Тоқаев Наурызды тойлаудың жаңаша жолын ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурызды жаңаша атап өту туралы ойын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Президент Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында айтты.
Елдегі көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқанына алаңдап, "Таза табиғат" жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт екенін жеткізді. Осы ретте Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өту туралы ойымен бөлісті.
 
"Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл - ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы", - деді президент.    
Құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайды - Тоқаев
Президент жастардың жұмыспен қамтылуы жайлы сөз етті
30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңызды бағыттың бірі. Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы "Жасампаздыққа толы жылдар" деп аталады. Сондықтан жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелеу барысында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы тұңғыш президентіміздің тарихи рөлі ерекше аталып, елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт екенін атап көрсетті.      
"Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан еш қайыр болмайды", - деді Мемлекет басшысы.