Шығыс Түркістан күресі және Оспан батыр

Шығыс Түркістан деп аталатын Жоңғария даласы мен Алтайдың арасында жатқан ұланғайыр дала – Қазақ халқының тарихи ата қонысы. Сол ұлы далада тіршілік кешкен біздің ата-бабаларымыз ешқашан тәуелсіз ел болуға деген талпынысын тоқтатқан емес. Оңтүстік Шығыс Түрксітандағы көтерілістерде есепке алмағанда Алтай мен Тянь-Шаньның арасын мекен еткен Қазақтың іргелі ру-тайпалары Керей-Найман елі соңғы бір ғасырда Қытай отаршылдарына қарсы талай рет ұлт азаттық көтерілісін жасады. Солардың ішінде бірі де бірегейі 1940 жылы Алтайдың Көктоғай ауданында бұрық еткен Есімхан – Ырсхан – Ақтеке үштігі бастаған ру ақсақалдарының Қытай үстемдігіне қарсы бітіспес күресі болатын. Бұл көтеріліске басында жай азамат ретінде атсалысқан Оспан батыр соғыс өртінде шынығып, шыңдала келе аты аңызға айналған батырға айналды.
Міне, сол көкте ұшақ, жерде танкісі зулаған, жойқын от қаруға арқа сүйеген Қытай, Орыс, Моңғол әскерлеріне атты әскермен қарсы соғысып,11 жыл бойы жеңісті күрес жүргізіп, Қазақтың өшпес ерлік рухын әлемге паш еткен Оспан батыр Сіламұлының биыл 115 жылдығы да келіп жетті.
Олай болса, бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі бүгінгі шегара шегінде жасамаса да Қазақтың жауымен қайыспай арпалысқан Оспан батырды еске алуы, ардақтауы керек деп ойлаймын. Оспан батырдың 115 жылдығын еске ала отырып, батырдың өмірі мен өнегелі істеріне көз жіберіп көрейік.

Батырлар туған мекен
Оспан батыр (Оспан Исламұлы) 1899 жылы Алтай аймағы, Көктоғай ауданы,Өндірқара деген жерінде дүниеге келді. Оспан батырдың балалық шағы да Қазақтың шығыс шегара шебінде орналасқан атыс пен шабысқа толы ӨрАлтай өңірінде өтті. «Өзеннің басын алмай өзегі сенікі болмайды!» деген Абылайханның көреген стратегиялық шешімімен Ертіс бойын өрлей көшкен Абақ Керей елі 1790 жылдары қазіргі Қалба тауынан асып түсіп, Алқабек – Білезіктен ат салып, Ертістің өр басына жеткен мезгілі 1837 жылдарға тура келсе керек. Көштің басы алғаш Өралтайға жеткен кезде бұл жерде әлі де аттан түсседе, үзеңгіден түспей тұрған Ұранхай-дүрбіттер алғаш барған елге тыныш өмір сыйлай қойған жоқ. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» дегендей, ел шетіне шығандап шыққан елдің әркүні сақтықпен, қарулы қақтығыспен өтті. Сол жаугершілік өмір Оспан батырдың бала кезінде де толастаған жоқ. Бала кезінде әйгелі Бөке батырға, Зуха батырлардың алдын көріп, көзге түсіп бата алған Оспан Сіламұлы өзі қарапайым шаруа адамы ретінде соқаға өгіз салып, жер жыртып, бидай-тары салып, мал бағып, шаруа қуғанмен сонау ғасырдан ғасырға үзілмей келе жатқан, жаугершілік заман еш толастамаған сахара батырларының аңыз-дастандары мен жорықтарын өз көзімен көргендіктен ол әркез сахаралық әскери істерден, соғыс тәсілдерінен сауатты, кез-келген тұтқиыл жағдайға дайын болып ержетті.1940 жылғы алғашқы көтерілісте-ақ көзге түскен батыр 1943 жылдан кейінгі соғыс тізгінін өз қолына алып, сахараның сардарына айналды.

Сахара сайыпқыраны
Оспан батырдың жетекшілік еткен Алтай Қазақтарының 11 жылдық ұлт азаттық көтерілісіне зер салып отырсақ Батырдың соғыс тәсілі, әскери құрылым, жасақ жасақтау тәсіліне таң қалмай тұра алмайсың.
Аспанда ұшақ, жерде танкі, мыңдаған жойқын от қаруы бар Қытай-Совет әскеріне басында шоқпар-найзамен қаруланған Қазақ сарбаздары қалай төтеп берді? Бұл сұраққа ең алдымен қиыр қонып, шет жайлап, жаугершілікте өскен Керей елінің батырларының жадында әлі де сонау сахараның сайыпқыраны – Шыңғысханның әскери құрылымдау тәсілі мен соғыс тәсілдері сақталып келгенімен, әрі сол бабадан келе жатқан тәсілді Оспан батырдың да жеттік білгенімен түсіндіруге болады.
Бірінші: Оспан батыр жасақтарының құрылымдары Шыңғысхан әскери құрылымы негізінде рулық-туысқандыққа негізделген ондық-жүздік бойынша жасақталды. Бір әулеттен тараған өзара туысқан ауылдың жігіттерінен іріктелген жасақты бір ондық етіп, оған сол жігіттердің арасындағы еті тірі, өзгеге сөзін тыңдата алатын, ержүрек, бауырмал азаматты онбасы етіп қойды.
Ондық ықшам, әрекет етуі тез, ұйымшыл, бір-бірі үшін жан алып, жан беретін берік қатынаста болғандықтан Оспан жасақтарының ондығы майданда Қытайдың бір рота әскеріне тура келгенде тас-талқанын шығаратын. Ондық әскери құрылымнан гөрі туысқандық жақындыққа құрылғандықтан бір-бірін жауға тастап қашу, тастап кету деген мүлде болмады. Сондықтан олар өздеріне тапсырған міндетті аброймен, аз шығынмен орындап отырды. Онбасылар майдан даласында көрсеткен ерлігі мен тапқырлығына қарай өзіндік марапат алып, кезі келгенде жүзбасылыққа көтеріліп отырды.
Екінші: Оспан батыр жасақтарының ең үлкен құрылымы жүздік болып саналды. Жүздік өзара жақын, руларстарстардардан құралды. Жүзбасы болып, сол руға беделі бар, ерлігімен көзге түскен, дербес шешім қабылдай алатын, қиын-қыстаудан жол таба алатын, ержүрек азаматтар тағайындалды. Жүздіктер жоғардағы туыстас ондықтан құралғандықтан шоқпар басындай жұмыр, мықты қосын болып жасақталды. Әр кіші рудың, өткен батыр бабаларының аманаты мен абройын арқалған жүзбасылар әр шайғаста өздеріне тапсырылған міндетті аброймен орындауға тырысты. Егер белгілі жүздік берекесіздіктен, не дұрыс тактика қолданбаудан жеңіліс тауып, сәтсіздікке ұшыраса бұл жеңіліс сол азаматтарды майданға аттандырып отырған рулы елдің абройы мен намысына келіп тірелді. Сондықтан жүздіктер әршайқасқа оттай жанған намыспен, ел-жұртының абройын арқалап кірді. Оспан батырдың жүздіктері соғыс даласында Қытайдың, Совет қуыршағы болған үш аймақ әскерінің, моңғол қызыл әскерінің бір полктеріне қарсы тұра алатын қуатқа ие еді.
Үшінші: Оспан батыр сатқындарға аяусыз болғанмен «мұсылманға өлім жоқ!» деген ұстанымда болды. Оспан сарбаздарына тізе бүккен талай әскерлер кейін Оспанның сенімді серіктеріне айналды. Тіпі, Оспан батырды атуға жіберген кейбір жанкешті жігіттер батырдың кешіріміне ие болып,кейін қандыкөйлек серіктеріне айналды. Кешірімшілдікпен қаталдық бір бойында табылатын батыр елді сатқан кейбір сатқындарды ашық атқызып тастап отырды. Сондықтан батырдың кешірімне ие болғандар әрқашан жанынан табылса, ал ел ішінде сатқындыққа жол берілмеді. Батырдың бұл тәсілі де сахараның сайыпқыраны –Шыңғысханнан қалған жазылмған заң болатын.
Төртінші : Оспан батыр бастаған қазақ жасақтары атақұмарлыққа,байлыққа сатылмады. Оған Оспан батырдың өзі өнеге үлгі болды. Шығыс Түркiстан Республикасының атын «Уш аймақ үкіметі» деп өзгертіп, Әлихан төрені ұстап кеткен кезде, сол кездегі үш аймақ үкіметінің ең жоғарғы басшылары , генерал лейтенант Ысқақбек Мононов Алтайға келіп, сол кездегі ең жоғарығы азаттық «қызыл жұлдыз» орденін бергенде Ошың «теңге-моншақты біздің елде тек қыз-келіншектер тағады» деп әйеліне қарай лақтыра салуы бұл ерліктің ерлігі. Орыс-қытайдың теңге-моншағын кеудеге тағу үшін талай қазақ бір-бірін басын алып,талай қан төгілді емес пе? Ал арзан аброй мен темір-терсектен биік тұрған Оспан үшін ең үлкен атақ халқының өзі берген «Оспан батыр» деген атағы болды, жане ол сол атақты еш кірлетпей,ахиретке тап-таза күйінде ала кетті. Сонау 20 ғасыр емес, тәуелсіз ел болған бүгінгі заманда атақұмарлық пен темір-терсектің құлына айналып жүрген бүгіннің атаққұмарлары үшін Оспан батыр кіршіксіз үлгі болып кетті.
Бесінші : Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шыңға шыққан күннен бастап, көтеріліске қатысқан сарбаз ғана емес,бейбіт елде тастүйін тәртіпке келіп,бір ұран шыққанда атқа қонып,көшіне салт атты ілеспес жылдам партизан қосынна айналды. Тіпті Оспан батыр қосындарының ішінде нелер ер азаматтан кем түспес батыр қыздар шықты. «Қазіргі заманның еркектің мүшесі мына от қару! Қолында от қаруы бар әйел де еркек» деп батыр сол кез бекер айтпаған болатын. Тіпті батырдың кіші қызы Шығыс Түркстанда аты аңызға айналған ерліктер жасаған. Отаршылдарға қарсы белді бекем буған ел артық дүние-мүліктен, жасау-жабдықтан арылып, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы!» деген ұстанымды берік ұстады. Адалдап тапқан малын азаттықтың жолына атаған талай жомарттар Оспан кезінде шықты.
Күллі Еуропа мен Азияны ат тұяғымен таптаған Шыңғыхан қосындары да жай әскери қосын емес, бала-шағасын, қатын-қалашын тастамаған, әскери өмірге үйренген тастүйін ел болатын. Оспан батыр бастаған азаттыққа талпынған халықта жартылай әскери өмір кешті. Осындай елге, ерлерге жетекшілік еткен Оспан батыр-сахараның соңғы сайыпқыраны еді.

Оспан батыр неге жеңілді?
Оспан батыр бастаған Шығыс Түркiстан көтерілісі туралы деректер мен зерттеулер, мақалалар, әдеби-тарихи романдар Қазақ елінде аз емес. Тіпті Оспан батыр жайлы Түрiк, Қытай, Моңғол, Ағылшын жазушылары мен зерттеушілері қалам тербеді. Аты қазақтың алтын аңызына айналған Оспан батырдың сарбаздары жеңісті соғыстар жүргізгенімен неге мақсатына жетпеді? Оған ел көп зерттермендер төмендегідей жауап береді.
Бірінші: сол кездегі Шығыс Түркiстан Қазақтарының бір тудың астына жиналып, барлығы ұлт-азаттық көтерілісіне ат салып,бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығармады. Оспан батырдың соңынан тек Алтайдағы Абақ Керейлер ғана ерді де қалған екі аймақтағы Қазақтар керсінше қарсы жаққа өтіп кетті.
Екінші: Оспан батыр бастаған көтерілісшілердің жан-жағы қызыл Моңғол, қызыл қытай, қызыл орыс қаумалап, қызыл апаттың қоршауында қалды. «Тым болмағанда бір жағым ашық, жаусыз болғанда Алтайдың алып тау-тасын қорған етіп, жауға алдырмас едім» деп Оспан батыр бекер айтпаса керек.
Үшінші: сол кезде Алтай Абақ керейлеріне беделді кейбір рубасылар совет үкіметінің алдауына еріп, қақпанына түскендіктен Оспан сарбаздарының ішіне де ірткі түсті, белгілі ықпалы бар генарал-майор Дәлелхан Сүгірбаев соның бірі. Совет үкіметінің қақпанын басып, қуыршағына айналған Ысқақбек, Дәлелхан, Әбдікарім, Ахметжандар соңында бәрібір белгісіз жағдайда абройсыз ажал тапты. Егер сол кез сол азаматтар сатылмағанда мүмкін Шығыс Түркстан автономясын қолға келтіруге боларма еді, кім білсін?!
Төртінші: сол кез қалыптасқан халқаралық тарихи жағдай Шығыс Түркiстан үкіменінің өмір сүруіне мүмкіндік бермес еді. Үш қызыл үкіметтің ортасында ислам дінін ұстанған, Америкамен одақтасқысы келетін, құл болғысы келмейтін батыр көсемі бар тәуелсіз Түрік мемлекетінің құрылуына Сталин бастаған совет үкіметінің жол беруі мүмкін емес еді. Сондықтан дүние жүзілік екінші соғыс кезінде өз мүдесі үшін уақытша пайдаланғанымен Шығыс Түркістан республикасының толық тәуелсіздік алуына сол кез комунизим ошағын қалыптастырғысы келген совет үкіметі жетекшісі Сталин мүлде жол қоймады. Тіпті, тәуелсіздікке талпынған Шығыс Түркістан көсемдерін жасырын тұтқындап, атып, енді билікке жеткен қытай қызыл үкіметіне Шығыстүркстан армиясы мен халқын өз қолымен тапсырып, тәуелсіздік үшін ондаған жыл күрескен Қазақ халқын сатып кетті.
Бұл күндері Оспан батыр жайлы әртүрлі ойлар айтылып, жеңілісіне әрқилы себеп іздегенмен Шығыс Түркістан және Оспан батыр бастаған көтерілісшілердің жеңіске жете алмауының жалғыз себебі бар. Ол Совет одағы көсемі Сталинның қытай қызыл үкіметімен бірлесіп,еркіндікпен бостандыққа талпынған шығыс Қазақтарының арманы мен мүдесін аяққа таптап,басым күшпен қытай үстемдігіне тапсырып беру деуге болады. Егер Сталин бастаған совет қызыл үкіметі араласпағанда шығыстүркстан тәуелсіз мемлекетінің шығыста бой көтеруі ғажап емес еді.

Соңғы көкжалдық
Оспан батыр көтеріліс тізгінін өз қолына алғаннан бастап, майданда жауымен жанталаса ұрыс жүргізіп қана қоймай, дипломатиялық үстелдерге де кезек беріп отырды. Даланың дарқан қазағы еш жоғары оқу орынын бітірмесе де, жауының жағдайын әрқашан барлап, әлемдік саясаттың қайда беталып бара жатқанын, кімдермен одақ болу керек екенін дана көкірекпен дүп басып отырды. Батырдың «Орыспен Қытаймен одақ болсам жерімді алып,елімді аздырады. Ал Америка көп болса байлығымды алар, жеріммен рухымды алмас!» деген әйгелі сөзі мен « мен Қазақтың азаттығы үшін сайтанмен де одақтасуға бармын!» деген батыл шешімі батырдың Қазақ елінің азатық соғысының жеңіске жетуі үшін неге болсада баруға дайын екенін білуге болады.
1940-1951 жылға дейін гомин қытай,қызыл моңғол ,қызыл орыс, қызыл қытай әскерімен кескілескен күрес жүргізген Оспан батыр Қазақ жері үшін Орыспен де, қоқан, хиуамен де, қырғызбен де алысып, Қазақ шегарасын айнала жүріп ұрыс салған Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ерлігі мен өмірінің жалғасындай Ханкене рухын ХХ ғасырға жеткізді. Өзінен неше есе күшті от қару ұстаған жауға көзсіз ерлікпен қарсы тұрған Кенесары Қазақтың соңғы ханы болса, көкте ұшақ,жерде танкі зымыраған темір құрсанған әскерге тұлпар мініп қарсы тұрған Оспан сахараның соңғы батыры болды.
Кене ханның рухы мен туын Шығыс Түркістанда желбіреткен Оспан батыр- жау қолына түсіп, тұтқын болған кезде де жауға жалынып бас иіп, мойын ұсынбай қасқайып тұрып ажалды қарсы алды. Ханкененің ерлігі мен тағдырын тағы бір қайталаған батыр соңғы көкжалдық жасады.
Оспан батыр оққа ұшқаннан кейін 1958 жылдары жеке-жеке батырдың туған жеріндегі жерлестері ондаған көтеріліс жасады. Оны әйгелі Ақыт Қажыұлы Қалман Ақытұлы, әйгелі Дәлелхан балуандар басқарды. Бырақ айбынды қолбасшысынан айрылған Қазақ жасақтары басқа ұрған аттай қайрылып, аяусыз жанышталды.
Енді сол Оспан жортқан ақдалада Қазақ сарбазы қару алып,тұлпар мініп,ту көтермейді. Бырақ ту ұстаған батыр рухы шығыс Түркістандағы соңғы Қазақ жүрегі соғуын тоқтатқанша сақталып қалады.

Тәуелсіз елге керек батыр
Бұл күндері арманда кеткен есіл ерлердің тілегі іске асып, тәуелсіз ел болдық. Тәуелсіздік нұры түскен әр қазақ отанның, бостандықтың қадырыне жету үшін өткен тарихымызды қастерлеп, өткен тарихтан сабақ алу үшін бүгін Қазақ ұрпағы Қазақ тарихын білуі керек болатын. Бір ақ, өкінішке орай, Қазақстан мектептерінде Қазақстан тарихы тек совет одағы белгілеп берген шегарамен оқытылып келеді. Қазақстан мектептеріндегі оқулықтарда бүгінгі шегара сыртында қалған Қазақ жері мен Қазақ тәуелсіздігі үшін күрескен жүздеген батырлар мен ақындар ескерусіз қалып отыр.
Қазақтың жазушысы да, киногерлері де, мүсіншілері де жаппай бұл күндері аты ғана бар, жойылып кеткен, көрші империялардың айтағына еріп отқа түскен тағдыры бір Жоңғар елін тоқтамай соққылап, Жоңғарға қарсы соғысқан ата-бабаларын түгендеп, әр қала, әр аудан, әр көшеден ескерткіш орнатып, ас беріп, той-тойлап жатқанмен, бүгінгі тағдырымыз бен тәуелсіздігімізге әлі күнге күдік пен қауіпті қатар ұялатып отырған екі алып империя Ресей мен Қытайға тұлпар мініп, ту көтеріп, мылтық ұстап тұрған батырларымыз еленбей тасада қалып жатыр. Бүгінгі күнде күйіп тұрған мәселенің бірі тәуелсіздік пен бодандықтың қаупі қатар белең беріп,бір үміт, мың күдікте жүрген кезімізде бізді елі де үрейде ұстағысы келетін отаршылдарға дірілдемей қарсы тұрған батырларымызды ескеріп, елеп, рухымызды көтермесек тарих бізге тас атпайма.
Оспан батыр жане Оспан батырдың тағдырластары болған шегара сыртындағы батырларды еске алу, ұлықтау ол ең алдымен тәуелсіздігміміздің тұғырлы болуы үшін керек шара еді. Ел намысын биік ұстайтын, тәуелсіздік үшін бүгінде күресіп жүрген асыл азаматтар батырдың 115 жылдығына ат салып, шаралар ұйымдастырса, елордамыздың бір жерінен көше беріп, шегара сыртындағы қаза болған батырды еліне қауыштырса нұр үстіне нұр болар еді.Батыр бабамның жаны жаннатта,топырағы торқа болып, рухы бізді қолдап жүрсін. Әмин!

Серік Мұратхан,
altyalash.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста