Тоқал алмаңыз, «жігіт» алыңыз
Әлеуметімізде әлеуеті жоғарыларға тоқал болғысы келетіндер көбейді. Оған қазір таң қалмаймыз да. Жастық шақта алып-ұшып тұрған сұлу қыздар кедейге, не бір маскүнемге гүлдей өмірін қор қылмай, тоқал болса да, үлде мен бүлдеге оранғанды жөн көреді. Жағдайын жасап беріп, бала ту деп те мазасын алмайды. Қайта мүсінін сақтап, ажарын одан әрі әрлендіре түсуді құп көретіндері көп.
Қазіргі Алпысбай, Жетпісбай-лардың кезіндегі ақсақал жа-сындағы азаматтың өрімдей жас қызды жар етіп, содан тарағаны белгілі ғой. Десе де, ол ұлтына деген жанашырлықпен демографияны жан-дандырамын деп үлес қосты ма, әлде нәпсісін тыя алмаған қара шалдың қарекеті ме, ол жағы бір Құдайға аян.
«Қазақ байыса, қатын алады» деген сөз тегін айтылмаған. Бірақ сол байшыкештердің тоқал алуы қазір сән бе, мақтаныш па, әлде нәпсіқұмарлық па?» деген сан сауал сіздің де патша көңіліңізді мазалаған болар…
Алланың әмірімен әркім өзінің екінші жартысын жолықтырады. Тіпті, көлдегі аққу да қос-қостан жұбымен жүруі заңдылық. Екіншісі мерт болса, өмір бойы айдынында жалғыз жүзеді екен. Ал адамдар ше?..
Біздегі тоқал алуды заңдастыру керек деп бажайлап жүрген шалдардың кемпірі өлмей тұрып көтерген мәселенің түйініне қатысты көпке үлгі боларлық тағылымды еске салсам деймін…
«Абақ батыр айтты» деген тәрбиелік мәні бар әңгімені біреу білсе, біреу білмес. Сан мәрте жаудың бетін қайтарып, ерлігімен ел есінде қалған Абақ батыр XIX ғасырда өмір сүрген. Тумысынан ержүректілік пен қайсарлықты, батылдық пен намысты ту еткен Жиембет руынан шыққан батырдың ерлігі әлі күнге дейін ел аузында.
Ақсақал жасына келгенінде қасында қарайып отыратын қара кемпірінің қайтқаны батырдың жанына қатты батқан көрінеді. Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы Дайырбек те есті жігіт болған деседі. Әкесінің күннен-күнге шөгіп бара жатқанын көріп: «Қаратау теріскейінде менен дәулетті жан жоқ. Бар мал-мүлкім қолымда тұрып, батыр әкемнің жағдайын жасай алмасам, мына жиғанымның керегі не? Қой, мен оданда әкеме біреуді әперейін», — депті. Бірақ әкесіне бұл ойын айтуға қысылып, қол астындағыларға осыны әкесіне жеткізуді өтінеді.
Ұлының ойын бүкпесіз, ашық айтқан игі жақсылардың сөзін тыңдап болған соң, Абақ батыр: «Е, солай деңдер, онда маған жігіт алып беріңдер», — депті. Сөздің төркінін түсінбегендер: «Уа, батырым, біз кемпіріңіз қайтқан соң, қиналғаныңызды көріп, осындай тоқтамға келгенімізді айтсақ, сіздің бұлай мазақ еткеніңіз қалай?..» — деп, реніштерін білдіреді. Сонда батыр: «Пәтшағарлар-ай, мені мына сөзімнен соң, алжыған шал көріп отырсыңдар ғой. Бұл менің есімнен алжасқандығым емес. Мені дұрыс түсінбепсіңдер! Дайырбек — шіріген бай. Қыз әпер десем, біреудің өрімдей жап-жас қызын шырылдатып, малға жығып әпереді. Оның обалын қайтемін? Кемпір аламын десем, оған да жоқ дей қоймас. Бірақ одан не пайда? Екі қарт бір-біріміздің жайымызды жасай аламыз ба? Байдан қайтқан жастау әйел де табылар. Бірақ жастың аты — жас. Ертең оған Дайырбектің малын бағып жүрген жалшы жігіттің көзі түсіп, байланысып жатса, менің батырлығым кәні? Мен өлген соң, қаңқу сөз ермей ме? Сонда менің батыр атағым не болады? Ал менің «жігіт» алып беріңдер дегенім, ауыл-ауылды аралатып, менімен аңға шығып, қасыма бір серік тауып беріңдер дегенім еді», — депті.
Қолында билік барда, кешегі Дінмұхамед Қонаевтың да ұрпақсыз қаламын деп қорықпай, тоқал алмағанын жақсы білесіздер. Екінші қатын аламын деген қауқарсыз шалдар осы тұлғадан неге өнеге алмайды?.. Бай бола тұра, баласын тезге салған батыр Абақты неге үлгі етпейді?..
Расында, саналы ғұмырында елге сыйлы болып, өмірден кеткен соң да артынан тек жақсы сөз еретін азамат болып қалыптасу — кез келген еркек кіндіктің мойнына жүктелген зіл батпан жүк.
Кемпірі өліп, жағдайы бола тұра тоқал алмаған естілерге қарап, тоқал алуды заңдастыру керек деп жүрген шалдардан не ақсақалдық күтесің?..
Қайткенмен де, тоқал бәйбішедей болмайды. Ұрпақ әкелмейді, мұнда тек есеп жүреді. Өмірге бала әкелсе де, бір баладан артық тапқандары саусақпен санарлық.
Сондықтан тоқал аламын деген ақсақалдар енді қалған өмірінде жас қыз алып, қызық қумай, «жігіт» алып, батыр Абақтың ерлігін қайталаса, есімі ел есінде құрметпен қалар еді. Сіз не дейсіз?
Жұлдыз Әбіл