"Қарт анам бар деп басшылық жұмыстарға келмеді": Дос-әріптестері Бейсен Құранбек жайлы естеліктерін айтты
Қазақтың көп ауылынан артық кемі жоқ Күреңбел топырағы, тоқал тамдар, кеңес кезінде салынған мектеп Бейсен Құранбектің туған ауылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы Қызылжар ауылы. Туыстары мен дос-әріптестері марқұмның өмірі жайлы ыстық естеліктерін айтып берді.
Бұл туралы BEISEN QURANBEK деректі фильмінде айтылды.
"Мектеп бітірді де Бейсен Алматыға оқуға барды. Оқуға түсе алмай қайтып келді. Оқу қайда деп едім. Оқу жоқ деді. Келесі жылы барам деді. Маған кой бағысуға көмекші болып келді. Мен қамшыны бердім деп, қойға жібердім. Екеуміз қазақ үйде тұрдық. Ол бірнәрсе айтсаң қарсы жауап айтпайтын еді. Егер ұнамаған нәрсесі болса, ұзақ бетіңе бір қарайтын. Содан білесің. Содан қойшының өмірі басталды. Қойшының өмірі сол ғой, бірінен-бірі аумайды. Күнделікті бір серия көріп жатқан секілдісің", - деді ағасы Бейісбай Құранбек.
Бейсен Құранбектің өмірі жолына қарасаң, өзгеден артық-кемі жоқ. Оқуға түсе алмай әскерге аттанды. Әскерден келген соң құрылыс техникумына оқуға түсті. Бірақ ол оқуды місе тұтпай журнаистикаға келді.
"Әулетінде бар еді сөз қонған. Бауырларының бәрі тілге шешен. Бәрі ғылыммен айналысады. Тақыр жерге түк шықпайды ғой. Құнарлы жерге өседі, өнеді. Бейсен сол құнарлы жерден шыққан", - деді әріптесі Серік Әбікен.
Бала Бейсенді қырқынан шығар-шықпастан әжесі бауырына басты. Әлемнің қай қиырына барса да журналист Бейсен алып тауым, ақ бас шыңым деп әжесіне асықты. Өйткені бала Бейсенді дана Бейсенге айналдырған әжесінің даналығы еді.
"Қой бағып жүргенде Бейсеннің қойнында қағаз-қаламы жүреді екен. Спорт туралы, басқа нәрселерді жазады екен. Біз оны білмейміз", - деді ағасы.
Сарбаз Бейсен мен студент Бейсеннің арасында спортшы Бейсен де бар еді. Ол айкидоға шындап бас қойды.
"Бейсен айкидоға 1995-1996 жылдары келді. Ол кезде журналист емес еді. Тіпті мамандықты таңдамаған кезі болды. Ол сондай шынайы еді. Шынайылық пен адалдық айкидо шеберіне қоятын басты талап. Кейін Бейсен танымал болып кетті. Уақытының тығыздығына қарамастан ара-тұра кеп тұрды", - дейді айкододағы ұстазы.
Түсінген адамға айкидо тән ғана емес, жан мен рухты шыңдайтын жекпе-жек өнері. Адамның жауы өзге емес, өзі ғана. Бейсен Құранбектің айкидо шеберлігін өмірде қолдана білді дейді ұстаздары.
Алдымен спорт газеті, кейіннен Рахат, 31 арнада жұмыс істеп, "Хабар" арнасына келді. Қызметі елордада жалғасты.
2005 жылы алғаш рет "Хабар" телеарнасында ресми түрде президенттік пул құрылып, оның алғашқа қазақ тілді журналисі Бейсен Құранбек болды. Журналистикадағы қызмет оған өмірлік тәжірибе болды. Осы аралықта Бейсен Құранбектің азаматтық позициясы қалыптасты. Қажетіне жетердің бәрі болды. Астанада қызметі, отбасы, бала-шағасы, беделі болды.
"Бейсенді көптеген мемлекеттік қызметке шақырды. Бірнеше мекеме басшылығына, жетекшілікке шақырды. Оның ішінде мен де бармын. Үш рет ұсыныс жасадым. Бірақ қолымда қарт анам бар. Туған жерімді тастап кете алмаймын деді. "Айтуға оңайда" жүргенде бес жылда 1000-ға жуық хабар жасапты. Бір хабарда бірнеше кейіпкер бар, бірнеше тағдыр бар, шешілмеген мәселе бар. Соның бәрін Бейсен ауыр қабылдады ма екен деп те ойланамын", - деді Ляззат Танысбай.
"Мен өзімнің орынбасарым бол деп шақырдым. Астанаға қызметке ұсынайын дедім. Бірақ бас тартты. Мен шығармашылық адаммын. Мені қайтесіз? Ондай қызметке жаралмағанмын деп кесіп айтты. Ойланған да жоқ", - деді облыс әкімі Амандық Баталов.
Қазақтың саялы бәйтерегіне айналып бара жатқанда морт сынды. Желіге "жеңіл-желпі сырқаттапын қалдым" деп жазғаны болмаса қалың көпшілік журналистің аласапыран кезін білмей де қалды. Жеңіл-желпі деп ойлаған ауру азаматты алып тынды.
Бейсен Құранбек өмірден озарын сезгендей өмірінің соңында медитациямен айналысты.
"Мына өмірді менсіз елестетіп көремін, мен өмірден өткендей немесе мүлде болмағандай елестетіп көремін", - деген екен өз сөзінде.