Шөңірек батыр кім?
XVIII-XIX ғасырларда Сырдың өн бойын Қоқан, Хиуа хандықтары билегені бәрімізге тарихтан белгілі. Осы Елді мекендерді билеп, одан алым-салық алып, оны орталыққа жіберіп тұруы үшін қорған, бекіністер салып, әскер жасақтарын ұстағаны.
Сырдың Ақмешіт қамалынан төменгі ағысында орналасқан Қараөзек дария бойын мекен еткен кешегі Жоңғар шапқыншылығынан тоз-тоз болып, туған жерінен безіп осында бас сауғалап келген халықтар Қоқан бектерінің озбыр әкімдерінің қорлығына қарсы бас көтеруге шамасы жоқ, төзбеске амалы тағы жоқ еді. Сыр бойы тарихшылары осы өңіріміздегі Қоқан бектерінің билігінен көрген қорлықты, елдің күйзелісін, сол билік кезіндегі жер-су аттарының өзгеріске ұшырауын талдап-зерделегені аз деуге болады. Себебі, сол Қоқан бектерінің әкім-қаралары тұрып жайлаған мекендер, соларға байланысты жер атаулары ел ауғанда бір-екі мәліметтер болмаса, бүгінгі ұрпақ мардымды сол кезең туралы біле білмейді.
Бүгіндері ұмытыла бастаған Асқар Тоқмағанбетов атындағы шаруашылықтың құрамына енетін Қарабауыр, Маймақ атты жер атауы бар. Ол Сырдария өзенінің оң жақ бетінде «Әйтек» су жүйесінің төменгі жағы теміржол бойындағы №8 аялдамасының тұсында тегіс жазықтықты бұрынғы Партияның XVIII съезі атындағы кеңшар сол жерге егін егіп, малына жайлы жайылымдық еткен. Көнекөз, құймақұлақ зерделі қариялар бұл жердің Маймақ аталуы сонау Қоқан бектерінің осы елді билеп тұрған кезінен бері екенін айтады.
Қазақ халқы ат қоюға шебер. «Маймақ» аталуына себепші болған, ел мүддесі мен бостандығы үшін Қоқан бектерімен жеке дара, өзі өле-өлгенше күрескен, елінің құрметіне бөленген Қарақойлы руынан Бойтаұлы Шөңірек еді. Ол күшіне ақылы сай, қапсағай денелі, шалт қимылды, жауына атойлап, шапқанда аузында боқтық сөзі, долы мінезімен қарсыласының мысын басып тұрады екен.
Шөңірек негізінен Қоқан бектерінің ел ішіндегі әділетсіз билігіне, шамадан тыс алым-салығына, халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығына қарсы тұрып, олардың ел билеудегі әрекетіне қолынан келгенінше нұқсан келтірумен болады.
Бек қызметшілері Шөңіректің бұл әрекетіне төзе алмай, оның көзін жоюды көздейді. Бірақ батыр бек сарбаздарымен бетпе-бет шайқасқа бармай, беймезгіл, тосыннан қауіп төндірумен болады.
Кектенген бек әкімдері оған қарсы ел ішіндегі өз ағайындарының ішіндегі жеке басының қамы үшін, неден болса да тайынбайтын атқа мінерлерді жұмсап қолға түсіріп беруді тапсырады.
Билік айтса шұлғи іске кірісетін бірнеше атқамінер, батырдың өз ағайындары, ретін тауып, аңғал батырды алдап қолға түсіріп, Бек қызметшілерінен сүйінші сұрап, алып кетуін өтініп, хабаршы жібереді. Тұтқындағы Шөңірек батырды Ақмешіт қорғанынан Бектердің атақты Маймақ атты батыры келіп, тұтқынды жеке атқа аяқ-қолын байлап-матап Зортөбеден Ақмешіт қорғанына қарай алып шығады. Зортөбе кезінде үлкен елді мекен, бүгінгі Асқар ауылының Қараөзек дариясының маңында орналасқан.
Ол кез дарияның шалқып ағып жатқан кезі. Айнала үлкен-үлкен көлдер болғандықтан, биік арқаштардың үстімен қуалай жүрген аттылардың іштей ойлап келе жатқан өз ой-арманы бар. Бірі тұтқынды аман-есен тапсыру, атақ-абыройға кенелу болса, тұтқынның бар ойы осыдан қалай аман-есен құтылу.
Аяқ-қолы байлаулы батырға неше түрлі ойлар келіп, құтылу жолында небір амал-айла ойластыра отырып, осы күйге тұсірген өз ағайындарына деген реніш-күйінішін мына бір шумақпен өрген екен.
Сәрсенбі-сәтті күні міндім атқа,
Тілдіріп күдеріден қылдым тартпа.
Аузынан бірлігі кеткен ағайын-ай,
Жем қылдың аузы түкті қара сартқа.
Сонымен бірі тұтқын, бірі еркіндікте екі батыр жол үстінде ара-тұра сөйлесіп келе жатып, жоғарыда атап өткен Маймақ деген жерге келген кезде Шөңірек батыр Маймаққа тіл қатып, «Ей батыр, дәрет сындыруға мұрсат бер?» деп өтініш жасайды.
Ол да «Қолы байлаулы, не қорқыныш бар» деген оймен атының басын тежеп, тұтқынның бір-біріне матаулы екі аяғын шешіп, бола бергенде желке тұсы ашылып, оңтайлы сәті келгенде желкеден тістей Маймақпен бірге жерге құлай береді. Батырға да жан керек желкеден қадалған өткір қаруды тістен босануға, ал тұтқын қалай да осы жерден айырылмауға күш салып, екеуі де жан алысып, жан берісіп қанша уақыт өткенін кім білсін, қансыраған Маймақ ақыры құлайды.
Осылайша тұтқыннан босанған Шөңірек байлаулы қолын босатып, өзі мінген атты жетекке, Маймақтың қаруын алып, атын мініп, Сырдарияның арғы бетіне малтып шығыпты. Бұл елде енді қалудың қауіптілігіне көзі жеткен соң шамалы уақыт дария бойындағы қалың қамысты паналай, елден астыртын хабар біліпті. Елде Маймақты Шөңірек өлтіріп кетіпті деген хабар елді дүрліктіргенін, өзінің жанашырларының бұл іске қуанып, опасыздық танытқандар үрейленіп жатқанының хабарын естіген соң сол бетімен Қарақалпақ елі қайдасың деп бас сауғалап кетуге мәжбүр болады. Бірнеше жылдар бойы сол елде бой тасалай жүріп, ел халқының егін салып, бау-бақшамен айналысқанын көріп, суару жүйесімен таныса жүріп, ойына тоқи да жүреді. Ел іші тыныштала бастаса, елге барсам, мен де ел игілігі үшін еңбек етсем деген ой түйеді. Ал бек қызметшілеріне өз батырларынан бір тұтқыннан екінші айырылуы оларға қатты соққы болса керек.
Содан бері қанша уақыт өтсе де, осы жер атауы сонау Маймақтың өліміне байланысты аталып кетіпті.
Сонымен бірге осы маңда Қарабауыр деген жер атауы аталады. Неліктен Қарабауыр аталғаны белгісіз, содан болса керек ел-халқы бұл жерді «Қарабайыр Маймақ» деп осы сөзді қосып бірге айтып келеді.
Ал, Бойтаұлы Шөңірек кім?
Шамамен 1837 жылы дүниеге келген, оның аталас ұрпақтарын тарқатсақ, Қарақойлы Байбол аталығының төртінші ұлы Осанақтан – Жәдігер – Тастемір – Пірмән – Қаражан. Қаражаннан ұрпақ жоқ. Тастемірден – Бойта – Әйнеке. Әйнекеден – Ұзақбай – Сәрсенбай – Бейсенбай – Дүйсенбай. Шөңіректен – Алпысбай, Жетпісбай. Жетпісбайдан ұрпақ жоқ. Алпысбайдан-Әбді, Баршақыз, Әбдіден-Маржан. Баршақыздан-Досжанов Медетбай. Ол аудан көлемінде 40 жыл есеп саласында еңбек еткен. Ал, Пірмәннан – Кенбай – Алдаберген. Алдабергенен – Нұрмахан, Жармахан, Ермахан.Нұрмаханнан – Сәділ, Бақтыбай.Сәділ аудандық әскери комиссариатта есеп бөлімінде өмірінің соңына дейін еңбек еткен.Жармаханнан-Алтынбай, Бұқарбай. Алтынбай он саусағынан өнер тамған шебер, әрі мал шаруашылығын жетік меңгерген. Небір асау малдарды аяғының кемтарлығына қарамай бір өзі жығып, байлап-матап жүре беретін. Қамшының 32 өріміне дейін өретін өрімші, әрі ер қосу өнерінің шебері болды. Бұхарбай ұзақ жалдар бойы байланыс саласында еңбек еткен. Ермаханнан – Әубәкір, Сыздық, Омар, Асан. Әубәкір – есеп бөлімінде, Сыздық – шаруашылық, Омар – мәдениетсаласында еңбек етсе, Асан – ағарту саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен.
Біз жоғарыда Шөңірек батырдың Қарақалпақ еліне бой тасалай кеткенін баяндаған едік. Ол бірнеше жылдан кейін ел іші тиыштала бастағанда елге оралады.
Шөңірек өмірінің соңғы жылдарын саяқ өткізген.
Ағайындарынан сатқындығы үшін көңілі қалған Шөңірек өзін олардан жырақ ұстап жеке қыстау, жалғыз жарым өмір сүрген. Сондықтан болса керек тұрмысы өте жұпыны, кедейшіліктің зардабын көрген. Ол кісінің бейітін ешкім белгілемегендіктен, нақты қабірінің орны белгісіздігі.
Егіншілікті кәсіп еткені жайлы аудан, облыс көлемінде танымал ақын Сейтмұрат Ембергенов ақсақалдың 2004 жылы жарыққа шыққан «Тағылым» атты кітабында «Батырлар бірін-бірі бағалай білген» деген бөлімінде ел қорғанышы бола білген Бұқарбай батыр мен Шөңірек батырдың сыйластығы былай сипатталады.
Бірде Бұқарбай бастаған топпен Шөңірек Зортөбенің маңында айсыз қараңғы түнде кездесіп қалса керек. Кім екендіктеріне мән бермеген, бір-біріне атайлап шабысып, Шөңірек қарсы топтың әлденеше жігітін аттан түсіріп, ығыстыра бастағанын Бұқарбай ұрандап алға ұмтылғанда Шөңірек те Бұқарбай дауысын танып, аттан түсе «Уа, Бұқарбай аға сіз бе едіңіз, мен Қарақойлы Шөңірекпін» десе керек. Екеуі де аттан түсіп,төс түйістіріпті.
Сырттай таныс болғанымен, Бұқарбайды арнайы ауылына әкеліп, қонақ етіп, ауылының тыныс-тіршілігімен таныстырады. Шөңіректің балық аулап, егін салып, отырықшыланудың көшпенділіктен көш ілгері екенін Бұқарбай көріп сонда егіншіліктің қыр-сырын үйретуге ауылына шақырған.
Жалағаш ауылындағы осы күнгі Бұқарбай арығын қосу жұмысы осы Шөңіректің көмегі арқасында іске асқан. Бұл 1865 жылдар шамасы болар. Шөңіректің қайтыс болғанын Бұқарбай кеш естіп, асына өзі 18 үй тіктіріп, өткізіпті. Осахан Әбдіреев өз естелігінде екі батырдың достығы мен сыйластығын осылай көрсеткен екен.
Осы дерек батырдың Қарақалпақ еліндегі ағайындардан үйреніп келген егіншілік дәстүрлі мәдениетін осы өзіміздегі Сыр бойындағы ағайындарға жеткізген деуге болады. Шөңірек батыр бірде қоқандықтармен шайқаста алған ауыр жарақатынан ұзақ уақыт азап көріп, көз жұмса керек. Батыр сүйегі Асқар ауылының маңында Ошағанды көлі деген жердегі бейітте деген дерек бар.
Шөңірек батырдың өзі тұтынған қазақ шеберлері жасаған қылышы Тереңөзек қыстағының тұрғыны Әбіласан Ембергеновтің шаңырағынан табылды. Ол қылышты қандай жолмен тапқаны белгісіз. Еліміздің белгілі заңгері, Әділет министрі болған, Шөңіректің жақын туысы болып келетін Бекайдар Жүсіповке бұл қылышты өзі ұстауына заманы кедергі келтірген болуы мүмкін. Емберген ағасына аманатқа беріп кетсе керек. Өткен жылдары Бекайдардың ұлы Болат Алматыдан елге бір келгенде осы қылыштың хабарын естіп, Емберген келінінен "әкем сіздерге аманаттап кеткен сол аманатты беріңіз, алып кетемін” деген-ді. Қылышты жергілікті шеберлер соққан. Қыны сыр талынан тілініп, сыртын шикі көнмен қаптап, қосылған жерін тарамыспен тігіп бекіткен.
Бүгінгі күні өткенімізді саралайтын дәрежеге жетіп отырған уақытта халқының бостандығы үшін күрескен батыр ұлдарын ұрпақ санасында қалдыру мақсатында ескерткіш белгі қоюды қолға алса.
Жәнібек МАХАНБЕТОВ, Сырдария аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері.