ҚАЗАҚТЫҢ ЕР-ТҰРМАН ӘБЗЕЛДЕРІ

Қазақ ұғымында ер-тұрман сөзінің мағынасы кең мазмұнды қамтиды. Оған ат мінуге қажетті жабдықтардың, айталық, ер-тоқым, кежім, жүген, ноқта, айыл-тұрман, кұйысқан, өмілдірік, т.б. бәрі қамтылып жатады.

Ер-тоқым. Ер атқа ерттелетін ердің соқа басына қаратылған. Оның астына кепілдік ретінде қажетті іштік, ішпек, тоқым өз алдына бөлек-бөлек дайындалады. Іштік көбінде жұмсақ иленген қарақұйрықтың лағының терісінен немесе қойдың көктемгі жабағы жүнінен дайындалады. Ал ішпектер жұмсақ киізден дайындалады. Оның екі жақ шетін балбарқыт немесе ши барқытпен көмкеріп өңдеп, әсемдейді. Ер-тоқымды жасау – тек халык ішінен шыққан шеберлердің қолынан келетін іс. Іскерлік өнерге қарай шеберлердің біреулері – ердің соқа басын жасайтын болса, екіншілері –ағаштан ер қосып, былғарыдан, киізден тоқым тігіп, қолдан үзеңгі құйып, темірге күміс, алтын жалатып және сүйекпен нақыштап, асыл тастан көздер орнатып, ер-тоқымды түгелдей жасаған. Ер-тоқым жасау мен оны күнделікті өмірде пайдалану қазақ халқының әлеуметтік, қарым-қатынас жағдайымен тығыз байланысты.
Айыл – атқа ердi бекiтуге керекті жабдық. Айыл қайыстан, былғарыдан екі қабатталып жасалады. Ұзындығы – 150-160 см, ені – 8 см. Айылдың бір ұшына металл тоға тігіледі. Айылдар төс айыл («тартпа айыл» деп те аталады) және шап айыл болып негізгі екі түрге бөлінеді. Шап айыл төс айылға қарағанда ұзындау болады. Шап айыл жалаң ердің үстінен, ал төс айыл аткөрпенің үстінен тартылады.
Атдорба – матадан, кенептен, киізден тігілген, жай өрмектеп токылып, атка жем беру үшін пайдаланылатын әбзел. Дорба аттың басына бау арқылы ілінеді. Бау айылдар арқылы ұзармалы-қыскармалы етіліп жасалады.
Аттарақ. Ол темір сымнан (кейде ағаштан жасалады. Аттын құйрығын, түгін тарайды. Тақтайшаға арасын жиі етіп тыс жасайды. Сонымен бірге былғарыдан бау тағады. Соңғы кезде аттарақ пластмассадан (суляудан) істелетін болды.
Ауыздық – аттың басын қалаған жаққа бұруға, тежеуге арналған шығыршық темір. Жүгеннің ең басты бөлігі, жұмыр темірден отқа қақтап дайындалады. Екі жақтау бөліктері ауыздықты бір-бірімен кішкентай шығыршық арқылы жалғастырады. Ал қалған екі шетін жақтауды тесіп, сол тесіктен дөңгелек сулық, шығыршықтарын өткізеді. Жүген тізгінінің ұштарын осы шығыршыққа жалғастырып тігеді. Ауыздық аттың езуін жыртып кетпеуі үшін оның сулыққа таяған жері жуантық болуы тиіс.
Ашамай. Қазақ шеберлері ұлға немесе қызға арнап, «ашамай ер» жасаған. Ұл баланы үш-төрт жастан бастап атқа мінуге үйретудің айырықша маңызы болған. Ашамай ер аса күрделі болмаған. Ердің алдыңғы қасы мен артқы қасы екі айыр, биік етіп жасалып, екі ұшында тесігі болған. Баланы ерге отырғызғанда сол тесіктен таяқша өткізіп, ат үстіндегі баланы мықтап ұстатады. Аяғын үзеңгі қапқа кигізеді. Ашамайдың үзеңгі қабын «тепкішек» деп атаған.
Белдік – қайыстан, былғарыдан қайып тігілетін бау. Атты арбаға, шанаға жеккенде, ершікті бекітіп ұстататын тартпа бау.
Бұғалық – арқаннан жасалған арнайы құрал. Оны жылқыны, түйені, т.б. ұстау үшін қыл, кендір, қайыс арқаннан ұзындығын 12-15 құлаш етіп жасайды. Бұғалықтың бір ұшына құрмен кішкентай тұзақ жасайды. Екінші ұшын сол тұзақтан өткізеді де, одан жылжымалы үлкен тұзақ жасайды, оны көбінесе құрыққа байлап қолданады.
Делбе – арбаға, не шанаға жегілетін көлікті бұрып отыруға арналған әбзел. Оны қайыстан немесе есілген қылдан жасайды. Делбенің ат сулығына байланар екі ұшында ағаш тиегі, кейде темірден жасалған бекітпесі болады. Ұзындығы – шамамен 7-10 метр.
Доға – жылқыны арбаға, не шанаға жеккенде қамытты дәртеге жалғастыратын әбзел. Доғаны қайың, тал, үйеңкі емен сияқты мықты ағаштардан иіп жасайды. Ол үшін жұмыр ағаштың иілуге тиісті жерін шауып, жұқартып алып, морға салып жұмсартады да, тез арқылы екі жақ басын иіп қалыпқа салып кептіреді. Доға кеуіп, қалпына түскеннен кейін иілген жерінен шығыршық орнатады. Доғаның дәрте мен жалғасатын төменгі екі ұшының сыртқы бетін, орнықты болу үшін, шауып ойық жасайды.
Ер және ер қосу – салт мініске арналған ер әбзелі. Өте сапалы, мықты ағаштан шабылады. Ер жасауға қайың, мойыл, үйеңкі ағаштары пайдаланылады. Ердің жасалуына қарай бірнеше түрі болады. «Қазақ ер», «күміс ер», «құранды ер», «ашамай ер», т.б. Қазақ ері бес бөлшектен тұрады: алдыңғы, артқы қас; екі қаптал және екі қастың ортасындағы белдік ағаш. Ердің алдыңғы қасы артқы қастан биік болады. Бет жағы ою-өрнектермен бедерленеді. Артқы қастың үсті жалпақтау, алқымы таяз болады.
Ердің екі қапталының басы – биіктеу, ортасы — жатыңқы, аттың арқасына батпайтындай болуы тиіс. Осы бес бөлшегі әзірленген соң, алдыңғы қасқа екі қапталды желіммен қондырады. Осыдан кейін артқы қасты біріктіріп, бел-ағашты екі қастың аралығына салып, ағаш шегемен бекітеді. Екі қаптал ағаштарының ердің алдыңғы қасына жақын – орта шенінен таралғы өткізетін тесік қашайды. Қапталдың алдыңғы екі басынан өмілдірік өткізетін бүлдірге, артқы екі басынан құйысқанды жалғайтын және қанжығаға керекті тесіктер дайындайды. Осы тесіктер арқылы күмістелген темір шығыршықтармен әдемі айылбастар орнатылады. Ердің бөлшектерін желімдеп болған соң былғарымен қаптап, шеттерін күміс жалатқан шегелермен бастырып қағады.
Күміс ердің алдыңғы, артқы қасы түгелдей күміспен қапталып, шегелермен кейде асыл тастармен әшекейленеді. Ал тартпа, таралғы, өмілдірік, құйысқан түгелдей күміспен сәнделеді.
Жасалу жағынан өте күрделі, берік және жайлы да әдемісі – құранды ер. Мұндай ер 18 кейде одан да көп ағаш бөлшектерінен құралады. Ердің желiмi әбден кепкен соң түйенің көнімен көктеп, ердің кісі отыратын жерін түгелдей қалың былғарымен қаптап тігіп, үстiн күміс өрнектермен, асыл тастармен сәндейді.
Ершік – жегу әбзелдерінің бірі. Ол арба, шанаға жегілетін көліктің арқасына салынатын кәдуілгі ерден кішірек, бірақ ер тәрізді етіп жасалады. Қамыт көліктің (аттың) омырауын қағып, нығын баспау үшін де керек. Оның қос қапталынын астына киіз жапсырылады да, сосын тоқым үстіне салынады. Одан кейін оның үстіндегі тесігінен өткізілген қайыс айылмен қос дəрте тиісті дәрежеде көтеріліп байланады. Кейде ершіктің орнына ер немесе ашамай да қолданылады.
Жабу – малды ыстық-суықтан, шыбын-шіркейден, маса-сонадан қорғау, не түйеге артқан жүкті жауын-шашынға тигізбеу, кейде сәндік үшін түйе мен бәйге аттарына жабылатын жамылғы. Оны қазақ қыстың қатты болған жылдары арық-тұрық малды суықтан қорғап қалу үшін де пайдаланған. Жабудың қыстық және жаздық түрлері болады. Қыстық жабуды – киізден, ал жаздық жабуды – терме алашадан, кейде сәнді матадан да тігеді. «Жабу астында жан қалады», «жабу астында жал қалады» деген сөздер жабудың малды жүдетпеуге пайдалы екендігін білдіреді.
Желдік – тоқым мен ер қапталының арасына салынатын, былғарымен қапталған екі бөлек киіз. Олар төмен сырғып түспеуі үшін екі жерінен тесіп, қайыс тағып байлайды. Ол аттың арқасына ердің оқпаны тиіп, батпауы үшін салынады.

 

Жүген және оның түрлері – жылқыны жөнге бұру, байлау үшін қолданылатын әбзел. Қазақ шебері көңіл бөлген. Оны былғары мен қайыстан, т.б. жасаған. Ол үшін қайысты тігіп, өріп, түйіп әшекейлеген. Жүгеннің қайыс, түйме, шытыралы, былғары, өрме жүген деген бірнеше түрі бар. Былғары жүгенді астына қайыс салып тігеді. Жүген кеңсірік, жақ, милық, желкелік, кекілдік, сағалдырық, ауыздық, сулық, тізгін, шылбыр сияқты бөлшектерден құралады.
Тізгіннің – қайыстан, ал шылбырдың қылдан өрілгені абзал. Жүген аттың басынан сыпырылып кетпеуі үшін сағалдырықты аттың жағының астынан доға арқылы бекітеді. Былғары жүген күмістелген бүркеншіктермен әшекейленеді. Кенсірік пен кекілдік арасын өрмемен жалғастырып, айқасқан жеріне асыл тас орнатады.
Көпшік – ердің үстіне салынатын төсеніш. Оны көбінесе, тысымен немесе тыссыз жасайды. Көпшікті әдетте киізден, жүн тартқан матадан, жүнін арасына келтіріп, беттестірген қой терісінен, аң терілерінен, сондай-ақ ішіне жылкынын қылын салып, былғары, жарғақ жастықшалардан жасайды.
Кісен (темір тұсау) – жылқыны матау әбзелі. Шеберлер кісенді аттың аяғына темірден келістіріп иіп, аякка тиетін жеріне киіз салып, сыртын былғарымен қаптап, тігіп жасайды. Кісеннің аттың аяғына салатын жерінің темірі екі бөлшектен кұралады, ашылу, жабылу жағдайы тоға арқылы орындалады. Аттың оң аяғына салынатын кісен бөлшегінің біреуінде кішкентай шығыр болады. Сол шығырдан кісеннің шынжырын еткізгенде бөлшек жабылады. Ал екінші аяғына салатын кісен бөлшектерінің екі ұшында да айқастырып жабылатын құлпы болады. Кісен тек кілтпен ашылып-жабылады.
Қамшы ер-тұрман әбзелдерінің құрамына кіреді. Оны кейде «ат жүргiзгiш» деп те атайды. Өйткені қамшыны. негізінен, «көлікті» жүргізу үшін қолданады. Ал керек болған жағдайда оны қару ретінде де пайдаланады. «Қамшыдан үлкен қару жоқ, қолыңда жүріп білінбес» деген сөз соны меңзесе керек. Ондай қамшының сабы салмақты, өрімі жуан және ұзын болып келеді. Қамшының өріміне қарай әлде неше түрі болады. Қамшы бүлдірге, сап, алақан және өрімнен тұрады. Оның әрқайсысы әр заттан жеке-жеке даярланып біріктіріледі. Қамшының сабы тобылғыдан, ырғайдан, тауешкі және ақбөкеннің мүйізінен немесе еліктің сирағынан жасалады. Қолға ұстайтын жерін былғарымен қаптап, бүлдірге тағады. Кейде қамшының сабын тұтастай былғарымен қаптап, күміспен әшекейлейді. Күміс сапты қамшы көбінесе әйелдерге арналады. Ал ерлер қамшының сабына темірден бауыр салып, қайыстан немесе жезден орап сақиналайды. Мұндай қамшыны «сарыала қамшы» деп атайды. Камшының өрімі жақсы иленген қайыстан өріледі. Қамшы өрімін әртүрлі етіп жасау үшін таспа санын өзгертіп отырады.
Қамыт. Көлікті арбаға, шанаға жету үшін пайдаланылады. Оның ат қамыт, түйе камыт, өгіз камыт сияқты арналған төліне қарай нешеме түрлері бар. Қамыттың имек ағаштан жасалған қос құлағы болады. Олардың жоғарғы ұштарын қайыспен біріктіріп байлайды. Мұны «желкебау» деп атайды. Құлақ ағаштарының астына «шұжық» орнатылады. Қамыттың құлақтарына ілмектелген жалпақ қайыс өткізіледі. Оны «құлақбау» дейді.
Құлақбау дәрте мен доғаның бастарын бір-біріне қосады. Ал камыттың төменгі бастарын қосатын жіңішке кайыс «тамакбау» деп аталады. Оны қатты тартып байлағанда доға бастары дәртеге мықты болып бекиді. Қамыттың сыртын – былғарымен, ал ішкі жағын – қалың киізбен қаптайды.
Канжыға – салт атқа бөктерген затты байлайтын жіңішке қайыс таспа. Ердің қапталының артқы алақанындағы тесікке өткізіліп бекітіледі. Ұзындығы – 25-30 см. Қанжығаға бұғалық, арқан, шідер, тұсау, торсық, қоржын, атып алған аң, құс, т.б. осында байланады. «Қанжығаң майлы болсын» деген сөз осыған қаратылып айтылған.
Құйысқан – ер аттың мойнына кетпеуі үшін былғарыдан қайыспен астарлап қайып жасалатын әбзел. Кейде ердің артқы қапталына байланатын екі ұшын өрген өрмелі, түймелі құйысқандар да кездеседі. Құйысқанды күміспен өрнектеп әсемдейді. Былғарыдан шашақ жасап, қымбат тастар қадайды. Құйысқанның ортасына былғары қайыстан дөңгелек тігіледі. Осы дөңгелектің алдыңғы шеті ердің артқы қапталындағы шығыршыққа байланады. Ал аттың құйрығының астына келетін артқы бөлігі ұзын тұтас қайыстан жасалып, ортасынан екіге иіліп, осы иілген жерін таспалап тіледі.
Мұрындық – түйенің, өгіздің екі танауы арасындағы мұрын шеміршегін тесіп, көлденең өткізіп қоятын жіңішке таяқша. Оны қатты ағаштан көбінесе тобылғыдан жасайды. Ағаштың орнына қайыс немесе жіп өткізіп қоятындар да бар. Мұрындыққа бұйда байлап, сол арқылы оңға, солға бұрады немесе жетектейді.
Өмілдірік – ердің артқа кетпеуін қамтамасыз ететін әбзел. Сонымен бірге сәндік үшін де тағылатындықтан, оны қалың былғарыдан жасап, әшекейлейді. Өмілдірік былғарыдан, қайыстан астарланып қайып тігіліп, өріп жасалады. Өмілдіріктің аттың кеудесінің алдына келетін ортасына былғарыдан, қайыспен астарлап, дөңгелек жасалып, шашақталған баулар салынып, күмістелген бүршіктер, нақышталған өрнектермен әшекейленіп, дөңгелек ортасына ақ тастар орнатылады.
Өре – аттың алдыңғы және артқы аяғына салатын тұсау. Өрені қылдан, қайыстан өріп, түйіп жасайды. Аттың аяғына тиетін жеріне киізден астар салады. Атты өрелегенде өренің бір ұшын аттың – оң аяғына, ал екінші ұшын айқастырып аттың артқы сол аяғына салады. Өрелер шадыр өре, тік өре болып негізгі екі түрге бөлінеді. Өрелі ат тұсамыс салған атқа қарағанда еркінірек әрекет жасайды.
Таға. Жылқының тасырқамауы немесе мұздан таймауы үшін тұяғына қағылады. Тағаны сом темірден иіп, қаптап шеге өтетін тесік пен сай салып жасайды. Бедерлі өкшелік шығарады. Тағаны аттың тұрасына тигізбей, тұяғына ғана кіріп тұратындай етіп арнайы шегемен қағады.
Тебінгі – ер-тұрманның құрамына жататын әбзелдердің бірі. Тебінгі, бір жағынан, әсемдік үшін тағылса, екіншіден тоқым қысқа болған жағдайда, аяқкиімді аттың терінен қорғайды. Ал тоқым ұзын болған жағдайда оны тозып кетуден сақтайды. Қазіргі кезде тебінгіні жеке жасамайды. Киіз тоқымдарға жапсырылып, тігіледі. Халық арасында мұндай тебінгіні «тоқымның тебінгісі» деп те атайды. Ол адамның жіліншік, тобығының тұсына келеді.
Тепкішек. Жас баланы атқа мінгізгенде қолданылатын ер-тоқым әбзелдерінің бір түрі. Қазақ халқында 5-6 жастағы баланы алғаш атқа мінгізгенде аяғы үзеңгіге жетпейтін болғандықтан, оған арнайы тігіліп, ою-өрнекпен әсемделген тебінгі – тепкішек дайындалады. Тепкішекті түрлі-түсті жүн жіппен термелеп тоқылған өрнекті басқұрдан немесе шұғадан, т.б. қалың матадан астарлап қоржын сияқты етіп тігеді де, бетін кестелейді. Оны ердің үстіне салып пыстанмен бекітеді. Бала тепкішектің екі басына екі аяғын салып отырады. Терлік тоқымның астына салу үшін қойдың жабағы жүнінен жасалады. Шеттерін былғары, болмаса матамен көмкереді. Терлік өз атына сай тер сіңіру үшін және аттың арқасына ердің қапталы батпау үшін қажет. Терлікті кей жерде «ішкілік» деп те атайды.
Тоқым – ердің аттың арқасына батпауы үшін салынатын төсеніштің бір түрі. Ол көбіне киізден сырылып жасалады. Кейде киіз тоқымның жиегін шұға немесе барқыт сияқты маталардың бірімен көмкеріп, сыртын түгелдей калың былғарымен қаптайды. Сырма тоқым мен көмкерме тоқымды көбінесе әйелдер жасайды да, ал былғары тоқымды шебер еркектер жасайды. Тоқымның көлемі де, пішілу үлгісі де әртүрлі болады. Әйелдерге арналған тоқымдар – үлкен, әшекейі көп, ал еркектердің тоқымдары ыңғайлы, шағын болады.
Тұсамыс – жылқы ұзап жайылып кетпеу үшін пайдапанылатын әбзел. Аттың алдыңғы екі аяғына салынады. Оны жіп, қайыс немесе былғарыдан жасайды. Тұсамыстың тиек орнатылған алақаны және балақбауы болады. Атты тұсағанда балакбаудың ат шашасы жағында болуы шарт. Тұсамыс болмаған жағдайда жылқыны жіппен де тұсай береді.
Үзеңгі – атқа міну үшін қажет «баспалдақ». Зергерлер оны қолдан құятын болған. Темірден қақтап та жасаған. Үзеңгінің екі қабырғасының жоғарғы жағында таралғы өткізетін тесік болады. Оған үзеңгібау тағылып, ердің қапталындағы тесіктен өткізеді. Ал аяқкиімнің табаны тұратын жері тұтас сопақша болып келеді. Бұрын ершілер үзеңгіні кеппеген қайыңнан иіп немесе ойып та жасаған. Мұндай үзеңгілер атқа жеңіл болады және ол қыста аяқты қарымайды.
Шідер – жылқыны матау әбзелдерінің бірі. Оны қайыстан, кейде шынжырдан жасайды. Шідер үш балақ (тұсамыс және өре) болып келеді. Ол жылқының алдыңғы екі аяғы мен артқы бір тілерсегіне салынады. Әр балақта бір-бірден алақан, тиек және балақбаулар болады. Қыл шідердің тұсауын, өресін және балақбауларын жылқы қылынан жеке-жеке дайындап алып құрастырады. Ал қайыс шідерді сиыр терісінен иленген қалың қайыстан екі қабаттап жасайды. Қос қабатталған қайыс таспамен тігіледі. Мұндай шідердің тұсауы мен өрелігі шығыршық арқылы жалғасады. Өрме шідердің үш балағы бөлек өріліп, біріктіріледі. Оның балақбаулары қос қабат жіңішке қайыстардан, таспалардан жұмырланып өріледі.
Шілиа – қамытты аттың мойнынан кетірмеу үшін қолданылатын әбзел. Шілианы қайыстан тігіп, түйіп, өріп істейді. Шеберлер күміспен, жезбен қадақтап әсемдейді, әр жеріне қайыстан шашақ тағады.
Көтерме – атты арбаға, шанаға жеккенде ағаш жетегін көтеретін бау. Бұл бау ершіктің үстіне салынады.

qasym.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста