Тәуелсіздік! Осынау бірауыз ғана сөзде қаншама қадір-қасиет тұр десеңізші. Бір ғана сөзде бүтін бір ұлттың талайлы тағдыры, бірнеше ғасырға созылған жанкешті күресі, төгілген қаны мен тарихтың керуен-көшіндегі соқтықпалы ұзақ жолы жатыр…
Сондықтан азаттық бастауларының басты бір саласы, негізгі бір тұтқасы 1916 жыл туралы, осы жылдың күні бүгінге дейін белгісіз болып келген айтулы тұлғалары хақында қолда бар азды-көпті деректер негізінде ой толғауды жөн көрдік.
Тәуелсіздік тағылымы ұрпаққа ұйытқы болып, кемел келешекке, бағдарға айналған тұста өткеніміз бен бүгінімізді саралап, ұлы тұлғалар рухына тағзым жасай жүрудің ешбір сөкеттігі жоқ. Керісінше, түрлі кедергілер салдарынан тарихтан тиісті бағасын ала алмай, жас ұрпақ қана емес, орта буын өкілдері де толық танып-білмей келе жатқан халқымыздың аяулы перзенттері жөнінде жүйелі сөз козғап отырғанымыз қастерлі борыш іспеттес. Демек, оқырмандармен ой бөлісер ең басты тақырып – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының тарих әлі толық мойындай қоймаған бірегей басшылары туралы… Сонымен…
І. Оспан хан. Oл кім?
Немесе тарихтан әділ бағасын ала алмай келе жатқан Азаттық қозғалысының ақиығы туралы ойлар
Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының тұлпар мініп, ту ұстаған тұлғаларының бірі – Оспан ШОЛАҚҰЛЫ. Бірақ, ең өкініштісі, ол – тарихымызды түгендеген солақай саясат сойылы оңдырмай тиген, соның салдарынан Азаттық қозғалысының тарихынан лайықты орнын ала алмай келе жатқан тұлға.
Қарт журналист, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбына жиі қалам тартқан Бөгетбай Әлмағанбет: «Уездің батыс шебін (Торғай уезін айтып отыр) қорғап, Орынбор, Орскіден келетін жолға тосқауыл құрған Оспан хан сарбаздары подполковник Тургеневтің пулемет, зеңбірекпен қаруланған құрама қосынын тосып, Ақшығанақта ұрыс салды. Оспан хан қолы жауды кідіртіп, Әбдіғапар, Амангелді сарбаздарының Үрпек, Батпаққара маңына жиналуына мүмкіндік туғызды. Жеңіліс тапқанымен Оспан хан қолы өзінің мүмкіндігін тамаша атқарды» деп жазды («Ақ жол» (қазіргі «Аманкелді арайы») газетінің 1-15 қаңтар аралығындағы 2000 жылғы басылымы).
Бұл, біздің ойымызша, мерзімді баспасөз бетінде Оспан хан Шолақұлына қатысты айтылып отырған әділ бағалардың бірі. Сөз орайы келгенде айта өтелік, 1994 жылғы қыркүйек-қазан айында Жанкелдин аудандық «Торғай тынысы» (қазіргі «Біздің Торғай») газетінің бірнеше нөмірінде жергілікті тарихшы-мұғалім Тайғара Шүреновтің «Бостандық туын көтерген» атты танымдық-деректік очеркі «Тарих тағылымы» айдарымен жарық көрді. Ал мұның өзі Азаттық үшін алысқан баһадүр баба туралы ақиқатты айтуға ұмтылған алғашқы қадам, тұңғыш талпыныс еді. Т.Шүренұлы тарихи деректерге негізделген бұл очеркінде Оспан хан хақында құнды мәліметтер келтіріп, 1916 жыл оқиғасына, соның ішінде Ақшығанақ айқасы, Тосын, Тармақ, Тоңқайма бойындағы ұрыстар мен қақтығыстардың тікелей қатысушы куәгері Шоқының Назары мен әкесі Шүрен естеліктеріне, әңгімелеріне сүйеніп, кеңестік кезең тарихшыларының жөнсіз айыптауларының барлығын жоққа шығарған. Көнекөздердің бүгінгі ұрпақтарының зердесіне Оспан хан мен оның сарбаздарының ерен ерліктері атадан балаға мирас болар ауызекі әңгімелер арқылы құйылып, аңыздай таралып, жақсы сақталған.
Тарихи деректерге сүйенсек, Торғай уезі сол кезеңде 8 болыс Арғын, 6 болыс Қыпшақ, 1 болыс Найман тайпаларынан тұрған. Оспан Шолақұлы көтерілістің батыс жақ бөлімін басқарып, Арғын ханы болып сайланған.
Ал осы Оспан хан кім? Ол туралы, ататегі жөнінде не білеміз? Енді аз-кем осы мәселеге талдау жасалық.
Торғай өңірінде Шақшақ Жәнібектен тараған үш рулы ел – Дәуітбай, Жауқашар, Тоқтамыстан тараған ұрпақтары мекендейді. Оспан хан Шолақұлы Жәнібек бабамыздың ортаншы баласы Жауқашардың Жайсаңбай тармағынан тарайды. Бұрынғы «Торғай» кеңшарында тұрған марқұм Әбдісалық Айжарқынов жинақтаған ру шежіресін ел тарихына қатысты мәселелерді жүйелі зерттеп, кеңінен жазатын қаламы ұшқыр, энциклопедиялық білімі бар дарынды публицист, өмірден мезгілсіз өткен Болат Әлденұлы 1990 жылы шілдеде өзі негізін қалаған «Аманат» газетінің бетінде – 1991 жылғы тамыз айындағы 6-шы нөмірінде толық жариялады. Азаттық жолындағы алысқан тұлғаның ататегін осы шежіреге сүйеніп таратып көрелік.
Жауқашардан төрт бала – Меңдібай, Асаубай, Арқай, Жайсаңбай тарайды. Жауқашардың бұлардан өзге Байкүшік және Жанкүшік деген балалары да болған. Сондай-ақ інісі Деріпсалдының ұрпақтары да Жауқашардың бауырында өскендіктен, оның бір баласы саналған.
Жауқашар балалары ішінде ең көп тараған әулет – Жайсаңбай тұқымы. Бұл әулет тарихқа өзіміз сөз етіп отырған Торғай арғындарының ханы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі көсемдерінің бірі Оспан Шолақұлы арқылы да енген.
Жайсаңбайдан – Қунақ, Тулақ, Шолақтың әулеті бастау алады. Ал Жайсаңбайдың кенже баласы Шолақтан он ұл туған. Оспан – осы отбасының жетінші перзенті.
Біздің шамалауымызша, Торғайдағы Азаттық қозғалысының болашақ басшысы 1866 жылдары Тосын болысындағы Шолақ ауылында дүниеге келген. Атақты Тосын құмында «Оспан қыстауы» деген қоныс орны бертінге дейін жақсы сақталып келді. Оспан жастайынан өжет, алғыр, бірбеткей мінезді болып ескен. Ауылда ескіше оқып, хат таныған. Ол батырлығымен ғана емес, мейірімділігі, жарлы-жақыбайға қамқорлығы, әділдігімен де есімі ерте шыққан. Ауыл-аймағында сөз ұстап, билікке де араласқан. Болыстықтан тысқары жерлерде де лайықты абырой-беделге ие болған.
1916 жылғы қазақ даласындағы, соның ішінде Торғайдағы көтеріліс кезеңінде ол көрсеткен айрықша ерлік 1926 жылғы «Ауыл» газетінің желтоқсан айындағы «Торғайдағы 1916 жыл оқиғасының шындығы» атты мақалада жан-жақты баяндалған. Зерттеушілер пікірінше, мақала авторы бүркеншік есім қолданған Бейімбет Майлин болса керек. Мұнда көтерілісшілерді өз ағайыны Жақып болыстың ауылына бастап келген Оспан хан ешкімнің айтқанын тыңдамай, болыс, старшын, билердің айбарынан сескенбей, еңселі Ақ Ордаға жеке-дара кіріп барып, 19 бен 43 жас арасындағылар тізімі әзірленіп, қатталып қойған қалың кітапты ауыл ортасында отқа салдырғаны егжей-тегжейлі баяндалды. Міне, осы бір мысалдың өзі Оспан ханның табиғатын, бітім-болмысын ашып тұрса керек.
Ал көнекөздердің бүгінгі күндерге жеткен әңгіме-естеліктерін зерделесек, Оспан Шолақұлы даңқты Дала комиссары Әліби Жангелдинмен өте жақсы достық қарым-қатынаста болып, оның Шалқар-Торғай, Торғай-Шалқар бағытындағы сапарларында баға жетпес көп көмек көрсеткен. Дегенмен… Айнымалы заманға, тағдырға не шара?! Халқы үшін қабырғасы қайысқан ер ауыл-аудан арасындағы атқамінерлердің көзтүртпегіне айналып, есіл еңбегі елеусіз қалдырыла бастаған. Есесіне «Оспан хан жаңа өкіметті жақтырмайды» дегендей сыбыс таратып, басқан ізін аңдуға кіріскен. Оның ақыры белгілі, көп ұзамай жалған жаламен Қостанайдағы Ақ түрмеге, кейіннен Семейге жер аударылған. Оспан ханның екінші ұлы Молдағалидан тараған немересі Әбдікәрім ақсақалды көзіміз көрді. Алып тұлғалы, бойы екі метрге жетеғабыл, ширақ қимылды, өр мінезді адам еді. Атасының «хан» деген атағының азабын немересі Әбекең де 25 жыл аркалап, жер түбіндегі Магаданның ащы дәмін татып келген. Бірақ тумысынан қайсар жан тағдырының қатал сынағынан сынбай, мойымай өте алды. Ата-бабасының ежелгі мекені Тосын құмының бір бүйіріндегі Түйемойнақ ауылында ғасырға жуық өмір көшіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Оспан ханның Молдағалидан өзге үлкені – Қали, кенжесі Қанаш деген ұлдары болған. Олардың ұрпақтары да өсіп-өніп отыр. Бір атап өтеріміз, Жайсаңбай тұқымынан елге танымал азаматтар көп шыққан, Мысалы, республикаға танымал банкир Әждар Талқанбаев, ұзақ жылдар бойы Қостанай облысының бас мал дәрігері қызметін атқарған Бұзаубай Қалиев, «Шақшақ Жәнібек – тархан» корпорациясының президенті болған Ерболат Төлегенов, Жанкелдин ауданында ширек ғасырға жуық кеңшар басқарған, Торғай селосының әкімі болған Кәдір Жүнісов және басқаларды айта аламыз.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының тұғырлы тұлғаларының бірі Оспан хан Шолақұлының тарихтан өз орнын, әділ бағасын алар уақыты келді. Бұл орайда Қазақстан тарихының жаңа оқулығы жазылып жатқан тұста азаттық жолындағы халықтық күреске жаңаша көзқараспен жаңаша баға беру тарихшы-ғалымдар мен зерттеушілер назарында болса дейміз. Жергілікті атқарушы органдар, әсіресе, Ақшығанақ ауылының әкімдігі Оспан хан есімін есте қалдыру туралы іс-шаралар жоспарын жасап, жоғары тиісті орындарға ұсыныстармен шыққаны жөн болар еді.
ІІ. Қол бастаған Қасымхан Алтынсары туралы ақиқат айтылар кез келді
Азаттық үшін алысып, ел тәуелсіздігі мен бақыты жолында өз өмірін қиған, тағдыры қилы-қилы кезеңдерге толы тұлғаның бірі – Қасымхан АЛТЫНСАРЫ. Ол кім?.. Ол туралы не білеміз?
«Ол – 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде қол бастаған қолбасшының бірі. Арғын тайпасының Амангелді секілді көсемі. Мыңбасы болған адам». – Бұл – Әлекеңнің, Әліби Жангелдиннің өз аузынан естіген сөзім, – деді байырғы кәсіби журналист Жәлел Қарабалин бір әңгімесінде.
Торғай елінің көзі тірі тарихы, қаттаулы шежіресіндей Жәлел ақсақал даңқты Дала комиссарымен 1948 жылдың жазында өткен осы кездесуін тебірене еске ала отырып, былайша сыр толғады:
«Алғашқы жүздесуде-ақ Әлекең ел жақтан біз білетін сол жылдардағы көзі тірі қариялардан Әлмағанбет Оспанұлы мен Файзолла Сатыбалдыұлын сұраған болатын. Ал Әлекең айрықша сұрастырған екі адам бізге бейтаныстау, есімдері ұмыт бола бастағандар – Шолақтың Оспаны мен Алтынсары Қасымхан Арыстанұлы еді…»
Қарт журналист, КИЖ-дің 30-жылдардағы түлегі Жәлел ақсақал әңгіме негізіне алып отырған қос тұлға – Оспан хан Шолақұлы мен Қасымхан Алтынсары сол кезде тобасы қабыл болып, түкірігі жерге тимей тұрған Кеңес өкіметіндегі беделді адамның назарына талай ілігіп, жадында сақталды. Біздіңше, дәл осы бір жай көзге елеусіз нәрсенің езі үлкен мәселе, елеулі әлеуметтік жүк арқалап тұрған тәрізді. Әліби Жангелдиннің 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысынан 32 жыл өткен соң халқының азаттығы үшін алысқан тұлғаларды сұрастырып, кейінгі тағдыр-талайынан хабардар болуға ұмтылуы да олардың тарихта қандай орны бар екендігін аңғартса керек.
Шежіре-деректерге сәл-пәл шегініс жасап, Қасымхан Алтынсарының кім екендігіне тоқталып өтелік. Себебі күні бүгіндерге дейін оны көрнекті ағартушы Ыбырайдың әкесі Қыпшақ Балғожа бидің баласы Алтынсарымен шатастырушылар кездесіп қалып жүр. Ыбырайдың әкесі Алтынсары – арғын тайпасындағы Шақшақтың Көшейінің бір баласы – атақты Қошқарұлы Жәнібек батырдың шөбересі Мұсаұлы Шеген бидің қызы Айманды алған күйеубаласы. Ол Алтынсары Ыбырай туғаннан кейін жастай қайтыс болған. Ал біз әңгіме арқауына алып отырған Алтынсары – Шеген бидің үшінші әйелінен туған кенже баласы, Қасымханның әкесі. Шеген би осы ұлы Алтынсарыдан көп үміт күткен. Батыр болып өседі деп дәмеленген. Шынында да, Алтынсары батыр тұлғалы, ер мінезді жігіт болып өседі. Алтынсары заманы тыныштық, мамыражай тірлікте өтеді. Ол басқалармен терезесі тең батырдың бірі, сүйікті баласы, халқы сыйлаған, дастарқаны кең, парасатты кісі болыпты.
Алтынсарыдан екі ұл – Әлі мен Арыстан туады. Қасымхан – Арыстаннан туған екі ұлдың бірі. Екінші ұлы – Жүніс, одан – журналист-зерттеуші Мақсұтбек Сүлейменұлының жазуынша, Сұлтан және Дәуірхан деген екі бала өмірге келген. Сондықтан да болар, Алтынсары ұрпағым аз болатын шығар деп қайғырған екен. Дегенмен, Қасымханнан сегіз ұл туып, шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей жігерлі болып өсіпті.
Қасымхан әулеті басқаларына қарағанда өжет, ер мінезді болып қалыптасқан екен. Ал Қасымханның өзі өте сымбатты да денелі, ер тұлғалы кісі болған дейді. Ел арасында әділдігі, жомарттығымен аты шыққан Қасымханды ағайын-туғандары ғана емес, жарлы-жақыбайлар көп төңіректеп, жағалаған. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы күндерінде-ақ Қасым ханның ел арасындағы үлкен беделі, көзсіз батырлығы ақсақалдар мен билер алқасының қолбасшылықты бірауыздан ұйғарып бекітуіне негіз салды.
Ауыл мұғалімі Здей Мұхамеджановтың 1974 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Торғай комиссарлары» атты тарихи құжаттар мен деректер ізімен жазған кітабында 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына жан-жақты талдау жасауға ұмтылыс байқалады. Кеңестік саясаттың салқыны мен сол кезеңнің қағидасына лайық жазылды десек те, Здейдің тарихшы ретіндегі ізденістері, қайсыбір белгілі ғалымдар әдейі назар аудармай өткен фактілерге талдау жасауға тырысуы атап өтуге тұрарлық. Мысалы, осы кітаптың 32-бетінде З.Мұхамеджанов: «…Әуелі Амангелді бастаған мергендер қаланың күншығыс жағынан шабуыл жасайды. Оспан Шолақов пен Қасымхан Алтынсарин бастаған топ күнбатыс жақтан кіреді, қалған сарбаздар қажет болған жағдайда шабуыл жасаушыларға көмек беруге дайын тұрады», – деп шындықты жазып көрсете алған. Сексен жылдан астам уақыт бойы тарихи еңбектері әлі дұрыс бағаланбай келе жатқан қос тұлғаның – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің есімдері шағын кітапшада аталып өткеніне де тәубе делік. Себебі «кемелденген» қоғамның 1970-1980 жылдардағы саясатының «жазылмаған заңы» бойынша Оспан хан мен Қасымхан Алтынсарыны халыққа жақындатып, тұлға ретінде танып-білуге шектеу қойылған еді. Себебі бұлардың екеуі де белгілі, беделді әулеттер тұқымынан болатын.
Қасымхан Алтынсары бұрынғы Торғай облысы Торғай уезі Тосын болысында 1887 жылы дүниеге келген. Жас кезінде ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таныған. Ұлағатты әулетте тағылымды тәрбие алған Қасымханның жастайынан зерек, зерделі, өжет, алғыр жас болып өскенін жоғарыда айтып өттік. Ержүректігімен ел аузына ерте іліккен Қасымхан азаттық қозғалысының алдыңғы қатарынан табылды.
«Қасымхан Амангелді батыр, Кейкі мергенмен өте жақсы дос, қарулас жолдас болғанын көнекөздер жиі әңгімелеп отыратын. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы қызған тұста Құмкешуде өткен Арғын-Қыпшақтың игі жақсыларының бір жиынында Қасымханды алғашында арғын тайпасының ханы әрі қолбасшы-сардары етіп сайлап жіберіпті, кейіннен ел ақсақалдары Қасымханды көтерілістің Амангелді секілді сардары етіп қайта сайлап, хандықты жасы үлкен ағасы Шолақтың Оспанына беруді ұйғарған екен», – дейді Жәлел ақсақал қос тұлға туралы әңгімесін сабақтай отырып.
Осы орайда басын ашып анықтай түсетін бір мәселе – «хан» сөзі туралы. Бұл жерде әңгіме болып отырған хандық биліктің ертеден қалыптасқан жүйесі жөнінде емес. Бұқара ұғымына түсінікті, жеңіл болуы үшін осы сөздің сыртқы түрі ғана алынса керек. Қолбасшы-сардар әскери машықтану, ұрыс тәсілдерін үйрету, қалың жасақтың майдан даласындағы барлық іс-қимылдарына тікелей жауапты болса, хан жалпы басшылық жасап, ақылшы ағасы, барлық мәселеде бағыт-бағдар беруші, өмірден түйген тәжірибе-тәлімі мол, ел сыйлаған тұлға, қолбасшы адам болғанға ұқсайды. Тарихи деректер мен құжаттарда жазылғандай, Торғай қаласын уездің 13 болысынан жиналған сарбаздар 1916 жылғы қазан-қарашада қоршауға алды. Көтерілісшілердің қалың қолының айбарынан сескеніп, зәресі ұшқан Қазан соғыс округінің командашысы соғыс министрлігіне мынадай мазмұнда жеделхат жолдаған: «Торғай және ЬІрғыз уезіндегі жағдай өте нашарлады: Торғаймен телеграф байланысы түгілі, барлық байланыс тоқталды… Торғай қоршауда, Ырғыз қоршалуға жақындады…» (Қазақ ССР тарихы, І том, 583-бет, 1957 жыл).
Міне, осынау тарихи құжатта келтірілген көтерілісшілердің ерен ерлігінде Қасымхан бастаған сарбаздардың үлесі ерекше болды. Себебі Торғай-Ырғыз бағытындағы телеграф желісі мен барлық байланыс бекеттерін Қасымхан сарбаздары алғашқы күндерден-ақ толық өз бақылауларына алған еді. Жалпы, Тосын болысы ұлт-азаттық қозғалысында тарихи шайқастар өткен өңір ретінде жақсы белгілі. Бостандық бұғауын үзуге ұмтылған сарбаздардың атақты Ақшығанақ шайқасы, оның алдындағы Тоңқайма пошта бекетіндегі ұрыстар Оспан хан Шолақұлы мен Қасымхан Алтынсарының басшылығымен, тікелей араласуларымен жүзеге асты. Бір тарабы Ырғызбен шектесіп, бір қиырымен Торғай қаласына жалғасып жатқан аумақта, сол кезең үшін стратегиялық маңызы зор Тосын болысында Қасымхан жасақтары патша әскерінің бөлімдері мен байланыс қызметін өз бақылауларына алып, іс-қимылсыз қалдырады. Осы ұрысқа қатысқан сол жылдардағы сарбаздар – Сәбитбек Ысқақұлының, Кәкімжан Сегізбайұлының, Қанзада Қайралапұлының естеліктерінде қол бастаған Қасымханның бабасы Шақшақ Жәнібек тарханның туын жоғары ұстап, Торғай қаласының батыс шақ шетінен бораған оқтан қаймықпай кіргені жан-жақты айтылған.
Дегенмен, Қасымхан Алтынсарының 1916 жылдан кейінгі тағдыры, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы өмірі қуғын-сүргінге толы болды. Атақты Шеген бидің тұқымы (М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасындағы кейіпкер) Шақшақ Жәнібек тархан ұрпағы, «шынжыр балақ, шұбар төстің» өзі деген желеумен Қасымхан атына да орынсыз айыптаулар оңды-солды айтылып жатты. Азаттық үшін алысқан батырдың бұл кезеңдегі қиын тағдыры қарулас, қанды көйлек досы Кейкі Көкембаевқа өте ұқсас болды. Өз ауылында жеке шаруашылығына басшылық жасап, ағайын-туғандарына, маңайындағы жарлы-жақыбайларға қамқорлық жасап, бас-көз болып жүрген Қасымхан ел арасындағы белсенділердің «Кенес өкіметіне қарсы күреске әзірленуде» деген жаласынан азап шекті. 1920 жылдары Семейге, кейіннен НКВД үштігінің үкімімен інісі Жүніспен бірге Сібірге жер аударылып кете барды. Ең өкініштісі, Қасымхан ұрпақтары үрім-бұтағымен «әпербақан, ұрда-жық» солақай саясат салдарынан ұзақ жылдар бойы қудалауға түсіп, қазіргі Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарына, тіпті көршілес Қырғыз Республикасына қоныс аударуға мәжбүр болды.
Халқымыздың «Орнында бар оңалар» дегеніндей, қол бастаған Қасымхан Алтынсарыдан қалған екі ұлы Жұмақан мен Ғайыпқан елуінші жылдар ортасындағы «жылымықтан» соң, туған өңірге оралып, соның өзінде де Қостанай, Әулиекөл ауданына қоныстанып өмір кешкен. Ұзақ жылдар кеңшарларда адал еңбек етіп, өнегелі ұрпақ өсірген. Солардың бірі – Кеңес Жұмақанұлы Арыстанов ширек ғасырдан астам уақыт бойы республика Ішкі істер министрлігі саласында жауапты басшылық қызметтер атқарды. Ал Ғайыпқаннан тараған ұл-қыздары Аманкелді ауданы аумағында еңбек етіп, тұрып жатыр. Арқалы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафекең – Ғафу Қайырбековтің «Тарихтың қойып кеткен арбасындай» деп жырлаған көне Торғай қаласының ең көрнекті де басты көшесі Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс Қасымхан Алтынсары есімімен аталды. Сөйтіп, елі үшін еңбегі сіңген, азаттық жолында алысып азап шегіп, өз өмірін пида еткен аяулы баба, қол бастаған баһадүрдің бағы қайта жанды. Сексен бес жылдан соң әділдік салтанат құрды. Бұл орайда Торғай өңірінің арғы-бергі тарихының тамаша білгірі, зерек зерделі Орекен Алматұлы кезінде өзі басқарған аудандық Ардагерлер кеңесі төралқасы үлкен ізденісті істер жүргізіп, жоғары тиісті органдарға ұсыныспен шыққанын, Жанкелдин ауданы әкімдігі мен Торғай селосының әкімдігі бұл тұрғыда түсіністік танытып, жанашырлық, нақты қолдау көрсеткендерін атап өткеніміз жөн.
ТҮЙІН:
Байтақ еліміз бүгінде Азаттық, Бостандық рухынан қуат алып, төрткүл дүниеге қадір-қасиетін таныта түсуде. Біздің Отанымызда әлемнің дуалы ауыз саясаткерлері, өркениет төріндегі мемлекеттердің басшылары, көрнекті қоғам қайраткерлері жиі-жиі бас қосуда. Мұның бәрі, сайып келгенде, Президент Н.Назарбаев ұстанып отырған ішкі және сыртқы сындарлы саясатымыздың нақты жемісі екендігі ақиқат. Елбасымыз: «Тәуелсіздік біздің алдымыздан жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолдан ешқайда бұлтармай, алға баса береміз» деп әлемге жария еткені мәлім.
Осындайда көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Қазіргі көпшілікке Азаттықтың құны арзан сияқты көрінуі мүмкін. Сондайлар Тәуелсіздіктің жолында нелер болғанын білуі үшін де он алтыншы жылды елдің есіне салып, Үкімет қаулы қабылдағаны жөн болар», – деген пікірі де еске түседі екен (Қараңыз: «Егемен Қазақстан», 31 қаңтар, 1996 жыл).
Тәуелсіздік бастауында, арғы-бергі тарихымызды айтпағанның өзінде, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, соның ұлы тұлғалары тұрғандығы ақиқат. Ал сол қозғалыстан арада жетпіс жылдан сәл астам уақыт өткен бабалардың бостандық аңсап атқа қонған ұлы ерлігін Алматыда Алаштың өр мінезді ұл-қыздары Желтоқсан көтерілісінде жаңғыртып, жаңа сатыға көтерді. Кеңестік империяның шаңырағын шайқалтып, керегесін күйреткен бұл оқиға туралы да зерттеушілер өз сөзін айтып жатыр…
Дәстүрлер сабақтастығы. Ерлік пен елдік қасиетіміздің өзара тығыз бірлігі ұрпаққа – ұран, ұлтымызға ұйытқы бола бермек.
Мылтықбай ЫСМАҒҰЛ
tobyl-torgai.kz