Қасым Қайсеновтың жау тылындағы жорықтары: Аңызға айналған ерліктер

Қасым Қайсеновтың жау тылындағы жорықтары: Аңызға айналған ерліктер

Бұрынғы Кеңес одағының 27 миллиондай адамын жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен қазақтардың саны аз болмағаны тарихтан мәлім. Бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгер, командир, қолбасшы, партизан, қарапайым халық өкілдеріне 1934 жылы белгіленген ең жоғары құрмет - Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, соның 103-і - қазақ ұлтынан шыққан.

Ал, жалпы, бұл атаққа 500-ге жуық қазақстандық ие болды. Олардың әрбірінің есімі елдің есінде, халықтың жүрегінде.

Кеңес даласындағы қиян-кескі ұрыстар майдан шебінде ғана болған жоқ, жаудың тылында да партизан отрядтары көзсіз ерліктер көрсетіп жатты. Партизандар эшелондарды жарып, қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік, әскери техникаларды жойып, немістерді орасан шығынға ұшыратып отырды. Тұтқиылдан шабуыл жасап, әскери тұтқындарды босатып алып, түнгі уақыттарда дүркін-дүркін соққы беріп, фашистердің дегбірін қашырды. Әсіресе Кеңес әскері жауды тықсыртып келе жатқанда тылдан шабуыл ұйымдастырып, жаудың берік бекінуіне кедергі жасады. Бұл тәсіл өте жемісті болып шығып, орталық штаб партизандық қозғалыстарға ең жаужүрек жауынгерлерді іріктеп аттандырып отырды. Арнайы әскери дайындықтан өткен мамандар аз уақытта жергілікті халықтан орман ішінде жасақ құрып, әскери тәртіп орнатып, тылдағы қарсылық үлкен күшке айналды. Жеңіс күнін жақындатуға орасан үлес қосқан осындай жаужүрек жауынгерлердің ішінде қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсенов те бар еді.

Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асу-Бұлақ ауылында қарапайым еңбекші отбасында дүниеге келген. 1934 жылы орта мектепті толық аяқтамай, Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түседі. 1939 жылы оны бітірген соң әскери-барлау мектебіне жіберіледі. 1941 жылы қараша айында осы мектепті бітірген бойда, Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіледі. Сол жерден арнайы тапсырма бойынша Украинаның басқыншылар қолында қалған жеріне аттанады.

Бара салысымен Қасым Қайсенов В.И.Чапаев атындағы партизан құрамасының отрядын басқарады. Молдавия, Украинаның Закарпатье бөлігі, Чехословакия және Румыния жеріндегі ұрыстарға қатысады. Осы жылдарда бастан кешкен оқиғаларын кейін көлемді еңбек етіп жариялайды.

«Жау тылында» деп аталатын кітабының алғы сөзінде автор ауыр күндерден есте қалған оқиғаларды сарғайып, тозығы жеткен қойын дәптеріне сүйене отырып жазғанын айтады. Тіпті, майдандағы өмір шындығынан алыс кетпегенін, қанды көйлек партизан достарының аты-жөндері де өзгертілмегенін, жер-су, қала аттары да қаз қалпында сақталғанын жазады. Бұл тұрғыдан алғанда, еңбек аз-кем әдеби көркемделгені болмаса, шынайы естеліктер деп санауға әбден лайық. Бүгін осы бір естеліктерге сүйене отырып қаһарман партизанның жау тылындағы күндерінен сыр шетпекпіз...

Алғашқы сапар

Қасым Қайсенов Оңтүстік-Батыс майданының штабына жетісімен Украина партизандар қозғалысы орталық штабының бастығы генерал-майор Строкачтың бұйрығымен 8-партизандар отрядының командирлігіне тағайындалып, мынандай тапсырмалар алады: Жау қолында қалған Киев, Полтава облыстарында жергілікті халықтан партизан отрядтарын ұйымдастырып, жаудың тылына іріткі салу; көпірлерді, қатынас жолдарын, коммуникациялық тораптарды талқандау; Жеке шыққан немістердің көзін құрту; Жаудың барлық күштеріне бөгет жасап, үреу туғызу...

Жүктелген міндетті орындау үшін 9 партизан алғаш рет жау тылына аттанады.

23 жасқа енді толған Қасым бастаған отряд парашютпен жерге түсісімен жау қоршап алып, қасындағы жолдастары түгел қаза табады. Әрең дегенде неміс солдаттарынан қара үзіп шыққан ол бәлен күн орман ішінде жападан жалғыз жан сауғалап жүреді. Осы кездердегі қиындықтарды былай деп жазады:

«Орман ішінен жүрегіңді жалғайтын нәр таба қою оңай емес. Пышақтың ұшымен қайыңның қабығын тесіп, оған түтік іспеттес іші қуыс қу шөп сұғып, астына консерві қалбырын тосып қоям. Қант қосқан шай тәррізді тәтті-ақ. Ішсем әжәптәуір нәр алып, жүрегім жалғанып қалғандай болады. Екінші бір қорегім: теректің сыртқы қабығының астындағы ақ шелі... Дәмсіз болғанмен, одан да талғау алғандай боламын. Соңғы күндері аштықтан әбден бұралып, көзім қарауытып, басым айналып, қарға адым жер мұң болып барады. Енді еңбектеп жүріп, жоңышқаның көгілдір гүлін теріп жейтін болғам. Одан өзге қорек жоқ".

Өстіп жүргенде Днепр жағасынан балықшы Микола қартқа жолығып, жан шақырады. Ол да немістен қашып, ауыл-ауылды кезіп жүрген пенде болып шығады. Қасымды жақын маңдағы туыстарының үйіне апарып, әлдендіріп, күш жиғызады...

Жарыместің жазасы

Киев облысы Ржицев ауданындағы Македон селосында «соғыс тұтқыны» деген жалған құжатпен еркін жүрген кезі. Жергілікті ұлтшылдардың бірі неміс коменданттарына сыртынан «саяси сенімсіз» деп көрсеткен болуы керек, Қасымды комендатураға тексеруге шақырады. Аудандық астыртын ұйым мүшелері Попов, Клопов, Дыченко, Абраменко, Олейник, Гаман сынды жолдастарымен ақылдаса келе, онда ешнәрсе түсінбейтін жарымес адам болып баратын болып шешеді.

Алба-жұлба киім киіп, кір-қожалақ кейіпте жалаңаяқ комендатураға келген Қасымды неміс полицайлары жиіркене қарсы алады. Қойған сұрақтың бәріне жауап бермей, біресе ойнап тұрған патефонға, біресе қабырғаға қарап мелшиіп отыра берген соң полицайлар: «Мынаны саяси қауіпті деп жүрген жұртта ес жоқ. Өзі орыс тілін де білмейді екен, әбден есі ауып кеткен. Ұлты өзбек болу керек» деп шығарып салады.

Арада екі-үш ай өткенде Ржицев, Переяслав, Мироновка аудандары астыртын ұйымдарының күшімен шағын-шағын екі партизан отряды құрылып, олар орманға кетуі керек болады. Орманға кетпес бұрын жергілікті комендатураларды талқандап, қару жарақтарын алып кету туралы шешім қабылданады. Қасым бастаған топ осы Македон селосының комендантын, 12 полицайын, тілмашын түн ішінде қолға түсіріп, орманға алып кіреді. Таң ата өздері мазақ етіп шығарып салған азияықты көріп, полицайлар «бұны жарымес деп жүрген біз жарымес екенбіз» дегендей өңдері бұзылып кетеді.

Партизан отряды далалық сотының үкімі бойынша жергілікті тұрғындарға тізесін батырған комендант пен оның нөкерлері түгел ату жазасына бұйырылып, жер жастанады. Ағашқы тапсырманы орындап шыққан топ Панитов орманындағы 8-партизан отрядына келіп қосылады.

Козин комендантының көзін жою

Кеңес әскері шегініп, майдан шебі Днепрден шығысқа ұзап кеткен тұста село-қалаларда немістің әскери комендатуралары, жандармдары мен полицайлары ойларына келгенін істей бастайды. Елді тонап, азық-түліктерін тартып алып, майданға, Германияға жөнелтіп жатады. Онымен қоймай, жұмысқа жарамды жергілікті жастарды күшпен Германияға айдатады.

Осы тұста Киев облысы Мироновка ауданы Козин селосы комендантының жауыздығы асып тұрады. Жұрт оның қолға түскен Панас есімді партизанды асқан қатыгездікпен өлтіргенін айтқанда зар илейтін еді. Атысып жүріп жаралы болған жауынгерді селоға әкеліп кескілеп, ыстық темірмен қарып, азаптап өлтірген. Осы залымның көзін жою Қасым Қайсеновке жүктеледі. Ол қасына Иван Примак, Николай Попов, Виктор, Василий Хлопов сынды сыралғы жолдастарын ертіп, сол түні коменданттың көзін жояды.

Мироновка коменданты

Еділ бойындағы шайқастың кезі. Немістер Днепрдің оң жағалауындағы резервте тұрған әскерін сол жағалауға көшіріп, топтастыра бастаған. Бұл төңіректе өз жасағынан айрылған сайын жаудың жергілікті халыққа өшпенділігі өршіп бара жатады. Селолардағы коменданттар, село старосталары «комуниссің», «комсомолсың», «партизансың» деген желеулермен жергілікті халықты атып-асуы көбейіп кеткен шақ. Әсіресе, Мироновка коменданты қаншама жазықсыз адамның қанын мойнына жүктегені жұртқа мәлім болатын. Оның көзін құрту жөніндегі тапсырма Қасым Қайсеновке беріледі.

Әлдебір баскесердің партизандарға қарсы ұрыста ерлік көрсеткені үшін алған құжатын ұсынып, Васяны (тылда жүргенде Қасымды бәрі солай атаған) тапсырмаға жөнелтеді.

Бұл құжатпен ол Мироновка ауданына қарасты Юхно хуторына жетіп, жергілікті старостадан қалаға жеткізіп тастауын талап етеді. Староста бір ауыз сөзге келместен, қасына 14-15 жастағы баланы ертіп, қос атпен жолға шығарып салады.

Тал түсте комендатураға барып, неміс тілін жетік білетінін айтып, хатшы әйелден комендантқа жалғыз кіруге өтініш білдіреді. Жоғарыдан арнайы тапсырмамен келгенін, ешкім мазаламауы керектігін ескертеді. Осылай жалғыз өзі комендантқа кіріп кетеді.

Кіріп барып, секем алдырмас үшін оң қолын көтеріп, немістерше сәлемдеседі. Келесі сәтте төс қалтасына қолын сала береді. Комендант құжатын көрсеткелі жатыр деп түсінсе керек, отырған орнынан тапжылмай қарап отырады. Осы кезде дыбыссыз пистолетті лезде шығарып, қақ маңдайдан басып қалады. Содан соң қалтасындағы «Чапаев» құрамасы далалық сотының жендетті ату жазасына бұйырған үкімін столдың үстіне жайып кетеді.

Шығып бара жатып хатшыға: «Пан ешкімді қабылдамаймын деді. Әзірге ешкім кірмесін», - деп есікті нығарлап жабады.

Ендігі сәтте күдік тудырмау үшін қанша жүрегі тас төбесіне шығып тұрса да, атқа дейін ақырын басып бару керек. Осы сәттегі алай-дүлей болған жай күйін былай сипаттайды:

«Әттең шіркін, атқа бір жетсем-ау» деймін! Анда-санда артыма ұрлана бір қарап қоямын. Күдікті ешнәрсе көрінбейді. Комендатура алыстаған сайын аяғымды жылдам басамын».

Бұлар қаладан шыға бере артынан полицайлар аспанға мылтық атып, бір-біріне белгі бере бастайды. Сәлден соң қуғыншылардың да қарасы көрінеді. Атқосшы бала екеуі әзер дегенде құтылып, орманға енеді. Бұл батыр Қасымның қаптаған жау ортасына жалғыз барып, жұртты қақсатқан зұлымның көзін жойған кезекті тапсырмасы еді. Әрине, мұндай қиын істер тек таңдаулы партизандарға ғана тапсырылатын.

Қасым Қайсеновты Украинадан кейін де талай қанды жорықтар, ерлікке толы ұрыстар күтіп тұрған еді. Штаб тапсырмасымен қасына бір ғана жолдасын ертіп, Карпат тауына түсіріледі. Екеуі аз уақытта жергілікті халықтан жасақ құрып, талай-талай қиян-кескі ұрыстар ұйымдастырады. Сан рет ажалмен бетпе-бет келіп, туған елімен, жерімен іштей қоштасады. Бірақ, ешқашан берілуді, не шегінуді ойламайды. Сол үшін де оны командирі «Казахский народ», «Амангельды» деп арқасынан қағатын. Онысы - батылдығын мойындап, мақтан тұтқаны, мақтағаны да!

Елге оралу

Жау тылынан шығып, Киевтегі Украинаның партизандар қозғалысы штабы қасындағы демалыс үйінде жатқан Қасымды атақты ақын, партизан отрядының комиссары Жұмағали Саин іздеп барады. Осы бір жүздесу оның тағдырында үлкен өзгеріс әкеледі. Себебі, Қасым Қайсенов соғыстан кейін Украинада қалуға бел байлап жүрген. Осы шешімін естіген Жұмекеңнің өңі бұзылып кетеді. Бұл шешімнің дұрыс еместігін айтып, бірден бетін қайтарып тастайды. Өзі құрмет тұтатын ақынға Қасым да қарсы келе алмайды. Тек, басшылық мені елге жібермейтін шығар деген уәжін айтады. Осыдан соң Жұмағали Саин штабқа, Наркоматқа, тіпті Орталық партия комитетіне дейін барып жүріп, Қасымды босатып алады.

Бір қызығы, Жұмекең Украинаға аттанарда «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында бір қазақ келіншегі жолығып, хатын ала кетуін қиылып сұраған екен. Бірақ, уәделі күні екеуі кездесе алмай қалады. Сол келіншек Қасым Қайсеновтың жары - Асыл анамыз болып шығады. Кейін штабтың Вася деп жүргені осы Қасым екенін білгенде ақын Жұмағали қатты өкініпті. Сол айыбын жуып, Қасымды елге алып келіп, Асыл екеуін қол ұстастырған екен...

ҚазАқпарат

Ербол Жанат

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста