ТАҒЫ ДА БЕРИЯ ТУРАЛЫ СӨЗ

ТАҒЫ ДА БЕРИЯ ТУРАЛЫ СӨЗ

Халықаралық «Түркістан» газеті ағымдағы жылы 10 сәуірде жариялаған Көлбай Адырбекұлының «Лаврентий Берияны білеміз бе?» атты сараптама мақаласын оқып шықтым. Берияның біздің де тарихымызға қатысы болғандықтан мақаланың қоғамдық пікір тудырғаны анық. Ия, Берия күрделі тұлға. Ол туралы ақпарат құралдарында аракідік болса да мақалалар жарияланып келеді. Мен біраз жылдардан бері солардың қолыма іліккендерін жинап жүр едім. Бір байқағаным, Берияны тұтқындауға қатыстық деген КПСС ОК мүшелерінің естеліктерінде бір-бірінің айтқандарына сәйкес келмейтін, тіптен үйлеспейтін жайлар өте көп. Соған қарағанда оның Кремльде тұтқындалып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп, сот арқылы өлім жазасына кесілгені шындықпен мүлдем жанаспайтын секілді. Газет оқырмандарының көңілдеріне күдік тудырмас үшін 1953 жылы маусымдағы ОК мүшелерінің Берияны тұтқындау жөніндегі естеліктерін 5 түрлі нұсқаға бөліп, жариялауға ұсынып отырмын. Мәскеудегі ОК кімдер басқарғаны, қитұрқы саясатпен халықты қалай алдап келгені, жалпы кімнің кім екені осыдан да белгілі болар. 
 Сәлеммен, Ғаббас Қабышұлы

 

 1 - нұсқа
КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы Никита Сергеевич Хрущев:
«...Біз алғашқыда Берияны тұтқындауды жолдас Москаленкоға тапсырғанбыз. Оның қарамағында бес генерал болатын. Ол және оның жанындағы жолдастар қарулануы керек еді. Қаруланған оларды Кремльге Булганин ертіп келмекші де болған. Мәжіліс қарсаңында Москаленконың тобына маршал Жуков пен және бірнеше адам қосылды. Ұзын сөздің қысқасы, кабинетке бес емес, он, тіпті одан да көп адам кіріп келді. Маленков Жуковқа қарап, жәй ғана:
– Мен КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде Берияны тұтқындауды ұсынамын,– деді.
Жуков Берияға бұйрық берді:
– Қолыңды көтер!
 
Москаленко және басқалар

Берия қарсылық танытар деп ойлаған болар, қолдарын қаруларына апара берді. Сол сәтте Берия арқа тұсындағы терезе алдында жатқан портфеліне ұмтылды. Егер портфелінде қаруы жатса, оны пайдаланып қалмасын деп мен оның қолынан шап беріп ұстап қалдым. Содан соң тексеріп едік, портфелінде де, қалталарында да қаруы жоқ екен. Ол жәй ғана сондай қимылмен бізге сес көрсетті. Берияны сол заматта-ақ қарауылдың айдауымен, Маленковтың кабинеті жанындағы Министрлер Кеңесі ғимаратына орналастырдық». 

 2 – нұсқа
Кеңестер Одағының маршалы Георгий Константинович Жуков:
«...Мені Булганин шұғыл түрде шақырды. Ол сол кезде Қорғаныс министрі еді. Маған:
– Георгий Константинович, отырыңыз,–деді.
Ол әлденеге ашулы еді. Тіптен салған жерден сәлемдескен де жоқ. Онысына кешірім сұрамай-ақ ілкі сәттен соң ғана қолын берді.
Аз ғана уақыт үнсіз отырдық. Содан соң ғана Булганин басқа ештеңе деместен бірден іс жайына көшті.
– Кремльге барамыз, тығыз шаруаны іске асыруымыз керек.
Кеттік. Партияның Орталық Комитеті Президиумының мәжілісі өтетін залға кірдік. Сонда министрлер де жиналып қалған екен. Бүгінгі мәжіліс хабарын Берия жасау керек еді. Ол өз кабинетінде соған дайындалып жатты. 
Мен жан-жағыма қарадым. Залда Маленков, Молотов, Микоян және Прези­ди­умның басқа да мүшелері отырды. Берия болған жоқ. 
Содан кейін Хрущев сөйлей бастады. Микоян тұздық сөз тастап отырды. Хрущев Берияның билікті өз қолына алуға әрекет жасауымен қорқыныш тудырып отырғаны туралы айтты. Қысқасы, Берияны тұтқындау керек екен. Ол маған:
– Бұл істі орындауға тәуекел ете аласың ба? – деді.
– Орындаймын, – дедім мен.
Ол Бериямен бұрыннан да қарым-қатынасым нашар екенін және жаугершілікке дейін жеткенін жақсы білетін. Екеуміз Сталиннің кезінде де бірнеше рет қақтығысқа барғанбыз. Кезінде Абакумов пен Берия мені тұтқындағысы келгендерін айтсам да жеткілікті шығар. Берия Сталиннің құлағына әлденелерді күбірлеп жатты. Сонда Сталин: «...Жоқ, сенбеймін. Ол ержүрек қолбасшы, патриот және... сатқын деуге сенбеймін. Бұл лас ойдан арылыңыздар», –деді. Осыдан кейін мен Берияны өзін тұтқындауға шындап кіріскенімді түсініңіздер. 
Іс былай шешілді. Президиум мүшелерінің қорғаушылары Кремльде, солар жиналып отырған кабинеттің жанында орналасқан. Серовқа Берияның жеке қорғаушысын тұтқындау тапсырылды да, мен Берияны тұтқындауым керек болды. 
Маленков мұны қалай орындау керектігін айтты. Министрлер Кеңесінің мәжілісі кейінге шегеріліп, министрлер үйлеріне жіберілген. Оның орнына Президиум мәжілісін ашады. 
Москаленко, Неделин, Батов және Москаленконың адьютанты жеке бөлмеде отырып, сол бөлмедегі қоңырау екі рет соғылғанша күтеміз. Маған Берияның джиу-джитсу (қолымен күресу) тәсілін меңгергенін, өте күшті екенін ескертті. 
– Оның күштілігі ештеңе емес. Біз де оған дес бере қоймаспыз.
Біз залдан шығып кеттік. Бөлмеде отыр­мыз. Бір сағат өтті. Ешқандай да қоңырау даусы естілген жоқ. Мен мазасыздана бас­тадым. «Бізсіз де болатын іс болды ма екен?.. Сталиннің сенімін талай рет пайдаланған Берия бұл жолы да жалған айқай-ұйқаймен бәрін алдап соқты ма?..». 
Сол-ақ екен (күндізгі сағат бір шамасы болатын) қоңырау дауысы естілді, артынша екіншісі де соғылды. Мен бәрімізден бұрын орнымнан ытқып тұрдым. Залға кіріп бардық. Берия столдың орта тұсында отыр. Менің генералдарым столды айналып өтіп, қабырға жақтағы шеткі орындықтарға жайғасатын жандар секілді ыңғай танытты. Мен Берияның желке тұсынан келіп:
– Тұр! Сіз тұтқындалдыңыз! – деп бұйыр­дым.
Ол тұрмай жатып-ақ мен оның қолдарын артына қайырып, көтердім де, сілкілеп қойдым. Түріне қарап едім өң-басы оңған шүберектей болыпты. Тұла бойы ұйып қалған секілді. 
Оны дем алатын бөлме арқылы алып өтіп, сыртқа шығаратын қосалқы есікке қарай апаратын басқа бөлмеге дейін алып бардық. Осы жерде оның тұла бойын түгел тінтіп шықтық. Айтпақшы, Берияны орнынан тұрғызып, қолдарын қайырған кезде белінде пистолеті бар ма, жоқ па деп көз жүгірткен едім. Біздің бәрімізде тек жалғыз ғана пистолет болды. Екіншісін кімнен алғаным есімде жоқ. Өйткені бізді Кремльге не үшін шақырғандарын айтқан жоқ қой. Сондықтан қарусыз келген болатынбыз. Алайда Берия да қарусыз келіпті. Берия тұрған кезде мен оның қағаз толы портфелін үсті жылтыраған ұзын столды бойлата ысырып жібердім. 
Солай оны сол бөлмеге отырғызып қойдық. Кешкі сағат 10-ға дейін сонда ұстап, содан кейін «ЗИС» автокөлігінің артқы орындығына жатқызып, үстін кілемшемен жауып, Кремльден алып шықтық. Біз мұны оның қол астына қарайтын қорғаушылары машинада кім отырғанын байқамай қалсын деп істедік. Оны Москаленко алып жүрді. Берияны гаупвахтада ұстауға келісілген болатын. Дұрысы Мәскеу әскери округінің түрмесіне жабу. Ол тергеу кезінде де, сот кезінде де сонда ұсталып, сол жерде атылды...».

 3 – нұсқа
 Мәскеу әскери округы әскерлерінің қолбасшысы Кирилл Семенович Москаленко:
«...Никита Сергеевич Хрущев таңғы сағат 9-да АТС телефоны бойынша маған қоңырау шалды. Амандық-саулықтан соң ол:
– Сіздің айналаңызда өзіңізге өте жақын және біздің партияға сіздей шын берілген адамдар бар ма? – деп сұрады.
Мен сәл ойланып жауап бердім: 
– Ондай жандар бар және олар партияға шексіз берілген.
Содан соң Хрущев сол адамдарды өзіммен бірге ертіп, Кремльге келуімді өтінді. Ол сол сәтте тағы да сөзін жалғап, ПВО жоспарын ала келуімді, сондай-ақ шылымды қамти келуімді ескертті. Мен аталғандардың бәрін де алып баратынымды, алайда 1944 жылы соғыста жүріп шылым шегуді тастағанымды айттым. Хрущев қарқылдай күліп жіберді де, мен ойлағандай шылым емес, басқа іске қажет болып қалуы мүмкін затты айтып отырғанын тілге тиек етті. Мен сонда ғана оның тұспалдаған сөзінен өзіммен бірге қару алып келу керектігін ұқтым. Хрущевтің бұл емеуріні мені КПСС ОК Президиумының аса маңызды бір тапсырмасын орындау керек болар деген ойға жетеледі. 
... Міне, біз Н.А.Булганиннің ұсынысы бойынша 26 маусым күні сағат күндізгі он бірде соның автокөлігіне мініп, Кремльге бет алдық. Оның көлігінің үкіметтік дабылы бар болғандықтан Кремльге кірерде тексеруге жатпайтын. Біздің соңымызды ала басқа жеңіл көлікпен Г.К.Жуков, Л.И.Брежнев, Шатилов, Неделин, Гетман, А.М.Пронин келді. Булганин бәрімізді Маленковтың кабинеті жанындағы күтушілер бөлмесіне жайғастырды да, содан соң бізді қалдырып, Маленковтың кабинетіне кетті. 
Арада бірнеше минут өткен соң бізге Хрущев, Булганин, Маленков және Молотов келді. Олар бізге соңғы кездері Берияның ОК Президиумының мүшелерімен қарым-қатынаста бетпақтық көрсетіп, өрескел әрекеттерге барғанын, олардың соңынан аңдушылар қойып, телефоннан сөздерін тыңдатып, кім қайда барды, кіммен кездескенін бақылап отырғаны жөнінде кезекпе-кезек айта бастады. Олар ОК Президиумының мәжілісі болатынын, содан соң Маленковтың көмекшісі Суханов арқылы шартты дыбыстық белгі бойынша біз кабинетке кіріп, Берияны тұтқындауымыз керек екенін ескертті.
...Барлығымыз қаруымызды шығардық. Мен қаруымның ұңғысын тіке Берияға қаратып, қолын көтеруді бұйырдым. Өзіне қауіп төнгенін сезе қойған Берия стол үстінде жатқан портфеліне қарай қолын соза берді. Сол сәтте Никита Сергеевич портфелді одан бұрын алып: «Лаврентий, тентек болма!», – деді. Портфельде пистолет бар екен. Бір-бірімізді балағаттап, керілдесіп болған соң Маленков ұсыныс жасады.
– Қане Пленум шақырып, бәрін де соңына дейін талқылайық.
Бериядан басқалардың бәрі келісті. Берия мәжіліс залынан шыққан кезде есік алдында тұрғандар оны тұтқындап, алып кетті. Хрущев маған Мәскеу әскери округі әскерлерінің қолбасшысы болғанымды, тұтқындалған Берияға жеке басыммен жауап беретінімді ескертті...».
Москаленконың айтуына қарағанда, Берияны тұтқындауда өзі басты адам болған екен. Ал Жуковты жәй «ерікті генерал» ретінде қалдырған.

 4 – нұсқа
Саяси басқарманың бастығы, полковник И.Г.Зубаның естелігінен.
Ол саяжайында демалып отырған кезде тапсырма орындаушысы майор Мартынов телефон шалып, Қорғаныс министрінің өзіне тез жетуін және қаруын қалтасына салып келуін бұйырғанын жеткізеді. 
« – Сен жаңылыс естіп, бірдеңемен шатыстырып тұрған жоқсың ба? Министрге пистолетпен барғаным қалай?
– Булганиннің адьютанты маған дәл солай айтты. Мен сізге сөзбе-сөз жеткізіп тұрмын. Сізді күтіп отыр, баруыңызға тура келеді». 
Булганинмен сөйлескен Зуб қабылдау бөлмесіне шыққан кезде Москаленко және басқалармен ұшырасып, Кремльге қарай жүреді... Шартты қоңыраудан соң олар Берияның үш жағынан келеді. Маленков:
« – Жолдастар, мен Берия жөніндегі мәселені қарауды тағы да ұсынамын, – деді. 
Оның осы сөзінен бұл мәселе бұған дейін де қаралғанын білдім. Бәрі келісті. Маленков сөзін жалғады.
– Ол алаяқ қу, өте қауіпті, ойына келгенін еш ойланбастан істей салады. Сондықтан мен оны шұғыл түрде тұтқындауды ұсынамын...».

 5 – нұсқа
«... Егер Аджубейдің сөзіне сенсек, Берия өлер алдында ОК-ке, Хрущевқа хат жазып, кешірім беруін сұраған. Өзінің кінәсін жууға қандай жағдайға да, тіптен каторгіге де көнетінін айтыпты-мыс». (Алексей Иванович Аджубей Самарқанда туған, Қазақстанда геологиялық экспедицияда жұмыс істеген, журналист, «Комсомольская правда» және «Известия» газеттерінің бас редакторы, Кеңестер Одағы Жоғары Кеңесінің депутаты, КПСС ОК-нің мүшесі, Никита Сергеевич Хрущевтың күйеу баласы – К.А.) Бұл жерде бізге қандай да бір түсінік беру артық сияқты. Менің әкем Лаврентий Павлович Берия шілдеде де, қыркүйекте де, қазанда да, қарашада да, желтоқсанда да билікке ұмтылған Хрущевқа ондай өкініштен опынып хат жазған емес. Өйткені бұл шындықпен мүлдем сәйкес келмейді. Өйткені әкем 1953 жылы 26 маусымда Мәскеуде еш тергеусіз және сотсыз атылды. Ал бұл былай болған, – деп жазады Берияның ұлы Серго.

Кремльдегі мәжіліс әлдеқандай себептермен кейінге қалдырылған соң әкем үйге қайтқан. Жайшылықта ол түстік тамақты үйден ішетін. Тал түс шамасында атом істері бойынша әкемнің көмекшісі генерал-полковник Борис Львович Ванниковтың кабинетіндегі телефон безек қақты (Ванников кейін үш рет Социалистік Еңбек Ері атанған). Біз Борис Львовичтің кабинетінде үкіметке сынаққа дайындық барысы туралы баяндама дайындап жатқанбыз. Телефон шалған екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры, ұшқыш-сынақшы Амет-Хан Сұлтан екен. Оның жанында Кеңестер Одағының Батыры, тамаша ұшқыш-сынақшы Сергей Анохин тұрса керек. Біз сол жылдары бірге жұмыс істеп, етене жақындасып кеткенбіз. 
– Серго, – деп барынша дауыстады ол. – Сендер тұрып жатқан үйде атыс болды. Сен түсініп тұрсың ба? Саған жан сауғалау керек, Серго! Біз көмектесеміз...
Бізде эскадрильяның бар екені шын. Финландия немесе Швецияға бой тасалау еш қиындық келтірмейтін еді. Мен бұл ұшқыштардың нағыз достар екеніне бұрын да бірнеше рет көзім жеткен. 
Әкеме қарсы астыртын әрекет болғаны анық. Мен мұны бірден түсіндім. Олай болмаса, біздің үйдегі атыс қайдан шықты? Қалғаны туралы жобалап білуге болады ғой. Бірақ мұндай жағдайда қашқан нені білдіреді? Егер әкем тұтқындалса, менің қашқаным оны кінәлауға үстеме дәлел болмай ма? Оның үстіне мен өзімнің және әкемнің үстінен қандай да бір кінәлар тағылғанын білмей жатып, кімнен қашуым керек? Мен олардың ұсынысынан бас тартып, сол бойда Ванниковқа бәрін айттым. 
Онымен Кремльден бірге шығып, Малоникитскідегі үйге бардық. Бұл «Восстания» алаңынан алыс емес. Біз революцияға дейін салынған бір қабатты жеке үйде тұрдық. Әкем мен анам үш бөлмесінде, мен өз отбасыммен екі бөлмесінде тұрып жаттық. Біз үйге көше жақ беттен келгенімізде көзге аса оғаш көрінетін ештеңені де байқай қоймадық. Ал аула ішінен екі бронетранспортерді көрдік. Мен кейіндеу біздің үйдің жанында танкінің де тұрғанын естідім. Алайда мен өзім екі бронетранспортер мен солдаттарды көргенім рас. Әкемнің кабинеті жағындағы терезе сынығы көзге ұрып тұрды. Демек, атыс болған. Сынықтарға қарап-ақ әкемнің жарақатын саусақпен санап та алуға болатын секілді. Атыстың ұзаққа созылмағаны да анық. Менің түйсінгенім бойынша мұның бәрі күтпеген жағдайда, қас пен көздің арасында өткен. Мен және Ванников сол күні әкеммен сағат төртте кездесетін едік. Кездесудің сәті түспеді.
Күзетшілер бізді ішке жіберген жоқ. Ванников әскерилердің құжаттарын тексеруге әрекеттеніп, түсініктеме берулерін талап етті. Бірақ мен бәрін де түсіндім. Әкем үйде жоқ екенін сездім. «Тұтқындалды ма, немесе өлтірілді ме екен?» Машинаға оралған кезде жанында тұрған күзетшілердің бірі: «Серго, мен үйден үстін брезентпен жапқан біреуді алып шыққанын көрдім», – деді.
Біз Кремльге үн-түнсіз қайттық. Мен жол бойында әлгі солдаттан естігенім жайында ойландым. «Зембіл үстінде брезентпен жабулы жатқан кім? Оны неге алып кетуге асыққан?» Бәрі де күмәнді. Уақыт өте келе мен сол зембілдегі жабулы адамды көрген әрі соны растайтын басқа да куәгерлерді іздестірдім. 
Ванниковтың кабинетінде бізді Курчатов күттіп тұрды. Олар Хрущевқа телефон шала бастады. Олар бұл істің артында кімнің тұрғанын білгендей. Бұл әңгімені кабинетте менен басқа да алты адам естіп отырды. 
Ванников өзінің кабинетінде Лаврентий Павловичтің ұлы барын және Курчатов екеуі маған жайсыз іс істелмейтініне сенетінін жеткізді. Сол-ақ екен Хрущев оларды сабырға шақырды. «Серго саяжайдағы туыстарына бара берсін, ештеңеге де уайымдамасын», – деді. Мен олармен қоштасып тұрып, енді қайтып кездесе алмайтынымызды анық білдім. Ванниковпен құшақтасып, сыртқа шығып кеттім. Шыға берісте мені әскери адамдар күтіп алды. Олар машинада менің қасыма отырды да, қарулы солдаттар соңымыздан ерген машинаға жайғасты. Саяжайға келген кезде әскерилердің қоршауға алғанын көрдім. Аулада бронетранспортерлер тұрды. Машина кідірмей аулаға кіріп, үй алдына бір-ақ тоқтады. Мамамды, әйелім Марфаны, балаларды және тәрбиешіні де бір бөлмеге кіргізіп қойыпты. Олардан басқа мұнда бейтаныс қарулы әскерилер де отыр.
Мамам мен әйелім өздерін сабырлы ұстады. Өңдерінен мені күткендері байқалады. 
– Сен әкеңді көрдің бе? – Анамның мені көрген беттегі сұрағы осы болды. Мен болған жайға қарағанда әкемнің бұл өмірде жоғын айтып, күзетшілердің көзінше үй маңынан көргендерімді баяндадым. Анам жылаған жоқ. Мені құшағына қысып, Марфаны сабырға шақырды. Әйелім әне-міне үшінші баланы босануын күтіп жүрген. Содан жарты сағат өтпей жатып-ақ бөлмеге әскери форма киген біреу кіріп келді. 
– Сізді және сіздің әйеліңізді басқа саяжайға жайғастыру жөнінде жарлық түсті, – деді ол.
Анам осында қалды.
– Сен тек ештеңеден қорықпа, – деді анам жәй ғана сабырлы үнмен. – Адам бір-ақ рет өледі. Қандай жағдайда да оны лайықты қарсы ала білу керек. Не болғанына сәуегейлік жасамай-ақ қояйық. Тағдыр тәлкегі осылай болса амал қанша. Бірақ мынаны біл: сенің балаларыңа, сенің әйеліңе батылы барып ешкім де тиісе алмас. Орыс интеллигенциясы оларға мұндай ерік бере қоймайды.
Сонда анам да, мен де енді қайтып көріспесімізді білген едік. Қайта құшақтасып, соңғы рет бетімізден өбістік. Біздің ертеңгі күніміз не боларын кім білген. Анама бізді шығарып салуға рұқсат етті. Анаммен қоштасып тұрып, мен алда бізді не күтіп тұрғанын, әйелім мен баламнан да ажырап қалатынымды сезгенім де, білгенім де жоқ. Бізді екі машинамен алып жүрді. Біздің қарсылығымызға қарамастан бір машинаға 1947 жылы туған үлкен қызымды және 1950 жылы туған кіші қызымды отырғызды да, әйелім Марфа екеумізді екінші машинаға жайғастырды. 
Бізді қайда алып бара жатқанын ойша жобалап отырмын. «Ближнаядағы» Сталин мен Кунцевоның саяжайлары артта қалды. Машиналар оларға қарай бұрылған да, тоқтаған да жоқ. Жиырма минуттан соң машина қара жолға бұрылып, біраз жер жүрді де, кейде Сталин дем алатын мемлекеттік саяжай алдына тоқтады. Бұл саяжайда мен бұрын болған емеспін. Сол кездегі мемлекеттік саяжайлардың бәрі де ағаштан салынған әрі шағын болатын еді. Бұл жерде біз сыртқы өмірден бейхабар бір жарым ай бойы тұрдық. 
Мен отбасыммен тұрып жатқан саяжайдың сыртын автомат пен винтовкамен қаруланған әскери бөлімнің солдаттары күзетті. Үйдің ішінде де тәулік бойына қарапайым киінген қарулы адамдардың бақылауында болды. Аулада біздің бұрынғы саяжайымыздағыдай бронетранспортерлер тұрды. Сондай-ақ телефонның байланыс желісінен ажыратылып тасталғаны біздің еркіндіктен айрылғанымызды есімізге салып тұрды». 
(Серго Берия. «Менің әкем – Лаврентий Павлович Берия» кітабынан). 
***
«Совершенно секретно» газетінің Тбили­си­дегі тілшісі Михаил Черкезия осыдан он жыл бұрын Берияның сенімді жүргізушісі болған 96 жастағы Николай Александрович Меликишвилимен кездесіп, сұхбаттасқан. Ол сұхбат барысында қарттың сергек ойына, естелік қабілетінің күштілігіне таңданыспен қарағанын жасырмайды. Меликишвилидің сол естелігінен үзінділер.
«...1933 жылы әскери борышымды өтеп, Тбилисиден жүз шақырым жердегі туған жерім Пасанауриге оралдым. Бір жолы біздің аулаға үлкен қара автомобиль келіп тоқтады. Машинадан Грузия компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Лаврентий Берия шықты. Мен оны бұрын суретінен танушы едім. Міне енді қол алысып, сәлемдесудің сәті түсті. Ол әкемді бұрыннан жақсы таниды екен. Екеуі «сіз», «біздесіп» сызылмай бірден «сенге» көшті. Оның сөзінен әкемді сыйлайтыны байқалып тұрды. Берия кеткен соң мен әкемнен оның неге келгенін сұрадым. Ол: «Маңызды ештеңе емес, – деді әкем жайбарақат үнмен. – Лаврентий біздің ескі ресторанды қайта күрделі жөндеуден өткізіп, оның директоры етіп мені тағайындағысы келеді. Менің өтінішім бойынша ол саған да жұмыс тауып беретін болды». Арада бірнеше күн өткен соң әкем Берияның мені Тибилисиге шақырып жатқанын жеткізді.
...Әуелі жүк машинасының жүргізушісі болдым. Бір айдан соң Лаврентий Павлович пен оның отбасының жеке жүргізуші етіп бекітті. Жалпы мұндағы жүргізушілер үшеу едік. Водоясов «мерседес», Браговский «линкольн», ал мен «паккард» жеңіл автокөліктерін жүргіздік.
Күн сайын таңғы сағат 9-да мен Берияның Крцаниси резиденциясына (Қазір онда Эдуард Шеверднадзе тұрып жатыр) шаштаразды алып келетінмін. Бір сағаттан соң қожайын жұмысында болып, кешкі сағат 17-ге дейін отыратын. Кейде жұмыс бабымен ұзақ кідіріп қалады. Содан соң біз резиденцияға оралатынбыз. Түстік демалыс алдында Берия Крцанисидегі барлық күзетшілерді, аула тазалаушыларды, бақшаны күтушілерді шақырып, жарты сағат волейбол ойнайтын. Түстік астан соң бір сағат тынығып алады да, тағы да жұмысқа келеді. 
Күн сайын сағат 9-да кабинетіндегі арнайы орнатылған телефон арқылы Сталинмен байланыс жасап, республикада атқарылған жұмысты баяндап отыратын. Берия оның келісімінсіз ешқандай да мәселені өздігінен шешпеуші еді. Ол Сталинге шын берілген солдат болды. Сталиннің әрбір тапсырмасын ыждақатпен орындайтын.
Берия аса талапшыл, қандай тапсырмасының дәл уақытында істелгенін қадағалап отыратын қатал жан еді. Кейде мен белгіленген уақыттан 5 минут ерте келіп қалсам да ашуланатын. Бұдан кейін сол уақыттан кешігіп көріңіз, оны айтпай-ақ қояйын. Мен жұмысты бастаған кезде-ақ машиналардың бірінен бір түтікшені көріп қалдым. Оның неге керек болғанын кейін білдім. Жүргізуші Берияның тапсырмасына кез келген сәтте дайын отыру үшін өзінің кіші дәретін содан жібереді екен. Бұл Берия тарапынан қаталдық емес, темірдей тәртіп еді. 
Лаврентийдің анасы Марта ханым дінге қатты сенетін жан. Ол күн сайын православ шіркеуіне барып, ұлының аман-есен болуын, ісінің алға басуын Құдайдан тілеп отыратын. Ал әйелі Нина Гегечкори өте қайырымды әрі мейірімді. Онымен сөйлесудің өзі де бір ғанибет. Сол кезде ол Ауылшаруашылық институтында оқитын. Кей-кейде болмаса, мені шақыртпай-ақ институттан үйге өзі жұрт сығылысқан трамваймен қайтатын. Кейде мен қонақта грузиннің «цоликаури» виносын артығарақ сілтеп жіберсем, Нина машина рульіне өзі отырушы еді. Лаврентийдің қарындасы Нато туғаннан саңырау болып қалған екен. Алайда отбасындағы барлық шаруаларды сол басқарды. Нато маған да ағасындай жақсы қарады. Не қажет болса да қол қимылдарымен түсіндіреді. Кейде менің машинадағы жүк салғышыма жасырын түрде азық-түлік салып қояды. Натоны бір теміржол инженері жақсы көріп, үйленуге ұсыныс жасаған. Оны Нато да ұнатса керек. Инженер Берияның келісімін алуға келгенде: «Сен қалыңдыққа кімді алғың келеді. Мені ме, жоқ әлде қарындасымды ма? Натоның саған несі ұнады, қол қимылымен сөйлескені ме, әлде түрі ме? Тек мынаны біл, менен ештеңе де күтуші болма!»,– дегенін естідім. Инженер Натоға үйленді. Өте қайырымды жан екен. Берия тұтқындалған кезде жұрт енді ол Натоны тастап кетеді деп сөз таратып жүрді. Бірақ ол адамгершілік ардан аттаған жоқ. Лаврентийдің жалғыз баласы Серго неміс мектебінде үздік оқыды. Детектив кітаптарды көп парақтайтын. Оны каратист Коля қорғап жүрді. Берия баласын жұмысқа ерте араластырды. Серго жазғы демалысында өзінің достарымен балалар поездына машинист болды.
1936 жылы жазда мен және Водоясов екеуміз 15 минуттан соң Тбилиси темір жолы станциясының үкіметке арналған залына келіп тұрсын деген тапсырма алдық. Біз шетелдік біреу келетін шығар деп ойладық. Бірнеше минуттан соң перронға жалғыз ғана вагон тіркеген электровоз келіп тоқтады. Терезеден көзіне дөңгелек көзілдірік киген Берияны көріп қалдым. Ол вокзал маңын жіті қарап тұрды. Вагон тоқтаған кезде есіктен бірінші болып шықты. Артынан бірнеше қорғаушылары түсті. Содан соң Иосиф Виссарионович Сталин көрінді. Біз бір сәт аузымызды ашып тұрып қалдық. Сталин мен Берия Водоясов жүргізетін машинаға отырды да, қорғаушылар менің машинама жайғасты. Крцанисиге келген соң маған Сталиннің анасы Кекені алып келуді тапсырды. Кеке бұрынғы патша наместнигінің сарайында тұратын. Кәрілік жеңген қария үстінен ұлттық киімін тастамаушы еді. 
– Балам, – деді ол маған. – Мына екі себетті машинаңа салшы. Байқа, ондағы банкілер сынбайтындай болсын, – деді. Банкілерде өріктің, алмұрттың, тағы басқа да жеміс-жидектердің қайнатпа шырындары бар екен. Қарияның өзі дайындағаны көрініп-ақ тұр. – Менің Сосом бұл шырын қайнатпаларын бала кезінен жақсы көреді. Оған Мәскеуде осындай шырындарды кім дайындап береді дейсің. 
Кешкісін Кекені үйіне апарып салдым. Ал Сталин Боржомиге демалуға кетті.
Бір күні мені Берия шақырып: «Митрофан Лагидзеге бар. Митрофанға менің жеке сөйлесетінімді айт, –деді де былай деп ескерту жасады. – Ол жақсы әрі сыйлы адам. Онымен сөйлескенде мейлінше сыпайы бол, ренжітіп алушы болма». Митрофан Лагидзе Руставели даңғылындағы лимонад зауытының директоры. Мен оған: «Сізді Берияның көргісі келеді», – дедім жәй ғана. Лагидзенің өңі лезде бозарып, терең күрсінді. Мен үзілген сөзімді жалғадым. «Сізге қай уақытта келгенім ыңғайлы?». Ол үстіндегі халатын шешіп тастап, сол сәтте-ақ баруға дайын екенін айтты. Жол бойы үн-түнсіз отырды. Ол маған: «Мені бірінші хатшыға неге шақырды екен?», – деп ойланып отырған секілді көрінді. Ал мен неге шақырғанын білетінмін. Соңғы кездері Митрофанның үстінен көп домалақ арыз түскен. Онда зауыт басшысы лимонад шығаруда қандай да бір жасырын технологияны пайдаланып жүргені жөнінде жазылған. Сол кезде кез келген құпия қылмысқа саналатын. Қаланың Дзержинский көшесіндегі Компартияның ОК орналасқан №8 ғимарат алдына тоқтадым. Лагидзе ұнжырғасы түскен бойда ғимараттың есігін ашты. Содан бір сағаттан соң шықты. Бағанағы қорқынышты түрі жоқ. Өңі жарқын көрінді. Ол: «Ойлап көрші, біреулер менің үстімнен құпия технологияны пайдаланады деп шағымданыпты. Мұның бәрі жалған. Мен лимонадтың қалай шығарылып жатқанын асықпай, тәптіштеп айтып бердім. Берия домалақ арызданушыларды балағаттап, менің қолымды қысты. Қане, қымбаттым, зауытқа барайық. Сен менің кеше ғана шығарған жаңа лимонадымның дәмін бірінші болып татып көр», – деді. Арада біраз өткен соң Митрофан Лагидзені Сталин де шақыртқан. Кейіндеу сол кездесуінің қалай өткенін маған өзі айтып берді. Оның үстінен Сталинге де домалақ арыздар түссе керек. Лагидзе қызымен бірге Кремльге барып, көсемнің көз алдында лимонадын жасап, дәмін татып, дүкендегі лимонадпен салыстыруын өтінді. Эксперимент сәтті шыққан. Сталин екеуінің де дәмін татып: «Ешқандай да айырмасы жоқ, – деп бір сәт үнсіз тұрады да оған күлімсіреп. – Құпиясы да жоқ...». 
Лаврентий Павловичтің аспазы Ртвеладзе деген болды. Ол жиырма жылдай Берияға тамақ дайындап, сеніміне әбден кірген жан. Мен содан Берияның тек үйде ғана сол істеген тамақтан ішетінін білдім. Ол жеке аспазы дайындамаса күні бойы аш жүре беретін. Басқа аспаздар дайындаған асқа қол созбаушы еді. Уланып қалудан сескенген сақтығы болар. Жиналыстарда сөз сөйлер алдында Ртвеладзе дайындаған бір стакан лимон шырынын ғана ішетін. Көк бұрышты да сүйсініп көп жеуші еді. Мәскеуге қызмет ауыстырғанда да ол өзімен бірге Ртвеладзені алып кетті. Сталин де оның жасаған тамған қатты ұнатқан екен. Арнайы шетелдік қонақтарды қабылдағанда асты соған дайындатып жүрген. 
1934 жылы теміржол вокзалының бастығына жұмсады. Ол менің машинама екі сымбатты киінген жігітті отырғызды. Олардың қолдарында тоғыз былғарыдан жасалған чемодан бар еді. Мен екеуін Лаврентий Павловичқа алып барып, чемодандарды комендантураға тапсырдым. Келесі күні Берия батыс Грузияның барлық аудандық партия комитетінің хатшылары мен колхоздардың төрағаларын шақыртты. Маған чемодандарды әкелуді бұйырды. «Мұқият тыңдаңыздар, –деді ол залда отырғандарға дауысын көтере сөйлеп. – Мына чемодандарда керемет шәй түрінің көшеттері бар. Әрбір аудан бір чемоданнан алады. Бір жылдан соң сіздердің егістіктеріңізге барып көремін. Егер біреуіңіздің егістігіңізден солып, өнім бермей қалған бір көшетті көрсем, менен жақсылық күтпеңіздер».
Кейін Лаврентий Павловичтің жақсы көңіл күйін пайдаланып, сол шәй көшеттерінің мәнін сұрадым. Ол Цейлондағы біздің барлаушыларға шәй көшеттерін ұрлап әкелуді тапсырған екен. Олар бұйрықты бұлжытпай орындаған.
Мен Берияның 5 жыл жүргізушісі болдым. Сол жылдары оның әйелінен басқа ойнасы болғанын естіген де, көрген де жоқпын. Анық білетінім Мәскеуде қызметте жүргенде ғана, атын айтпай-ақ қояйын, бір көрікті әйелмен жасырын кездесіп жүрген. Алайда оны әйелі Нина Гегечкори сезіп қалған кезде, ол әлгі әйелмен қарым-қатынасын тоқтатқан».
Жүргізуші Николай Меликишвили өз көзімен көргендерін және естігендерін айтып отыр. Берияның мемлекет басқарудағы саяси істерін аса көп білмесе де, көзі қарақты оқырман оның осы бір естеліктерінен де ой түйіндері хақ. Қалай айтқанда да, Сталиннің айналасындағы көптеген адамдарға қарағанда Берия қарама-қайшылығы көп тұлға. Кезінде кеңестік саяси сарапшылар оны Сталиндік биліктің қылмыстарын жасаушылардың бірі деп кінә артса да, кейінгі тарихшылардың зерттеулерінде басқаша көзқарастар пайда бола бастаған. Уақыттан асқан төреші жоқ. Кімнің кім екені алдағы уақытта анықтала жатар.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,
www.turkystan.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста