Қазақ ұлтының тарихы: Қасым ханнан Есім ханға дейін
Қасым хан қайтыс болған соң таққа оның ұлы Мамаш отырады. Бұл хан туралы дерек жоқ, себебі Мамаш түсініксіз соғыстың құрбаны болған: шайқаста тұншығып өледі. Бұл 1522 жылы орын алған оқиға. Мамаш (Мумаш, Қамаш) хан өлген соң Қазақ хандығында алауыздық өрши түседі. Осындай аласапыран кезде Жәнібек ханның немересі Әдік сұлтанның ұлы Тахир сұлтан хан болып жарияланады. Бұл 1523-1524 жылдары болған.
Тахир ханның немере ағасы Қасым хан сияқты ықпалы болған жоқ. Ол қатыгездігімен ерекшеленді, оған қоса, не дипломатиялық, не әскери таланты жоқ еді. Мұны оның талай рет соғыста жеңіліс тауып, дипломатиялық сәтсіздіктерге ұшырауы дәлелдейді:
хан бола салысымен 1523-1524 жылдары қыс ортасында Тахир маңғыттармен көршілес аймақты қорғай алмай, 200 мың боданымен Моғолстанға көшіп, Қашқарға барады;
1525-1526 жылдары қыстың бас кезінде Ташкент билеушісі Келді-Мұхаммедпен болған шайқаста тас-талқаны шығып жеңіледі;
1526 жылы көрші тайпалармен өштесу нәтижесінде Тахир ханның немере інісі Әбілқасым сұлтан өлтіріліп, ханның өзін халқының басым бөлігі тастап, көшіп кетеді.
Ал Тахир ханның өзі 1531-1532 жылдары қырғыздардың арасында жоқшылық көріп өледі.
Қазақ даласындағы әскери демократияның тағы бір басты ерекшелігін тарихшы-жазушы М. Мағауин “хан талау,” “ханды талақ ету” дәстүрінің болуымен көрсетеді. “Хан талау” қазақ қоғамында сирек болса да, ерекше жағдайларда әділеттілікті, бұзылған халық мүддесі мен құқығын қалпына келтіру мақсатында қолданылып отырған.
Мәні жағынан бұл дәстүр қазіргі замандағы саяси тәжірибеде қолданылып жүрген импичментті еске салады. Хан өзіне көрсетілген халық сенімінен шыға алмай, түрлі кемшіліктерге бой алдырған жағдайда “хан талау” тетігі іске қосылған. Бұл процесс ханға оның дәлелденген теріс қылықтарын немесе кемшіліктерін бетіне баса айтылып, халық құрылтайы шешімімен жүзеге асатын дала демократиясының күшті құралы болды. “Хан талау” ХVІІІ ғасырдың аяғында Жобалай руын билеген төре тұқымы Керейге қолданылған.
“Ханды талақ етуге” келсек, оның мәні: егер де хан халық алдында сенімнен шығып, бар абыройы мен беделінен айырылған жағдайда, оның қол астындағы халық одан бас тартып, ханның ордасын жұртқа тастап, үдере көшіп кететін болған. Мұндай оқиға жоғарыда айтып өткен Тайыр ханның басынан 1530 жылы өткен.
Тахир хан қайтыс болған соң оның орнына қазақ-қырғыз бірлестігінің басына оның інісі Бұйдаш (Бұйлаш) сұлтан келген. Ол Қазақ хандығының бір ғана бөлігіне билік етіп, қарамағында 30 мыңдай ғана халық болған деген деректер бар. Алайда, Бұйдаш хан туралы жазба деректер аз болғандықтан, оның саяси қызметіне тоқтау мүмкін болмай отыр.
Бұйдаш хандық құрған кезеңде онымен бір мезгілде хан атағы болған сұлтандар көбейген. Олардың қатарында Ахмет хан мен Тоғым хан, Наурыз-Ахмет хандар бар. Бұл кезең 1535-1538 жылдарды қамтиды. Сол кезеңде Моғолстанда Жаркент тағына Саид ханның үлкен ұлы Әбді әр-Рашид хан (1533 жылғы шілде) отыруына орай қазақтар мен моғолдардың саяси қарым-қатынастарында күрт өзгерістер туындайды.
