Тарихы, яғни тамыры бар халық — халық та, ал тарихсыз жұрт — тобыр. Империялар өздері жаулап алуды көздеген, өздері бағындырған халықтардың тарихи санасын қайткенде де жоюға ұмтылады. Ресей тарапынан қазақтың тарихи санасын жоюға бағытталған астыртын әрекеттер тіпті әріде басталған деседі. Иван Грозный 1580 жылы Сарайшықты жермен-жексен талқандаған; І Петр де біздің бабаларымыздан қалған белгі — балбал тастарды дереу құртып отыруға бұйырған…
Өз көсемдерінің мүрдесін Мәскеудің нақ төріндегі мавзолейге қойып, оны күнбе-күн әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адамдар ағылып кеп жататын «қасиетті» орынға айналдырған коммунистер де, қазаққа келгенде, сол баяғы Ресей патшаларының саясатын жалғастырып, халқымыз үшін киелі саналған орындарға қырын қарады: жермен-жексен етіп жойды; басқа жер құрып қалғандай, нақ солардың маңына апарып, «талпақ танау» бағатын шаруашылықтар ұйымдастырды; айдалада күтімсіз қалдырды. Солардың арасында хандарымыздың кесенелері де бар. Кеңес дәуірі аяқталып, тәуелсіздік алған кезімізде, көптеген хандарымыздың жерленген орындарынан мүлде бейхабар болдық. Ол орындар қазір де түгенделіп бола қойған жоқ. Дегенмен, түрлі шежірелерді, деректерді жинастырып, т.б. зерттеулер жүргізген тарихшыларымыз, бүгінде, мысалы, Керей ханның жерленген жері туралы болжам айтып отыр, ал жақын уақытта біздің облыстың аумағындағы Әбілқайыр хан жерленген жерде «Хан моласы» мемориалдық кешені ашылады. Міне, осындай жаңалықтардың қатары алдағы жылдарда көбейе береді деп үміттенеміз.
Тарихы 1465 жылдан басталатын Қазақ Ордасының негізін қалаған екі тұлға — Керей мен Жәнібек хандар. Олар — үшінші атадан табысатын туыстар. Керей хан — Шыңғыс ханның Орда Еженнен тарайтын он үшінші ұрпағы. «Қазақ Ордасы құрылғанда, алдымен жасы үлкен Керей ақ киізге хан көтеріліпті. Керейдің қай жылы қайтыс болғаны белгісіз» — деп жазды Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» (1995 жыл) еңбегінде. Қазір тарихшылар Керей ханды Жамбыл облысы аумағындағы Хантауда жерленген деп жорамалдайды. Нақты айтсақ, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент- мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев біздің «Бір еңбегіңізден Керей ханның Хантауда жерленгені туралы оқыдық. Осы тау жөнінде нақтырақ айтсаңыз?» — деген сауалымызға берген жауабында: «Мен бұл тұжырымды қайдан алдым? Елімізге белгілі тарихшы-археолог ғалымдар, әрі өзімнің ұстаздарым — Сәйден Жолдасбайұлы мен Мадияр Елеуұлы Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарында қазба жұмыстарын жүргізумен қатар, ел арасынан халық ауыз әдебиеті үлгілерін жиып, жариялады. Мен осы материалдарға сүйендім. Хантау — Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандары аумағында орналасқан тау сілемі. Ұзындығы — 40-45 шақырым, ені 10 шақырымдай. Ең биік жері — Сұңқар тауы. Сәйден Жолдасбайұлы осы тауда Хан тағы, Хан қорасы, Хан моласы деген жерлер кездесетінін жазады. Аңыз бойынша Керей хан осында жерленген» — деген еді. («Ақтөбе», 2015 жыл.)
Жамбыл облысы аумағындағы Қазақ хандығының құрылған кезеңіне қатысты тарихи жерлерде зерттеу жұмыстары жалғасып жатқаны белгілі. Керей хан жерленген Хантауда да зерттеулер жалғасады, нақты зираты табылмағанмен, сол жерге белгі қоюға болатындай деректер анықталады деп күтеміз.
Керейден кейін Қазақ Ордасында таққа Жәнібек хан отырды.Тарихшылар Жәнібек ханды XV ғасырдың 70-ші жылдарының басында, шамамен 1473-74 жылдары қайтыс болған деп есептейді. Себебі, осы жылдардан кейінгі мәліметтерде оның есімі кездеспей, Бұрындық пен Қасым хандардың аты жүреді екен.
Ал жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Алмас қылыш» романында (1971 жыл) тірі кездерінде бірін-бірі жау санаған қазақтың Әз Жәнібек ханы мен Шибани Әбілқайыр ханның өлгеннен соң Созақта қабірлері қатар жатқанын айтқан еді. Жазушы Жәнібек ханның ұрыс үстінде қаза тапқанын баяндай келіп: «…Хaны өлген қaзaқ әскері жaуының соңынaн қумaды. Жәнібектің денесін aқ киізге орaп, aқ түйеге aртып, екінші бaлaсы Мaхмұт билеп тұрғaн Созaққa беттеді. Қaйғылы ел күңірене күрсініп, aлғaшқы хaнның бірі Жәнібекті aрдaқтaп aқырғы сaпaрынa шығaрып сaлды. Әбілқaйыр жaтқaн Жуaнтөбедегі көк күмбезді мaзaрдың жaнындa тaғы бір сaлтaнaтты aлтын aйлы мaзaр пaйдa болды. Тірі жүргендерінде бүкіл Дәшті Қыпшaқтың кең дaлaсынa сыймaғaн қос тaрлaн, енді он шaршы құлaш жерге қaтaрлaсa көмілді. Өмір тaтулaстырa aлмaғaн екі хaнды, енді өлім тaтулaстырды» — деп түйіндеді. Әрине, әдеби шығармадағы деректі нақты мәлімет ретінде ұсына алмаймыз. Дегенмен, ел аузындағы әңгімелерде де Созақта «Хан мазары» атанған қос зираттың болғаны, солардың бірінде Жәнібек ханның жерленгені туралы тіпті ХХ ғасырдың ортасына дейін айтылып келіпті.
Жәнібектен кейін таққа отырған Керей баласы Бұрындық хандықтан көзі тірісінде айырылған. Зерттеушілердің басым бөлігі Бұрындықты халық қолдамаған десе, енді біреулері мұны Жәнібектің тоғыз ұлының ықпалы күштірек болуымен түсіндіргісі келеді, сондай-ақ, дін жолына түскен Бұрындық хан тақтан өзі бас тартқан болуы мүмкін дейтін жорамал да бар. Қайткенде де, Бұрындық хан өмірінің соңғы жылдарын шет жерде өткізген. Берекет Кәрібаевтың айтуынша, ол Үргеніш қаласы маңындағы Бақырған ата қабірінің жанына жерленген.
Қазақ хандығы тарихындағы ең даңқты тұлға — Қасым ханның (Жәнібек ханның ұлы) Сарайшықта жерленгені туралы Кеңес дәуірінде-ақ айтылған болатын. Сарайшық — Алтын Орданың тарихында үлкен орны бар, Қазақ Ордасының алғашқы астаналарының бірі болған қала; орны — қазіргі Атырау облысы аумағында. Қасым ханның Сарайшықта жерленгені туралы нақты дерек бар да, алайда нақты осы жер дейтіндей қабірінің орны жоқ. Иван Грозный тұсынан бастап қиратылып, талан-таражға ұшыраған қаланың орнында тәуелсіздік алғаннан кейін мемориалдық кешен ашылды. Оның құрамына ескерткіш-пантеон, мешіт, музей кіреді. Пантеонға Сарайшықта жерленгені деректер арқылы анықталған жеті ханға арнап құлпытастар қойылған. Солардың бірі Қасым ханға арналды.
Қасым ханның өлген жылын тарихшы Амантай Исин өткен ғасырдың 80-жылдарының басында анықтаған болатын. Бұл — 1521 жыл. Бұдан кейінгі 16-17 жыл уақытты тарихшылар «уақытша әлсіреу» жылдары деп атайды. Бұл кезеңдегі хандардың — Мамаш, Тоғым, т.б. — тарихтағы орны, өмірлері туралы деректер өте аз. Сондықтан олардың жерленген орындарын айту да мүмкін емес.
Мемлекетті дағдарыстан алып шыққан, қазақтың басын қайта қосқан Хақназар ханның қайда жерленгені бүгінге дейін нақты анықталмай отыр. Болжамдар әр түрлі: өзінің өсиеті бойынша, Жәнібек ханның жанына, яғни Созақта жерленген немесе Ұлытаудағы «Алаша хан» кесенесінде жерленген болуы да мүмкін, т.б. «Алаша хан» кесенесіне қатысты болжам биыл өткізілген халықаралық «Хан Қорық» жастар фестивалі кезінде жария етілді.(Бұл жөнінде massaget.kz сайты хабарлады.) Археологтардың пікірінше, бұл кесене астында өте көне қорым бар. Онда Ұлы Дала үшін қасиетті тұлға (немесе тұлғалар) жерленген. XV ғасырда сол тұлғаға ескерткіш ретінде кесене тұрғызылған, ал кейін Хақназар ханды осында әкеліп жерлеген. Бірақ, әзірге бұл — соңғы нүктесі қойылмаған әңгіме.
Хақназардан кейінгі Тәуекел ханның да қайда жерленгені туралы нақты айтылмайды. Тарихшылар бізге оның Ташкент қаласы түбінде қаза тапқанын ғана жеткізіп отыр.
Ал Тәуекел ханнан кейін таққа отырған Шығай баласы Есім хан 1698 жылы қаза тапқан. Ол, өзінің өсиеті бойынша, қазақ елінің сол тұстағы астанасы — Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесі маңына жерленген. Есім хан кесенесінің сақталған бөлігі 2000 жылы жөндеуден өткізілген. Бүгінде Түркістанға барғандар оны көзімен көріп қайта алады.
Жалпы, Түркістан Есім хан билік құрған кезден бастап Қазақ хандығының астанасы болғаны белгілі. Және Есім ханнан кейінгі қазақ хандарының бәрі дерлік осы қалада жерленді. Кейбір деректер бойынша, қасиетті Түркістанда қазақтың 21 ханының сүйегі жатыр. Олардың арасында ІІ Жәнібек хан (1643 жылы қаза тапқан); Салқам Жәңгір хан (1652 жыл); Әз Тәуке хан (1718 жыл) және қазақтың үш жүзін біріктірген ең соңғы ханы — Абылай хан (1781 жыл) бар.
Қазақ хандығы билеушілері арасындағы даңқты тұлғалардың бірі, қазақ жұртының тәуелсіздігін сақтау жолында көп еңбек сіңірген Әбілқайыр ханның зираты Ақтөбе жерінде, Қабырға және Өлкейік өзендері қиылысына қалыпты. Тарихшылардың айтуынша, Әбілқайыр бабамыздың «Қаза тапқан жеріме қойыңдар» деген өсиеті болған, сондықтан оны Түркістанға апармаған. Әбілқайыр хан 1748 жылдың тамыз айында өмірден өткен. Оның қазасы — патша шенеуніктері тарапынан жасалған құпия жоспардан келген қасірет. Хан бейітінің басына 12 түп ағаш егілгені, оның біреуі ғана өсіп шыққаны, ханның түркі жұртының көне салтына сай, бес қаруымен бірге жерленгені туралы жазба деректер бар. Әбілқайыр ханның қайда жерленгеніне бірінші болып, «Үркер» романын жазу барысында, Әбіш Кекілбаев іздеу салған. Ал тарихшылар тарапынан Серік Әжіғали осы жерде зерттеу жұмыстарын сонау 1983 жылы бастаған. Отыз жылдан астам уақытқа созылған зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретінде, енді аз ғана уақытта, жоғарыда айтқанымыздай, Әбілқайыр хан жерленген жерде «Хан моласы» мемориалдық кешені ашылады деп күтіліп отыр. Бұл кешеннің құрылысына бюджеттен 110 миллион теңге қаржы бөлінген. Мемориалдық кешеннің ашылуы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясындағы ірі оқиғалардың бірі болмақ.
Индира ӨТЕМІС
aktobegazeti.kz