Тәуке хан

Тәуке хан

Тәуке хан – қазақ халқының тарихи санасында өзінің кемеңгерлігімен, даналығымен, ақылдылығымен, әділдігімен, бітімгерлігімен сақталған хандарымыздың бірі. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде Тәуке ханның осындай қасиеттерін ашып көрсететін тарихи аңыз-әңгімелер жетіп артылады. Осыдан 200 жылдай бұрын Тәуке хан туралы ел аузынан естіген материалдарын жинақтай келе, қазақ тарихы туралы тұңғыш көлемді еңбек жазған А.И.Левшин оның тарихи тұлғасына мынадай сипаттама берген болатын: «Ол бірнеше жылдарға созылған қантөгіс соғыстарды тоқтатып, өзара қырқысуларды тыныштандырды, ол өзінің ақылымен және әділеттілігімен басқаларды бағындыра білді, ол мықтыларды тыныштандырып, әлсіздерді біріктіру арқылы күштілерге қарсы тұра алатындай етті, ол жалпыға ортақ заң шығарып, сол заңмен өмір сүргізді, қазіргі күнде ол заң қазақтардың есінде сақталған».(1) Ауыз әдебиетінің материалдары мен жазба дерек мәліметтеріне сүйенген еліміздің тарихшылары да Тәуке ханның жеке басының қасиеттері мен билік құрған жылдарындағы жүргізген саясатына оң бағалар береді. Қазіргі күнде тарихи білімдерге деген сұраныстардың артуына байланысты ежелгі және ортағасырларда Қазақстан аумағында өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірі мен қоғамдық қызметтері, тарихи бейнелері қалың көпшілікті қызықтырып отырғаны белгілі. Осыған сай, біз төменде қазіргі күнде тарих ғылымына кең танылған және сирек кездесетін тарихи материалдарға сүйене отырып, Тәуке ханның қазақ тарихында алатын орны мен өзіндік тарихи бейнесін ашып көрсетуге тырысалық.
Қазақстан тарихының кейінгі ортағасырлық кезеңі хандық дәуір деп аталынып, ол XV ғасырдың ортасынан XVIII ғасырдың алғашқы 30 жылы аралығын қамтитыны белгілі. Бір орталықтан басқарылған осы кезеңдегі қазақ мемлекетінде он жеті хан билік құрған екен. Ол хандардың бірі – хандықтың негізін қалаушы ретінде, ал екінші бір тобы – хандықты күшейтуші, нығайтушы ретінде, ал келесі бір тобы – хандықты әлсіретіп алушы ретінде тарихта қалғаны баршаға мәлім. Ал Тәуке ханның рөлі қандай болған деген сауалға келсек, біз оны қазақ тарихының хандық дәуірдегі ең соңғы ханы және қазақ мемлекеттілігінің, халқының тұтастығы мен бірлігін сақтау үшін күрес жүргізіп, «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын енгізген кемеңгер, әрі әділетті билеуші ретінде тарихта  қалған деп санаймыз. Егерде хандық дәуірдегі хандардың бәрін жүргізген саясаты мен жеке басындағы ерекше қасиеттеріне қарай топтастырсақ, онда Тәуке ханның есімі Керей мен Жәнібек хандардың, Бұрындық, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір хандардың есімдерімен бірге бір қатардан ешбір талассыз орын алған болар еді. 
Тәуке хан – XV –XVIII ғасырлардағы қазақ хандары әулетінің өкілі, оның арғы шыққан тегі Шыңғыс ханнан, Жошы ханнан бастау алады. Біз бұған дейінгі Есім хан, Жәңгір хандардың тарихи рөліне арналған жұмыстарымызда қазақ хандарының шыққан тегі жөнінде біршама толығырақ айтып өткендіктен бұл жерде оның бәрін қайталап жатпай, тек олар туралы өте қысқаша түрде атап өтуді жөн көріп отырмыз.
Тәуке ханның шығу тегін ортағасырлық жазба дерек мәліметтеріне сүйене отыра былайша көрсетуге болады: Шыңғыс хан → Жошы хан → Ордаежен → Сартақтай → Қоныша → Баян → Сасыбұқа → Ерзен → Шымтай → Орыс хан → Қойыршақ → Барақ хан → Жәнібек хан → Жәдік →Шығай хан → Есім хан → Жәңгір хан → Тәуке хан.(2)  Шыңғыс ханмен Жошы ханның есімдері әлемге әйгілі, олар туралы деректер де, зерттеулер де жеткілікті, бірінші тұлға - Моңғол империясының негізін қаласа, екіншісі – Жошы Ұлысы деп аталған XIII ғасыр басындағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының билеушісі. Ал Ордаеженнен бастап Барақ ханға дейінгі тұлғалар – XIII - XV ғасырларда Қазақстан аумағында өмір сүрген Ордаежен Ұлысы, оның тікелей жалғасы боп келетін Ақ Орда атты мемлекеттердің билеушілері болған. Ал Жәнібек ханның туысы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының іргетасын қалағанын қалың жұртшылық жақсы біледі. Тәуке ханның төртінші атасы  Жәдік – бүкіл қазақтың ханы болмаса да  жазба дерек мәліметінде оның есімі жанына «хан» лауазымы қосылып жазылады.(3) Біз бұл жөніндегі  ойларымызды бұған дейін жазылған «Есім хан», «Жәңгір хан» атты жұмыстарымызда айтып өткенбіз. Бірақ әр жұмыс жеке болғандықтан Жәдікке қатысты ой-пікірлерімізді осы жерде тағы да айта кетуді жөн көріп отырмыз.
Жәдік сұлтан – Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі, өмір сүрген жылдарын шамамен XV ғасырдың II жартысы мен XVI ғасырдың 30-шы жылдары аралығы деуге болады. Жазба деректер ішінде ол туралы тек Қадырғали Жалайыр ғана тәуір деректер береді. Ол Жәдік туралы мынадай мәліметтерді баян етеді. «Жәдік хан. Қасым хан заманында белгілі еді Шағым мырзамен соғысып, Жыланды төбеде бір ұлымен бірге шаһит болды. Оның қабірі Үргеніштегі Бақырған атада жатыр. Сонда жерленген еді. Жәдік ханның көптеген әйелдері мен күңдері болды, оның балалары да көп еді. Оның аса әйгілі даңқты ұлдары: Тоғұм хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан, Мәлік сұлтан. Соңғы екеуінің шешесі Абайқан бегім еді»(4) Осы мәліметінде Қадырғали Жалайыр Жәдікті екі рет «хан» лауазымымен атап өтеді. Соған қарағанда ол қазақ ұлыстарының бірінде хан болған деп санаймыз. Ал қаза тапқан жылдарына келсек, ол кезең – Қазақ хандығының тарихында «уақытша әлсіреу» кезеңі деп аталатын 1520-1530-шы жылдарға сай келеді. Осы кезеңде Жағат уалаятыменшекарадағы соғыстардың бірінде Жәдіктің немересі Башыбек сұлтан 37 қазақ сұлтанымен бірге қаза тапса, Бұйдаш хан 24 қазақ сұлтанымен бірге Ташкент билеушісі Дербіс ханмен соғыста шаһит болады.(5) Дәл осы жылдары ноғайлармен болған соғыстардың бірінде Ахмет хан (Қожа Ахмет хан) 15 сұлтанмен бірге тұтқынға түсіп, Орақ батырдың қолынан өлім құшады.(6) Қазақ тарихындағы осындай ауыр кезеңде ел үшін, жер үшін Жәдік те жауларымен соғыста қаза тапқан. Тәуке ханның үшінші атасы Шығай ханға келсек, оның Хакназар ханнан кейін 1580-1582 жылдары бүкіл қазақтың ханы болғаны белгілі. Тарихи әдебиеттерде Шығайдың әбден қартайған шағында хан болғандығы айтылады. Ал оның кәрілікке дейінгі өмірі жайында айтыла бермейді. Қадырғали Жалайыр оның жастық кезеңі жайында былай деп баяндайды: «Шығай ханның хикаясы әрқашан оның батырлығымен мәлім, мәшһүр болды.»(7) 
Шығай хан билікке келген жылы жасы шамамен 80-нің ар жақ, бер жағында болса, онда оны XVI ғасырдың алғашқы жылдары дүниеге келген деуге болады. XVI ғасырдың  30- шы жылдарындағы қиын кезеңде аман қалған сұлтандардың бірі – осы Шығай хан болды. Қадырғали Жалайырдың жазғанындай, оның «даңқы мен батырлығы» осы кезеңде көрініп, бүкіл қазақ жеріне таралып кетеді. Ол 40 жылдан аса уақыт бойы Хақназар ханмен бірге елдің қисайған туын тіктеуге, сөгілген іргені бекітуге күш салады. XVI ғасырдың 40-80 жылдарындағы  тарихи оқиғаларды баяндайтын жазба деректерде Шығай ханның есімі үнемі Хақназар ханның есімімен қатар айтылып отырады. Шығай хан артында көптеген ұрпақтар қалдырып, 1582 жылы қайтыс болады. Оның денесі Бұхара түбіндегі Күміскент қалашығында  Әли атаның қабірі жанына жерленгендігін тағы да Қадырғали Жалайыр баяндап береді.(8)
Ал енді Тәуке ханның атасы Есім ханға келсек, ол Шығай ханның он шақты ұлдарының үлкендері қатарына жатады. Тәуекел хан, Сұлтан Сабырбек ханым және Есім хан үшеуі бір анадан туған. Анасының есімі шағатайлық Яхшым ханым. Шығай ханна кейін билікке Тәуекел, ал одан кейін 1598 жылы Есімнің таққа отырғаны белгілі. Ол шамамен 1617-18 жылдары Ташкенттегі қазақ билеушісі Тұрсын ханмен болған талас-тартыстарда жеңіліс тауып, Шығыс Түркістандағы шағатайлық хандарға кетеді. Ол жақта 6 жыл болып, 1623/24 жылы туған еліне қайтып оралады. 1627 жылы Тұрсын ханды өлтіріп, тақты қайта иеленеді. Бірақ көп ұзамай, 1628 жылы Есім хан қайтыс болады.  Денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің жанына қойылған. 
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде Есім ханды «Еңсегей бойлы Ер Есім» деп атаса, оның енгізген заңдарын «Есім ханның ескі жолы» деп атайды. Егерде Есім ханға дейін Қазақ хандығының ресми астанасы нақтыланбай, Сырданрия өзенінің орта ағысы бойындағы Сауран, Сығанақ, Отырар, Йасы қалалары астана міндетін алма-кезек атқарып келсе, Есім ханнан бастап қазақтың ресми астанасы ролін Йасы қаласы атқара бастайды да, қала жаңа атауға – Түркістан атауына ие болады. Сондай-ақ Есім ханнан бастап қазақтың ресми хандары мен билері, дін басылары, жалпы алғанда бүкіл қазақ еліне атақ-даңқы жайылған, есімі елге кең тараған тұлғалар Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің жанына жерлене бастайды. Ал Есім ханға дейінгі қазақ хандарының ата-бабаларының Сауранда, Сығанақта, Сарайшықта, Үргеніште, Бұқара маңындағы Күміскентте жерленгендігін ескерсек, Тәуке хан атасының Түркістанда жерленуі қазақ мемлекеттілігінің дамуы мен нығаюына, қаланың саяси-әкімшілік орталық ретіндегі маңызының өсуіне, биліктің тұрақты болуына негіз қалағандығын көреміз. 
Енді Тәуке ханның әкесі Жәңгір хан туралы да қысқаша тоқтала кетейік. Жәңгір хан – Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының бірі(9) Есім ханның үлкен ұлы Жәнібек хан, екіншісі – Жәңгір хан, ал үшіншісі – Сырдақ сұлтан. Т.И. Сұлтановтың пікірі бойынша, Есім ханның үлкен ұлы Жәнібек ХҮІІ ғасырдың 30 жылдарының басында хан тағына отырып, ойрат тайшыларымен көп соғысады және ХҮІІ ғасырдың 40 жылдарының басында кезекті бір шайқастың бірінде қаза тапқан(10). Ал Сырдақ сұлтаннан Хұсрау сұлтан деген ұл туып, одан тарихта белгілі – Қайып хан дүниеге келген. 
Жәңгір хан өмірінің көп бөлігі шығыстағы жоңғарлармен соғыста өткен. Әкесі Есім хан қайтыс болғаннан кейін ағасы Жәнібек хан тағына отырады да, Жәңгір сұлтан лауазымымен қазақ қоғамының сыртқы саяси өміріне белсене араласады. Шамамен 1635 жылы ол жоңғар тұтқынына түсіп, одан еліне аман-сау қайтып оралады. 1643 жыла аз санды әскермен Батыр қонтайшының көп санды әскеріне қарсы шығып, жоңғар әскерін кері қайтуға мәжбүрлейді. 1643-1652 жылдары қазақтың ханы болып, жоңғарлардың қазақ еліне баса-көктеп кіруіне қарсы тұрады. Ақыры 1652 жылғы шайқастың бірінде қаза табады. Сүйегі Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің жанына жерленген.
Осылайша, Тәуке ханның шығу тегі мен ата-бабалары туралы тарихи шолуымызды аяқтай келе, мынадай тұжырымдарға келеміз. Біріншіден, Тәуке ханның арғы тегі Шыңғысхан және оның үлкен ұлы Жошыдан бастау алып, ХІІІ-ХҮ ғғ. Қазақстан аумағында саяси билікті иеленген Ордаежен әулетінің өкілдері болған. Екіншіден, Тәуке ханның Жәнібек ханнан Жәңгір ханға дейінгі бергі аталары Қазақ хандығының негізін қалап, оны нығайтқан, іргесін бекітіп, туын жоғары тіктеген, ел мен жер үшін күресіп, қазақ мемлекеттілігін ұрпақтарына дейін жеткізген тарихи тұлғалар болған. Өз кезегінде Тәуке хан да ата-бабасының осы жолын лайықты жалғастырып, қазақ халқының тарихи санасына өте жақсы жағымен сақталып қалады. 
Енді Тәуке ханның тікелей өзіне келейік.
Тәуке ханның толық есімі – Тәуекел-Мұхаммед батыр хан.(11) Ш. Құдайбердіұлы Тәуке ханды Жәңгір ханның қалмақ әйелінен туған ұлы деп жазады.(12) Тәукенің қайтыс болған жылы мен сол тұстағы жасын мөлшерлей келе, оны шамамен 1635 жылдан кейін дүниеге келген деуге болады. Осы жылы оның әкесі Жәңгірдің жоңғар тұтқынында болғанын, одан аман-сау оралғанын және Батыр қонтайшының Жоңғариядағы басты қарсыласы Хұндүлен тайшының Жәңгірді ұлым деп айтуына қарап, осындай ой түюге болады. Тәукемен қатар Жәңгірдің бірнеше ұлы болған. Шах Махмұд Чорастың дерегінде Жәңгір ханның Тәуке және Абақ деген екі ұлы болғандығы, Абақ сұлтанның үлкен ұл екендігі айтылады(13) Т.И. Сұлтанов Абақ сұлтанның есімін нақтылап – Аппақ сұлтан деп түсіндіреді(14) Ал Шәкәрімнің еңбегінде Жәңгір ханның екі ұлы болғандығы, біріншісі – Тәуке, ал екіншісі – Үргеніштегі Ғайып ханның қызынан туған Уәлибақи. Жәңгірдің орнына Тәуке хан болғанда хандыққа өкпелеп Уәлибақи Ғайып ханға кетіп еді», - деп жазады Ш. Құдайбердіұлы(15) 
ХҮІІІ ғасырда осы Уәлибақидың тұқымынан атақты Абылай хан шығады. Ал Абақ (Аппақ сұлтан) сұлтанның ұрпақтары жөнінде әзірге ешқандай мәліметтер жоқ. 
Тәуке ханның есімі жазба деректерде алғаш рет 1650 жылдардың  басында кездесе бастайды. Осы жылдары Жәңгір хан жоңғарларға қарсы күресу үшін Шығыс Түркістандағы шағатайлық билеушілерге бірнеше рет елшілік жібереді. Сондай елшіліктің құрамында жас Тәуке сұлтан да Шығыс Түркістанға барып қайтады.(16) Бұл кезде Тәукенің жасы әлі 20-ға да толмаған болатын. Жәңгір ханның жап-жас Тәукені елшілік құрамына қосуын ұлын мемлекеттік маңызды істерге жас шағынан баулуы деп қабылдаған жөн. 
Жәңгір ханның 1652 жылы жоңғарлармен шайқаста қаза тапқандығы белгілі. Ал Тәуке ханның билікке келген кезін тарихшылардың бәрі дерлік және академиялық басылымдар – 1680 жыл деп көрсетеді(17) Бұл мәселе бойынша Т.И. Сұлтанов өте байқампаздық көрсетіп, оның әлі көмескі тұстары бар екенін аңғартады. Ол бұған қатысты пікірін былайша тұжырымдайды: «Тәуке хан әкесінен кейін бірден билікке келді ме, жоқ па, белгісіз»(18). Ал кеңестік кезеңдегі және қазіргі кезеңдегі академиялық басылымдар бұл мәселеден айналып өтеді. Олардың материалдарында 1652 жылы Жәңгірдің қаза тапқаны және 1680 жылдан бастап оның ұлы Тәукенің хан болғандығы жайлы айтылады да, екі ортадағы 28 жылдағы тарих жабулы күйінде қалдырылады.(19) Бұл мәселе Тәуке ханға қатысты болғандықтан, біз төменде осыған қатысты өзіндік ой-пікірлерімізді оқырмандар назарына ұсыналық. 
Алдыменен Жәңгір хан қаза тапқан жыл тұсындағы қазақ қоғымының ішкі саяси өміріне назар аударайық. Бұған дейін айтып өткеніміздей, 1652 жылы Жәңгір ханның ұлдары 20 мен 30 жастың айналасында болатын. Ал Шығай әулетінен тараған хан тағына үміткерлердің өзі жетерліктей еді. Шығай ханнан Ондан сұлтан, Тәуекел хан, Есім хан, Шахмұхаммед сұлтан, Әли сұлтан, Сұлым сұлтан, Ибрагим, Шәкім, Көмек, Абылай және Әбусейіт атты ұлдардың тарағаны белгілі. Осылардың әрқайсысында 4-5 ұл болды дегеннің өзінде Жәңгір хан секілді таққа үміткерлер саны 40-50-ден асар еді. Ал осылардың әрқайсысында тағы да 3-4-тен бала болған десек, Жәңгір ханнан кейін тақты иеленуге құқы барлардың саны 100-150-ге жететін. Тәуке солардың бірі және жас жағынан алғанда кішісі болатын. Жәңгір ханның ағасы Жәнібек ханның ұлдары және інісі Сырдақ сұлтанның өзі немесе ұлдарының билікті иеленуге толық құқы болды. Өкінішке орай, сол тұстағы жағдайды көрсететін жазба деректер болмағандықтан, біз тек осындай ой-болжамдар ғана айта аламыз. 
Ал Шәкәрімнің еңбегіндегі осыған қатысты матриалдардан, біз Жәңгір ханнан кейін тақ үшін талас-тартыстардың болғандығына көз жеткземіз. Онда «Жәңгірдің орнына  әз-Тәуке хан болғанда, хандыққа өкпелеп Уәлибақи Ғайып ханға кетіп еді», - деп айтылады.(20) Автор бұл дерегін қайдан алғандығын көрсетпесе де, ол өте жеңіл түрде айтылған мәліметке жатады. Тақ үшін, билік үшін таластардың жеңіл болмайтыны белгілі. «Өкпелеп кетті» деген мәліметтің астарына үңілсек, көп жағдайды аңғаруға болады. Күрес, таластар тақ үшін болғандықтан, «өкпелеп кетті» деген сөздің орнына «жеңіліс тауып қашып кетті» деген сөздерді қосуға болады. А.И.Левшиннің бұған дейін Тәуке хан туралы келтірген мәліметін осы жерде тағы келтіруге тура келеді. «... Ол (Тәукені айтып отыр. – Б.К.) өзара қырқыстардан кейін халықты тыныштандырды, ол тайпалар арасында бірнеше жылдарға созылған қантөгістерді тоқтатты, жұрттың бәрін ақылымен және әділдігімен өзіне бағындыра білді...»(21) Шәкәрімнің де, А.И.Левшиннің де материалдарына тереңірек талдаулар жасау арқылы Тәуке хан билікке келгенге дейін қазақ қоғамында тақ үшін кәдімгідей талас-тартыстардың болғандығын, ру-тайпалар арасында да жанжалдардың өршігендігін көруге болады. А.И.Левшин осы талас-тартыстардың ұзақтығын «бірнеше жылдар» деп жазса, біздің ойымызша ол 28 жылға, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген  1680 жылға дейін созылған. Тек Тәуке ханның билікке келуі мен жүргізген саясаты ғана ел ішіндегі барлық талас-тартыстар мен қантөгістерді, бітпейтін дау-жанжалдар мен өзара қырқыстарды тоқтатады. Сөйтіп, ел ішінде тыныш өмір қалыптасады.  Салыстырмалы түрде алсақ, Тәуке ханға дейінгі 28 жыл бойғы қантөгіс қырқыстарға қарағанда Тәуке хан тұсында қалыптасқан  бейбіт, тыныш өмір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» боп саналады. 
Ал енді осы 28 жыл бойғы өзара қырқысу кезеңі қазақ елімен көршілес елдердің тарихында, оның ішінде олардың қазақтармен қарым-қатынасында қалай көрініс береді, неге олардың тарихында осы кезеңдегі қазақ хандарының есімдері аталмайды деген сұрақтарға жауаптар іздестіріп көрелік.
Осы кезең ішіндегі қазақ – жоңғар қарым-қатынасына назар аударсақ, деректерде екі жақтан да бір-біріне қарсы бағытталған әскери жорықтар, ұрыстар мен шайқастар жөнінде ешқандай мәліметтер айтылмайды. 1653 жылы  Батыр хонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары мен кіші ұлдары арасында тақ үшін талас-тартыстар басталып кетеді де, ол күрес бүкіл жоңғар қоғамындағы белгілі тайшылар мен батырларды  екіге бөліп жібереді. Көп ұзамай билікке кіші ұлдар тобын басқарған Сенге хонтайшы келеді, бірақ ол ішкі өзара алауыздықтарды тоқтата алмайды. Ақыры 1670 жылдың соңына таман Батыр хонтайшының үлкен ұлдары – Цецен тайшы мен Цзотба батыр інілері – Сенгені өлтіреді. Сенгенің орнына таққа отырған оның кіші інісі – Галданның алғашқы саясаты – ағасы үшін үлкен ағаларынан кек алуға бағытталды. Сондай-ақ ол Жоңғариядағы кейбір тайшылардың дербестігін жоюға, ішкі алауыздықтарды реттеуге, жалпы алғанда, билікті орталықтандыруға күш салады. XVII ғасырдың 70-ші жылдарының соңына таман ғана Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, орталық билікті нығайта алады. Осылайша, ішкі саяси жағдайды ретке келтіргеннен кейін ғана Галдан көрші елдерге көз аларта бастайды.(22) Оның басқа көрші елдерге жасаған жорықтары секілді, қазақтарға жорығы XVII ғасырдың 80-ші жылдарынан басталады. Бұл кезде қазақ ханы  - Тәуке хан болатын. Ол кездегі оқиғалар мен тарихи даму төменде сәл кейінірек қарастырылады. Ал жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, 16523-1680 жылдары Жоңғарияның өз ішіндегі саяси жағдайдың күрделі және саяси дағдарыстың шиеліністі болуы  оның сыртқы саясатта белсенділік танытып, тонаушылық пен басқыншылық сипаттағы соғыстар жүргізуіне мүмкіндіктер бермейді. Сол себепті де осы жылдары қазақ-жоңғар қарым-қатынасында тыныштық немесе үнсіздік кезең болып, ірі оқиғалар орын алмайды. Жазба деректер де соған байланысты  осы кезең туралы үн қатпайды, сол себепті де осы жылдары қазақ хандығында кімнің хан болғандығын анықтау қиын деп санаймыз.
Осы кезеңдегі қазақ - орыс қатынастары негізінен сауда-айырбас байланыстарын дамыту сипатында өрбиді және қазақ жері арқылы Орта Азияға орыс көпестері керуендерінің жиі өтуімен ерекшеленеді. Осы қатынастарды көрсететін деректерде қазақ ханы туралы ешқандай мәліметтер ұшыраспайды.
Ал аштарханилар әулетімен қарым – қатынасқа келсек, бұл жылдары Бұхарада билікте Надірмұхаммед ханның (1642-1645) ұлы Абдалазиз хан (1645-1680) отырған  болатын. Бұл кезеңде де Қазақ хандығының аштарханилар әулетімен қарым-қатынасында аса ірі оқиғалар болмаған секілді. Егерде ондай оқиғалар болса, онда ол жөнінде жазба деректерде мәліметтер кездескен болар еді. Тек екі жақты қатынастар Тәуке ханның билік еткен кезінен бастап қана кездесе бастайды.
Жоғарыда айтылған қысқаша баяндауларымызды түйіндей келе, Жәңгір ханнан Тәуке ханға дейінгі жылдарды біздің тарихымызда әлі күнге дейін беймәлім болып отырған кезең деп атаймыз. Болашақта табылар тың деректер ғана осы кезеңді түсінуге және осы кезеңдегі қазақ хандарының немесе ханының есімін анықтауға жол ашады деген ойдамыз.
Тарихи әдебиеттердегі материалдардың бәрі Тәуке ханды 1680 жылдан бастап хан болған деп жазады. Оның билікке қандай жолмен келгені белгісіз, ол туралы ешқандай деректе айтылмайды. Соған қарамастан ол жөнінде мынадай болжамдар айтуға болады. Егерде 1650 жылдардың басында Тәуке хан билік ету үшін өте жас болса, ал 1680 жылға таман оның жасы 40 пен 50-дің орта тұсында болатын. Бұл  жас –  ер адамның нағыз кемеліне келіп, ақыл-ойы толысқан, өмірлік тәжірибесі жетерліктей жас екені белгілі. Тәукенің ақылдылығы мен шешендігі, кемеңгерлігі мен данышпандығы сияқты ерекше қасиеттері оны билеуші әулет өкілдері арасында  айрықша көзге түсіртеді. Сондай-ақ, бұған дейін айтып өткеніміздей, оның ата-бабаларының хан тағын үзбей иеленуі, Жәңгір ханның тікелей ұрпағы болуы, жастайынан мемлекеттік істерге араласуы – оның тақты иелену мүмкіндігін арттырады. Біздің ойымызша, 1652-1680 жылдары өзара таластар мен қырқыстардан әбден титықтап шаршаған қазақ қоғамы, қоғамның алдыңғы қатарлы тобы мен өкілдері: кейбір сұлтандар, билер мен батырлар, дін басылары және тағы басқа әлуметтік топтың өкілдері Тәуке жағында болып, оны қолдаған дейміз. Сөйтіп олар Тәукені 1680 жылы хан тағына отырғызады.
Тәуке ханның 30 жылдан астам билігі тұсындағы ішкі, сыртқы саясатының басты мақсаты – қазақ елінің бірлігі мен қазақ жерінің тұтастығын сақтау болды. Осы бағытта оның жүзеге асырған ең ірі шарасына «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын шығарып, өмірге енгізуі жатады. «Жеті жарғыны» қабылдаудың қандай алғышарттары болды деген сауалға – XVII ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси жағдайының деңгейін жатқызамыз. Бұған дейін айтып өткеніміздей, орталық биліктің болмауы немесе әлсіздігі заңдар мен тәртіптердің орындалмауына және бұзылуына, саяси өмір мен қоғамдық өмірде әлімжеттік принциптің белең алуына, ұрлық-қарлықтың, зорлық пен зомбылықтардың көбеюіне және тағы осындай келеңсіздіктердің кең етек жаюына алып келеді. Тәуке хан билікке келген бойда-ақ ең алдыменен ішкі қоғамдық өмір мен саяси жағдайды реттеуге күш салады. «Жеті жарғының» өмірге келуінің алғышарттары мен себептері осындай болған дейміз.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 1640 жылы Батыр хонтайшы да жоңғар қоғамындағы қатынастарды реттеу үшін «Цааджин бичиг» деп аталатын заңдарды шығарған екен. И.Я.Златкиннің көрсетуі бойынша жоңғар заңы үш мақсатты көздеген: 1) феодалдар арасындағы ішкі қатынастарды реттеу мен ішкі алауыздықтарды болдырмау; 2) саяси күштердің бірлігін қамтамасыз ету және сыртқы қауіптерге қарсы күрестерде өзара көмектесу; 3) феодалдық тәртіпті нығайту және хан мен князьдер билігін тұрғындар арасында күшейту(23). Егерде 1640 жылғы «моңғол-ойрат заңының» мәтіні ғылымға белгілі болып, ол жөнінде тұжырымдар айтуға мүмкіндіктер болса, «Жеті жарғының» мазмұны жазбаша түрде сақталмаған немесе біздің кезге дейін жетпеген. Зерттеушілер тек XIX ғасырдың басында Г.Спасскийдің және А.И.Левшиннің ел аузынан жазып алған жекелеген бабтарға қарап қана тұжырымдар айтады.(24) Аңыз бойынша Тәуке ханның бастамасымен қазақ қоғамындағы барлық қатынастарды белгілі бір құқықтық принциптер негізінде реттеу үшін, бұрынғы заңдарды жаңа заман талаптарына сай бейімдеу үшін үш жүздің атақты билері –  үйсін Төле би, арғын Қазыбек би және алшын Әйтеке би, сондай-ақ тағы басқа белгілі билер Күлтөбе деген жерде бас қосып, «Жеті жарғының» әрбір бабын жеке-жеке талдап, қызу айтыс-тартыстарға түсіп күн сайын жиын өткізген екен. Содан бері ел аузында «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз қалған. Заңның жобасы дайындалып болғаннан кейін Тәуке ханның жарлығымен «Жеті жарғы» заңдық күшіне енеді де, халық оны «Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деп атап кетеді.
«Жеті жарғының» қазақ қоғамындағы алар орны мен атқарған рөліне жергілікті халықтың қандай көзқараста болғандығы туралы А.И.Левшин сол замандағы елдің игі жақсыларынан жазып алған мәліметтерін былайша баян етеді: «Біздің халық тыныштықта өмір сүрген заман болған, бізде тәртіп те, заң да және әділеттілік те орнаған кез болған»(25) Ал автордың өзі қазақ қоғамының Тәуке хан тұсындағы кезеңін «алтын ғасырға» теңейді.(26) Тәуке ханның заңынан басқа оның ішкі өмірдегі жүргізген саясаты, әсіресе бірлікті, ру-тайпалық жанжалдарды тоқтатуға бағытталған іс-шаралары ел арасында кең таралып, ауыздан ауызға жетеді. Сондай тарихи әңгіменің бірін 1748 жылы М.Тевкелев ру-тайпа басыларынан жазып алады. Әңгіме «Жетіру тайпалық бірлестігінің пайда болуы туралы» деп аталып, мынадай мазмұнға ие:  «Жетіруға – Табын,Тама, Кердері, Керейіт, Жағалбайлы, Телеу және Рамадан рулары кіреді. Олар алғашында жеке-жеке рулар болып, Тәуке ханның тұсында біріктірілген. Оның мынадай себебі бар: Қаракесек пен Байұлы деп аталатын Алшындар өте көп болып, жеке-жеке жүрген жеті рудың әрқайсысына әлімжеттік жасап отырған. Жеті рудың әрқайсысы Алшындарға ештеңе істей алмайды. Сол кезде олардың адамдары Түркістандағы Тәуке ханға барып арыз айтады. Тәуке хан өте ақылды және халқы арасында зор беделге ие болатын. Тәуке хан аталған жеті руды біріктіреді, сол себепті жаңа бірлестік – Жетіру деп аталып келеді...»(27) Мұндай Тәуке ханның ақылдылығы мен әділеттілігі туралы тарихи аңыз-әңгімелер ел арасында жетіп артылады.
. Солардың бір-екеуін осы жерде келтіре кетелік. 
«Бірде Тәуке хан өзінің айналасындағы қолбасшыларына тапсырма беріп отырып, әлгілердің тапқырлығын сынамақ болады да, әңгіме барысында былай дейді: 
- Мен мынаны білсем деймін. Жоңғар шапқыншылығын тоқтатып, олардың ордасын күл-талқан ету үшін қазақ халқына қажет?
Біршама ойланған серіктері әр түрлі пікір айтқан көрінеді. Сонда Тәуке хан:
- Бәрі дұрыс-ақ, тоқ етерін айтатын болсақ, қазақ халқына құдайдың құтты күні және болашақта да ауызбірлік қажет. Ол еліміздің мәңгілік қаруы, күш-қуаты және жеңістіріміздің күре тамыры, - деген екен»(28) 
Екінші  бір тарихи әңгіме мынадай. «Қаптап келе жатқан жоңғар әскерлерін көрген қазақ сарбаздары біршама абыржып, тіпті кейбіреулері қашуға ыңғай бере бастайды. Қалың қолдың бұл халін дер кезінде байқаған Тәуке хан жанында тұрған серіктесінің біріне:
- Тез арада жылан тауып кел, - деп бұйырады. Алып келген жыланды ұстап тұрып, бүкіл әскер алдында:
- Бісміллә, Алла біздің жағымызда, тыныш жатқан ел едік, еліміздің даласын қанға бояған жоңғарлардың басын былай жұламыз, - деп ұстап тұрған жыланның басын жұлып алып:
- Алла жар болсын! Алаштың әруағы қолдасын! Алаш, Алаш! – деп жауға қарсы шаба жөнелгенде сарбаздардың рухы көтеріліп, артынан қоса жөңкіле жөнелген екен. Жыланның басын жұлу себебі, жоңғарлардың туында айдаһардың суреті болған»(29).
Осы жерде «Жеті Жарғы» атауының шығуына да тоқтала кетсек. Қоғамтанушы ғалымдардың атаудың пайда болуы жөнінде әртүрлі пікірлер айтқаны белгілі. Олардың өзін жеке-жеке талдау ұзаққа созылады. Осыған байланысты «Жеті Жарғы» атауының шығуын түсіндірер тарихыи деректің өзін оқырмандар назарына ұсыналық. «Төле бидің тарихы» атты дастанында Қазанғап Байболұлы «Жеті Жарғыдағы» заңдардың санын былайша көрсетеді:
«Жер дауы, баяндайын, біріншісі,
Ру, қоныспен меншікті ісі.
Иеленген жеріне жанжал болса, 
Біреуге басымдылық қып озбыр кісі.
Үй іші мен баланы тәрбиелеу, - 
Болған жосын заңының екіншісі.
Ұрлық, қарлық, барымта – үшінші заң,
Баян етер бәрін де білген кісі.
Төртінші боп саналған мынау заңы,
Бір халықпен басқа ру болса дауы.
Ұлтын жаудан қорғамақ – бесінші бұл,
Алтыншы, жетінші – құн дауы, жесір дауы»(30)
Көріп отырғанымыздай, заң атауындағы жеті саны оның жеті құрамдас бөліктен тұратындығын, жеті заңның жиынтығы екендігін көрсетеді. Ол заңдардың әрқайсысы өз ішінде бірнеше баптардан тұратындығы белгілі. 1804 жылы жаппас руының ақсақалы Көбек Шүкірәлиевтен жазып алған Г. Спасскийдің жазбасында «Жеті жарғының» негізінен ұрлық, қарлық, барымтаға қатысы 11 бабы ғана айтылған(31) 
Ал А.И. Левшин жазып алған нұсқады «Жеті Жарғының» 34-бабы ғана келтірілген.(32) Бұл баптардың бәрі үзік-үзік, толық емес болса да, онда әкімшілік, қылмыстық, азаматтық құқықтар, дін, салық туралы мәселелер қамтылған. Мұның өзі Тәуке хан заңының сол заманда қазақ елінің қоғамдық өмірінің барлық жақтарын қамтығандығын көрсетеді.
Жалпы, Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» мен оның осы заңды өмірге енгізуге байланысты жүргізген саясаты жөнінде мынадай тұжырымдар айтуға болады.
Біріншіден, Тәуке хан 1652-1680 жылдары қазақ қоғамындағы қырқысулармен дау-дамайларды, жанжалдар мен қантөгістерді болдырмаудың жолын іздестіріп, оларды әлімжеттік принциппен емес, құқықтық негізде шешуге күш салған. Бұрыннан келе жатқан Қасым хан, Есім хан тұстарындағы заңдардың кейбір баптарын жаңа талаптарға сай бейімдейді, жаңа баптар енгізеді. Сөйтіп, өмірге «Жеті Жарғы» атты заңды енгізеді. Ал өзі әз-Тәуке, яғни «әділ», «қайырымды» хан атанып кетеді. 
Екіншіден, Тәуке ханның заңы арқылы қазақ қоғамындағы ішкі бірлік толық болмаса да, біршама сақталады. Мемлекеттік әкімшілік басқару жүйесі, мемлекеттік құрылым, жалпы алғанда қазақ мемлекеттілігі өзін-өзі сақтап өөзін-өзі жойып жібермей, керісінше, өзін-өзі сақтап қалады. Соның арқасында жоңғарлар мен аштарханилар әулетінен болған күрестерде қазақ жерінің тұтастығы сақталады. 
Тәуке хан тұсындағы Қазақ хандығының көрші елдермен, оның ішінде басты қарсылас – Жоңғариямен қарым-қатынасы мәселесіне тоқталайық. 
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1653 жылы Жоңғар билеушісі Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары арасында билікке таластар жүріп, ақыры кіші ұлдардың бірі – Сенге билікке келеді. Бірақ ол жоңғар қоғамындағы алауыздықтарды тоқтата алмай, 1670 жылдың соңына таман өзара тартыстардың құрбаны болады. Бұл жылдар – екі жақ арасындағы қарым-қатынастарда тыныштық кезеңмен сипатталады. Сенгенің інісі Галдан тақты иеленіп, бірден орталық билікті нығайту ісіне кіріседі. 1678-79 жылға таман Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, кейбіреулерін қашуға мәжбүрлеп, жеке дара билеушіге айналады. Содан кейін ғана оның көрші елдерге және Қазақ хандығына тонаушылық, басқыншылық жорықтары басталады. Жастайынан діндар болған Галдан Тибеттегі дін басыларының қолдауына сүйене отыра, көрші елдерге көз аларта бастайды. 1680 жылға таман Далай-лама оған Бошақту-хан – «ізгіниетті хан» атағын береді(33). 1678 жылы ол Шығыс Түркістандағы саяси дағдарысты пайдаланып, аумақты бағындырып алған болатын. Ал 1680 жылдан бастап Галдан Бошақту хан Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен аймақтарына жорықтар ұйымдастыра бастайды. Ол  туралы 1722-1724 жылдары Цеван Рабданның ордасына барып қайтқан орыс елшісі Иван Унковский былай деп баяндайды: «Осы тауық жылы (1681) ол (Галдан Бошақту хан) қол ертіп жорыққа аттанып, Сайрамды қоршап алды. Ит жылы (1682) жорықтан қайтып оралып, ол Іле өзенінің жағасында қыстап шықты. Доңыз жылы (1683) тағы да Сайрамға аттанды. Жазда Галданның (әскербасы) Рабтан Сайрамды қиратты».(34) 1652 жылдан кейінгі жоңғарлардың қазақтарға қарсы жасаған бұл ірі жорығы мұсылман авторларының шығармаларында көрініс береді. «Тарих-и амнийа» еңбегінің авторы Мулла Мұса Сайрами жоңғарлардың Сайрамды алуы туралы былай деп баяндайды: «...Біздің аталарымыздан естігеніміз бен жасы келген кәрі адамдардың айтуына қарағанда, осыдан 200 жылдай бұрын қазіргі Моғолстан жеріндегі хан орнына Іледе Құнтаджи (Хонтайшы) деген қалмақ келеді, оның билігі шығыста Комул мен Баркөлге дейін, батыста – Ташкент пен Сайрамға дейін, оңтүстікте – Карангу-Тагқа дейін созылады. Ол кенеттен жорыққа шығып, Ташкент Сайрамын басып алып бағындырады да, билікті бір қалмаққа тапсырады. Оның қасына бірнеше қалмақты көмекші етіп қалдырады да, өзі Ілеге қайтып оралады. Сайрамдықтар қалдырылған қалмақтарды өлтіріп, бағынудан бас тартады. Сайрамнан қашып құтылған бірнеше адам Кұнтажыға келіп болған оқиғаның бәрін айтып береді. Құнтаджи Ілеге соқпай, Сайрамға қайтып оралып, қаланы екінші рет басып алады да, тұрғындардың бір бөлігін өлтіріп, қаланы талан-таражға түсіреді. 
Қалмақ басшысы Сайрамның игі жақсы үш тобының әрқайсысынан 20 отбасыдан барлығы 60 отбасын бала-шағасымен, қызметшілерімен Ілеге алып кетеді. Оларды Іледе бір жылдай ұстап, сосын көне Тұрпанға жібереді...»(35). Баяндаудан көріп отырғанымыздай, шығарма авторының арғы-тегі сайрамдық, оның ата-бабалары – деректегі 60 отбасының бірі. Дерек мәліметінде айтылғандай, жоңғарларға Сайрамды 2 рет бағындыруға тура келген. Бұл жылдары Тәуке хан билікке жаңадан келіп жатқандықтан, оның жоңғарларға қарсы қояр күші болмаған секілді. 
Тарихи аңыз-әңгімелер бойынша, осы Сайрам соғысында Кіші Жүздің батыры Тілеу батыр Айтұлы кіші ұлы Жолдаяқ батырмен бірге көзге түскен және шайқастардың бірінде әкелі-балалы батырлар қаза тапқан. Олардың денелері қазақтың бас қаласы – Түркістанда, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі жанына жерленген. 
Жалпы, ХҮІІ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастарындағы ірі соғыстар мен шайқастарға көңіл аударсақ, олардың онша көп болмағанын байқаймыз. Екі жақтан да жекелеген кішігірім ұрыстардың болып тұрғандығын жоққа шығаруға болмайды. Ал жазба деректерде сақталған ірі шайқастардың осы кезеңде, яғни ХҮІІ ғасырдың екінші жартысында алғашқысы 1652 жылы өтсе, келесісі – 1681-1684 жылдары болады. Жоңғарлар Сайрам қаласын алып, оны қиратқанымен шабуыл бағытын одан әрі тереңдете алмайды. Оның басты себебі, қазақтар тарапынан қатты қарсылықтардың көрсетілуі жатса керек. Әрине, мұның бәрі Тәуке ханның ұйымдастыруымен болғаны белгілі. Сайрам шайқасынан кейін жоңғарлар Ош пен Андижан түбінде де қатты қарсылықтарға тап болады. Галдан Бошакту-хан  бұдан кейін өзінің әскери қимылдарын шығысқа қарай бұрып, Шығыс Монғолияның жерін өзіне қарату үшін соғыс жүргізеді. Ақыры ол 1697 жылы наурызда 52 жасында қытай әскерлерінен жеңіліп, өзін-өзі өлтіреді.(36)
1697 жылы Сенгенің ұлы Цеван Рабтан билікке келеді де, қазақ-жоңғар қатынасындағы жағдай күрт өзгереді. Егерде Тәуке ханның билігі тұсындағы екі ел арасындағы қарым-қатынысындағы кезеңдерге бөлсек, онда алғашқы кезеңге – 1680-1697 жылдар аралығын жатқызуға болады. Бұл кезеңде екі жақты қарым-қатынастан бізге белгілісі – 1681-84 жж. Сайрам соғысы ғана. Ал екінші кезеңге – 1698 жылдан – Тәуке хан қайтыс болған жылға дейінгі аралық жатады. Осы аралықта тек жоңғарлар тарапынан қазақтарға қарсы 1698, 1711-12, 1714, 1715 жылдары ірі жорықтар жасалады.(37) 
Оның себебіне Галдан Бошакту ханның жеңілісі мен өлімінен кейін Жоңғарияның шығысындағы Халқа жерінің Цинь әулетінің қарамағына өтуіне байланысты жоңғарларға жаңа жерлерге деген аса мұқтаждық жатты. Сол себепті де Цеван Рабданның қазақтарға қарсы жүргізген саясатының сипаты өзгеріп, бұрынғы тонаушылық жорықтар, енді басқыншылық соғыстарға айнала бастайды. Оның қазақтарға қарсы алғашқы соғысы 1698 жылдың өзінде-ақ басталып кетеді. Жоңғар қонтайшысы өзінің іс-әрекеттерін ақтау үшін Қытай императоры мен Ресей патшасына елшіліктер жіберіп, соғыстың басталуына Тәуке ханды кіналайды.(38) Мысалы, Цеван Рабдан Қытай императоры Сюань Е-ге жазған хатында қазақ-жоңғар соғысының бастауына Тәуке ханның іс-әрекеттері себепкер болғандығын айтып, жағдайды былайша түсіндіреді: «Соғысқа амалсыздан кіріскенін, оған Тәуке ханның сатқындығы себепші болғандығын, Тәуке ханның ұлы Галданда тұтқында болып, Галданның оны Далай-Ламаға жібергенін және Тәуке ханның өтініші бойынша  Далай-Ламадан Тәукенің ұлын босатып, 500 адаммен еліне қайтарғанын, ал Тәуке ханның 500 адамды талан-таражға салып, Урхедей батыр тайшыға өлтіріп, оның адамдарын тұтқынға алғанын, сондай-ақ, Еділ бойымен Жоңғарияға келе жатқан Аюке ханның қызы, Цеван-Рабданның қалыңдығын Тәуке хан адамдарының тонауға ұшыратқанын, Ресейден келе жатқан жоңғар саудагерлерін қазақтардың тонағандығын жеткізеді (38). Ал 1699 жылы Ресейге аттандырылған елшісіне Цеван-Рабдан өзінің «Мәскеуге адалдығын және оның дәлелі ретінде қазақ тұтқынынан босатылған орыстарды қайтарғандығын» айтуды тапсырады.(39)
И.Я.Златкиннің көрсетуі бойынша Цеван-Рабданның қайрымдылығы мен әділеттігіне сенуге болмайды. «Соғыс керек болса, сылтау табылады » дегендей, Цеван-Рабдан Галдан-Бошақту-ханнан кейін Жоңғар мемлекетіндегі ішкі жағдайды тез арада ретке келтіріп, жаңа жерлерді бағындыруға даярлаған болатын. 1698 жылғы Цеван-Рабданның қазақтарға жорығы барысында ол қазақ жерінің Шу-Талас өзендері өңіріндегі тұрғындарды қырғынға ұшыратып, он мыңдай адамды тұтқынға алып кетеді.(40) Жоңғар қонтайшысы Қытай императорының алдында өзін соғысқұмар емес екендігін, бейбітшіл екендігін көрсету үшін жоғарыдағыдай хат жазып, екі жақты соғыстың басталуына Тәуке ханды кінәлаған деп түсінеміз.
Жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылықтары бұдан кейін де жалғасады. Екі жақтан болып отырған ұсақ жорықтарды есептемегенде, жазба деректерде жоңғарлар тарапынан 1711-12, 1714 жылдары жаңа соғыстардың болғандығы айтылады. Өкінішке орай, жазба дерек мәліметтерінің болмауы, бізге ΧVIII ғасырдың алғашқы жылдарында Тәуке ханның жоңғарларға қарсы  жүргізген саясаты жөнінде нақты ой-пікір немесе тұжырым айтуға мүмкіндіктер бермейді.
Жоңғарлардың жекеленген өңірлерді ғана тонауға ұшыратқаны болмаса, қазақ елін толық бағындыруға, иеленуге бағытталған жорықтарына Тәуке хан тойтарыс беріп отырады. Тәуке хан тұсында қазақ қоғамында жүргізілген саяси-әкімшілік және құқықтық өзгерістер нәтижесінде қазақ елі өзінің қорғаныстық қабілетін көрсете біледі. Талай-талай қазақ батырлары осы кезде ел үшін, жер үшін жан аямай жоңғарлармен соғысады, тіпті кей кездерде өздері бірігіп, жоңғарлардан кек алу үшін оларға жеңісті жорықтар ұйымдастырады.
Тәуке ханның билігі тұсында қазақ хандығының аштарханилар әулетімен жүргізген саясаты да толық анық емес. Академиялық басылымдарда Тәуке ханның Бұқара ханы Сұбханқұли ханмен 1687-88 жылдары Ташкент мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізгендігі жөнінде ғана айтылады.(41)
Ал енді орыс мемлекетімен Тәуке ханның жүргізген саясаты мәселесіне келсек, екі жақты байланыстар сауда және шекаралық істер төңірегінде дамиды. XVII ғасырдың соңында Ресейдің билігіне I Петрдің, Қазақ хандығына  Тәуке ханның келуіне байланысты екі ел арасындағы байланыстар жандана бастайды. Ресейдің Шығыс елдерімен жүргізген сауда жолдарының бір тармағы Қазақстан арқылы өткендіктен керуендердің қауіпсіздігіне кепілдік, тауарларға салынатын баж салығының көлемі мен мөлшері және Ресей мен Қазақстан шекарасының маңында тұратын тұрғындар арасындағы әртүрлі дау-дамайлар мен ірілі-ұсақты жанжалдар да елшіліктер арқылы шешіліп отырылады. 1683-1693 жылдар аралығында Тәуке хан жоғарыда аталған мәселелер бойынша Ресейге бес елшілік жібереді.(42) Тәуке ханның елшілері Сары мен Келдей, Тұманшы батыр мен Қабай, Құлтыбай Аталықовтар осы кезеңде Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы байланыстарды жүргізуде белсенділік танытады.(43) ΧVII ғасыр соңындағы Тәуке ханның Ресеймен жүргізген қарым-қатынасы тең дәрежелес деңгейде жүргізіленін байқау қиын емес. Егерде бір себептермен қазақ елшілігі Ресейде ұсталса немесе олардың жұмысына бөгет жасалса, Қазақстан аумағындағы орыс елшілеріне де дәл сондай әрекеттер жасалған. Мысалы, 1693 жылы Тәуке ханның елшілері Сары мен Көлдей орыс еліне аттандырылып, оларға сауда жасасу туралы шартқа қол қою міндеті тапсырылады. Бірақ та шекаралық кикілжіңдерге байланысты Тәуке ханның елшілері Ресейде тұтқынға алынады. Тәуке хан өзінің орыс патшасына жазған хатында «Адам атадан осы уақытқа дейін ұрылар үшін елші қамауға алу дегенді құлақ естіп, көз көрмеген еді»,- деп өз ренішін білдіреді.(44) Тәуке ханның табандылығы арқасында қазақ елшілері босатылып, екі жақты мәселе бейбіт шешіледі.
Жалпы алғанда,Тәуке хан көршілес елдермен жүргізген қарым-қатына- сында, әсіресе аштарханилық әулетпен және Ресей мемлекетімен арадағы даулы мәселелерді бейбіт түрде шешуге және сол елдермен байланыстарын дамытуға күш салады.
Тәуке ханның қайтыс болған жылын алғаш рет В.В.Вельяминов-Зернов шамамен 1718 жыл көрсеткен болатын.(45) Содан бері тарихи әдебиеттер мен арнайы зерттеулердің бәрінде Тәуке ханның өлген жылы деп осы жыл көрсетіліп келеді. Тек соңғы жылдары жарық көрген еңбектерде ғана  бұл дата нақтыланып, 1715 жыл деп көрсетілуде.(46) Егерде В.В.Вельяминов-Зерновтың көрсетуінде 1718 жыл шамамен айтылса, В.А.Моисеевтің зерттеуіндегі мәліметте 1716 жылы қыркүйек айында Тобыл қаласына қазақ ханы Қайыптың елшісі келгендігі жөнінде айтылады.(47) Автордың бұл мәліметі нақтырақ болғандықтан, біз Тәуке ханның қайтыс болған жылы – 1715 жыл деген пікірді жақтаймыз.
Тәуке хан ұзақ жылдар бойы Қазақ хандығының астанасы болып келе жатқан Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Йасауи кесенесі маңына жерленеді. Бұған дейін айтып келгеніміздей, бұл кесене маңында оның әкесі Жәңгір хан, атасы Есім хан, сондай-ақ Шығай хан әулетінен тарайтын белгілі тұлғалар: Ондан сұлтан, Жәнібек хан(1628-1643) және тағы басқа белгілі адамдар жерленген болатын.
Тәуке ханның артында қалған ұрпақтары туралы мәліметтер толық және жүйелі емес. А.И.Левшиннің дерегінде Тәуке ханнан Болат атты ұлы, одан Әбілмәмбет, ал Әбілмәмбеттен – Болат хан, Әбілпайыздың тарайтындығын атап өтеді.(48)
С.Жолдасбайұлы құрастырған «Қазақ хандарының ата-тегінің кестесінде»  Тәуке ханнан Тұрсын, Мұрат, Болат хан, Сәмеке хан атты ұлдардың таралатындығы көрсетілген. Одан әрі Болат ханнан Әбілмәмбет, ал одан Болат, Әбілпайыз және Байтек атты сұлтандар өсіп-өнеді.(49)
Қазақ елінің XVIII ғасырдағы  тарихында Тәуке ханнан тараған Болат, Сәмекелер, ал олардан кейін Әбілпайыз сұлтан өзіндік із қалдарған. Олар жөнінде әңгіме басқа.
Осылайша, Тәуке ханға қатысты  жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорытындылай келе, төменде мынадай жалпы тұжырымдар жасаймыз.
Бірінші, Тәуке ханның арғы-бергі ата-бабаларының бәрі дерлік XIII-XVII ғасырлар аралығында Қазақстан аумағындағы саяси биліктің жоғары сатысында болып, осы ғасырлардағы саяси тарихта терең із қалдырған, қазақ елінің қалыптасуы мен дамуына өз үлестерін қосқан тарихи тұлғалар болған. Өз кезегінде Тәуке хан да өзі билік құрған жылдары ата-баба жолы мен дәстүріне сай Қазақ елінің дамуына еңбек сіңіріп, есімі ел есінде сақталып қалған тұлғалардың қатарына жатады.
Екіншіден, Тәуке хан билікке келгеннен кейін қазақ қоғамында ұзаққа созылған дағдарыстарды құқықтық негізде реттеу үшін «Жеті Жарғы» атты заңдар жинағын шығарып, оны қоғамдық өмірде кең қолданысқа енуіне бар күшін салады. Ішкі бірліктің біршама сақталынуы оның билік құрған жыларын салыстырмалы түрде  «алтын ғасыр» деген теңеуге алып келеді, халық оны әз-Тәуке деп атап кетеді.
Үшіншіден, оның билік құрған жылдары жоңғарлардың жойқын шабуылдарына төтеп берумен тұста-тұс келеді. Тәуке ханның тұсында ішкі бірлік пен мемлекеттік биліктің сақталынуы жоңғар билеушілерінің жорықтарына төтеп беруге мүмкіндіктер береді. Басқа көрші елдермен бейбіт қатынастар орнатуға күш салынады.
Жалпы алғанда, Тәуке хан қазақ елінің тарихындағы хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңнің ең соңғы және ең кемеңгер ханы бола білген. Ол қайтыс болғаннан кейін қазақ елінің әр жүзіндегі кіші хандықтардың тарихы басталады.

kaztar.kaznu.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста