Құнды қолжазба елге әкелінді
Жуырда Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы жұмыс сапарымен Арменияда болып қайтты. Онда мәдениет пен өнер, тарих, музей және кітапхана ісі саласындағы кең ауқымды мәселелер талқыланып, екі жақты келісімге қол қойылды.
Енді М.Маштоц атындағы Матенадаран көне қолжазбалар институты мен Арменияның Ұлттық мұрағаты қорында сақталған Қазақстан тарихына қатысты бұрын-соңды ұшыраспаған армян деректерімен жақын танысуға болады.
Ұлттық академиялық кітапхана қорына қыпшақ ескерткішіне жататын көне қолжазбаның электронды нұсқасы жеткізілді. Бұл туралы Ұлттық кітапхананың директоры Үмітхан Дәуренбекқызы хабарлады.
1618 жылы басылып шыққан «Алғыш бітік» деп аталатын бұл көне шығарманың жалғыз данасы осы Арменияның ұлттық кітапханасында сақтаулы. Армян əліпбиінде араб жазуындай емес, дауысты, дауыссыз дыбыстар толық таңбаланып отыруы себепті, қыпшақ тілінің өзіндік дыбыстарын белгілеуде аса бір дыбыстық өзгерушілікке ұшырай қоймаған. Армян-қыпшақ ескерткіштері және түркі мұраларын зерттеп жүрген ғалымдар қолжазбаны қыпшақ тілінен қазіргі қазақ тілінің қалпына түсіретін болады. Жалпы, армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеу Қазақстанда ғана емес, əрісі əлемдік түркологияда, берісі Кеңес Одағында кенже қалып келе жатқан ғылым саласы.
Талдыбек Нұрпейіс, Ұлттық кітапхананың ғалым-хатшысы:
– «Қобыланды батыр» жырында «92 баулы қыпшағым» деп келетін жолдар бар. Қолжазба туралы қандай да бір ғылыми қорытынды айта алмаймыз. Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінде не жазылғанын білетін болсақ, талай тарихымыздың жыртығы жамалған болар еді. Жалпы, Арменияда сақталған ескі құжаттардан деректер жинауға әлем ғалымдары құлшынып отыр. Өйткені, қолжазба қорында орта ғасырға жататын 17 мыңнан астам көне құжат, 3 мыңнан астам құнды дерек сақталған».
Кітапхана басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының айтуынша, Матенадарандағы көне қолжазбалар жер астындағы арнайы залда сақталады, ауа температурасы 7 градус. Оқуға берілген қолжазбаны қайтадан орнына қоймастан бұрын арнайы лабораторияда тазалаудан өткізеді.
«Қазақстандағы армян диаспоралары келіп, мәлімет іздеуіне барынша мүмкіндік жасап отырмыз. Армян ұлттық кітапханасы өздеріне түскен жаңа кітаптарды біздің қорға беруге әзір», деген кітапхана басшысы, бір орталықтан басқарылатын аударма жүйесін құру керектігіне де тоқталып өтті:
«Қазір кітаптарды әркім өз білгенінше аударып, түрлі баспаханадан шығып жатыр. Осы істі бір жүйеге негіздеп, аударма орталығын ашуды ойластырудамыз. Бұл ұсынысымызды Мәдениет және спорт министрлігі де қолдап отыр».
Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланыстар екі ел президенттерінің бастамалары бойынша 2006 жылдың қарашасында Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Yкіметі мен Армения Республикасы Үкіметінің мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімімен бекітілген болатын.