Философияда «Бір өзеннің суына екі мәрте шомыла алмайсың» деген сөз бар. Онысы – ағын су бір орында тұрмайды, өзгеріп, жаңарып отырады дегенді білдірсе керек... Ал қазақтың сары аурудай созылған дау-дамайы оған мүлде ұқсамайды, жуырмаңда бітпейді, жаңармайды. Өйткені бізде сөзге тоқтау, уәжге жығылу деген ата салты әлдеқашан ұмытылған. Сондықтан әлдебір бітпес дауға неше қайта араласуға тура келеді.
Менің тарихқа байланысты тартысқа жиі түсетінім, сөзқұмарлығымнан, не дауқұмарлығымнан емес, соған өмірдің өзі итермелейді. Менің бір сұхбат кезінде айтылған «біздің міндетіміз – тарихты өтіріктен тазарту» деген сөзім бар. Бүгінге дейін менің талай уақытым ақиқат үшін алысумен, шындық үшін шырылдаумен өтіп келеді. Бірақ, амал қанша, біздегі адам санасы оңайшылықпен өзгерер түрі жоқ. Сен алысып жүріп, бір өтіріктің бетін қайтарсаң, екінші біреулер қоғам өміріне өтірікті үйірімен енгізіп жатады.
Міне, «Орбұлақ шайқасы» туралы әңгіме тағы шықты алдымыздан. Бұл жайындағы сөз осыдан ширек ғасыр бұрын Орбұлақта шайқастың 350-жылдығын тойлаумен аяқталған сияқты еді. Жоқ, оның жыры әлі бітпепті. Ендігісі жәй, жел сөз емес, «Орбұлақ шайқасы» атты екі сериалы фильм болып, теледидарда көрсетіліп жатыр. Фильмнің бас кеңесшісі кім дейсіз ғой? Сол баяғы «Орбұлақ шайқасының» идеологі Бексұлтан Нұржекеев.
Бұл жігіт алысқа ат терлетіп бармай-ақ, өз ауданы Жаркент өңірін аралап жүріп, Белжайлау маңынан әлдебір қазылған ордың ізін көреді де, ойланып қалады. Ньютонның басына алма құлап кетіп, содан әлемдік тартылыс заңын ашпай ма? Бексұлтан да жаңағы орға қарап тұрып: «Таптым! – дейді, алақанын ысқылап. – Баяғы Салқам Жәңгір Хан мен батыр Қонтайжының соғысы дәл осы арада болған. Мына ор – Жәңгір Ханның Қонтайжыдан қорғану үшін қазған окоптың орны»...
Көп ұзамай Бексұлтан газеттерде «Орбұлақ шайқасы» жөнінде сенсациялық мақала жариалайды. Оны өзінің ауылдасы, сол кездегі республика үкіметінің орынбасар бастығы Қуаныш Сұлтанов қолдайды. Ал, үкімет төрағасы Сергей Терещенко «Орбұлақ шайқасының» 350-жылдығын салтанатпен тойлау жөніндегі қаулыға еш бөгетсіз қол қояды. Оның да қазаққа қайтсем жағам деп жүрген кезі. Ол және бұл бастаманың елбасына да ұнайтынын білетін-ді. Президенттің тікелей қолдауымен жақында 300 мың данамен шыққалы жатқан Балғабек Қыдырбекұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген шапыраштылар туралы кітабына сүттей аппақ фин қағазын қоймадан Сергейдің өзі босатып берген. Демек, қазақтың ру жігіне жүйрік Терещенко осы қызметі арқылы бір оқпен екі қоянды бірдей жығатынын біліп жүрген.
Сонымен, 1993-жылдың күзінде Орбұлақта ұлан-асыр той өтті. Үш жүздей үй тігілді. Үй басы жылқы жығылды. Несін айтасың, қазан да май, шөміш те май. Бір тәуірі, ол кезде колхоз-совхоз әлі тарай қоймаған. Кеңес үкіметінен қалған байлық той шығынын ауырсына қоймады. Менің ішім удай ашыған бір ғана жәй – миллиондаған мемлекет қаржысының өз адресін таппай, мақсатсыз, мағынасыз босқа шашылғандығы еді.
Олай дейтінім, мен бұл той туралы Нұржекеевтен мүлде басқаша пікірде едім. Иә, сол бір 1643 жылы қазақ пен қалмақ арасында сұрапыл соғыстың болғаны рас. Бірақ ол соғыс Орбұлақта емес, басқа жерде өткен. Бұл туралы орыс архивінде сақталған мәліметте Қонтайжының 50 мың әскермен қырғызға қарсы жорыққа аттанғаны, қазақ ханы Жәңгір 600 сарбазбен алдын бөгегені айтылады да, ұрыстың қай жерде өткені жайында дерек көрсетілмеген. Міне, осы арада менің университетті бірге бітірген курстас досым Бексұлтан екеуіміздің арамызда қайшылық туды. Бексұлтан: «шайқас біздің ауданның жерінде өтті. Жәңгір Хан жоңғарға қарсы окоп қазып соғысты» дейді. Ал, мен «қазақ пен қалмақ ешқашан окоп қазып соғыспаған. Сендердің «окоп» деп жүргендерің – ертеде аңдарды қамап ұстайтын аранның орны» деймін. Міне, отыз жыл бойы осыны Нұржекеевке ұғындыра алмай-ақ келемін.
Айтты-айтпады, қылыш-найза, шоқпар-садақпен қаруланған атты әскерге окоптың қажеті не?! Шайқас – Орбұлақта емес, Кегеннен Ыстық-көлге асып түсетін Қарқара асуында өткен. Жоңғар қолын қырғызға апаратын жалғыз жол – осы. Олай дейтінім, бұл жолы Батыр Қонтайжы жер басып алу үшін емес, Алатау қырғызын Жоңғарияға көшіріп әкету үшін келе жатқан. Дәл осы тұста Жоңғар хандығы жерге емес, адамға зәру болатын. Себебі, жоңғарлар қазаққа ғана емес, шығыстағы Маншың хандығымен де аракідік соғысып тұратын. Адам шығыны жойдасыз көп еді. Олар осыдан екі жыл бұрын Енесейдегі үш мың түтін қырғыздарды көшіріп әкелген. Енді, міне, Алатау қырғызын өздеріне қосып алмақ. Кәрі-құртаңына мал бақтырады, жастарын әскерге алады. Жоңғарлар адам тапшылығынан бертінге дейін арылған жоқ. XVIII-ғасырда Сыр бойындағы қарақалпақты зорлап көшіріп әкетіп бара жатқанда, оларды Қабанбай жасағы құтқарып қалғаны есімізде.
Батыр Қонтайжының Алатау қырғызына бет алғанын Салқам Жәңгір кешірек естіп қалады да, әскерге сауын айтуға үлгірмей қарбалас күйге түседі. Оған қалайда қырғызды қорғау керек еді. (Өйткені ол кезде өз алдына хандық құрмаған қырғыздар, қарақалпақ пен құрама сияқты, қазақ хандығына қарайтын). Сондықтан Жәңгір Хан арттағы қалың әскердің келуін күтпей, отқарулы 600 мергенмен Қарқара асуына бұрын жетеді де, сол арада қорғаныс шебін құрып, Санташқа өтетін қысаңда жоңғар қолын көп шығынға ұшыратады. Бірақ бұл түбегейлі жеңіс емес-ті. Жоңғарлар өлермендікпен бәрібір Ыстық-көлге асып түседі. Айқас әлденеше аптаға созылады. Арттан қазақтың қалың әскері келіп, түстіктен Жалаңтөс батыр көмекке жетіп, ақыры, Батыр Қонтайжы басым күшке төтеп бере алмай, шегінуге мәжбүр болады. Нәтижеде, қазақтар бұл жолы да қырғызды қорғап қалады.
Амал не, әсіре патриоттарға осыны айтып түсіндіре алмадық қой. Мен бұл туралы айттым да, жаздым да, бірақ ешкім құлақ аспады. Анығына келсек, жеңіс тойын Орбұлақта емес, Қарқара жайлауында, қырғыздармен бірлікте тойлауымыз керек еді. Жалпы қырғыздар дербес ел болып, бүгінгі күнге аман жеткені үшін қазаққа қарыздар. Бірақ соны ақ қалпақты ағайындар еске сақтамай ұмытып кете береді.
Ал енді «Орбұлақ шайқасы» атты фильмге келейікші. Ашығын айтайын, фильм маған ұнамады. Өйткені концепциясы жалған, баяндалатын оқиға жалған... Сол баяғы окоп! Өздерінше шындыққа жақындатпақ болып, «окоптың» бетін қамыспен, қараған-бұтамен жапқан болыпты... XVIII-ғасырдағы атты әскер соғысында окоп не бітіреді? Сезімтал жылқы жануар қазылған ұраға өлсе де баспайды. Жарайды, алғашқы екпінмен он-жиырмасы құлады дейік. Қалған әскер кейін серпілмей ме? Бұл маңайда биік тау да жоқ. Қалың қол Белжайдың бел-белесінен шауып өте бермей ме? Елу мың атты әскер окоптағы аз сарбаздан қалай жеңіледі?
Фильмде қазақ ханы Салқам Жәңгір ерік күші жоқ, жігерсіз, біреулер не айтса соған көне беретін, бейшара біреу болып шыққан. Қоластындағы батырсымақ біреулер оған ақырып, ұрса береді. Бар шаруаны бітіріп жүрген – сол баяғы Қарасай мен Ағынтай.
Оған таңданатын ештеңе жоқ. Жалпы төрелер мен хан әулетін сүмірейтіп көрсету – Б. Қыдырбекұлы мен Б. Нұржекеұлының басты бағыты, мызғымас ұстанымы. «Орбұлақ шайқасының» да түп тамыры – «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген жалған кітапта жатыр. Орбұлақта жұрт той тойлап жатқанда, «Түп-тұқиян» Алматыдағы «Жалын» баспасынан (директоры – Бексұлтан Нұржекеев) 300 мың данамен тарап жатты. Жалпы, бұл екі қаламгердің тарихқа «төңкеріс жасауда» өзара одақ құрғаны байқалады. Екеуінің де мерейі үстем еді. Үкіметтің қолдауында, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Екеуі де өз руларын керемет жақсы көреді екен. Өзге руларды, олардың батыр-билері мен хан-сұлтандарын сұмдық жек көреді екен.
Б. Қыдырбекұлының кітабын Б. Нұржекеұлы 300 мың данамен шығарып қана қоймай, кітапқа мынадай беташар сөз жазды. «Қазыбек бектің (Балғабектің деп ұғыңыз) мына кітабы – халқымыздың тарихына талай-талай тың бет қосатын кітап. Мұны оқып шыққан әрбір адам, сөз жоқ, өзінің қазақ екенін мақтаныш тұтады. ... Сол үшін сіздерден «Жалын» баспасы сүінші сұрауға хақылы: сүйінші, қазақ! Іргелі ел болғаныңды, ел қорғайтын ерлер тудырған қаһарман халық болғаныңды дәләлдейтін тағы бір тарихнама табылды».
Мұндай оқиға қазақ баспасөзінде бұрын-соңды болмаған. Абайдың толық жинағы шыққанда да, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы жарық көргенде де, ешкім бұлай алақайлап сүйінші сұрамаған.
«Түп-тұқиянды» қазақ-жоңғар соғысына бастан-аяқ қатысқан шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы деген кісі өлер алдында, 84 жасында жазған дейді. Ол өзі жас кезінде Стамбулда, Мысыр мен Бағдатта, Римде білім алған ғұлама көрінеді. Оның мұрасы көп жылдар жер астында көміліп жатады екен, ұрпақтары таяуда ғана ашып алыпты. Кітаптың көлемі 24 баспа табақ, 400 беттен астам. Жанр жағынан ғұмырнамалық роман, немесе роман-эссе деп атауға болады. Мұнда романға керек шарттардың бәрі бар. Баяндау, суреттеу, портрет, пейзаж, диалог, монолог, шегініс...
Білген кісіге нағыз сүйінші сұрайтын нәрсе осы ғой. Қазақтың қара сөзін Абайдан ары апара алмай жүргенде, қазақ романы XVIII-ғасырда туып отырған жоқ па?! Бексұлтан мұны неге ескермеді екен?
Әсілі, «Түп-тұқиян» Абылайды, Қабанбай мен Бөгенбайды, Бұқар жырауды масқаралап қорлау үшін жазылған ғой. Мәселен, Абылай мына кітапта өз түбінің шикі екенін біле тұра «хан нәсілімін» деп дүйім жұртты алдаған, тақ жолында ештеңеден тайынбайтын, ар-ұяттан жұрдай «самозванец» жанкештінің өзі. Ал «қолтоқпақтай» Бөгенбай соғыс кезінде бес уақыт намазын үзбейтін, сол қылығымен Тауасарұлына ұнамайтын діндар-сопы. Қабанбай – «мақтауды, мақтануды ұнататын, мұрты едірейген» ұшқалақ біреу. Ал Бұқар жырау болса, «Бек, өткенде берген өлеңіңді жоғалтып алдым, маған тағы бір өлең жазып берші» деп Тауасарұлына жалынып жүретін жаңғалақ сорлы... Өздері және дүниеге тоймайтын ашкөз, сараң адамдар. Бір жолы Абылай, Қабанбай, Бөгенбай үшеуі шапырашты Наурызбай батыр олжаға түсірген бір үйір жылқыға таласып, «қырылысып» жатқанда, бір жақтан Бұқар жырау келіп зорға тоқтатады. («Түп-тұқияннан өзіме шейін», 370-372 беттер).
Сонда, хандарымыз қуыршақ, билеріміз алдамшы, батырларымыз ашкөз, дүниеқоңыз болып шыққанда, қазақта іске татыр біреу қалды ма өзі? Қалыпты. Жалғыз да болса, бар екен! Ол кім дейсіз ғой? Ол – баяғы әрі батыр, әрі ғұлама шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Бұл жағынан кітап құрастырушылар мақсатына жетті деуге болады.
Өзге батыр-билерді, қуыршақ хандарды қойшы, кітап авторлары қызды-қыздымен өздері пір тұтатын Төле би мен Қаз дауысты Қазыбекті адам шошитын қылмыскер, баукеспе ұры қылып шығарыпты. «Менің хандарды, хан тұқымдарын жексұрын көретінім: олар жәдігөй, адам өлімі оларға шегіртке өлімі сияқты... Табиғаты түрпі, доңыз жеген ондай жандардан артық ақыл күтпеймін... Төле мен Қазыбек те осы қылығына бола хан тұқымдарын ұнатпады. Сондықтан Жолбарысты да,Абылайды да қолдан жасап, оларға өктемдігін жүргізді» дейді кітаптың бас қаһарманы Тауасарұлы («Түп-тұқиян», 27-бет).
Хандарды қолдан жасағаны қалай деп, басында түсінбей қаласыз. Сөйтсек, мәселе былай болған екен. Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек хан тұқымы төрелерді ұнатпай жүреді де, қара қазақтан хан шығармақ болады. Ол үшін бір ғана жол бар. Қара қазақтың баласын ұрлап алып, төренің бауырына салу керек. Сол кезде екі төре баласыз екен. Сондықтан арғын ішінде Қарымсақ деген жалшының әйелі таяуда босанғанын естіп, Қаз дауысты Қазыбек шаранасы кеппеген сол сәбиді ұрлатып алады да, баласыз Абдолла төренің бауырына салады. Кейін ұлы жүзді билеген Жолбарыс хан сол екен.
Арада біраз жыл өткенде кезек Төле биге келеді. Төле би бұл міндетті тіпті оңай атқарады. Өзіне жамағайын Жаныс Қарабайдың үйінде бір қолбала күң жүруші еді. Сол күң әлдекімнен жүкті болып, босанып қалыпты. Төле шиеттей нәрестені анасының бауырынан ұрлап алып, баласыз Уәли сұлтанға табыс етеді. Кейін Төле бидің түйесін бағып жүріп, орта жүзге хан болатын Абылай осы екен.
Сонда не боп шықты дейсіз ғой? «Түп-тұқиян» деген кітап бойынша, Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек біз табынып жүргендей қара қылды қақ жарған, әділдігімен үш жүзге үлгі болған аса бір қасиетті кісілер емес, ата салтын аяққа басқан, өздерін мәртебелі орынға көтерген Әз Тәукедей ханға опасыздық жасаған, ханды да, халықты да алдап, тақырға отырғызып кеткен алаяқ біреулер. Өзгесін қойшы, сонда әлгі «ұрылар» құл мен күңнен туған сәбилердің болашақта ержүрек батыр, ақылды көсем болып шығарын қалай білген десейші?!
Демек, мына кітап бойынша, бала ұрлығы батыстан да, шығыстан да емес, біздің қазақ елінен басталған болады. Оны жәй біреулер де емес, қазақтың ұлы билері бастаған...
Мен кезінде осыншама жойдасыз өтірікке төзіп отыра алмай, «Бір шежіренің құпиясы, немесе қуыршақ хандар мен алдамшы билер хақында» деген көлемді мақала жазып, газетке бастырғанмын («Қазақ әдебиеті», 5-қараша 1993 ж.). Мақалада «Түп-тұқиянға» текстологиялық талдау жасалып, кітаптың тіпті де XVIII-ғасыр мұрасы емес, газеттің қасаң тілімен осы таяу мерзімде жазылған жасанды дүние екені толық дәләлденген. Сондай-ақ, кітаптағы ойдан құрастырған жалған фактілер тарихи тұлғаларға жабылған жала екені де жеткілікті айтылған.
Мұндайды күтпеген «Түп-тұқияншылар» бірден өре түрегелді. Маған ал кеп жабылсын (Бексұлтан Нұржекеев, Кәрібай Ахметбеков, Балнұр Қыдырбекқызы). Біз пақырға жаппаған жаласы, жақпаған күйесі жоқ. Бірақ, «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» дейді ғой.Бір жақсысы, халық оларды қолдаған жоқ.
Содан бері де ширек ғасырдай уақыт өткен. Дау сонымен біткен шығар, рушыл, жікшілдерге де ой түсіп, санасы оянып түзелген шығар деп ойлағансыз. Қателесіппіз. Бітпепті. Ескілікті жел-тұздай оқта-текте сыр беріп қояды. Келмеске кетті деген «Түп-тұқиян», арада біраз жыл өткенде, «Орбұлақ шайқасы» болып қайтадан бас көтереді.
Ал біздің міндетіміз түк өзгерген жоқ. Сол бұрынғыдай, тарихты өтіріктен қалай тазартамыз деп жанұшырып жүргеніміз.
25 желтоқсан 2019 ж.