Қазақтың көзін ашуға ұмтылған көрнекті тұлға

Қазақтың көзін ашуға ұмтылған көрнекті тұлға

Алашшыл Айса Тоқтарбеков туралы үзік сыр Өткен ХІХ ғасырдың ескіше оқығандарының арасынан ескі қадими (арабша «көне» деген сөз) оқудың күні өткенін түсініп ұсул (әдіс) қадимнің орнына ұсул жәдидті (жаңа) ұсынушылар шыға бастады. Екі ғасыр аралдығындағы айтыста жәдидтің мерейі үстем шығып, жергілікті жердегі медресе-мектептер осы бағытқа көшті.
Жаңа әдісті ә дегеннен-ақ іліп әкеткен сондай оқу орындарының бірі – Үпідегі «Ғалия» медресесі. Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында ашылды. Медресенің ғали атануы оның жоғары дәрежелігін та­ны­тады. Өйткені, ғали/я арабшадан аударғанда жоғары, ұлы деген мағынаны береді. Бұл медреседе діни сабақтармен бірге математика, физика, химия сияқты нақты пәндер жүрді. Осы білім ордасын бітіргендердің біразының есімі жалпы түрік тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Оның ішінде қазақтар да аз болмапты. Жазушы Ғалым Ахмедов ағамыз осы медреседе оқыған жетпіс адамды тауыпты. Солардың ішінен Бейімбет Майлинді, Нұғыман Манаевты, Тайыр Жомартбаевты, Ахмет Мәметовті айтсақ та жеткілікті болар.
Бұл тақырыпты Ғалым ағаның арнайы зерттеуіне мүмкіндігі болмады. Одан кейінгі зерттеушілер де түп-тұқиянына жете алған жоқ. Себебі, мұнымен арнайы айналысатын арнайы ғылыми орталық болмады.
Күні бүгінге дейін сонда оқыған қазақ жастарының толық тізімі жоқ болса басқа себебі болмаған болар. Бұлардың әрісін айтпағанда ең берісі туған ауылына оралып, мектеп ашып, бала оқытты. Қазақта жоқ әліппені де жазып берушілер солар. Қирағатты да дүниеге әкелген солар. Қазақ баспасөзін нығайтушылар да солар.
Сол тұстағы  қара түнекті ауылдан жұлқынып шығып, итқияннан білім іздеп келіп, оны ауылға әкелушілердің ісін үлкен ерлікке саю керек. Сол алғашқы зиялыларымыз өз беттерімен тырбанып, әлгіндей ірі әрекеттерге барған. Ендеше, ұй­қыдағы ауылын, қалғып кеткен қаза­ғын оятқан солардың есімдері елі­міздің тарихында алтын әріппен жа­зылса оның еш айып, шамы жоқ шы­ғар.
Мұны неге жазып отырмын?
Менің де ауыл тарихын тірнектеп жинап жүргеніме біраз уақыт болды. Сол кездегі менің балаң қиялым ауылымыздың оқығанын іздеген. Оны тапқандай да болғам. Сөйтсем, біздің елден Ғайса Тоқтарбек баласы ертеде әлде Үпіде, әлде Қазанда оқып білім алыпты. Үлкендер ол кісіні ымдәріс дәрежесін алған деп отырушы еді. Мұны ол кезде әйтеуір бір үлкен атақ шығар деп ойлайтынмын. Кейін білсем мүдәрис – медреселерде дәріс оқуға жарамды деген мағынаны береді екен. Бұл менің Айса ағаға деген ынтығымды арттыра түсті. Арабтар ибтиди деп бастауышты, рүшди деп орта мектепті айтады екен. Ал, оларға дәріс оқушыны мұғалім дейді. Ал мүдәрис бұлардан жоғары тұр. Демек, менің Айса бабам оңай болмады.
Ал келіп, сұрау салайын. Ел іші үлкендерінің білетіні Айсекеңнің үл­кен шәріде оқығаны, ғұламалығы, оқымыстылығы, бірнеше тілді біле­тіндігі. Осы дейді, дейдімен уақытты қалай өткізіп алғанымды өзім де байқамай қалдым. Қарқаралы жаққа барып сұрау салғаныммен жартымды ештеңе таппадым. Қарқаралыда одан асқан мұғалім жоқ еді дейді. Мұрағаттарда да түртіншектеп көріп едім, қолыма ештеңе іліге қоймады. Сөйтіп, дал болып жүргенімде Ғалым Ахмедов ағаның қазақ оқығандары жөнінде баспасөз беттерінде бірнеше мақаласы қатар басылды. Ендігі бір үмітім сол кісіде қалды. Алайда, ол кісімен кездесудің сәті сексен тоғызыншы жылы ғана түсті.
Ағада аса сирек құжаттар бар­шылық болып шықты. Оның біразы қазақ оқығандарына байланысты екен. Айса аға жөнінде айтқанымда әлгі кісі жанып түсті. Тек Айсекеңнің теке­сімі жөнінде келіспей қалдық. Ол кісі:
– Текесімі Тоқтарбаев болар,  –  деді.
Мен:
– Тоқтарбеков, –  деймін.
Тіпті, Айсекеңнің баласы Асқат мұғалімнен дәріс алғанымды да айтып үлгердім. Ол кісі ойланып қалды. Сонсоң:
– Бәрібір оның текесімі Тоқтар­баев, –  деді.
Қалың бумаларын аударыстырып, қажеттісін алып шықты. Онда расында да Ғайса Тоқтарбаев деп жазылыпты. Мен Ғалым ағаның жадына таң қалдым. Ол кісі маған қарап тұрып:
– Бұл сенің праң болмады,  – деді.
Мен қанша айтсам да иланбай қойды. Бір кезде :
– Сегізінші ретті қарашы,  – деді.
Қарадым. Ғайсин Зәкір деп жазылыпты.
– Келесісін қара!– деді.
Қарадым. Тағы әлгі текесім жазылыпты.
– Не ұқтың?  – деді.
Мен иығымды қиқаң еткіздім.
– Ұқпасаң әлгі оқығандарың сен ойлағандай бір адам емес, екі адам, – деді.
Діңкем құрыған мен:
– Болса болар,  – деппін.
– Ендеше, сенің де праң басқа адам болып шықпасын?!  – деді.
Қолжазбаларын ақтарып отырып бір кезде:
– Сен жеңдің, Семейден деп жазыппын, – деді.
Өйткені, біз Семей губерниясына жатамыз ғой.
Елге келіп, тағы ізденейін. Бар білгенім үлкендер ол кісіні қатиман (арабша «уағыз айтушы»  деген сөз) еді, деді.  Сол жылы ол кісімен қайтып кездескенімде мен осыны айттым.
– Мұның алгресс,  – деді.
Прогресс сөзін қазақы ұғымға барынша жақындатып алгресс деп айтты. Қалай дегенмен, құлаққа жағады екен.
– Әрі қарай неге індетпедің?
Мен не дерімді білмедім.
– ...Артгресс,  – деді.
Бұл жолы регресс сөзін бұлайша бұрмалауын онша жақтырмадым.
– Өйткені, «Ғалияны» бітіргендер ішінде «имам, хатиб уә мүдәрис» атағын алғандар болған. Сенің ым­дәрісің де, қатиманың да келіп тұр. Келмей тұрғаны имамы. Сен осыны келтір. Сонсоң мынаумен танысып шық,  – деп «Қазақ» газетінің кө­шірмесін алдыма тастай салды.
Онда Ғайса Тоқтарбекұлының «Ғалияда» оқып жүрген қазақ жастары туралы мақаласы шығыпты. Онда қай жерден қанша адам келгені туралы жазылған екен. Ежелеп шыққаным осы болды. Жүгіртіп оқуға тісім батпайды. Қайтып сұраудың жөнін таппадым. Аман болсам, ол газетті қолыма түсірермін деп ойлағам. Оның реті келмей-ақ қойды.
Тағы біраз уақыт өтті. Ғалым ағаның тағы да қазақ оқығандары  жө­нінде бірнеше мақаласы жарық көрді. Оның бір жерінде Ғайса мұға­лімнің текесімі Тоқтарбаев, тағы бір жерде Тоқтарбеков деп жазылыпты.
Тағы да араға біраз уақыт түскен. Алайда өзімді түк бітірмедім десем болады. Ел ішінде шежіре қариялардың азайған уақыты. Соған қарамастан менің Айса бабамыз жөніндегі ұғым-түсінігім кеңейе түсті. Сонау жиырмасыншы жылдардың басында мынау Шет жерінде «Бозшакөл» деген ерекше бір мойынсерік болды. Оның сүйегін енді ғана тараған Өспен мыс кеніші мен Сарысу зауытының жұмысшылары құрады. Спасскінің жа­лаңаяқтары да осы жерден табылды. Бұл – қазіргі Бұрма округінің жері. Жарық стансасынан таяқ тас­там жерде жатыр. Мойынсерікке анау-мынау емес, күн көсемнің есімі беріледі. Соған орай оның жұлдызы да жоғары болады. Тіпті, 1925 жылы осында аудандағы алғашқы партия ячейкасы құрылады. Оның жұмысына Қарқаралыдан Тоқтарбеков келіп қатысып, қолдан келген көмегін аямайды. Өйтетін себебі жеткілікті. Соның бірі мойынсерік төрағасы Сыдан Өтеновпен Айса Тоқтарбеков туысқан болып келеді. Оның үстіне  мұнда олардың аталастары аз бол­маған. Мұнан байқайтынымыз – Айса бабамыз жиырмасыншы жылдардан бастап қызылдың кителін киген. Оған дейін ол алашшыл болатын.
Жоғарыда мен ол кісінің баласы Асқат ағайдан оқығанымды айттым. Ол кісімен кейінде талай кездестім. Өресі биік, қызу қынды азамат еді. Сондай әңгіменің бірінде Айса бабамыз жөнінде сұрағам. Сараң ғана жауап берген. Әрі-беріден кейін бұл тақырыптан алыс жүруімді тапсырған.
– Неге? – дегем.
– Абырой бермейді,– деген.
Дегенмен, біраз дерек алып қал­дым. Сол кездегі башқұрт және қазақ зиялыларымен араласып, біріккен Қазақ және Башқұрт мемле­кетін құру идеясын жақтапты. Қағаз жүзінде қалған осынау мемлекеттің Ата Заңын жазуға атсалысқан. Жиырмасыншы жылдары Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінің имамы болған. Бұл дерекке түзету енгізе кетейік. Ол кісі имам болмаған, алайда осы мешітте дәріс оқыған. Соңынан кеңес қызметіне ауысып, жауапты қызметтер атқарып, ауылды жерде партия ұяларын ашуға атсалысыпты. Кейін ағарту саласында жұмыс істейді.
Ол кісімен жолығудың талай сәті болды. Жолықтық та. Алайда, жо­ғарыдағы әңгімені қозғаудың жөні келмеген. Өйткені, асыл ағаның өз жайынан сөз сұраймын деп таяқ жеп те қалдым. Өйткені, ол кісі «отырған».
– Сен қалып едің?..– деген.
Шет өңірінде өмір сүрген Ескей жыраудың боқшаларының бірінен  Мұхаметәлі Толыбаевтың Дияқажыға жазған өлеңдері шыққан. Соның бірінде мынадай жолдар бар:
Оралды қала қайтып Ғайса  елден,
Соңында бес бала бар елден ерген.
Бір тыншу болмай қойды сендер жақта,
Баянын айтып берді Ғайса көрген.
Мұрат қой жолға шығып діттеп жету,
Қу, қазға ауыр тиер көлден кету.
Сиратал қыл көпірі алдарыңда,
Бәріңе бұйрық болмас одан өту.
Қырдағы құлақ қойдық дүрбелеңге,
Тап болдық қорамтамен бір келеңге.
Бәрін де қағаз дәйім көтергенмен,
Сыймайды іште құса бір өлеңге.
Бұған қарап Айса Тоқтарбек­ұлының Мұхаметәлі Толыбаевпен араласқанын көруге болады. Мұха­метәлі Толыбаевтың (1860-1936) алаш­шылдығы жалпақ жұртқа мәлім, ол көрнекті қоғам қайраткері болған, қазақтың сол кездегі алашшыл зиялылармен тығыз қарым-қатынаста болған. Олардың арасында Абайдың, оның ақын баласы Мағауияның, Мауқайдың, Нарманбеттің, Дияқажы­ның, Қали Байжанның, Ғаббас Айтбайдың, оның ішінде Мәди сынды біртуар тұлғалардың есімдерін айтсақ жеткілікті болар.
Дияқажы мен Айса Тоқтарбекұлы аталас адамдар болады. Дия да «Ғалияда» оқыған. Әкесі қайтыс болып, оқуын аяқтай алмайды. Алайда, кейіндеу болса да Стамболдың Ая-софия медресесін тауысады.
Бұл екі кісінің де арасы ашылады. Соның себебін іздеп те біраз әуре болдық.
Басты себеп – алдыңғысының қы­зыл жаққа өтіп кетуі. Біржолата. Дия қуғын-сүргіннің алғашқы легінде атылып кетеді.
Әрине, жанама деректер де болды.
Қарқаралыда Ерлан Мұстафин есімді өлкетанушы бар. Айқайламай-шуламай-ақ көп іс бітіріп жүр. Сол іні­міз сүйіншілеп бір дерек жіберсін.
Қарқаралы аймақтық оқу бөлі­мінің 1929 жылғы 21қыркүйектегі №32 жарлығының көшірмесі екен. Онда: «Берік-қара аудан І тірек мек­­­тебі басқарушылығына 1929ж   1/Х-нан азамат Тоқтарбек ұлы Айса тағайындалсын» депті. Осы пап­каның 81-ші бетіндегі 1930 жылғы 4 қарашадағы №89-шы жарлық та   Айсекеңе қатысты деп білеміз. Онда: «1/Х-ден бастап ІІІ–ші мектеп жанындағы қатарлас бөлімге оқы­­ту­шылыққа Тоқтарбек ұлы та­ғайындалсын»  депті. 98-ші бетте тағы бір жарлық жүр.1931 жылғы 1 ақпанда берілген бұл №8-ші жар­лықта: «Жаман ұлының орнына ІY-кеңес мектебінің оқытушылығына 2/ІІ-дан бастап Тоқтарбек ұлы тағай­ын­далсын» депті.
Осыған да қанағат қылып отыр­ғанымызда інімізден тағы да бір үшбу хабар жеткен. Іздеп жүрген дерек­теріміздің бірі еді. Айтары жоқ, қуанышымызды жасырмадық. Ерлан ініміз Қарқаралы округтік қазақ педагогикалық техникумының 1932-1936 жылдардағы ведомостының №139 қорының көшірмесін жіберіпті. Жай жібермей өзінің де пікірін білдіре кетіпті: «Сонымен қоса Айса ата Қарқаралыда педтехникумда да сабақ берген екен. Оған дәлел мына мұрағат құжаты. Фонд 139, опись 2, дело 1, связка 1.
Бұл құжатта бір жерде Айса деп жазылса, екінші жерде Хайса деп жазылған. Осы ведомость бойынша 1934 жылдан 1936 жылдың тамыз айына дейін Айса атаның есімі кездеседі. Қазан айында есімі жоқ.
Ал ЗАГС-тің құжаттарында былай делінген.  «Запись акта о смерти №44»  (1936 жылдың тамызында жазылған) - Токтарбеков Хайса, казах. Время смерти - 19 июля 1936 г. Возраст – 46. Учитель. Причина смерти – от болезни. Предъявленные врачебные документы о смерти – Справка от врача 16/ VІІІ. 36 г. «Менің ойымша Айса ата шілде айында емес, тамыз немесе қыркүйек айында қайтыс болған».
Бұған алып-қосарымыз жоқ.
Айсекең туралы жазғаннан кейін ел ішінен жиналған мына деректерді де айта кетейік. Дияқажы Айсекеңді жоғары бағалапты. Өз кезегінде Ай­секең Дияқажыны Қарқаралы түр­месінен босатып алған дейді. Тоқсантайұлы Ғаббасты да босатқан екен. Әліппеден кейін оқылатын «Ұлағат» деп аталатын қирағат кітап жазған екен. Біз бұл деректерді бекіте алмадық.
Айсекең туралы әңгіме әлі алда деп білеміз.
Бұл кісінің ұрпағы жақсы болды. Алайда, олардың да өмірі қуғын-сүргінде өтті. Әнуарбек есімді баласы текесімін Исин деп өзгертіп, әскери қызметте болады. Литвада полк командирі болған. Кейін хабар-ошарсыз кетеді. Асқат баласы жөнінде айттық. Контрдың баласы деген жаладан қашып, анасының ақылымен соғысқа аттанады. Онда кәдімгі Түркістан легионының қата­рына кіреді. Кейін қолға түседі. Әс­кери трибуналдың шешімімен Отанына «опасыздық» жасағаны үшін жиырма бес жылға кесіледі. Алайда, әскери қимылдарға қатыспағаны ескеріліп, бұл жаза екі еседен көп қысқартылады. Кесікті он жыл мер­зімін Ресей түрмелерінде соңғы минутына дейін өтеп шығады. Метхат деген баласы мектеп директорлығына дейін көтерілді.
Айсекең1888 жылы туып, 1937 жылы құпия жағдайда қайтыс болған. Ресми түрде сырқаттан. Алайда, ол кісіні Семейде жүріп, Ертістің суына кетті деп, уланып қайтты деп те айтушылар баршылық. Осы соңғысы көкейге қонады. Өйткені, Айса балалары да қуғында өмір сүрді.
Айтпақшы, кейін білгенімдей ол кісі «Ғалия» медресесінде қазақ­тың біртуар ұлдары Әбушахман Бө­кеевпен, Әділхамит Қайыровпен, Мұстақима Малдыбаевпен, Зәкір Ғай­синмен бірге оқыған екен.
Шүкір, Айса бабамыздың ұрпағы баршылық. Жақсы қызметтерде жүр. Жақсы жүр. Бабаларына бағыштап ас та беріп үлгерді. Семейге барып,  Айсекең басына құлпытас қойды деп естідік.
«Өлінің жарығаны» деген сол болады.

 

«Орталық Қазақстан»
http://ortalyk-kaz.kz/

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста