Қазақты жаһанға танытқан желаяқ - Ғұсман Қосанов

Қазақты жаһанға танытқан желаяқ - Ғұсман Қосанов

Биыл қазақтың даңқты желаяғы Ғұсман Қосановтың туғанына 85 жыл толады. Осыған орай Ғұсман Қосановтың қарындасы Нағима Ситтыққызымен аз-кем әңгімелескен едік.

 

Мамырдың 25 жұлдызы әрбір Шығысқазақстандықтар, оның ішінде Семейліктер үшін жөні бөлек. Өйткені, бұл күні қазаққа бірінші Олимпиада жүлдесін алып берген Алаштың атақты желаяғы Ғұсман Ситтықұлы Қосановтың дүниеге келген күні. 1995 жыл әр изатуллалықтың есінде қалды. Өйткені, тап осы жылы атақты қазақ спортшысының 60 жылдығын жерлестері бүкіл қазақ баласының басын қосып, кең көлемде туған ауылында атап өтті.

 

Ғұсман неге ұлттың есінде қалды деген сауалдың тууы да орынды. Алматы жеңіл атлетика мектебінің тарихы тым тереңде десек те, ұлтымыздың сол кездегі қаладағы үлес салмағы аз болғаны белгілі және қазақ жүгіруге емес, күресуге бейім халық екендігі де шын. Қазақ елін осы спорт түрінен өзге ұлт өкілдері танытып келді. Атап айтсақ, 1952 жылғы Хельсинкидегі Олимпиадада алматылық Владимир Сухарев 4х100 эстафетасына жүгіруден күміс жүлдегер атанды. Кейін 4 жылдан соң Владимир Мельбурнде осы жетістігін қайталады. Ғұсманның 1960 жылғы күмісінен кейін қарағандылық Владимир Муравьев екі мәрте олимпиада чемпионы атанса, жезқазғандық Виталий Савин алтыннан алқа тақты.

 

Столыпиннің реформасы алаш жеріне жетіп, көптеген өзгерістер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Бұл үрдіс Бородулиха мен Бесқарағайды да айналып өткен жоқ. Қазір карта бетінде жоқ: Зерен, Қазанғап, Оторвановка, Құрманғожа, сонымен бірге, Изатулла, Мещанка ауылдары бір елді мекен саналып, Ерназар ауылдық кеңесіне қарағаны күні кеше сияқты еді. Зерен, Қазанғап, Құрманғожа, Изатуллада кіл қазақтар тұрса, Оторвановка мен Мещанкада ішкі Ресейден келгендер қоныс тепті. Көне көз ақсақалдардың айтуынша Мещанкада бақай есепке жүйрік ылғи кулактар қоныстанып, қарауындағы жарлы-жақыбайға дұрыс қарамай, олар өші кеткен байлардан ірге ажыратып, Оторвановка ауылын өмірге әкелген екен. Осы өңірдің өткені мен бүгінін өте жақсы білетін ақын ағамыз Еділ Асылбек осы аталған ауылдардан Мещанка мен Изатулланың ғана қалғанын жүрегі елжіреп еске алады.

 

Міне, осы ауылдардан талай қазақтың біртуар перзенттері Ғ. Қосановпен қатар өмірге келіп, Бородулиха ауданы мен еліміздің мақтанышына айналды.

 

Атақты желаяқтың туған қарындасы Нағима апайдың қолжазба деректеріне сүйенсек, Ситтық Ықыласұлы 1898 жылы Семей облысы Абыралы өңірінде дүниеге келіп, 1925 жылы Семейдегі нағашысы Әмірені сағалайды. Ситтықтың нағашысы Белағаш ауданына қарасты Изатолла ауылынан шөп, отын тасуды кәсіп ететін шаруа адамы болыпты. 27-28 жастағы жас жігіт нағашысына болысып, Изатолла ауылында жиі болады. Әрі осы жерден өзіне өмірлік жар табады. Ситтық жұбайы Бибінұр екеуі Изатоллада құрылған «Еңбекші қазақ» колхозына мүше болып кіреді. Осы бақытты некеден 6 ұл және 2 қыз Нағима мен Сабира өмірге келді. Нағима апамыз: «Құмар, Әміртай, Ғұсманнан кейін өмірге келген үш ұл шетінеп, әкеміздің бәйбішесінен 5 бала болдық. Кейін әкеміз екі қызы бар жас келіншекпен көңіл қосып, Гүлжамила шешеміз тумаса да туған анамыздай болды. Ол кісіден әкеміз Сәуле атты бір қыз сүйді, қазір ол сіңілім Алматыда тұрады», деп сөз етеді.

 

«Ағамыз 1935 жылы туса, араға 4 жыл салып, мен 1938 жылы өмірге келдім. Тете өстік», дейді Нағима апа. «Ситтық атамыз соғыс басталысымен 1941 жылы өз еркімен майданға кеткенде, Бибінұр әжеміз қатты науқастанып 1942 жылы қайтыс болады да, бар ауыртпалық Ғұсманның нағашы әжесі Какімнің мойнына түседі. 1943 жылы Ситтық Ықыласұлы ауыр жарақаттанып елге оралады. Және майдангер колхозда бригадир болып еңбекке араласады. Ғұсманның өзі туралы жазған Жеңіске жол автобиографиялық кітабында мынадай жолдар бар: Атың өшкір соғыс менің және құрдас тұстастарымның ең қымбат қазынасы балалық бал дәуренімізді тартып алды. Біз таңды таңға ұрып, егістіктен масақ теретін едік. Бұл ауыр тұрмыс бізді шынықтырды».

 

Ғұсманды көзі көргендердің айтуынша, ол кісінің бірінші жаттықтырушысы әкесі Ситтық болыпты. Сондай естеліктерінің бірі Әкесі Ғұсманға арқанды ұстатып, өзі атпен желіп отырады екен де, баласы жүгіріп ілесіп отырады екен. Біз Нағима апаның үйінде болғанда Ғұсман ағамыз туралы айтқан әңгімелеріне куә болдық.

 

«Бәріміз Изатолла ауылындағы жеті жылдық қазақ мектебінен білім алдық. Ол кездегі халықтың бірлігі қандай жақсы еді. Әр үйде 5-6 баладан бармыз. Көрші ауылда жиын-той, мереке болса барлығымыз бірге барамыз. Бір жолы жұмыс бабымен келе жатқанда аяқ астынан жел көтеріліп, ат арбада әкесінің қасында отырған Ғұсманның арқасына үлкен бір аққұс келіп қонып, бес-он минуттің ішінде шыр-пыр шаңқ-шұңқ дауыстар шығып, баланы шоқи бастайды. Әрең дегенде екеуі бір-бірін қорғап үлгергенше, әкесі екеуі өңі ме, түсіме өз көздеріне өздері де сенбей қалады. Сол кезде Алланың берген аяны ма, әлде «ағамыздың басына қонған бақ па екен», «бақытыңды ұста» деген зор дауыс шығып ұшып кетеді. Сол бір тылсым дүниенің таңғажайып тұсы бала Ғұсманның жадында мәңгілік сақталып қалады. Міне, кейін елге бүкіл әлемге аты шыққан ағамыздың сол кезде басына бақыт құсы қонған екен ғой…

 

Ғұсман ағамыз өте елгезек еді, спортқа ден қойды. Мектепте оқып жүргенде спортпен шұғылданып, орталығы Новапокровка ауылында өтетін мектеп оқушыларының спартакиадасында жүгіруден үнемі бірінші орыннан көрініп жүрді. Айта берсең ағамыз туралы еселіктер өте көп», деп Нағима апай сөзін аяқтады.

 

Біз Ғұсман Қосановпен құдандалы болып келетін, әрі бала кезіндегі досы Изатулла ауылындағы қызыл саясаттың кесірінен жабылып қалған мектептің директоры болып еңбек еткен Семейхан Балықбаев ақсақалдан атақты спортшы туралы көптеген деректерге қаныға алдық. Ақсақал әлем таныған спортшының туған жерінде орын алған талай оқиғаның сырын ақтарды.

 

150 шаңырақтық ауылдан қазір 10-15 үй ғана қалған. Оған облыстағы билік басында болған Халдеев пен Пахабов сияқты әкім қаралардың қазақ ауылдарына қатысты ұстанған позициялары ұлт тілінде білім беретін орта мектепті жапқан соң, ауыл тұрғындарының жаппай қалаға көшуіне әкеп соқты. Қазір не жолы жоқ. Не бала оқитын мектебі жоқ Ғұсманның туған ауылындағы дәтке қуат дейтініміз тұрғындардың барлығының жұмыспен қамтылып отырғаны ғана.

 

Семейхан ақсақал Ғұсманның жасынан спортты серік етіп, әсіресе жүгіруді басты орынға қойғанын жыр қылып айтып берді. «Біз бірге жүгіре кеткенде шаңына ілесе алмай қалатынбыз» деп сонау балалық дәуренін еске алды.

 

Әйгілі желаяқтың тағы бір жерлесі Қабыш Омаров ақсақал Қосановтың бір ғана жүгірумен ғана шектелмей, футбол, волейбол, баскетболды тамаша ойнай білгенін алға тартты. Ат арбаға отырып алып, жол бойы ән салып, сол кездегі Жаңа семей ауданының орталығы болған Новопокровкаға (Жұраға) 1 және 9 мамырдағы спорт жарыстарына баратындарын қос қария еске алды. Осында өткен жарыстардағы алғашқы жеңіс жолы Рим мен Токиоға бастар баспалдақ болғаны айтты.

 

Изатулладағы 7 жылдық мектепті бітірген соң, Ғұсман Семейдегі N13 кәсіптік училищеге түсіп, бітіргеннен кейін депода жұмыс істеп, сол жерден 1954 жылы әскерге алынады. 1951 жылы Ғұсман шаңғыдан 10 шақырымдық қашықта Семей қаласының чемионы атанды. Сол жылы теміржолшылар арасында өткен жеңіл атлетика жарысында 100 метрге жүгіруден 11,7 секунд нәтиже көрсетіп, 2-3 орынды бөлісті. Темір жол училищесінде оқып жүргенде Ғұсман Локоматив футбол клубында ойнап, қала біріншілігінде бірінші орын алып, чемпион атанды. Әскери қызметін Қырымдағы Севастополь қаласында өтейді.

 

Ғұсманның сүйікті қашықтығы 100 метр. Ол әскер қатарына алынған сәтте курсанттар арасында 10,8 секунд жүгіріп, болашағынан үміт күттіретін атлет екендігін өзге ұлт өкілдеріне таныта білді. 1955 жылы сол кездегі белгілі желаяқ Леонид Бартеневтен 0,1 секундқа жол беріп алып, 10,7 секунд көрсеткішпен екінші орынды иеленді. Спортты серік еткен қазақ сарбазы араға екі жыл салып, 1957 жылы Киевте Украинаның чемпионы атанады. Ол кезде әр одақтас республика жақсы нәтижелермен көзге түскен спортшыларды қолды аяғын жерге тигізбей іліп әкететін. Ғұсманға Молдавия құда түсіп, атамыз Кишиневтің денешынықтыру техникумына түсіп, КСРО спорт шебері атанады. 4 дүркін Молдавия чемионы және КСРО чемпионы болып, Кеңес Одағының олимпиадалық құрамасына үміткер болып қабылданады. Осы кезде орыс спортшыларының біздің нанымызды қос қазақ тартып алды деген спорт афоризмі дүниеге келеді. 1960 жылы Қарулы Күштердің құрама командасы КСРО біріншілігінде 4Ч100 метрді 40,7 секундта жүгіріп өтіп, чемпион атанды. Осыдан кейін Ғұсман жатпай тұрмай XVII Жазғы Олимпиада ойындарына дайындығын Леонид Бартенев, Юрий Коновалов, Эдвин Озолиндермен бірге пысықтай түсті. 4 сайыпқыран олимпиадада 40,1 секунд нәтиже көрсетіп күмістен алқа тақты. Осылайша еліне тұңғыш медаль әкелген қазақ ретінде ел мен әлем тарихында мәңгіге қалды.

 

1960 жыл. Рим. Молдавияның өкілі ретінде қатысқанымен қазақтың кім екенін спорт әлеміне танытқан Қосановтың эрасы. 400 метрлік эстафетаның ақтық сынына АҚШ, ГФР, Италия, Венесуэла және КСРО командалары шықты. Амал не алтын қолдан сусып, қазақ еліне тұңғыш алтынға бергісіз күміс бұйырды.

 

Молдавияда Марина атты молдаван қызына үйленіп, Марат және Арман деген қос ұлды болды. Қанша айтқанмен туған жердің түтіні тартып тұрады емес пе, 1961 жылы елге демалысқа келгенде Қонаевтың қабылдауында болып, өзін Қазақстанға алдыруын өтінеді. Дінмұхаммед Ахметұлы бұл іске бел шеше кірісіп, Ғұсманды Алматыға алдырып, Әмин Тұяқов екеуіне орталық стадионға жақын жерден пәтер алып береді.

 

1964 жылы Токиодағы олимпиадада Ғұсман жалпы командалық 5 орынды иеленіп, 1967 жылдан бастап бірыңғай жаттықтырушылық жұмысқа басы бүтін енеді. Ғұсманның еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл ту» орденімен және «Еңбектегі ерлігі» медалімен марапатталады. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітірген соң, 1967-1969 жылдары Динамода, 1965 жылдан өмірінің соңына дейін бар ғұмырын Республикалық жоғарғы спорт шеберлігі мектебімен байланыстырды.

 

Қосанов жаттықтырушы ретінде көптеген жетістіктерге жетті. Оның шәкірті Людмила Голомазова 1968 жылы Мехико Олимпиадасында 100 метрді 11,7 секундта жүгіріп өтіп, қола медаль иеленді. Ал, Людмила 200 метрге жүгіруде алтыншы орынды иеленгенімен, ол көрсеткен 23,3 секунд нәтиже Қазақстанның жаңа рекорды саналады.

 

Амал не, ұлттық құраманы егемендік жылдарында жаттықтыруға өмір жазбады. Қазақтың атақты желаяғы 1990 жылы шілде айының 19-ында қайтыс болып, Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленді.

 

Тәуелсіздік дәуірі Ғұсманның кеңестік кезеңде көре алмай кеткен қызығын жалғастырып, Алматыда жыл сайын Ғұсманды еске түсіру мемориалы өтіп тұрады. Оған спортшылар Ресейден, Қытайдан, Өзбекстаннан тағы басқа елдерден келіп күш сынасады. Соңғы жылдары осындай игі - шаралар Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемендеде өткізіліп келеді. 53 жыл өмір сүріп, ұлтына аңыз болған жан әр спорт сүйер қазақтың ұлттық жадысында мәңгіге қалатыны сөзсіз.

 

1959-1965 жж. жерлесіміз халықаралық жарыстарда Отанымыздың намысын қолдан бермеді. Ғұсман Қосановтың осындай дәрежеге жетуі Кишиневтегі жаттықтырушысы Александр Масловскийдің арқасы екендігін ұмытпауымыз керек. Ол 100 метрді 10,4 сек жүгіруі нәтижесінде Кеңес Одағының олимпиадалық құрамасына қабылданды. Ғұсманның спорттық ғұмырындағы бір әттеген-айы Алматыда Спартак СҚ 1962 жылғы біріншілігінде 100 метрді 10,2 сек жүгіріп өткенін жел күшін өлшейтін құрылғы болмай, КСРО рекорды ретінде де, әлемдік рекордты қайталауының да есепке алынбай қалуы.

 

Кеңес спринтерлері арасында украиндық Редькомен жұптасып, Америка атлеті Джесси Оуэнстің 100 метрді 10,2 секундта жүгіріп өткен әлемдік рекордын қайталады деп мақтанышпен айта аламыз.

 

Нағима Ситтыққызы Ғұсманның 60 жылдығы қарсаңында, 1995 жылы Семей қаласындағы бір көшенің атын бергізу үшін талай табалдырықты тоздырады.

 

Атақты спортшыға қаланың қақ ортасынан көше беруге сол кездегі қалалық мәслихаттың хатшысы болған адамдар көп кедергі келтіріп, ақыры Барнаульская деген қала шетіндегі бір көшеге берген еді. Бұл кейде осы біз арыстарымызды қадірлей білеміз бе, деген ойға да жетелейді. Семейхан Балықбаев ақсақал осыдан 9 жыл бұрын ШҚО Бородулиха ауданының орталығы Бородулиха аулындағы балалар мен жастардың спорт мектебіне Ғұсман Қосановтың атын беруге ұсыныс түсіріп, досының алдындағы парызына адалдық танытып, үлкен азаматтық жасаған еді. Енді міне, сол бастамашылдық қолдау тауып, Бородулиха аудандық балалар мен жастардың спорт мектебіне атақты жерлесіміздің аты беру қарастырылса деген үмітіміз бар. Сәтін салса ол күндер де алыс емес…

 

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы
Abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста