1986 жылдың 16 желтоқсаны – қазақ халқы үшін айрықша күн екені баршаға аян. Дәл осы күні осыдан 23 жыл бұрын жүздеген қазақ жастары алаңға шығып, Қазақстанның егемендігі үшін күрескен еді. Ел ертеңі үшін алаңға шығып, сол жылғы қазақ жастарының көтерілісіне қатысқандардың қатарында алматылық Эльмира Мәлікова да бар. NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Эльмира Мәлікова 1986 жылда болған қазақ жастарының көтерілісіне қалай қатысқанын айтып берді.
Бүгінде бала сүйіп, немере бағып отырған Эльмира Мәлікова 1986 жылы жасы небәрі 20-да болғанын айтты.
"Сол кездегі Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының орыс филологиясы факультетінің орыс бөлімінің 1-ші курс студенті едім. Орыс бөлімінде 15-16 адамдай оқыдық, олардың тек бесеуі ғана ауылдан келген қазақ қыздары болды. Cтуденттік жатақханада тұрдық.
Желтоқсанның 15-16-сында Қонаевты алып тастады, Колбинді қойып жатыр дегенді естідік.
Жаспыз ғой, 20 жастағы қыздар саясат жайлы не біледі дейсіз? Тек сол бойымызда ұлтымызға, халқымызға деген патриоттық сезім оянып, алаңға шыққан шығармыз. Жалпы, көтерілістің қалай басталғанына тоқталып өтейін. Сол күні әдеттегідей Александр Жовтис деген профессордың сабағында отырғанбыз.
Бір уақытта бір топ жастардың "Алаңға кеттік, қазақ үшін" деген ұранмен ғимаратқа тап кіргенін естідік. Әлгі профессорымыздың қатты қорыққаны соншалық, есікті парталармен жауып тастады.
Сосын Рубинина деген деканымыз болатын, ол кісі де деканатқа кіріп, есікті кілттеп алғаны есімде қалыпты. Сөйтсек жастардың бәрін осылай жинап жүр екен. Біз де солардан қалмай, алаңға қарай ілесіп кеттік. Жолда бара жатқанда білдей бір көлікті аудара салғанды өз көзіммен көрдім. Алаңның да астан-кестені шыққанын көрдік. Қираған әйнектер, сынықтар шашылып жатты. Сөйтіп күндіз алаңға бір рет барып, жатақханаға қайттық.
Кешке қазақ бөлімінің қыздарымен бірге тағы да жаяу алаңға қарай шықтық. Жолда түнгі 12-лер шамасында сол кездегі зауыттарда істейтін қазақ балаларын кездестірдік. Сөйтіп 20-30 шақты адам болып алаңға қарай бет алдық. Бір мезетте алдымыздан бір топ милиция шықты. Бір қызығы олар бірден басымыздағы бас киімімізді ұстап көрді. Басында түк ұқпадық. Сөйтсек, біздің алдымызда бір топ қыз-жігіттердің үстіне суық су құйыпты.
Милиция осылай қалпақтарымызды ұстап, құрғақ екенін біліп, бізді жөнімізбен жіберген екен. Сосын тағы бір еске түсіп отырғаны жолда кездескен балалардың қолдарында саяси үндеу, парақшалар болған, оны да түнделетіп тоғайларға, қабырғаларға іліп тастадық.
Өкініштісі милицияға қайта жолығып, олар бізді итпен қуғаны әлі есімде. Олардан қалай қашып құтылғанымыз да есімде жоқ. Жас болдық, содан кейін де қашып кеткен шығармыз? Түнде жақын маңдағы танысымыздың үйіне қондық",- деп еске алды Эльмира Мәлікова.
Кейіпкердің айтуынша, ертесінде қазақ тобының қыздары алаңға кетіп қалған екен. Өкініштісі, сол қыздардың барлығы 10 күн бойына түрмеге қамалыпты.
"Оларды тек 10 күннен кейін ғана көрдік. Түрлері бозарып, реңдері кетіп қалған, халдері өте нашар күйде болды. Ол аздай қыздардың ата-анасына шағымданып хат жазған. Ал, жатақханадағы бөлмеме келсем, менімен бірге тұратын Күлән деген қыз орнынан тұра алмай жатыр. Не болды десем, арқасы қап-қара болып кеткен.
Сонда таяқпен ұрғандағы, арқасындағы қарайған іздер қалып қойыпты. Бәріміз қашқан сәтте құлап, милицияға ұсталып қалған екен. Абырой болғанда, көшеде жатқан жерінен біреулер тауып, ес жиған. Кейін де сол кездегі КГБ қызметкерлері келіп, балалардан талай рет сұрау алған. Старостамызды оқудан да шығарып жіберді. Естуімізше, олар көтеріліс кезінде сырттан биіктен суретке түсірген екен. Сол балаларды сосын бәрін басылған соң тауып, оқудан шығарып жатты", - дейді желтоқсан қатысушысы.
Эльмира Мәлікованың айтуынша, екінші күні алаңға барғанда Роза Бағланованың өзі жастарға басу айтып, сөз сөйлеген екен.
"Саясат қой, осылай атақты адамдарға жастарға басу айтқызған еді. Сосын желтоқсанның 18-дерінде бізді жиналысқа салды. Тюрин деген мықты оқытушымыз болатын. Сол кісі ғана бізді жақтап шыққан шығар. "Қыздарды сөкпеңіздер, олардың көтеріліске шығуға толық құқығы бар. Себебі жер солардыкы, ел де" деп айтқаны әлі есімде.
Айта кетерлігі, бізге сол уақытта Дос Көшім, Жасарал Қуанышалиндер сабақ берген. Ал, бәрі басылған соң, біраз уақыт өткенде бізге Колбиннің қызы Колбина Мария Геннадьевна сабақ беруге келді. Сол кісінің "Қазақстанды, қазақ халқын құрметтеймін" деп айтқаны әлі есімде.
Бірақ сол оқиғадан кейін, көп ұзамай, бізде сабақ беруін тоқтатты. Өкініштісі, оқудан шығарылған балалармен байланыс үзіліп қалды. Көбі қарапайым ауылдан шыққан қыздар еді, қазір қайда екен, өмірлері қалай болды екен, соны өзім де білгім келеді. Әрине, сол күндер санамнан кетпейді", - дейді алматылық ана.
Кейін кейіпкер оқуын аяқтап, 5-ші курста тұрмыс құрып, бала сүйген.
Сондай-ақ, ол сұқбат барысында белгілі режиссер Қалдыбай Әбенов жайлы да айтты.
"Жолдасым екеуміз жас отбасымыз, алғашында пәтер жалдап тұрдық. Әлі есімде, 14-ші маусым күні мен үлкен қызым Еңлікті босандым, ертесінде жер алдық. Сол кезде Қалдыбай аға біз сияқты көптеген жас отбасыларға, жасы 24-25-тегі қазақтың қыз-жігіттеріне жер алуға көмектескен еді. Соның өзі сол желтоқсан көтерілісінің жемісі деп білемін", - деп әңгімесін аяқтады Эльмира Мәлікова.