Сарайшықта өтетін ұлттық құрылтайда Қасым хан ескерткіші ашылады
Атырау облысындағы Сарайшықта өтетін келесі ұлттық құрылтайда Қасым хан ескерткіші ашылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтың айтуынша, 2024 жылы ұлтымыздың ұлы тұлғасы Қасым ханның ескерткішін ашу жоспарланып отыр.
"Қазір облыста 317 тарихи ескерткіш бар. Оның 313-і жергілікті, 4-еуі республикалық деңгейде қорғалады. Республикалық маңызы бар ескерткішке Атырау қаласындағы Мұнайшылар қалашығы, Жылыой ауданындағы Жұбан күмбезі, Индер ауданындағы Махамбат Өтемісұлы кесенесі мен Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығы жатады. Тарихи-мәдени мұра нысандарының есепке алу тізімінде 1 128 ескерткіш тіркелген. Алдын ала есепке алу кезінде 48 ескерткішке тарихи-мәдени сараптама жүргізілді. Сараптаманың оң қорытындысы алынған соң 26 нысан облыс әкімдігінің қаулысымен Атырау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізіледі. Қазір жергілікті маңыздағы 92, республикалық маңызы бар 1, жалпы 93 тарихи-мәдени ескерткішті қорғау аймағы анықталып, бекітілді", - деп хабарлады Әбіл Жоламанов.
Қасым хан ескерткішінің үздік жобасын анықтау үшін ашық конкурс жарияланған.
"Келесі жылы Сарайшық ауылында Қасым ханның ескерткішін орнату көзделіп отыр. Осыған байланысты конкурсқа түскен жобалар алдымен Атырау облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда қаралады. Үздік жобалар pеспубликалық монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияға ұсынылады", - деді Әбіл Жоламанов.
Алайда, аталған ескерткішті жасауға, орнатуға бөлінетін қаржы көлемі әлі нақтыланбаған. Қасым хан ескерткішін келесі жылы Сарайшықта өтетін Ұлттық құрылтайға дейін аяқтау көзделіп отыр.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz