Қазтуған жырау қалмақтың жиені ме?
Қазір интернет деген жақсы болды. Бармаған, баспаған жеріңдегі халықпен оп-оңай тілдесе бересің. Әлеуметтік желілер арқылы Ресейдің қол астында жатқан ұлттардың балаларымен сөйлесіп жүруші едім.
Ресейдің Элиста қаласында тұратын бір қалмақ жігіті қазақтың қалмақтан қыз алғанын айтып мақтана береді екен.
Өткен жолғы бір әңгімесінде Абылайдың қалмақтың қызы Топышты алғанын айтып, Кенесарының бойында қалмақтың қаны болғанын есіме салып қойған. Осы жолы Қазтуған да қалмақтың жиені деп бой бермеді. Қапелімде, ауызға ештеңе түспей қалған. Артынша, орыс архивтеріндегі Қазтуғанға қатысты деректерді ақтаруға тура келді. Сонымен...
Ресейдегі қалмақ, ноғай басылымдарында соңғы кездері «Қазтуған жыраудың анасы қалмақ қызы» деген деректер шыға бастапты. Мұндай деректі алғаш болып Ресей ғылым академиясына қарасты Қалмақ гуманитарлы зерттеулер институтының жоғары ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Владимир Тепкеев жариялаған екен.
Қазтуғанның (орыс деректерінде – Казы-Туган) арғы атасы Дінбай ноғай мырзасы болған. Атасы Абдолла да, әкесі Сүйініш те ноғайдың жетісан (едисан) руының мырзалары (билеушілері) болды. Әкесі Сүйініш Абдоллаұлы (орыс деректерінде – Сююнча Абдулов) Еділдің жағалауында өмір сүрген, кейін Кубань жаққа өтіп кеткен. XVII ғасырдың екінші жарты-сында жазылған орыс деректерінде Сүйініштің аты айтылады. Ресей мемлекеттік архивтің көне актлер жөніндегі бөлімінің «Ноғай істері» қорында (Ф.127. Оп. 1. 1648 г. Д. 1) Сүйініш мырзаның және ноғай ұлысының 1660 жылдарға дейінгі деректері сақталған.
Тарихшы Владимир Тепкеев Сүйінішті ноғай ұлысының мырзасы, ал оның ұлы Қазтуғанды ноғайдың атақты жырауы деп жазады. «Қазтуған туралы алғашқы деректерді орыс құжаттарынан 1673 жылдан бастап кездестіреміз. Осы жылы қалмақ билеушісі Аюке өзінің бірнеше тайшысымен бірге Астрахан басшылары-ның алдына барып, орыс-қалмақ келісіміне қол қойып, аманат сарайындағы ноғайдың жас мырзасын босатуды сұраған. Қалмақ тайшылары мұндай қадамға жетісан ноғайларының мырзасы Сүйініш Абдуллаұлының сұрауы бойынша барғаны анық еді. Олар Сүйініштің патша алдында-ғы абыройлы істерін еске алды. Алайда, бұл сұрақтың жауабын Астрахан билігі емес, Мәскеудегі патшаның өзі беру керек еді. Осы кезде іске кабардин князы К.М. Черкасский араласып, соңғы шешімді ұлық патшаның өзі хабарлайтынын айтып, қалмақ делегациясын жылы шыраймен шығарып салады. Соған қарағанда, Астрахандағы жастық шағын аманат сарайында өткізген сол бала Сүйініштің ұлы Қазтуған болуы керек, алайда оның аманат сарайында қанша уақыт отырғаны бізге белгісіз» дейді тарихшы Владимир Тепкеев.
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ақала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт...
Қазтуған өзінің ата жұртын, әкесі мен анасы кім болғанын осы жырында-ақ атап өткен. Жырда әкесінің аты Сүйініш екені айтылған. Ал анасы Бозтуған туралы не білеміз? Орыс деректерінде бұл туралы да мәліметтер сақталыпты. 1647 жылы қалмақ тайшылары мен ноғай мырзалары бір ел болып, күш біріктірген. Сөйтіп, 5 мың шаңырақты құрайтын жетісан ноғайлары Қалмақ ордасына қараған. Ал Сүйініш Абдоллаұлы осы ұлыстың белді мырзасы болған.
Қалмақ-ноғай келісімінің айғағы ретінде қалмақ тайшысы Дайчин өзінің қызын жетісан мырзасы Салтамұрат Тынбаевқа әйелдікке берген. Ал оның інісі Лоузан тайшы әлпештеп өсірген қызы Бозтуғанды Сүйінішке ұзатқан. Сол сияқты, қалмақ тайшылары да әйелдікке ноғай қыздарын алып, құдаласқан екен. Қалмақ тарихшысы Владимир Тепкеев Қазтуғанның тегіне қатысты негізінен, осы деректі алға тартады. Демек, жоғарыдағы қалмақ тайшыларының орыстардың алдына барып, аманаттағы Қазтуғанды сұрауы бекер емес екен.
1643 жылдың күзінде қалмақ-ноғай отряды Қазы (Кіші ноғай) ұлысына шабуылға шықты. Ал 1648 жылы Қырым хандығына қарсы соғысқан. Осы шайқастардың бәрінде Сүйініштің көзге түскені айтылады. Одан бөлек Сүйініштің есімі 1657 және 1673 жылдары орыс-қалмақ келісімін іске асырған мықты дипломат ретінде аталып жүр. Мәселен, жоғарыда айтылған Ресей мемлекеттік архивіндегі «Ноғай істері» қорында Сүйініштің қалмақ-тар жағында жүріп, бірталай бітімгершілік істерге араласқаны баяндалған. 1647 жылы қалмақтар мен дон казактары арасындағы келісімде қалмақ өкілдері жағында ноғай мырзалары Шамамбет пен Сүйініш те болғаны айтылады. Олар қалмақ тайшылары Сюнке мен Нима-Церенмен бірге барып, бейбіт келісімге қол жеткізген. Орыстар тайшылар мен мырзаларды құр қол қайтармай, зерлі шапан жапқан. Осылайша, орыс-казак атамандары, қалмақ тайшылары және ноғай мырзалары қол алысып, бір-бірімен жауласпауға, барымта жасамауға, ұрлық-қарлық қылмауға уағдаласқан.
1830 жылы жазылған «Полное собрание законов Российской империи» ( Т. 1. СПб) деген еңбекте Сүйініштің тағы бір ерлігі жазылған. 1673 жылғы қалмақ-орыс бітіміне де Сүйініш Абдуллаұлы өзі бас болып барыпты. Ол көшпенді халықтың тыныштығын сақтап, екіжақты ымыраластыруға міндеттенеді. Сөйтіп, Астрахан қаласына қалмақ тайшысы Аюкенің хатын алып барады. Сүйініш Аюкенің Ресейге сіңірген әскери және саяси еңбегін атап көрсетіп, үш жыл бойына қалмақ жұртын қамқорлығына алуды сұрайды. Сондай-ақ қырымдар қамауға алған екі қалмақ елшісін босатуды талап етеді. Бұл кезде қалмақтарда да қырымның екі елшісі тұтқында бол-ған екен. Осылайша, Сүйініштің араласуымен қырым мен қалмақ жағы бітімге келеді.
Қазтуған жыраудың ноғайлының ұрпағы екені анық ақиқат. Ноғайлының біраз ұлысы және Ноғай ордасы құрамында болған қазіргі Кіші жүздің бірқатар рулары Қазақ хандығына келіп қосылды. Осы кезде Қазтуғанның аталары да қазақ даласына қарай ығысты. Алайда, қалмақ деректері Қазтуғанның әкесі Сүйінішпен бірге Еділді тастап, Кубанға қоныс аударғаны жайлы жазады.
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт! – деп ет жүрегі езіле туған жерімен қимай қоштасатын жыры бар Қазтуғанның. Жыраудың осы жыры кәдімгідей ойландырады екен. Бұл жырын Қазтуған кімге қаратып айтты? Рас, 1556 жылы Астраханды орыс патшалығы алғаннан кейін, ноғайдың біраз ұлысы Жем бойына көшіп, жембойлықтар атанғаны белгілі. Бірақ бұл кезде Қазтуған әлі дүниеге келмеген болатын. Сондықтан Қазтуған мұны орысқа қаратып айтты деуге келмейтін секіл-ді. Оның үстіне Жем маңын жайлаған ноғайлар Астрахан билеушілерінің шақыртуымен қайтадан елге оралып, Еділдің сағасы Бозан өзенінің жағалауын жайлады. Қазтуған осы кезде Еділдің бойында туған делініп жүр. Ал тағы бір деректерде, Қазтуғанның әкесіне ермей Түркіменстанға ауып кеткені жайлы жазылып жүр. Соған қарағанда, Қазтуғанның жоғарыдағы жыры Түркіменстанға аттанғандағы елімен (қазақпен, ноғаймен) қоштасуы ретінде шығарылған секілді. Өкініштісі, Қазтуғанның ол жақта қандай күй кешкені жайлы ештеңе айтылмайды.
Қазтуғанның ұрпақтары туралы да талас көп. Ресейдегі ноғай тарихшылары Қазтуған жыраудың шежіресін сонау Едігеден бастап, жетісандар руынан таратады. Жетісандар бүгінде Ставропольды мекендейді екен.
Сол жақта Қазтуғанның да ұрпақтары бар деседі. Ал біздің тарихшылар Қазтуғанның өзі Түркіменстан асып кеткенімен, ұрпақтары қазақ даласында қалғанын жазады. Қазтуғанның ұлы Манаш батыр атасы Сүйінішке ілесіп, Астрахан бойын жайлаған екен. Алайда, олар Бозанды емес, одан берідегі Қиғаш өзені маңын (қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданы) жайлапты. Ал Манаштың өзі Атырау-Астрахан тас жолының бойында жерленген. Ол жерленген жер бүгінде Манаш ауылы (Атырау облысы Иса-тай ауданы) деп аталады. Манаштың кіндігінен Тұяқбай деген ұл тарапты.
Айтпақшы, ноғайлардың кейбір ұлысы Қазақ хандығына сіңсе, жеті-сан ноғайларының көп бөлігі Қалмақ құрамында қалды. 1770 жылдардан бастап, ондағы ноғайлар Ресей патшалығына қарады. Ал Кеңес үкіметі кезінде ноғайды төртке бөліп жіберді. Ал қазаққа сіңген ноғайлар ноғай-қазақ деген бір руды құрады. Бүгінде ноғай-қазақтар еліміздің батыс аймақтарын мекендейді.
Серікбол Хасан
aikyn.kz