«Тамыр» – тереңнен сыр шертетін тарих
Кәрім Мәсімовтың «Тамыр» атты кітабы өз әулетінің тереңге тартқан тарихынан сыр шертеді. Мұнда автор өзінің балалық шағы мен әкесінің өмір жолын баяндай келіп, тұтастай бір дәуірдің сипатын аша түседі. Қажымқан Қасымұлы өзінің еңбқорлығымен, жомарттығымен, іскерлігімен, парасатымен көпшілікке танылған тұлға. Ол кісінің көзін көрген, аралас-құралас болған жандар Қажымқан Қасымұлы туралы айтқанда ерекше тебіреніп, оның жақсы қасиеттерін толқып еске алады. Ал ол кісіні тек Кәрім Мәсімовтың әкесі деп танығандар «Тамыр» кітабы жарық көргеннен кейін Қажымқан Қасымұлының шынайы бейнесін, қайраткерлігін көріп, басқа да ізгі қасиеттеріне қаныға түсті. Шындығында, Қажымқан Қасымұлының өмірі – көпке өнеге, бір емес, бірнеше кітапқа арқау боларлық ғұмыр.
Шылбы аға мен Күләйхан апай
Күләйхан ҚАСЫМОВА, Қажымқан Қасымұлының қарындасы:
– Әкем балалар үйінде тәрбиеленгендіктен өзінің шыққан тегі туралы әңгіме қозғай бермейтін. Соның өзінде біз сыр суыртпақтайтынбыз. Осындай сәттердің бірінде бабаларымыз Орта Азиядан келген қожалардан болуы мүмкін деген болжам айтты. Олар көп қуғынға ұшырап, Жеркентке тұрақтаған көрінеді. 1935 жылы әкеміз анамызға үйленіп, бір жылдан кейін Қасымқан ағам, одан кейін Қажымқан ағам дүниеге келген. Шешемнің әңгімесі бойынша, әкем соғысқа аттанарда менің дүниеге келгеніме 20 күн ғана болыпты. Сонда менің әкемді шығарып салуға барғанда құндақтаулы мені бірге алыпты. Оған анам «қызымның бақыты болса, қырғын соғыстан аман келесің» депті. 1946 жылы соғыстан аман-есен оралып, әкем ауыл тірлігіне араласты. Мен соңымнан ерген балаларды бақтым. Ал Қажымқан ағамыз қора-жайдың жұмысын бір өзі тындырып, өте еңбекқор болды. Біз ерте есейдік, әкеміз жастайымыздан еңбекке баулыды. Ағам сабағын жақсы оқыды, мектептің қоғамдық жұмысына белсене араласты, мұғалімдері оны жақсы көретін.
Ол кезде аулымызда тауық, үйрек, қаз, күрке сынды үй құстары көп болды. Соның жем-суы, күтімі ағамыздың мойнында. Оларға шашау шығармай қарайтын, Көгершін асырағаны, оны ерекше ілтпатпен күткені есімде.
Әулетіміздің ең құнды мұрасы. И.В.Сталин шығармалары мұқабасын жамылып аман қалған Құран
Көнеден келе жатқан 2 жәдігер есімде қалыпты. Оның бірі – сырты ою-өрнекпен зерленген сандық. Кейін әкем оны маған табыстады. Екіншісі – В. Ленин шығармаларының мұқабасын жамылып бүгінге жеткен Құран кітап. Бұл әулетіміздің құнды байлығы. Ағам Құран Кәрімді ерекші қадір тұтты. Ағам еңбекқорлығының арқасында үлкен жетістіктерге жетті, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі, бақытты ғұмыр кешті деп есептеймін.
Талғат МАЗИБАЕВ, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры:
– Мен Кәрім Мәсімов мырзаның әкесі Қажымқан Қасымұлы жайлы жазған кітабымен танысып шықтым. Шынай өмірді жатық тілмен жақсы жазған екен. Әкені өз баласындай ешкім танымайды ғой. Әкенің әрбір ісі баласының көзі алдында, әрбір сөзі құлағына сіңіп қалады. Өнегелі әке көргенді бала тәрбиелейді емес пе. Өз басым Қажымқан ағаны білетін болғандықтан кітапта баяндалған бүкіл әулеттің тарихын қызыға оқып шықтым. Өзім танитын Қажымқан Қасымұлының басқа да қырларын біле түстім. Біраз адамға мәлім, ол кісі Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құрметті президенті болған. Аптал азамат ұлтымыздың төл өнерін әлемге насхаттауға қыруар еңбегін сіңірді. Ол Белоруссиядағы әлем чеммпионатын өткізуге, Шығыс Қазақстан облысында Әлем кубогын, әлемдік гран-прилерді, Еуропа, Азия чемпионаттарын өткізуге үлкен үлес қосқан жанашыр жан еді. Қажымқан аға бір емес, қатарынан бірнеше істердің басында жүретін елдің ақсақалы болды. Жасының үлкендігіне қарамастан елгезектігі тәнті ететін. Ол кісіге қандай да бір мәселе жөнінде хат жазып, ұсыныс айтсақ, әр хатты мұқият қарайтын. Бабаларымыздан қалған жекпе-жек өнерінің жетілген түрі қазақ күресінің дамуына ерекше алаңдайтын еді. Мен Қажымқан Қасымұлының өмірі мен еңбек жолы талай жасқа үлгі деп санаймын, ол кісі туралы әлі талай кітап жазылуы керек.