Әбді әр-Рашид хан алғыр әрі тапқыр билеуші болды. Ол 1533-1537 жылдары қазақтарға қарсы өзбек ханы Убайдолламен одақ құрып, қазақтарға қарсы жорықтар ұйымдастырады. Бұл жорықтар қазақ халқының қалыптасып дамуына орасан зор нұқсан келтірді.
Осындай сыртқы жаулардың әсерінен жойылып кетуге аз қалған Қазақ хандығы XVІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қасым ханның ұлы Хақназар хан тұсында қайтадан түледі деп пайымдауымызға толық негіз бар.
Хақназар хан 30 жылдан астам уақыт билік етті. XVІ ғасырдың ІІ-ші жартысында толас таппаған соғыстарға, өзара қырқыстарға байланысты Қазақ хандығы қатты әлсіреп кеткен еді. Хақназар хан билік еткен кезеңде бұл мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси өмірінде белгілі бір өрлеу байқалып, ол кейіннен тағы да құлдыраумен алмасты.
1560 жылы Моғолстан билеушілерімен ерекше табан тірескен күрестің өріс алуы Хақназар кезінде қазақ-моғол қатынастары шиеленіскен күйінде қала берді де, бұл күресте моғол хандарының басым түсуі жиі болғанын айта кеткен жөн. Алайда Хақназар хан қазақтар мен қырғыздардың біріккен күшімен Әбді әр-Рашидтің ұлы Әбді әл-Ләтифтің әскерін тас-талқан етіп, оның өзін шайқаста мерт етеді. Бұл оқиғадан соң Әбді әр-Рашид көп әскерімен қазақтарға қарсы аттанып, Емел түбінде Хақназар ханды талқандайды. Кейбір деректерде Хақназар сол шайқаста қаза тапқаны айтылса, кейбір мәліметтер бойынша ол моғолстаннан шегініп, Сарысу ауданына көшіп кеткені баяндалады.
Хақназардың саяси және дипломатиялық шеберлігі арқасында Қазақ хандығын Москвамен сауда байланыстарын орнатып, саяси қарым-қатынастар жасады. Қазақ хандығының ара-ағайындық етуімен Москва өзбек хандықтарымен байланысын жолға қойды. Ресеймен қатынастарында Хақназар хан әкесі Қасым ханның қасқа жолын ұстанды. 1580 жылдан кейінгі тарихи деректемелерде Хақназар хан туралы ешнәрсе айтылмайды, ал оның немере інісі Шығай Қазақ ханы деп аталады. Шығай хан ұзақ уақыт, 80 жылдай ғұмыр кешкен, бірақ оның өмірі, саяси қызметі туралы болмашы ғана мәліметтер сақталған. Хақназар хан дүниеден өткен соң, Шығай хан өзінің Шайбани ұрпағынан шыққан Абдаллах ханға деген адалдығын дәлелдеу үшін Барақтың ұрпағы, Наурыз-Ахмет ханның ұлы Баба сұлтанға қарсы шығады. Ол мемлекет пен өзінің болашағын Шайбанилер әулетімен байланыстырғысы келгені байқалады. Қазақ ханы Шығайдың Шайбани ұрпағы, Орта Азияның билеушісі ІІ Абдаллах хан жағына шығуы XVІ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ хандығындағы елеулі саяси оқиғалардың бірі болды. Өйткені, қазақ хандарының билік үшін және Дешті Қыпшақ үшін жүргізген саяси күресінде Шайбани ұрпақтарының бітіспес және ата жауы болып келгені мәлім.
1582 жылы Шығай хан дүние салған соң оның орнына Тәуекелдің хандығы кезінде де Абдаллахқа вассалдық тәуелділік сақталып қалды. Бірақ 1583 жылы Тәуекел мен Адаллахтың арасы суып, Тәуекел Дешті Қыпшаққа қарай үдере көшеді. Көп ұзамай Тәуекел Қазақ хандығы мен Моғолстанның Шағатай ұрпақтары арасындағы одақтастық қатынастарды жолға қояды. Осыған орай Шах-Махмуд Шорастың Моғолстанда, атап айтқанда, Шалыш пен Турфандағы саяси істеріне Тәуекелдің қатысуы туралы, онда Тәуекел ханның бұл иелік тағына кім отыруы жөніндегі мәселені шешуінің маңызы ерекше.
Тәуекел хандығы тұсында Қазақ хандығының сыртқы жаулары көбейді. Сондықтан 1594-1595 жылдары Москва үкіметімен келіссөздерде Қазақ ханы Тәуекел өз дұшпандарына қарсы күресу үшін Ресеймен әскери одақ орнатуға ұмтылды. Алайда, толып жатқан себептерге байланысты бұл одақ жасалмады. Ал Қазақ халқына көрші мемлекеттер тарапынан шабуыл жасау барған сайын жиілей түсті: батысы мен солтүстік батысынан – башқұрттардың, қалмақтар мен ноғайлардың, шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Хиуа, Бұқара, Қоқан хандықтарының құрсауында қалды. Әсіресе шығыстан, Балқаштың арғы жағынан жоңғарлар Орталық Қазақстан мен Жетісуға жылжи бастады. XVІ ғасырдың ІІ-ші жартысында олардың Қазақ хандығына қарсы соғыс қимылдары кең көлемде жүргізілді.
Осындай қиын саяси жағдайға қарамастан Тәуекел хан 1886 жылдан бастап Сыр өңіріндегі қалалар үшін күрес бастады. Алайда бұл жорық сәтсіз аяқталды. 1596 жылға дейін оның хан атағы болғанымен, ол оны заңды түрде бекітпеген еді. Ол өзінің хан атағына шынайы түрде 1586-1594 жылдар аралығында жүргізген ұзақ та табанды саяси күрес жағдайында қол жеткізеді. Содан кейінгі кезеңдегі Москвамен қатынастар жасау кезінде ол нағыз хан ретінде әрекет етті. 1594 жылы Тәуекел өзінің боданына қабылдауды өтініп, Федор патшаға Құл-Мұхамедті елші етіп жібереді. Елшілік 1580 жылы Сібір ханы Көшіммен болған соғыс кезінде қолға түскен Тәуекелдің жиені Ораз-Мұхаммедті орыс тұтқынынан босату мақсатысен жіберілген болатын.
Бұл елшіліктің алдына Ораз-Мұхаммедті қайтаруға қол жеткізу және Абдаллахқа қарсы күресте Москваның көмегіне уәде алу міндеті қойылды. 1595 жылы Москва патшасы Тәуекелге Қазақ хандығын өзінің патшалық қол астына алатыны туралы жауап грамотасын елші арқылы беріп жіберді.
1598 жылы Тәуекел Шайбанилерге қарсы шапқыншылық жасайды. Ол өзінің Орта Азияға жасаған жорығында тек қару күшіне үміт артқан жоқ, ондағы белгілі бір әлеуметтік-топтарға сүйенді. Бірақ Тәуекел хан мен Есім сұлтанның жасаған жорықтары алдына қойған саяси міндеттерін орындай алмады. Мәуераннахр қазақ хандарының қол астына көшпей қалды. Алайда Түркістанмен қатар Ташкент пен Ферғана белгілі бір уақытқа Қазақ хандығының құрамына кірді. XVІ ғасырдың соңы мен XVІІ ғасырдың басында Қазақстан территориясындағы ерекше кезең, қазақ мемлекеттілігінің, көршілес елдермен белсенді әскери-саяси, сауда және мәдени қатынастары дамыды.
1598 жылы Тәуекел хан қаза тапқаннан кейін билік Есім ханның (1598 – 1628) қолына көшті. Ресми түрде хан атағын мұраға алып, Түркістанда билік еткен Есім ханның тұсында Тұрсын, Абылай, Ханзада сұлтандар басқарған өзара бақталас саяси топтар пайда болды. Ташкентте Ақназардың немере інісі Тұрсын Мұхаммед өзін хан жариялады. Үш жүздің әр қайсысында бірте-бірте дербес хандар пайда болды.
Ішкі саяси тұрақсыздық жайлаған қазақ хандығын қайтадан қалпына келтіру ісі орындалуы қиын саяси міндетке айналды. Осындай алмағайып кезеңге қарамастан, Есім хан хандықтың құқықтық жүйесін жетілдіруге талпынып, өзіндік бір құқықтық реформа жасайды. Бір ғасырдай уақыт бойына қолданыста болған “Қасым ханның қасқа жолы” Есім ханның тұсында тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, «Есім ханның ескі жолы» деп аталған құқықтық нормалар жүйесі тарих сахнасына шығады.
Ел ауызында сақталған аңыздар мен тарихи деректерге қарағанда, Есім хан билік құрған кезеңде «қасқа жолға» қосылған жаңалықтар:
Хан болсын, ханға лайық заң болсын,
Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын.
Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын,
Би болсын, би түсетін үй болсын – деген ережелер екен. Бұл Қазақ хандығы құрылысының саяси-әкімшілік, әскери, рухани және сот істері жөніндегі негізгі заң сипатындағы төрт тұғыр екені байқалады. «Ескі заң» деп аталуына қарағанда, бұл ережелер бұрыннан келе жатқан дәстүрлі бір жүлгемен жасалған болуы да ықтимал.
Есім хан бұрыннан келе жатқан жол-жоралғыларды бір ретке келтіріп, заман ыңғайына қарай оның бойына жаңа нәр береді. Сондықтан да ол халық жадында “ескі жол” ретінде бекиді. Б.Ж. Қуандықов аңыздар мен деректерді саралай келе, “ескі жолда” сол кезеңге дейінгі қазақ еліндегі заңдарға мынандай толықтырулар мен түзетулер енгізілген деп пайымдайды:
Елдік тәртібіне қатысты жоралғылар (хан пәрменіне, батыр, абыз ісі, би
мәртебесі).
Құн тарту жоралғылары (өнер құны, сүйек құны және құн ісін жайғастыру).
Жесір ісіне қатысты жоралғылар (әмеңгерлік және жесір дауын шешу жолы).
Жаза белгілеу жоралғылары (жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы және оны
тарту тәртібі).
Бұл сол кезеңде шақырылып тұратын «Билер Кеңесінің» талқысынан өтіп, бекітілген. Аталған жол-жоралғыны түзуде Есім ханның әкесі құрметтеген Досмұхаммед, Жиенбет, Монтай билердің еткен еңбегі ерекше болған.
Есім хандығы кезінде қазақ хандығының сыртқы саясаты да қиыншылықтарға кездеседі, әсіресе, оңтүстік, оңтүстік-шығыс шекарасындағы жағдай шиеленісе түсті. Бұхараның ханы Иманқұл, Ташкентте отырған Тұрсын хан Түркістан қаласын қайтарып алуға тырысты. Ойраттардың қазақ жеріне жорығы жиіледі. Билеушілер (Есім хан мен Тұрсын-Мұхаммед) арасындағы араздық салдары соғысқа ұласты. Ташкент төңірегінде болған шайқаста 1628 жылы Тұрсын хан мерт болды. Тұрсын ханмен бірге оны қолдаған қазақтың қатаған тайпасы тұтастай қырылады.
М. Мағауиннің көрсетуінше, қатаған қырғыны – Есім ханның жеңісі емес, бүкіл Қазақ Ордасының үлкен жеңілісі болды. Іргелі елдің туын көтеріп отырған сегіз ұлыстың екі бөлшегі түнекке батыпты. Содан былай қазақ мемлекетін құраған қауым алты алаш аталады. Келесі бір сілкіністе қырғыз және қарақалпақпен құрама іргесін бөледі. Қазақ халқы деген атауды ұстап үш алаш — үш жүз ғана қалады. Екі сан қатаған аман болса, бес алаш — бес жүз болар еді.
Міне, өткен тарихымыздағы осындай қайғылы оқиғалардан сабақ ала білгеніміз абзал. Тәуелсіздігімізді тұрлаулы етіп, егеменді елдігімізді баянды қыламыз десек жүзге, руға одан қалды аймақтарға бөлінетін жершілдік деген жаман қасиеттерден аулақ болғанымыз жөн. Қазақтар мынадай айнымас қағиданы мықтап түсінуі шарт: қай жүз немесе қандай ру болсақ та бәріміз қазақпыз, қандай аймақта дүниеге келсек те, қай ұлттың өкілі болса да бәріміз қазақстандық азаматпыз, Отанымыз біреу – Қазақ елі, Қазақстан. Ұлттық бірлік, татулық пен келісім сияқты асыл құндылықтардың этнодемографиялық тұрғыдан алып қарасақ та саяси маңызы аса зор.
Мұсатаев Сейілбек,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының профессоры.