Тәуелсіздіктің тәтті дәмін неге сезінбейміз?
Астаналық әріптесім хабарласып қалды. Амандық-саулықтан соң оған: «Тәуелсіздік күніне дайындық күшті шығар. Осы мерекені Елордада қарсы алу бір арман болып жүр», – дедім әзіл-шыны аралас. Осы ойым журналист танысымның жанды жеріне дөп тигендей болды.
–Бізде мереке күні концерт болады, артынан отшашумен көз алдаймыз.Басқа алып бара жатқан ештеңе жоқ, – деді.
Әрине, бұл сөзге ренжіген жоқпын. Ол қала басшыларының тәуелсіздік күніне даярлығынан хабарсыз болуы да мүмкін-ау. Бірақ, оның айтуынша, көшелерде ел мерекесін ерекшелейтін ештеңе жоқ. Осылайша мереке жаңа жылға әзірліктің аясында елеусіз қалып қояды. Жылда осы ғой...
–Мерекеде қайда боласыңдар?
–Күн жылы болса Ханшатырға, Мегаорталыққа барамыз. Боран болса, қазанға етті салдырып, көк жәшікке телміріп жатамыз...
Қысқа да нұсқа әңгімеден аңғарғаным – Тәуелсіздік күнін шын мәнінде жүрек жарылардай қуана қарсы ала алмайды екенбіз. Мұның бірнеше себебі бар. Ең бастысы – атаулы күнмен жаңа жылдың қабаттасып келуі. Көшеде көк тудан гөрі, безендірілген шыршалар көбірек көзге түседі. Ғимараттар мен сауда орындары да күні бұрын жаңа жылдық құттықтаулар жазып қояды. Демек, миллиондаған теңге елдік мерекеге емес, жаңа жылға әзірлікке жұмсалады.
Жаңа жылға әзірлік Алматыда қазан айының орта шенінен басталған. Мұны жұрт жақсы біледі. Сауда орталықтарында кәкір-шүкір жылтырақ заттар көбейеді. Нешетүрлі суретпен безендірілген қораптағы сыйлықтар қаптайды.
Сәрсенбі күні Алматыдағы ірі сауда орындарының біріне бас сұққанымда жаңа жылға дайындықтың қызып тұрғанын байқадым. Шыршаның неше түрі тұр. Баяғыдағыдай емес, пластмассадан жасалған шырша алуға жұрт үйрене бастаған. Бағасы үлкен-кішілігіне байланысты. Бәрі – Қытайда жасалған. Әрине, басқа дүкендерде Польша, Норвегиядан жеткізілген жасанды шыршалар да баршылық. Дүкендегі балалар бірінші болып шаршаларды көруге жүгіріп келіп жатыр.
–Мама, мына шыршаны алайықшы. Үйге аяз ата келсе, таңғалады, – дейді 4-5 жастағы балақай. Орысшаға жүйрік баласының басынан сипаған анасы:
–Әлі ерте, арзандауын базардан аламыз, – деп ұлын алдағандай болады.
–Біз де алайықшы, мама? Екінші бір бала да шешесіне қарады.
–Үйде бар ғой.
–Ол кішкентай. Мынаны алсақ, жанына сыйлықтарды үйіп тастаймыз. Аяз атаның сыйлығы да астына сыйып кетеді, – деп қояды.
–Балам, биыл аяз ата келмеуі де мүмкін. Былтыр келді ғой, барлық балалардың үйіне үлгере алмайды, – жанына келген әкесі баланың назарын басқа жаққа аударғандай болды.
«Былтыр келді ғой» деген бір ауыз сөз мені ойға қалдырды. Әкесіне:
–Бауырым, былтыр аяз атаны үйге шақырып па едіңдер? Тапсырыс қанша тұрады екен? Балаларға не айтып береді? – деп әңгімеге тарттым.
Қанат есімді жігіт:
–Өткен жаңа жыл қарсаңында сағатына 15 мың теңгеге тапсырыс бердік. Төрт адам екен. Аяз ата, Қарша қыз және музыкант және сиқыршы. Музыкант пен сиқыршы болмаса, ана екеуі балаларды қызықтыра алмады. Орысша бір ертегі айтып берді. Сөзжұмбақ шешкізді, биден жарыс ұйымдастырды.
–Олар қазақтар ма?
–Аяз ата қазақ, қалғандары орыс. Қазақша мүлде сөйлемейді. Ал біздің балаларға бәрібір. Бұлар қазақша сөйлесе де дұрыс түсінбеу мүмкін.
Отыздың үстіндегі жігіт мәз боп күлді. «Қазақ баласы қазақша білуі керек» деген түсініктен жұрдай ата-ана әйтеуір баласын жетектеп алыстай берді. Осы секілді ірі сауда орындарының іші түгілі сыртынан да «Тәуелсіздік күні құтты болсын!» деген жарнама көрмейсіз. Есесіне сан түрлі бояуға малынған шыршалар ішінде де, сыртында да тұр. Көз алдайтын көріністер күн сайын көбейіп келеді. Тәтті салынған қорапшалар да сауданы жүргізу үшін барын салып безендірілген. Тіпті сырғанақ тебетін тақтайшасы бар сыйлық бағасы қымбат болса да бала алғызбай қоймайды. Ал хат түріндегі сыйлық –Алматыдағы «Рахат» кондитерлік фабрикасының өнімі. Елгезек балаларға арнап «Үлгілі тәртібі үшін» деп аталатын қорапты конфет шығарыпты. «Кімнен» деген жеріне «Аяз атадан», ал «Қайдан» деген жеріне «Вологод облысы, Великий Устюг қаласы» деп көрсетіліпті. Осы сөйлемге басымыз қатты. Ресейдің бір қаласының атын жазып, қорапқа өзімізде шыққан тәттіні салып кімді алдап отырмыз? Сыйлықты берген күнде де әлгі елгезек балаңыз елін танымай жатса, бұл ұят емес пе? Тәттінің дәмі таңдайда да, санада да қалуына кім түрткі болып отыр?
Біз соңғы кездері балаларды алдау жағына келгенде алдымызға жан салмайтын болдық. «Жаңа жылға сыйлыққа ақша жинап жатырмыз» деп ата-ананың басын қатыратын мектеп пен бала бақша Аяз ата жалдап, бір сағатты босқа өткізеді. Әлгі «атасы» болса: «Бұл сыйлықты алыстан алып келдім. Сендер үшін ұзақ жол жүрдім» деп өтірікті соғады. Осылайша қадірі кеткен қызыл шапанды шалдың шаруасы шатқаяқтап тұр. «Алдараспандағы» Нұржан Төлендиевтің Аяз атаны үйге шақыртатын күлкілі қойылымы секілді көріністер. Алдаркөсе секілді Аяз ата да бар. Мас болып Қарша қызды іздеген қаңғыбастар да жеткілікті. Осыған қарамастан жаңа жылға жанталаса әзірленеміз. Бағасына қарамай Аяз ата шақыртып, санасы сергек баланың ойын бұзамыз, өтірікке өзіміз баулимыз. Өстіп жүріп тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезінбей қаламыз. Бұл ой салса игі. Біздің де айтпағамыз осы. Тәуелсіздіктің тұғыры биіктеу үшін жаңа жылдан да асып-түсетіндей деңгейде мерекелеген жөн. Ал енді жалпы осы екі мереке қарсаңында сауда орындары тауарларға жеңілдіктер акциясын ұйымдастырады. Жақсы делік. Бірақ ол шет елдегідей неге «Қара жұма» деп аталады? Барша мұсылман үшін қасиетті күннің қадірін кетіретін шараға неге тосқауыл қоя алмай отырмыз? «Қара жұма» деп жамандық шақырмай, оның орнына «Қайырлы жұма» деп атауын қалыптастыру керек. Жұманың қадір-қасиетін арттыру – әр мұсылманның міндеті.
Осындай акция Түрік елінде де ұйымдастырылғанда, олар «Қара жұма» атауына мүлде тыйым салыпты. Қазір ол «Қайырымды жұма» деп аталады. Ал біз де осылай өзгертсек, «Технодом» мен «Сулпактың» саудасы тоқтап қалады деп кім айтты? Жалпы сауда орындары, басқа да қызмет орындарында Тәуелсіздік күні түрлі жеңілдіктерді еселеп көбейту керек. Үкімет тарапынан кез-келген мемлекеттік мерекені ел есінде қалатындай етіп ұйымдастыру үшін тиісті шаралар қолдану қажет. Осындай тәсілдер ғана мерекені лайықты атап өтуге денекер болары даусыз.
Жолдасбек Дуанабай
Фейсбуктегі парақшасынан