Қыпшақ хандарының әулеті
XI-XIII ғасырларда қыпшақтардың ішінде қандай әулет басқарғаны өте шиеленісті мәселе. Бұл сұраққа байланысты тарихшы ғалымдардың арасында ешқандай бәтуаластық жоқ. Онсыз да қыпшақтардың ішінде қанша әулет басқарғаны түсініксіз.
Қыпшақ хандары туралы куәландыратын бірқатар түпкі деректер бар. Орыс шежірелері Шаруканид әулеті туралы айғақтайды. Хорезм шежірелері Хорезмшахтарға қызмет еткен қыпшақ хандары әулеті туралы баяндайды. Олардың генеологиясын С.М.Ақынжанов жақсы талдаған [1,220-225]. Насави мәліметіне сай, қыпшақ ханы әулетінен шыққан Теркен қатын йемек тармағының байаут руынан тараған. Жүзжанидің мәліметі бойынша, ол қыпшақ ханының қызы болған. Жүвейнидің айтуы бойынша, ол Қаңлы руынан шыққан. Бұл жерде, Жүвейни қателесіп оны Қаңлы руынан шыққан Жалал ад-Диннің анасы Айшешекпен шатастыруы мүмкін. И.Маркварттің айтуы бойынша, қыпшақ хандарының бір әулеті (Юань қолбасшысы Тутуқтың арға аталары) 1115-1125 жылдары өзімен бірге Қыпшақ атауын әкеліп, Монғолиядан Орал тауларына қоныс тепкен [1,205-206]. П.Пелльо онымен келіспей, Тутуктың арғы атасы Құнан қыпшақ этнонимінен емес, байаут тайпасынан шыққандығын атап көрсетті [18,103]. С.М.Ақынжанов бұл көзқарасты қолдап: «XII ғасырдың басында Қазақстан жеріне қоныс аударған байауттар елбөрі тайпасынан шыққан жергілікті қыпшақ әулетін алмастырған» деп қосты [1,208]. П.Голден XII ғасырда Елбөрі (Ильбари) тайпасы Манчжуриядан Орта азия мен оңтүстік орыс даласынан келген деп пайымдайды [3,28]. О.Прицак Кай әулетіне келмес бұрын Дешті Қыпшақ даласының батысында Болыс және Сақал, Тұғорқан, Қотан кіретін Тетер-оба әулеті басқарған деп есептейді. Оның көзқарасы бойынша, Кай әулетіне Боняк пен оның ұлы Осень кірген. 1100 жылдан кейін осы жерге Шарукан бастаған Елбөрілер әулеті көшіп келген. 1116-17 жылдар шамасында, О.Прицактың мәліметіне сай, Елбөрі әулеті мен Кай әулеті бәтуаласып, тең басқарушыға айналады [15,41]. В.Стоянов Боняк (украин фольклорында «қыршаңқы» деп атайтын) және Тұғорқан («Тугарин жылан»), сондай-ақ, Шаруқан Кай мүмкін «жыландар руы» әулетіне кірген шығар деп есептейді [15, 44]. Сондай-ақ, В.Стоянов, ешқандай дерекке сілтемесіз, Боняктың әкесі Осень (Асень) болған деп жазады [15,45].
С.М.Ақынжанов: «үнді сұлтандарының бірі XIII ғасырдың бірінші жартысында (шындығында XIII ғасырдың екінші жартысында – Ж.С.) Ұлық хан Аджам Жүзжанидің мәліметі бойынша «елбөрі ханы және йемек шахы» деп жазған [1,208]. Әрі қарай Жүзжанидің жазғанында Ұлық хан Аджамның әкесі Түркістанда елбөрі тайпасының арасында өте беделді тұлға және хан лауазымына ие болғандығы айтылады. Ұлық ханның атасы «Абархан Елбөрінің ұрпағы болған» [1,208-209]. С.М.Ақынжанов Ұлық ханның атасын, Махмұд Қашғари атап өткен Табар ханмен теңдестіреді [1, 209]. Я.Пилипчук: Ұлық хан Аджам (ол - Гияс ад- Дин Балбан) оның тайпасын монғолдар жеңгеннен кейін, құлдыққа түскен, Бағдатта сатылып, Делиге түсіп және өзінің тума талантының арқасында Дели сұлтандығының жасағын басқарып, 1247 жылдан бастап монғол шапқыншылығына бірнеше тойтарыс берген. Ең соңында, ол Дели сұлтандығына басшы болды [11, 76]. Ұлық хан - Жалал ад-Диннің бұрынғы серіктесі болған және Рим сұлтанының қолынан қаза тапқан Ұлық хан Аджамның әкесі болғандығын біз тұжырымдай аламыз [17, 231] [17, 249].
Я.Пилипчук бір жағынан Абар (Табар) есімін Елтебер титулымен теңдестіреді[11,76]. Екінші жағынан, ол П.Пелльоның ізімен [18,97-103] бұл Абарды Тутуқтың ұрпағы Кунанмен (Құнан, Цюйцу) теңдестіреді[10,263].
Бір жағынан, Р.П.Храпачевский Тутуқ атауын Құнан ретіндегі (Цюйцу немесе Кучу емес) оқылумен дәйектейді, екінші жағынан, Кунйан Күн руынан деп есептейді [16,22]. Біз мұны бұрын сынағанбыз [14]. Бұл жерде Құнанды 1000 жылы өлтірілген Цзубудың жетекшісі, Тутуқтың арғы атасы Хунанмен теңдестіру болашағы бар тұжырым екенін атап өткен жөн [4,168] [16, 26].
Ал Абар болса 1013 және 1015 жылдары қидандардан[16,26] жеңіліс тауып, кейін қидандар патша атағына ұсынған Цзубудың басқа көсемі Убамен жеңіл теңдестірілді [4,170].
Тутуқтың өмірбаянындағы Инасы бәріне танымал Иналчук Қайыр хан, Теркен қатынның немере ағасы және Монғол-Хорезм соғысының себепшісі екендігін П.Пелльо атап өткен [18,102-103]. Бұл пікірді Я.Пилипчук те қолдайды [10,260]. Сондай-ақ, Р.П.Храпачевский бұл пікірді ескермей, Инасы 1115-1120 жылдары туып, 1208 және 1208-1217 жылдары аралығында қайтыс болған деп есептегенін атап өткен жөн. [16,23-24]. Біздің білуімізше, Теркен қатын (Иналчуктің бөлесі) байаут тайпасынан (Насавидің мәліметі), ал Тутықтың немересі (Иналчуктің тікелей тұқымы) де сол рудан (Юань Ши мәліметі) [1,207], яғни Қыпшақ хандығының негізін салған Құнанның өзі де осы байаут тайпасынан болған.
Бұл жерде көшпелі халықтардың ру-тайпалық құрылымын зерттеудегі зерттеушілердің қандай методологияға жүгінетініне тоқталған жөн. Еуропалық тарихнамада бүкіл халықты құрайтын, сол немесе басқа тайпаның бөлінбес бөлшегі, кірпіші болып қарастырылатын рулық-тайпалық құрылымды зерттеуде «атомистік» әдіс басым. Сондықтан да біз бұл жағдайдан байаут, кимек, ұран, кай, елбөрі бір деңгейдің таксондары ретінде қабылданатынан көреміз. Бірақ та бұл жерде өзіндік ерекшелігі бар. Айталық, мақаланың авторы ұлты бойынша қазақ, Арғын атты үлкен тайпаға, Атығай руына кіреді, оның ішінде Бабасан, ал тегі Сабитов. Яғни, бұл жерде 5 деңгейдің таксондары берілген, және олар «атома» болып есептелмейді. Дәл сондай тұстар қытайлық деректерде көрсетілген, яғни қидандардың басшысы Абаоцзи бір мезетте Қидан, Ила (тайпа - бу), Сялайм (ру - шиле), Елюй (тегі, рудың ішінде - миле) болғаны назар аудартады [9,17]. Сондықтан, рулардың ұсақ тарауларға көшпелі бөліну дәстүрін ескеру арқылы, Елбөрі, Байаут, Кай (Ұран) секілді атауларды қабылдауға болады. П.Пелльонің өзі Тутуқтың ата бабалары қоныстанған Юйболи таулары – Елбөрі руының қытайлық атауы екендігін болжаған [18,107]. Біз «Теркен қатынның туыстары» Ұран руына (Кай монғол атауының түркілік көшірмесі) [2,147] қарағанын ескере отырып, Қыпшақ әулетінің келесідей таксономиялық бөлінуін болжай аламыз: Ұлты –Қыпшақ, Тайпа – Кай (Ұран), Ру – Байаут, Рудың ішінде (әулеттің атауы) – Елбөрі.
Сондай-ақ, Теркен қатынның ағалары ретінде: Тағай хан [2,145] мен Құмар тегінді атап өткен жөн [2,151]. Сонымен қатар, Теркен қатынның немересі Хан сұлтан Жошы ханға күйеуге шығып, бірнеше ұл дүниеге әкелгені белгілі. Насави былай деп жазған: «Мынадай жағдай орын алған: Мұхаммад ['Ала' ад-Дин] сұлтанның үлкен қыздарының бірі Хан-Сұлтан Теркен қатынмен бірге [татарлар] тұтқынға алынған. Души хан оны өзіне әйелдікке алып, ол оған бала туып берген. Души хан өлген соң, ол өзінің ағасы [Джалал ад-Дин] сұлтанға татарлар туралы мағлұмат, ондағы жаңалықтар мен жағдайларды баяндаған. Ол сұлтан Хилатты қоршауға алған кезде, Мұхаммед сұлтанның атымен жез көк таспен көмкерілген әкесінің жүзігінің бірін жіберген. Бұл елшінің одан келгенінің белгісі болатын. Ол ағасына, ал хакан өзінің балаларына Құранды үйретуге бұйрық бергенін жеткізген» [17,224].
А.Н.Иванов Назави мен Муииз әл-Ансабтың мәліметтері негізінде, Жошының Хан-Сұлтаннан балалары Берке, Беркечар, Бөрі деп болжайды [6,106]. Біз бұл болжаммен келісеміз, бірақ үшінші ұлы Бөрі емес, Буда [13,164]. Сондай-ақ, Осман сұлтандығының әулеті Кай руынан шыққандығы, ал Османның атасы Евфратты кесіп өтерде суға батып кеткені де айқын. Османның арғы аталары Жалал ад-Диннің (хорезмдіктер) жасағының құрамында және Дели Сұлтандығында билік еткен Ұлық хан аджам секілді Қыпшақ хандары тармағының өкілі болғанын болжай аламыз. Бұл жерде біздің мәмлүк сұлтаны Құттыздың генеологиясымен келіспеушілігімізді айта кеткен жөн. З.М.Буниятовтың құнды деректер бойынша Құттыз (сонымен бірге Махмұд деп те атаған) Жалал ад-Дин қарындасының ұлы, ал оның әкесі Жалал ад-Диннің әкесі жағынан (әкесі жағынан немере ағасы) ағасының баласы әлдебір Мамдұд [2,195]. Алайда, З.М.Буниятовтың генеологиялық кестесінде Хан-сұлтанның баласы ретінде Құттыз көрсетілген (яғни Берке, Беркечар және Буданың немерелес ағасы) [2,223]. Біздің ойымызша, Хан-сұлтанның күйеуі әлдебір Мамдуд емес, себебі оның Жошыға дейінгі күйеуі Қарахан әулетінен самарқандық Усман сұлтан болғаны белгілі, сондықтан, оның анасы Джалал ад-диннің басқа қарындасы [2,76]. 1212 жылы Хан-Сұлтанның талап етуі бойынша Қарахан әулетінің барлық өкілдерімен бірге Усман өлім жазасына кесілді[2,78]. Сондай-ақ, Құттыз Юань Ши дерегінде Батыс жорығында Жебе мен Сүбедейден талқандалған Қаңлы халқының басшысы Хотосы хан ретінде аталуы әбден мүмкін [5,223-224].
С.М.Ақынжанов Қыпшақ әулетінің батыстық бұтағының генеологиялық байланыстарын қарастырған. 1082 жылы Шарухан мен Сүгірдің әкесі Осень қайтыс болған. Шаруханның ұлдары Отрок пен Сарчан. Отрактың ұлы Коңшақ болған. Қоңшақтың ұлы Юрий болған [1,138-139]. Гурандохта Отрактың қызы және IV Давид Құрылыстың әйелі болған [1,144]. Шарукандықтар «жыланды тайпаға» жататынын С.М.Ақынжанов дәлелдеген [1,139-144].
Белгілі болғандай, 1108 жылы Юрий Долгорукий 5 бала туып берген (соның ішінде Андрей Боголюбский бар) қыпшақ ханы Аеп Асеневичтің [7,30] [12,213] қызы Аннаға үйленеді [7,31]. Сонымен қатар, 1151 жылы орыс князьдерімен шайқаста қаза тапқан Боняктің ұлы Севенч те белгілі [12, 220].
С.Г.Кляшторный Асенді булгар әулеті дунай қыпшақтарынан шыққан деп есептейді Қыпшақ хандары (Осеньнің ұрпақтары) әулетінің жанама бұтағы болуы әбден мүмкін [8,141].
Біздің ойымызша, әр түрлі деректерде Аеп, Боняк, Шаруканның әкесі ретінде көрсетілген Осень мен Асень - бір адам болған, сондықтан осы үш хан мен Сүгір Осеньнің баласы болған. О.Прицактің пікірінше, Аеп Кай-обаның бұрмаланған түрі [3,25]. Біздің пайымдауымызша, Осень мен Алп-Кара Ұран - Цзубу басшылары Құнан мен Абардың ұрпақтары болған. Цзубу, біздің пікірімізше, қидан деректерінде Қимақтар (Кумостар) деп аталған.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, төменде Батыс (Алп-Қара Ұран бұтақтары) пен Шығыс (Осень ұрпақтары) тәрізді Қыпшақ хандары әулетінің генеалогиялық кестесі көрсетіледі.
Жақсылық СӘБИТОВ.
Аbai.kz