1718 жылы Тәуке дүние салған соң таққа отырған Қайып хан баяғы Ресей тарапынан төніп келе жатқан қауіптің алдын алу мақсатында Тайкөмір Құлтубайұлы бастаған елшілерін атандырып көрді. Елші қазақтар орыстармен тату көрші болуды көздейді дегенді жеткізді. Ресей патшасы елшінің ресми хатын басынан үш айналдырып лақтырып жіберген сияқты… Өйткені, орыс книяздарын жатқызып-тұрғызып, қойша өргізетін күңіреніп күн түбіне жортатын Алтын Орданың дәуірі баяғыда өтіп кеткен заман-тын.
Бұл бір алмағайып заман еді. Қазақты жан-жақтан талап жегелі тұрған. Қалмақтар, башқұрттар, Бұқара әмірлігі, қытайлар, орыстар… Әсіресе ойраттар зеңбірекпен қаруланып…
Осыдан құтылудың жолы орыстың қолтығына кіру деп түсінген Әбілхайыр хан өз бетімен 1718 жылы І Петр патшаға, «о готовности служить Российскому государю «не только на конях» но и «пешии рад»» деп жалпақтап хат жазады. (Басин В.Я. Казахстан в системе внешней политики Россий в первой половине ХVІІІ в. 1969, стр-73).
1725 жылы 2 ақпанда І Петр өлді. 1730 жылдың ақпан айында қатын патша Анна Иоанновна таққа отырды. Осы сәтте Әбілқайыр хан қатын патшаға өз иелігіндегі аумақты қосып алу жөнінде өтініш хатын жолдады. Хатта: «Мы Абулхаир-хан с подвластным мне многочисленным… народом Среднего и Малого жузов, все преклоняемся перед Вами… Желаем Вашегео покровительства». Осы өтініштің негізінде 1730 жылдың 5 қазан күні Тевкелев бастаған патша өкілдері келіп, Әбілқайыр ханмен бірге ру басыларын ант ішкізіп, орыс бодандығын қабылдатуға әрекет жасады.
Қазақтар өзі бодан болайын деп, бас иіп сұранып отырған сәтті сұм патша жедел пайдаланып қалуды құп көрді. Сөйтіп, 1731 жылдың 19 ақпанында орыс патшасы қазақтарды қол астына алу жайлы жарлық шығарды.
Әбілқайыр неге бұлай жасады? Тарихшы Өжетбек Өмірзақовтың пайымдауы бойынша Әбілқайыр ханның орыс қол астына өтуіне себеп болған дүние әуелі, 1730 жылы Болат хан өлген соң Әулиеатада шақырылған жалпы қазақ құрылтайында (үш жүздің басын қосқан) ортақ билікке Болаттың баласы Әбілмәмбет ұсынылады. Осы жиында кіші орда (кіші жүз) ханы Әбілқайыр үш жүздің билігіне өзін лайық санап, жиын шешіміне келіспейді. Бірақ жиынға қатысып отырған Шығайдың ұрпағы Барақ бастаған ұлы жүз мен орта жүз сұлтандары Әбілқайырды қолдамайды. Себебі, Әбілқайырдың халық арасындағы беделі де күшті емес еді. Бұл жайлы орыс тарихшысы Н.Г.Аполлова өзінің «Присоединение Казахстана к России в 30-х годах ХVIII века» атты жазбасында: «Абулхайыр не имел ни власти, ни авторитета…» десе, жоғарыдағы жиын жайлы башқұрт оқымыстысы тарихшы Ахмет-Зәки Уәли Тоған (1890-1970) Стамбулда жарық көрген «Бүгінгі Түркістан және оның таяудағы тарихы» атты еңбегінде «Қазақ хандығының берекесін қашырған оқиға болды» деп атап өтіпті. (Стамбул, 1981, 173-б)
Осылай қазаққа хан болудан көңілі қалған Әбілқайыр болашақта арманына жетудің жол ретінде орыстың көмегіне сүйенуді құп көрген сыңайлы. Әбілқайырдың бұл әлсіздігін орыстар шебер пайдаланды. Орыстарға бұндай тиімді сәт үнемі туа бермейтіндіктен оны бірден қолдады. А.И.Левшиннің пайымына жүгінсек: бір тамшы қан шығармай қазақтарды бағындыру Ресей үшін дәуірде бір болатын жақсылық. Одан кейін осы қазақ даласы арқылы шығысқа мойын созады. Ол үшін әуелі, қазақтар мен башқұрттарды бір-біріне айдап салу соғыстырып әлсірете берген жөн. Шығыстағы Хиуаның қуатын аңдап үшін Әбілқайырды солармен соғыстыру қажет деген сияқты орыстар құпия жоспар құрады.
Ақыры «бастан қан шықты» дегендей өзінің орысқа адалдығын дәлелдеу мақсатында 1736 жылы Әбілқайыр башқұрттарға тиіседі. Оларды қырғынға ұшыратады. Бұл ісі үшін хан 24 ақпанда (1736 ж) қатын патшаның қолы қойылған грамотамен сыйланады. Қожайын тарапынан мақтау-мадақ естіген Әбілқайыр 1940 жылы Хиуаны шабады. Бірақ хиуалықтар Иран шаһы Нәдірдің көмегіне жүгінгендіктен Әбілқайыр ирандықтардан жасқанып кері қайтады.
Кешікпей орыстың көмегіне сүйеніп билікті қолға алудың оңай емесін және қатын патшаның қол жаулығына айналу қауіпін сезген Әбілқайыр Орынбор губернаторы И.И.Неплюевпен қақтығысады (ҚСЭ, 2-том. 14-б). Осы тұстағы қатын патшаның Әбілқайыр қақындағы ұстаным жайлы деректе: «в первые официально перед свооим правительством вопрос о неблагонадежности Аббулхаира, отсутствии у него авторитета среди своего народа и здесь российского влияния» депті. (Басин.В.Я. Россия и казахские ханства в ХVІ-ХVІІІ в.в. Алма-ата., 1971, 163-б).
Айлакер орыстар бейшара Әбілқайырды алдап-соғып өз мақсаттарына пайдаланды. Ақыры бастаған ісін аяғына жеткізу үшін губернатормен татуласу үшін Орынборға барады. Осы сапарынан қайтып келе жатқан тұста, яғни, 1948 жылдың тамыз айында Әбілқайыр өзіне кектесіп жүрген Барақ сұлтанның қолынан қаза тауып, Қабырға мен Өлкейік өзенінің құйғанына жерленді. (ҚСЭ. 2-том. 14-б).
Төлеген Жәкітайұлы
namys.kz