патша, Александр Македонский, Шыңғыс хан сияқты алыптар көп болды. Алайда бүкіл дүние жүзіне билік жүргізуге Алла Тағаланың ғана қалауы және көмегі қажет. Танымдық маңызы зор мұндай тақырыптарды зерделі жастарымыз тереңдетіп, әрі қарай алып кететініне шәгіміз жоқ.

Берікбай Сағындықұлы,

филология ғылымдарының 
докторы, профессор, теолог

turkystan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста