Расында осы біздің қазекең неге Шыңғысханшыл? Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уалиханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Мұхаметжан Тынышбаев, Мағжан Жұмабай, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Ермұхан Бекмаханов, Манаш Қозыбаев қатарлы ұлы тұлғаларымыз; қазіргі Марал Ысқақбайұлы, Бексұлтан Нұржекеұлы, Мұхтар Мағауин, Қойшығара Салғараұлы, Ораз Исмайыл, Ибраһим Мұрат, Әнес Сарай, Қалибек Даняров, Уалихан Қалижанов, Қайрат Зәкәриянов, Әміре Арын, Хасен Қожа-Ахмет, Асқар Селеубай, Мәлік Кішібай, т.б. көптеген ұлылы-кішілі азаматтарымыз осы Шыңғысхан үшін алтын уақытын арнауда. Тіпті сол тақырып үшін ғазез жанын қиған бабаларымыз қаншама. Одан арғы ғасырларда өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Қосымұлы Жалайыри, Әбілғазы Баһадүрхан барлығы да осы Шыңғысханды өздерінің өшпес тарихнамаларына арқау еткен. Неге?
Алаш арысы Әлихан Бөкейханов дүние жүзі ғалымдарының тарихқа көзқарасын тілге тиек ете келіп, тарих ғылымын ұлттың ұстазы ретінде бағалаған болатын. Міне ұлттық тарихнаманың шын бағасы осындай. Сондықтан кез келген азат ұлт өз тарихын жазуды ең бірінші күнтәртібіне қояды. Дәл соның керісінше арқандай отаршыл жүйе өзі жаулап алған ұлтты жоюды оның тарихын бұрмалаудан бастайды. Яғни Әлихан бабаға сілтеме жасай айтсақ, ұлттың ұстазын өлтіріп, халқын қараңғы надандықта ұстау отар халықты құртудың ең оңтайлы жолы. Өткен ғасырлардан тура бүгінге дейін қазақ халқы дал сондай мақсаттағы аса сұрапыл және төтенше сұрқия идеологиялық шабуылға ұшырап келді. Олар тілімізді жазусыз, дінімізді апиын, тарихи тұлғаларымызды тиран (зұлым) деп қаралады. Оның бары былай тұрсын, ұлттық атымызды «Қырғыз», «Қырғыз-Қайсақ» (киргиз, киргиз-кайсак) деп қасақана бұрмалады. Өйткені Қазақ сынды елесімнің (этнонимнің) аржағында Қазақ Хандығы (Алаш Елі) деген Ұлы Мемлекет, ал оның арғы түбінде Шыңғысхан ұлысы (Алаш ұлысы) деген орасан зор әлемдік Империя тұрған болатын. Патшалық Руссия халқымыздың жадынан соның бәрін түбегейлі көтеріп жіберуді ойлады. Отаршыл залым билік күллі ұлттық тарихымызды ұмыттыру үшін, алдымен ұлттық атымызды құжат жүзінен күшпен жоюды қолға алды. Ал халқымыз ең алғаш автономды статус алған тарихи орайда (XX ғасырдың басында) Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов қатарлы арыстарымыз қазақ сынды ұлттық атымызды заң жүзінде, құжат бетінде қайта қалпына келтіруге күш салды және отаршыл қызыл жүйені соған мойынсал етті. Бірақ соның бодауына өздерінің асыл жандарын беріп тынды. Ал қазақтың мемелекеттілігі мен тарихын Кенесарыхан мен Шыңғысханның арасына тұтастыруды Мұрат тұтқан Ермұхан Бекмахановтың өмірі қуғын-сүргінмен, абақтыға қамалумен өксіді. Ең ақыры елуден асар-аспастағы жасында ауыр азап арқалап өмірден озды.
Демек қазақтың Шыңғысханшыл болуы кешелі-бүгінгі нәрсе емес немесе сіз бен біздің шығарып жүрген жаңалығымыз емес. Кейбіреулер қыжырта айтып жүргендей, бұл «Америка ашу», «Велосипед ойлап табу» тіпті де емес. Қайта бұл – тұтас қазақ халқының сонау X ғасырдан бүгінгі XX ғасырға дейінгі төл ұлттық тарихын зерттеп, зерделеуі болып табылады. Өйткені қазақтың немесе оны қалыптастырған Ру-арыстардың содан бергі тарихы еш уақытта Шыңғысханнан және оның ұрпақтарынан ажырап көрген жоқ. Яғни «Шыңғысхан әулеті туралы бастау мәліметтер не дейді?» деген еңбекте атап айтқанымыздай, Шыңғысхан әулеті тарихы дегеніміз Қазақ халқының тарихы. Тіпті Қазақ сынды ұлттық атымызды да, Қазақ Хандығы сынды мемлекеттілігімізді де тек осы әулет қалыптастырған. Сонау Керей хан мен әз Жәнібек ханнан тартып барлық ханымыз ұлы Шыңғыс қағанның тікелей ұрпақтары. Атап айтар болсақ, жоғарыдағы екі ұлы ханымыздан басқа аттары ең көп аталатын Қасым хан, Хақназар хан, Есім хан, Салқам Жәңгір хан, әз Тәуке хан, Әбілмәмбет хан, Әбілпейіз хан, Абылай хан, Кенесары хан, түгел-түгелімен Шыңғысханның тұңғыш ұлы Жошы ханнан, дәлірек айтқанда оның үлкен ұлы Ордадан тарайды. Одан басқа да осы әулеттен тараған ұлы тұлғалар өте көп. Шоқан Уалиханов, Әлихан Бөкейханов, Шота Уалиханов, Шарыпхан Жеңісханұлы, Мақатан Шәріпханұлы, Батухан Әленұлы, тіпті бертінгі және осы замандағы бұл әулеттен шыққан ірі тұлғалардың бәрін санамалап шығудың өзі үлкен ізденісті талап ететін шаруа.
Ал монғолдар арасында ше? Жапониялық әйгілі монғолтанушы ғалым Отаги Матсуо өзінің «Құбылай хан» атты монографиясында осы заманғы монғолдар арасында Шыңғысхан ұрпақтары жоқ екенін сонау XX ғасырдың басында-ақ үзілді-кесілді тұжырып айтқан-ды. Францияның әлемге танымал монғолтанушысы Рене Гроузет (勒内.格鲁赛, (1885 – 1952) Renе Groussеt) өзінің «Дала ұлыстары» («草原帝国») деген еңбегінде Ойраттар Шыңғысхан әулеті тарихының тек шет-жұлығында ғана кездеседі деп атап көрсеткен. Тарихи бастау мәліметтерге көз жіберсек «Жамиқ ат-Тауарих» пен «Құпия шежіреде» де Темежан (Темүжан, 铁木真) тоқсан бес мыңдық қосын құрып Ұлы хан – Шыңғысхан атанған соң барып, кейінгі кезде ұлы Жошыны жұмсау арқылы Түмен ойрат сынды шағын ғана тайпаны соғыссыз бағындырып ала салған. Демек Шыңғысханның мемлекет құру күресіне де, оны хан көтерген құрылтайға да ешбір қалмақ текті тайпа қатынаспаған. Қайта оның ең қуатты қолдаушысы да, ең күшті қарсыластары да Түрік текті, тіптен қазақ текті Ру-арыстар болған. Айталық Жалайыр, Қоңырат, Керей, Найман, Дулат, Оңғыт (Уақ), Сіргелі (Сіргеті, яғни бұл Барын, Барлас, Суқаты, Дөрбен тайпаларының ортақ аты, арыстық), Шанышқылы (Чанчығұт), Байұлы (Байоғыт), Таз, Тана, Дойт (Дойтығұт), Алшын (Алчы, Алчын), Тататар (Жоғарытағы Кіші Жүз Руларын сол кездегі бастаухаттар Татар деп атаған, ал қазіргі Татар текті Түріктерді ол кезде бұлғар деп атайтын), Қыпшақ, Қаңлы, Қырғыз, т.б. болып кете береді. Көріп отырғандарыңыздай мұның ішінде бірде-бір қалмақ текті Ру жоқ. Сөйте тұрып осының барлығын батыстық, Руссиялық және Қытайлық тариқшылар «Монғол Рулары» деп атаудан танбай келеді. Олар әсіресе Жалайыр, Қоңырат, Дулат, Татар, Керей, Найман, Уақ (Оңғыт) арыстарын «Нағыз монғолдар» есептейді. Бұл тарихи әділетсіздік жайлы, ғылыми негізі жоқ қате қалыптасқан ұғым жайлы көптеген қазақ ғалымдары мен қаламгерлері жазып келеді. Әсіресе Марал Ысқақбайұлы, Бексұлтан Нұржекеұлы қыруар дәйектерді келтіре отырып шыр-пыр болып арт-артынан мақала жазуда.
Ал негізінде Шыңғысхан және оның әулеттері туралы X – XV ғасырлар аралығында хатқа түскен мәліметтерді зерделеп оқыса, мейлі мұсылман, мейлі батыс авторлары, немесе басқалар жазса да олардың айтылымында (версиясында) болмаса, тарихи тұрғыдағы шынайы деректік негізінде аса зор парықтар жоқ. Олардың барлығы да Шыңғысханның тегін Түрік, дінін Ислам, мекенін Қазақ даласы етіп көрсеткен. Айталық Рашид ад-Дин мен Әбілғазы Баһадүр хан Шыңғысханның атабабасының мекені Сайрам (Шымкент), Талас (Жамбыл), Ұлытау (Орталық Қазақстан), Қарақұм, Борсық (Арал теңізі маңы) екенін ап-анық көрсетіп жазады. Содан Шыңғысханның жетінші атасы Қайдау (Қайду) ханның бала кезінде ағайын арасындағы ушыққан жанжал салдарынан олар Өнен (Онон) деген өзен бойына көшіп келеді. «Құпия шежіре» сол Өненді Ілеті деп те жазған. Сондай-ақ оның бойында Нарат, Шаты, Құлжа, Бұрқан, Түрген, Қарқара, Шарын (Шарғын-чак), Қапшағай (Зерен-қапшағай) деген жерлердің бар екенін «Құпия шежіре» мен «Жамиқ ат-Тауарих» мәліметтері алма кезек, бірін-бірі толықтай отырып көрсетіп береді. Демек «Ілеті» деген тарихи топоним мен жоғарыдағы бүгінге дейін сақталып келе жатқан жер аттары Өненнің бүгінгі Іле өзені екенін бұлтарыссыз дәйектейді. Әсіресе осының ішіндегі Шыңғысханның Ата-Жұрты болған Бұрқан мен Түрген деген жерлер күні бүгін сол Іле бойында бар, әрі әлі де дәл солай деп аталады (Алматы облысы Жаркент ауданының жерінде). Ал бұл екеуімен аттас жер қазіргі Монголияның өзінде де, оның төңірегінде де жоқ екенін «Жамиқ ат-Тауарихты» зерттеп аударған кезіндегі Кеңес Одағы ғылым академиясы ғалымдары да, дәл сол төрт томдықты қытайша аударған қытай ғылым академиясының ғалымдары да арнаулы түсіндірме жазу арқылы ашып көрсеткен. Олар тек Рашид ад-Диннің Бұрхан тау деп жазғаны Монголиядағы Кенті (Хиентией) тауы болуы мүмкін деген солқылдақ жорамал ұсынады.
Ал Шыңғысхан әулетінің Астанасы Қара-қорымда болып қайтқан бірден-бір батыс авторы Уллиям Рубрук (1253 – 1254 жылдар) Іленің балқашқа құяар сағасы маңында Орғанұм (Organum) деген жердің бар екенін баян етеді. Ендеше Шыңғысханның атамекені ретінде айтылатын Өнен (Онон), Орхон (Орғанұм), Бұрқан (Бұрхан), Түрген бәр-бәрі де Іле алқабында ежелден бар болған деген сөз. Тағы бір назар аударуға тиісті жері Рубрук те, Карпини де Шыңғысхан әулетінің Ордасы (сол кезде Үкітей, Мөңке қағандардың Ордасы) Алакөлге жақын болғанын баян етеді. Олардың сапарнамаларынан екеуінің де қазіргі Батыс Қазақстан (Жайық бойынан) осы араға 70 – 80 күндік суыт жүріспен әрең келгенін, сол жерден ордаға қиын жолда мимырттап жүріп-ақ 15 – 25 күн шамасында жетіп қойғанын оқимыз. Атап өткеніміздей, екеуі де осы көлдің басына дейінгі жүрістерінің өнімді болғанын, онан соңғы жолдарының таулы, маусым айының өзінде асулары қарлы болғанын немесе желтоқсан айындағы әрі таулы, әрі қасат қарлы жолда жүрістері өнбегенін баяндайды. Енді ойлап қараңыз, Алакөлден Ордаға дейінгі аралық, ең көп болса Жайықтан осы араға дейінгі жолдың бестен біріндей-ақ болған. Орда отаршыл жүйе ғалымдары айтқандай қазіргі Монголия жерінде болса, жолдың салыстырмасы дәл мұның керісінше болар еді. Екінші бір жағынан, Жайықтың арғы бетінен Улаанбаатар немесе Кокхот бағытына келе жатқан жолаушы теріс-қағыс жүріп Шу мен Ілеге келмес болар? Сарыарқаның солтүстігімен шығысқа қарай төте тарта, Ертісті өрлей барып Өр Алтайдан ары не Қобдаға қарай, не Бәйтік пен Қаптыққа қарай неге кетпеске? Осы түйткілдерден сырт, ол екі сапарнамашы өзді-өз баяндарында Алакөлден кейінгі сапарында шығысқа қарай емес, оңтүстікке, әлдебір биік тауға, яғни қазіргі Арқас Алатауы (Жоңғар Алатауы) жақты бетке ала жүргенін жазады. Сондай-ақ олардың екеуі де сол таудың оңтүстік жағындағы бір жерге, суы негізінен батыс жаққа қарай ағып жататын бір өзен алқабына, бүгінгі жағырапиялық түсінікпен Іленің бас жағындағы екі Алатау арасындағы аңғарға барған. Орданың қыстауы мен жайлауы да, Қара-қорым қаласы да шамамен алғанда осы өңірде болыпты.
Демек түпнұсқа деректің қай-қайсысы болсын Шыңғысхан әулетінің Ордасын да, астанасы болған Қара-қорым қаласын да бүгінгі Жетісу өңірінен, тарихтағы Жете немесе Моғолстан (Мұғұлстан, Маңғұлстан) өлкесінен көрсетеді.
Айтпақшы Рашид ад-Дин Түрік халқының (қауымының) ұйғыр (ұйғұр), маңғұл (моғол) деген екі салаға бөлінетінін айта келіп, олардың мекені Моғолстан (Маңғұлстан) деп аталатынын нақтап көрсеткен. Ал Моғолстан тек осы жете, яғни Жетісу өңірі болатын. Тарихта бұдан басқа ондай атты ешбір жер болмаған. Керек десеңіз Шағатай ұрпақтары құрған Моғолстан хандығы да Жетісудан Қашғарияға дейінгі өлке еді. Әйгілі ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулати да, Шағатай ұрпағы, Әбусағит ханның ұлы Әбдірашит хан да осы өлке де туып өскен. Бойлық бағытпен алғанда Маңдайсүбеден (Қашғариядан) Емілге (Тарбағатайға) дейінгі аралық осы хандыққа қараған. Бастау мәліметтерде айтылған моғол қауымы мен бүгінгі монгол халқының ешбір этникалық байланысы жоқ. Тар мағынада моғол (маңғұл) деген тарихи атқа Жалайыр, Жаныс, Дулат, Қоңырат, Меркіт қатарлы Түрік Рулары кірсе; кең мағынада оған Керей (Керейт), Найман, Уақ (Оңғыт) секілді дербес хандығы бар Түрік Рулары да қамтылған. Яғни бұл түйеде қалмақ текті бауырлардың жүгі жоқ деген сөз. Ал әлгінде Рашид ад-Дин айтқан ұйғыр сынды тағы бір байырғы этнонимге келсек, оны біз тарихи дәйектерге сай «Құпия шежіренің құпиясы», «Түгел тауарихтың түбінде не жатыр?», «Шыңғысхан әлеті туралы бастау мәліметтер не дейді?» деген еңбектерімізде Үйсін этнонимінің синонимы деп көрсеткен едік. Өйткені Әбілғазы Баһадүр хан тоқалақ Темір ханның балалық шағы жайлы берген дерегінде Моғолстан мен Ұйғырстанды бір өңірден – Жетеден көрсетеді. Ал Рубрук деректері ұйғырлардың мекенін Жетісу тауларынан батысқа қарай деп жазған. Тағы да Әбілғазы Баһадүр ханның дерегінде біраз ұйғырлар шамамен Сыр бойы, Үргеніш өңірінен көрініс береді. Сосын осынау байырғы атау тарих сахнасынан бой көрсетпей кетеді. Бұл деректер бізге ұйғырлар мен үйсіндердің мекені әрқашан да бір болғанын көрсетеді. Бұған қарап бір кеңістік ішінде, бір уақытта екі этнос қатар жасамаған, қайта екі этноним де бір этностың аты болған деген қортындыға келдік. Лингвистикалық тұрғыдан алғанда да екі этнонимнің бір «Ұю» түбірінен шыққанын байқау қиын емес. Біздің пайымымызша Түрік халқының осынау саласы тубаста, Оғыз хан заманында Ұйғыр деп дара, онан соңғы замандарда Ұйғыр және Үйсін деп қатар аталып, ең соңында, Қазақ Хандығы заманынан бастап тек Үйсін деп аталған. Ал 1921 жылы Ташкентте ашылған съезде (құрылтайда) «Ұйғыр» (Ұйғұр) сынды тарихи этноним қазіргі ұйғыр халқының аты етіп белгіленді. Бұл осы этнонимнің тарихтағы этникалық мағынасымен қатыссыз, мүлде тосын оқиға болатын. сондықтан ежелгі «Ұйғыр» этнонимі мен осы заманғы ұйғыр бауырлардың атын шатастыруға болмайды. Ұзын сөздің қысқасы, тарихтағы «Моғол» (Мұғұл, маңғұл) этнонимі қазырғы монғол (монгол) халқымен қатыссыз да, тарихтағы «Ұйғыр» (Ұйғұр) этнонимі бүгінгі ұйғыр түріктерімен қатыссыз. Олардың аттыры тарихтағы өзіне сәйкес этнонимге тек лингвистикалық тұрғыдан ғана сабақтас.
Осылар сияқты бізді жаңылтып жүрген кейбір тарихи ұғымдар, әсілінде мүлде ондай емес болатын. Оны өткендегі отаршыл жүйе идеологтары мен соның кейбір жат ниетті тарихшылары әдейіге түпкілікті мәнінен бұрмалап тастаған. Керісінше бастаухаттарда қалайда айқын шындық бар. Жоғарыда айтқанымыздай олар Шыңғысханның атамекені Монголияда емес, Моғолстанда, яғни Жетісуда болғанын өздерінің жүйелі баяндаулары арқылы нақтап көрсетіп кеткен. Солардың ішінде Рубрук жоғарыдағыдан басқа да аса құнды деректер береді. Оның жалпы түрік халықтары мекеніндегі сапары Қыпшақ жерінен басталып, Алакөл маңындағы Найман жерінен аяқталады (отаршыл жүйе тарихшылары айтқандай Наймандар әлде қайдан қаңғып келмеген. Олар Қалжыр, Қалғұты, Тұқыл, Тақыр (Тақтақ), Ұлытау, Алакөл маңында сонау X ғасырдың өзінде жергілікті ел болатын. Бастаухаттар Меркіттерді де Сауыр (қу-сауыр), Қаратал өңірінен көрсетеді. Демек Қазақ Рулары әлде қайдан ауып, босып келді деген сөздің ешбір тарихи негізі жоқ). Жолда Кіші Жүздердің, Қаңлылардың, Үйсіндердің жерін басып өтеді. Содан Мөңке қағанның ордасында қысты өткеріп, келер жазында еліне қайтады. Сол қайтып бара жатқан сапарында ол өзінің тек бір ұлттың ғана ішінде болып қайтқанын астын сыза айтады. Басқаша айтқанда, ол өзының бірыңғай Түрік халқының ішінде болғанын төтенше таңқаларлық дәрежеде анықтап көрсеткен. Ал келе жатқан сапарында Таласты Мөңке қағанның ордасына жақын етіп баяндаған-ды. Қарпини екеуінің баяны бойынша да Алакөл маңындағы өлке Шыңғысханның Атажұрты делінеді. Оған қоса Жошы ханның және оның үлкен ұлы Орданың қарашаңырақтары осында екенін ман бере жазады (бұл деректер қазақхандығының қарашаңырағы ежелден қазақ жерінде болғанын көрсетеді).
Авторлар Алтын Орда деген тарихи атауды да дал осы Жетісу өлкесіне байланысты атап өткен. Сондай-ақ ордадағы негізгі тылдың Татар тылы, яғни Кіші Жүз диялектісі негізіндегі Түрік тілі болғанын, одан қалса араб тілі болғанын сапарнаманың өнбойынан аңғаруға болады. Тіпті орданың бас бітікшісі (хатшысы) де Шынғай (Чынхай) атты Керей екен. Ендеше осыған қарап Шыңғысхан Ордасы түрік тылды, ислам дынды болған деген қортынды шығару онша қиын емес.
Бұл ғана емес, автор Қара-қорымдағы қаған сарайы мұсылмандар ауданында екенін, онда екі сәулетті Мешіт болғанын, ал шіркеу қаланың шеткері жағында жұпыны күйде тұрғанын егжей-тегжейлі жазады. Бұл дерек те Шыңғысхан ордасының мұсылман дінді болғанын анық көрсетеді. Сондай-ақ Карпини де, Рубрук те Орданың мұсылмандарды жақсы көретінін, християндар мен тойындарды (буддистерді) жек көретінін көп қайтара хаттаған. Карпини Орданың ғибадат үйі пішін жағынан шіркеуге ұқсайтынын, олардың діні бойынша да Ғайса (Ғ.С.) ардақталатынын жазған-ды. Бұлар да мұсылмандыққа берілген сипаттамалар. Ал Мөңке қаған Рубрукке өзінің және өзі шыққан ұлттың християн да, буддис те емес екенін қадап айтады. Сонымен бірге христяндардың өздеріне жаратушыдан түскен Кітапты «Інжілді» бұрмалағанына өкінішті козқарас танытқан. бұл деректен де мөңке қаған мен оның шыққан халқы түгел мұсылман болған дегеннен өзге қортынды шығару мүмкін емес. Бұған Жошы ханның мұсылманша жерленгенін қосыңыз. Ал Шыңғысханның көптеген немерелерінің есімдері мұхаммед, Қожа, т.б. дегендей қах мұсылманша болған.
Біз әлі алжасып жүрген, отаршыл жүйе әдейі солай шатастырып кеткен кейбір аса маңызды тарихи ұғымдарды Рубруктің өзі жазған «Рубруктің шығысқа сапар естелігі» атты сапарнамасы анықтап береді. Оның берген дерегінен қытай, қара-қытай дегеннің Керей, Найман, Оңғыт (Уақ) қатарлы Түрік Рулары құрған алып иперияның аты екенін анық білуге болады. Ол Керейдің Оңханы (Иоанхан деп жазылған) мен қара-қытайдың гұрханын туыс деп көрсеткен. Ал бұл бастаухаттар үшін тосын дерек емес болатын. Рашид ад-Дин Керейт Гүрхан мен қара-қытай гүрханның бір адам екенін және оның нақтылы есімі елшітей екенін анықтап жазып кеткен. сонымен бірге онда елшітей Оңханның (тұғырыл ханның) әкесі Құрыш құз Бұйрық ханға туған іні болатыны да нақты жазылған. «Шыңғыс-қағанның қузауыры» («Құпия шежіренің» түпнұсқасы) осыған сәйкесті дерегінде Абақ Гүрхан (Гүрхан абақ) деген сөзді қолданады. Сондай-ақ Оңханның ата-бабасына тарап еншілі жердің ішінде Қарақас, Иорынқас (қазіргі оңтүстік Шыңжаңда) деген жерлердің бар болғанын нақтылы жазған. Осынау түпнұсқа деректердің барлығы да қара-қытайдың ешқандай да Шүршіт (Манжүр) емес, қайта нағыз Түрік екенін өте анық, әрі талассыз түрде көрсетіп береді. Жоғарыдағы Рубрук өзінің аталмыш әйгілі сапарнамасында Керейлер мен Наймандардың християн емес, керісінше автордың өзіне «Жат дінді» (Мұсылман) екеніне де арнаулы тоқталған. Тіпті оларды християн деп өсек таратып жүргендер өз дінінің кейбір секталарынан шыққан монахтар екенін де ашалап атап көрсетеді. Ал біз болсақ жат мақсатпен жазылған еңбектерге, бөтен ойды көздеп түсірілген фильмдерге әлі сеніп келеміз. Іс жүзінде Түрік халқы одан үш ғасырдай бұрын, Қарахандар заманында, Махмұд Қашғари бабамыздың тұсында толықтай мұсылман болатын.
Шыңғысхан әулеті заманы дінсіз, білімсіз, өнерсіз болды деген сөздің бәрі тарихи деректерге қайшы түрде немесе тарихи шындықты бұрмалаған түрде жасалған ойдырма жалалар. Шын мәнінде европада болған индустриялық төңкеріс сол замандағы жетістіктердің заңды жалғасы болатын. Бұған Морко Полоның Құбылай қаған жасақтаған кеме құрамасына отырып қазіргі Қытай жағалауынан Парсы шығанағына дейін жетіуі анық бір дәлел. Онда неше жүздеген қарулы жасақ, ат-көлік, дүние-мүлік, көптеген жолаушылар болған. Демек әлемдік теңіз қатынасы европалықтардан көп ғасыр бұрын қалыптасқан. Сол сияқты Рашид ад-Дин Құбылай әулетінің қытайда қырық көш (1500 – 2000 шақырым) ұзындықта канал қаздырып кеме қатынасын жолға қойғанын айтады. Оның кереметі сонда, жүк тиелген кемені бөгендерден (тоспалардан) көтеріп өткізетін механикалық құрылғылары болған. Ал каналдың жағасына арба жолын салып, оның жиегіне саялы орман белдеуін отырғызады. Сөйтіп адам да, көлік те күнге қаңсымайтын, арба батпақтамайтын қолайлы жолқатынасы қалыптасқан. Марко Поло бүкіл ұлыстағы барлық жол жағалауларына екпе ағаш отырғызылғанын баян етеді. «Шыңғыс қағанның қузауыры» бұл деректі ары қарай кеңіте түсіп, тұтас ұлыс көлемінде жол салынғанын, бекет орнатылғанын, шөлді аймақтарда құдықтар қаздырылғанын, халықтың салығы бір пайыз (жүзде бір) ғана болғанын жіліктеп айтады. Осының барлығы да өсекелең дәрежедегі дамудың көрінісі болмақ.
Біз жаттың тіліне еріп ұлы Шыңғыс қағанды – әз Алашаханды, ұлық Әмір Темірді және олардың әулеттерін зұлым, тиран дейміз. Шындығында олардың Түрік халқына, адам баласына жасаған еңбегі жауына істеген қаталдығынан әлде қайда зор болғанына көз жұмбайлық жасап келдік. Осынау алып әміршілердің ұрпақтарынан талай ұлы реформатор, ғұлама ғалым, білгір астроном, дарынды сазгер шыққанына да назар салмаймыз. Тіпті әйгілі «Он екі Мұхамның» төртеуін Шыңғысхан ұрпағы жазғанын Ораз Исмайыл Әли Дәруішке сілтеме жасай отырып көрсетіп кеткен еді. Бұл түркі мәдениетіне, сол арқылы әлем мәдениетіне қосылған өшпес үлес.
Ұлы патшаларды «Зұлым» деп балағаттау ең оңай қаралау технологиясы саналады. Өйткені барлық жеңіске жеткен патшалар, өзінің жауын жеңген тұлғалар. Ал жауды жеңу, яғни жеңіске жету жауын өлтіру арқылы жүзеге асатын әлеуметтік (социалогиялық) құбылыс.
Егер ұлы тұлғаларымызды жат ниеттілер жасаған бұл әдістеме арқылы бағаласақ, онда басы Мұхаммедтен (с.а.с) тартып сау ешкім қалмайды. Тіпті қас батырларымыз Кенесары, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, ер-Жәнібек, Жалаңтөс, Есет, қысқасы ұлы мақсат тіктеген, ел қорғаған тұлғаларымыздың бірде-бірі жауын өлтіруден аман емес. Бірақ олардың қай-қайсысы да біздің ұлтымыз үшін мәңгілікке ұлы болып қала береді. Ал бүгінгі «Қолы таза», «Аузы иманды» саналып жүрген, бірақ ұлтқа түк істеп бермеген зиялылардың бірде-бірі ол кісілердің тырнақтарына да тұрмайды.
Беделді бастаухаттың барлығы, айталық «Жамиқ ат-Тауарих» (Рашид ад-Дин), «Құпия шежіре», «Алтын шежіре», «Бабырнама», «Тарихи Рашиди», «Түрік шежіресі», тағы да «Жамиқ ат-Тауарих» (Қадырғали Жалайыри) түгелдей Шыңғысханның тегінің түрік екенін, оның ішінде Жалайыр екенін, ал нағашы және қайын жұрттарының Қоңырат екенін тіке және анық түрде жазып қалдырған. Шыңғысқан Жалайыр Саба батыр (Қадірғали Жалайыридың түп атасы) мен Жалайыр Жамұқаның төртінші, бесінші атадан қосылатын өте жақын туысы. Сондықтан да Рашид ад-Дин Шыңғысханды «Жалайыр Руы» деген тараудан бастап таратады. Бейне Оңханды «Керейт Руы» тарауында, Таян хан «Найман Руы» тарауында таратқаны секілді.
Міне қазақтың Шыңғысханшыл болуының түп негізі, тарихи қайнары осында. Егер Қазақ тарихынан, Түрік тарихынан Шыңғысхан тарихын қопарып алып тастаса, онда біздің тарихымыз жондамасын біреу ойып әкетіп, тек қырдасыны ғана қалған бұлғарыға ұқсап қалады. Ал қырдасынның барар жері күресін (мусор) болмақ. Яғни біздің тарихымыздан Шыңғысхан өшіріп тасталса, бір шөкім қиқымды алдымызға үйіп қойып, күллі әлемнің көзінше тәнімізді алақанымызбен басқан күйімізде тырдай жалаңаш отырып қаламыз.
Біреулер «Қазақ Шыңғысханды дәріптегенін қашан қояды?» деп сұрақ тастапты. Менше ойтыу ұшын қазақтың сенімін өлтіру керек, тілін орысша «калимаға» келтіру керек. Не болмаса, қазақтың көзін шелмен байлату керек, тілін қытайша сайрату керек. Түфу, ондайдың бетін әрі қылсын! Ал Қазақ ел болып тұрады екен Мұхаммед (с.а.с) мен ұлы Шыңғысханды – әз Алашаханды аузынан тастамақ емес. Енді біреулер «Шыңғысханның Руын зерттемеу керек, өйтсе Рушылдық болып кетеді» дейді. Сонда қалай? Тексіз Түрік, Русыз Қазақ бола ма? Керісінше Шыңғысханды зерттейтіндердің өздері Рушылдықтан ада, пасықтықтан таза болулары шарт. Сосын тарихи ақиқатты шамаңның жетісінше аша бер. Абай атамыз Арғын болғанда өті жарылып өлген қазақ жоқ қой. Қайта Үш Жүз болып төбемізге көтеріп, күллі әлемге танытпадық па! Шыңғысханның Жалайыр екенін, Жалайыр ішінде Төре деген Рудың болғанын «Жамиқ ат-Тауарих» (Рашид ад-Дин) ап-анық жазып қалдырды. Біздің бұл тарихи шындықтан бас тартуға ғылыми тұрғыдан да, адами тұрғыдан да қақымыз жоқ және Шыңғысхан болмаса біздің тарихымыз да жоқ.
Алашыңды ардақтаймын десең, Алашаханыңды – Шыңғысханыңды ұлықта қазағым!
(Түбі Сіргелі Құбылай нояннан шықса да Әмір Темірді өзбек бауырлар өз бабамыз деп басына көтеріп жатыр ғой. Бізге де сондай бірыңғай ұлттық тарихи сана керек. Кей кісілер «Шыңғысханды алдымен Түрік қылып алайықшы» деседі. Сонда қалай? Қазақ болса Түрік болмай қала ма? Мәселе «Қылып алуда» емес. Тарихи шындықтың өзі солай болғандығында – Шыңғысханның Қазақ текті Түрік болғандығында. Ал шындықты айту күнә емес, қайта бұрмалау күнә!).