"Сөздің жауапкершілігін сезіну азайды ма деймін, әсіресе қалам ұстаған қауымның өз арасында. Сауат деңгейі де құлдырап кетті.
Тіл білген жақсы ғой, бірақ орыс тілін білудің біз үшін «зиян жағы» да байқалып қалады: орысша ойлап барып, қазақша сөйлем құрау, қалың калька қаптап жүреді. «Баратын болсақ…», «қарастыратын болсақ…», «айтатын болсақ…» дей береміз, осындағы «болсақ»-тың тіпті де артық екенін, орыстың «будемінің» ізі екенін аңғармаймыз. «Барсақ», «қарастырсақ», «айтсақ» десек те келер шақ екені білініп тұр ғой. «Оқыс оқиға орын алды» деп жазатындар көп. Солардан «оқыс оқиға нешінші орын алды?» деп сұрағым келеді. «Оқыс оқиға болды» десек жетпей ме? Бұл да – «иметь место»-ның калькасы.
Әлдебір мәтіннен үзінді келтіреміз де, соның ішінен бірер сөйлемді қара немесе көлбеу қаріппен беріп, жақша ішіне «астын сызған – біз» дейміз (бірақ ештеңенің де асты сызылмаған). «Подчеркнуто нами» деген сөздің көшірмесі бұл. «Подчеркнуть» сөзі тек «астын сызуды» ғана білдірмейді, сонымен қатар «ерекшелеу» деген де мағынасы бар. Яғни «астын сызған – біз» емес, «ерекшелеген – біз». «Астын сызып айтатын мәселе…» деудің орнына «аса маңыз беретін» немесе «ерекше ден қоятын мәселе» десек, мейлінше жатық болмақ.
Сөйлем ортасында да «сіз» деген сөзді бас әріппен жазамыз. Неге? Өйткені орыс тілінде солай. Орыста солай болатын себебі – оларда «вы» сөзі екі мағына береді: 1) сіз; 2) сендер. Осы екеуін ажырату үшін олар «сіз» мағынасындағы «вы»-ды бас әріппен жазады («сіз» деген сөз сыпайылықты білдіреді деген де уәжі бар, бірақ басты себебі ол емес). «Түбек» деген сөзді ұмытып, «Корей жарты аралы», «Апеннин жарты аралы» деп жоқ жерден сөз ойлап таба бастадық («полуостров» қой баяғы). «Болон процесі», «Севиль шаштаразы» деген қателерге әбден көз үйреніп бітті, тіпті елең етпейміз де. Түбірге қарамаймыз, орысшадағы «Болонский», «Севильский» дегендердің «скийін» алып тастаймыз да, жаза береміз. Егер ізденсек, «Болонскийдің» түбірі – Италиядағы Болонья қаласы, ал «Севильскийдің» түбірі – Испаниядағы Севилья қаласы екенін ұғар едік те, «Болонья процесі», «Севилья шаштаразы» деп сауатты жазар едік.
«Олар ауыздарына келгендерін айтты» деп сөз саптайтын халге жеттік. Бір сөйлемге бір көптік жалғау жететінін білмейміз. «Олар» дегеннен кейін-ақ көп адам екені көрініп тұр, қалғанын «аузына келгенін айтты» десек болады ғой. «Бару керекпіз», «айту керекпіз» деп ауызекі сөйлеу былай тұрсын, тіпті жаза бастадық. Дұрысы – «баруымыз керек», «айтуымыз керек» екенін біле тұра, түземей өте береміз. Керісінше, «баруға тиіс», «айтуға тиіс» деудің орнына «баруы тиіс», «айтуы тиіс» дейтін болдық. Бұл да – мән берілмей жүрген қате…
«Қазақ кинолары» деп жазатындар бар. Кино – өнердің ауқымды бір саласы, үлкен индустрия, дара ұғым, оған көптік жалғау жалғанбайды. «Қазақ мәдениеті», «қазақ әдебиеті», «қазақ даласы» деген сияқты. Сіз «қазақ мәдениеттері», «қазақ әдебиеттері», «қазақ далалары» деп айтып-жазбайсыз ғой. Әдебиеттің өнімі – әдеби шығарма (роман, дастан, т.б.) болса, киноның өнімі – фильм. «Қазақ кинолары» деп жазған журналистің айтқысы келгені осы – «қазақ фильмдері». Ал «қазақ киносы» десеңіз – әңгіме нақты бір туынды, яғни фильм емес, тұтас кино өнері хақында деген сөз.
Бірде (2002 жылы ғой деймін) «Барып қайт, балам, ауылға», «Сағыныш» секілді белгілі әндердің авторы, композитор Темірәлі Бақтыгереевпен әңгіме барысында «Соңғы жазған әніңіз қайсы?» деп сұрап қала жаздап барып, соның әбес екенін сездім бе, әйтеуір «Ең кейінгі жазған әніңіз қайсы?» деп сұрадым. Сонда Темкең балдағына сүйене орнынан көтеріліп: «Бері жақындашы-ей, қолыңды алайын! – деді. – Елдің бәрі «соңғы әніңіз қайсы?» деп сұрайды, мен енді қайтып ән жазбайтындай… «Ең кейінгі әніңіз қайсы?» деп сұраған бірінші журналист сенсің, айналайын!».
Ойланып қарасақ, орыс тіліндегі «последний» сөзі «соңғы (ақырғы)» деген мағынаны да, «кейінгі» деген мағынаны да береді екен. Яғни «последний путь» (соңғы, қайтпас сапар), «последнее мгновение» (ақырғы немесе ақтық сәт) деген жерде де, «в последнее время» (кейінгі уақытта), «последняя книга, которую вы прочитали» (сіз оқыған ең кейінгі кітап) деген мәнде де қолданылады.
Орыс тілінің ыңғайымен кеткеніміз сондай, біз де осы айырмашылықты аңғарудан қалып барамыз. «Ең соңғы көрген фильміңіз қандай?» немесе «Соңғы оқыған кітабыңызды айтыңызшы» деген сауалнама әлеуметтік желілерде өріп жүреді. «Мен бұдан кейін ешқандай фильм көрмейтіндей…» немесе «бұдан соң ешқашан кітап оқымайтындай…» деп марқұм Темірәлі аға сияқты ренжісек те, ештеңе өзгермейтін секілді.
Ал шетелдік жер-су атаулары, халықаралық, салалық терминдер әркімнің құлағының қалай естуіне қарай жазыла салатын болып барады. Құрығанда «гуглға» салып тексеруге де ерінеміз-ау сонда, ә… «Гугл» жоқ заманда да жұрт қатесіз жазып, газет шығарып, кітап басып келді ғой. Рас, ол кезде ғаламтор болмағанымен, адамдарда сауат бар еді. Ал қазір ғаламтор бар, ал сауат… білмеймін..."
Сәкен Сыбанбай,
журналист