Тарихи тұлғаның бағасын беру үшін сол баға беруші ең алдымен тарихи тұлға дәрежесіне көтерілуі керек. Кемінде тізесіне, тобығына, бақайына дейін жететін қал-қуаты болған жөн.
Оспан батыр – өз заманның алтын аңызы, ұлттың шынайы батыры. Оны көлеңкелеу – ұлтқа деген мейірдің жетімсіздігі, сананың таяздығы.
Оспанның шынайы бағасын беруші және бере алмаушы – бүгінгі қытай қоғамы. Олар Оспанды басты жауы әрі тарихтағы аса қауіпті тұлға ретінде бағалап отыр. Кезінде Сталинмен санасқан, АҚШ-тың назарына іліккен, Жияң Жешімен (Жаң кайшы) одақ құрған, Чойбалсанмен дос болған, Музыдұңды алаңдатқан Оспан енді қытайдың бүгінгі төрағасы Шижинпиңнің қарауылына да ілігіпті. ҚХР мемлекетінің қауіпсіздігі сөз болғанда, қазақтар мәселесінде Оспанды «ауызға алуға болмайтын №1 адам» деп жариялапты.
Рас, бұл – даттау, қаралау, қорқу, үрейлену. Қазақта: «Өлген бураның басымен тірі атанды қорқытыпты» деген сөз бар. Ендеше, өлген Оспанның басынан тірі қытайлар неге қорқады. Шын мәнінде – бұл тарихи тұлғаға деген шынайы баға. Оның өз ұлтына, халқына, еліне-жеріне жан тәнімен беріліп шаһид болғандығының қарапайым мысалы. Бұл қытайлардың «Оспанды бағалауы».
Ал, «бағаламауына келсек» — Оспанды қаралаушы, тырнақ астынан кір іздеуші топтар, жекелердің қытай идеясына деген достығы. Қытай ұлтының ғана емес қазақ зиялыларының ішіндегі бықсыма, «құрт-құмырысқа» пішіндес жыбырлақтар қытай мүддесімен идеялас ойға жүгінсе, онда олардың кім болғаны? Қытай жау санаған Оспанға жаулық, жат пиғыл танытушылардың өзі тар ма, өрісі тар ма!? Қытай немесе өзге де бізге дұшпан көзімен қараушылар ұлттың ішіне ірткіш күштерін сіңіре алса, өз батырымызды өзіміз көлеңкелесек, онда, біздің кім болғанымыз!?
Осындай ойларды жинақтай келгенде «Оспан қытайдың жауы екен ғой» деген ой қалыптасады. Қытай саяси топтарының саналы, санасыз сойыл соғарлары да солай қарайды.
Қытай – «ханзу» ұлт аты, ҚХР – қытай мемлекеті. Оспан қытай мемлекетінің де, қытай ұлтының да жауы емес.
Сөз арқауын дәйекті ету үшін бүгін де көзі тірі, Оспанның тергеуіне қатысқан тоқсанның төріндегі Қалдыбай Қанафин ағамыздың сөзінен үзінді келтірейік. Қалдыбай аға былай дейді: «Оспан тергеу барысында көп сөз айтты, ананы-мынаны әңгімеледі деп жүргеннің бәрі өтірік. Оның негізігі жауабы біреу ғана болды. Ол – «кім менің еліме-жеріме, дініме, тіліме тиісссе сол менің жауым болды. Оны қара қытай, ақ қытай деп айырмадым. Қарсы оқ атқанды аямадым, қырғаным рас. Кінәм мен күнәм сол болса, бәрі шын, енді ең соңғы жазаларыңды қолданыңдар!» деген бір ғана жауап төңірегіндегі сөзі еді. Оспан шынымен де қазақтың аты-затына сай қас батыры болатын».
«Кім менің еліме-жеріме, дініме, тіліме тиісссе сол менің жауым болды» — бұл соонаау сақ, һұн, түркі заманынан келе жатқан аталар сөзі. Сөз ғана емес батыр оғландарына қалдырған алтын аманаты. Оспан соны орындаушының соңғы баһадүрі, жүрегі ізгі, жауына қатал дала көкжалы. Орыс зеңбірегіне қарсы шапқан Кенесары ханның қытайлық шапқыншыға қарсы тұрған тірі бейнесі.
Мұны қытайлар жақсы білді. Оспан тірілсе түркі рухы бас көтеретіндей қорқуының, алаңдауының себебі де сол. Олардың аузына неге Ахметжан Қасыми, Сқақбек Мононов, Әбдікәрім Аббасов, Дәлелхан Сүгірбаев сынды жартылай қызылдасқан тұлғалар түспейді!? Неге Оспаннан өлердей қорқады.
«Оспаннан қорқады» демекші, бір әңгіме еске оралады. Бала кезім, Өр Алтай жерінде, Ертіс жағасында. Әкемнің атының артына мінгесіп, қытайлар «әскери полк» атайтын қытай қалашығына кірдік. Ол кезде жол бойында машина жоқ. Ат тұяғы көшелерді барабанша ұрады. Көшеден қиыс бұрылғанымыз сол еді, есік алдында ойнап жүрген қытай балалары: «қазақтар келе жатыр, Оспан бандылар келе жатыр!» десіп, тырым-тырақай үйлеріне қашып кіріп жатты. Анда-мұнда терезерінен үрейлене қараған жанаралары шалынады. «Әке, олар неге қашады? Не деп жатыр?» деймін мен. Әкем: «Олар бізден Оспан бандылары келе жатыр деп қорқып қашты» дей келіп, Оспан туралы алғашқы хикаяны шертіп еді.
Ол кезде Оспаннан өлердей таяқ жеп тірі қалған қытайлардың көзі бар кез-ді. Алтай жерінде ақиқатқа қайтқан гоминдаңшылардан құралған «10-двезия» аталатын қала тұрғындарының сол кездегі бейнесі бұл.
Жылдар озды. Олар біздің «тиіспейтінімізді» білді, Оспанның «шынымен де өлгеніне» сенді. Ондағы қазіргі жағдай туралы ойлаңыз. Оспан сонда кім үшін, не үшін күрескен екен!
Енді Оспан хақындағы тарихи деректерге мойын бұрайық.
Оспан заманында Шынжаң жеріне бас көктеп кіргендер гоминдаңшыл қытайдың Шыңшысай бастаған армиясы еді. Олардың Шынжаңға кірген жалпы саны 80 мыңнан астам болса, Оспан кемінде жарымынан артығын қырып-жойды. Кейіннен, яғни, 1945 жылы бір-бірімен жау қара қытай (гоминдаң) мен қызыл қытай (комунистік қытай) бірлесіп, одақ құрып, Жапонға қарсы тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіске жетті. Осыдан кейін халықарада өте көп өзгерістер болды. АҚШ пен Кеңес одағы да одақ құрды. Әлемдік деңгейдегі көптеген мәселелерді ретке салды. Соның ішінде Моңғолияның дербестігі сақталып, «Шығыс Түркістан дербестігі» жойылды. Шығыс Түркістан республикасы күшпен таратылып, оны қорғауға тысрысқан Әлихан төре 1946 жылы маусымда жасырын ұсталып әкетілді. Әлиханның құлауға айналған шағында одағына тартқан екі адамы Оспан батыр мен Қалибек Хакім еді. Қалибек Хакім басқаша күрес жолын таңдап, Оспан өліспей-беріспейтін қан майданда жалғыз қалды.
Осы тұста Оспан гоминдаңшыл қытайлардың ұсынысын қабылдап, олармен ортақ одақ құрды. Осы одақ арқылы басты қауіп – жер бетіндегі қызыл империяның аждаһасынан сақтануға ұмтылды. Кеңес қызылы мен қытай қызылының бірлесіп, жер бетіне әкеле жатқан зұлматын анық аңғарды. Таныды, білді, қарсы тұрды. Бірақ қылышы «мерзімінен кеш сермелді». Қызыл қытай жеңіске жетті.
Егер, Оспан қытаймен (ханзу ұлтымен) жау болса, гоминдаңшыл қытайлармен бірлесер ме еді?! Оның жаулығы ұлтқа емес, отарлаушы жауыз күштерге ғана қарсы тұру екені анық аңғарылады.
Ал, қызыл қытай Шынжаңға кіргеннен кейін де Оспан әуелі олардың «шынайы халықшылдық» бет-бенйнесін байқап көруге тырысты.
Нұрғожай батыр комунистер мен Оспанның алғашқы қарым-қатынасына аялдағанда, өз естеліктерінде мынадай сыр шертеді:
«1949 жылы жазда Гоминдаң мен Гоңшандаң (Қытай компартиясы) соғысының хабарлары үнемі келіп тұрды. Гоминдаң әскери басшылары қаша бастады. Америка консулы да болып жатқан уақиғаны айтып тұрды. Мәккирнан:
– Мал жаныңды жергілікті үкіметке бірақ өткіз. Америкаға кет, мал сомасын біз береміз, – деп те айтты. Оспан:
– Отанымда тұрамын. Қашпаймын жердің арғы бетінде жатқан Америка маған Шығыс Түркістан үкіметін құрып бере алмайды. Американың сөзі де өтірік. Рузвельттің екінші дүниежүзілік соғыстағы әрекеті бізге белгілі. Екі тауды бірақ күйретіп, дүниенің үлкен базарын іздеген. Америка қазір Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ең үлкен ел еді. Бүкіл Түркістанды орыстар жұтып отырса да, оған үш жүз жылдан бері көрсеткен көмегі жоқ, – деп маған кесіп айтты» («Азаттықтың өшпес рухы» Алматы, «Сардар» 2008 ж.160 бет).
Осындай алмағайып күндерде Оспан қызылдардан бірден күдер үзіп кеткен жоқ. Ең бастысы алды-артын барлап көру, ақылмен шешу, «ұзын арқан, кең тұсау» идеясында болды.
«Осы жерден Үрімжіге баруға Уаң Жыңның 30 мың әскері басып өтіп кетті. Құмылда бірнеше күн тұрған екен. 1949 жылы 20 қарашада Пекиннен, яғни Гоңшандаң(Қытай компартиясы)нан төрт өкіл келді. Оның бірі – ұйғыр Әмет, бірі – дүңген, бірі – қытай болатын. Оларға Оспан, Жәнімхандар: «Осы жер малға жайлы екен. Осы жерде қоныстанып отырсақ», – дегенді айтты. Уәкілдер мақұл болып кетіп қалды. Оспан оларға: «Бұрынғы Шынжаң демократиялық өлкелік үкіметімен жасаған он бір тармақты тоқтам бар еді. Осы тоқтам бойынша ұлттық билік өзімізде болатын болсын», – деген талабын қойды. Өйткені Жаң Же Жұң “Шынжаң азаматтары өздеріңді өздерің басқарып кету үшін оқыңдар. 15 жылдан кейін ел болып бөлініп кетесіңдер”, – деп уәде беріп, тоқтамға қол қойған едік. Осы бір ауыз сөз бізге үлкен медеу болған еді. Өйткені Гоминдаңның соңғы кезінде батыс терістік бес өлкенің бастығы болған, оған қосымша Шынжаңды билеген Жаң Же Жұң сол орнында қалып, оны Гоңшандаң (Қытай компартиясы) батыс терістік бес өлкенің бастығы етіп белгілен еді. Бұл адамның орынында қалуы – Оспанға үлкен медеу берді» («Азаттықтың өшпес рухы» Алматы «Сардар» 2008 ж.162 бет).
Осы жайлар әңгіме болғанда Дәлелхан Жәнімханұлы «Қилы заман, қиын күндер» кітабында 1949 жылы желтоқсанда Оспанның Уаңынмау, Бұрхан Шаһиди, Тау Сио және генерал Фиңдыхуайға арнап жазған хатының мазмұнында: «Хаттарыңызды алдық. Қыстың қатты суық күндерінде жолға шыға алмадық және Үрімжіге бара алмадық. Солай болса да, орнымызға уәкіл етіп екі кісі жібердік. Сіздермен бет көрісіп, жағдайларымызды түсіндірумен бірге, берген нұсқауларыңызды алып қайтады» деген сөздерінің барлығын айтады.
Міне, осы оқиғаларға қарағанда жаңадан келген қызылдар Оспанға қарата бірі өз жағына тартуға тырысқаны, екінші жақтан алдамалай тұру саясатын қолданғаны байқалса, Оспанның да «саптаяқтан ас құйып, сабынан қарауыл қарап» отырғаны сезіледі.
Оспан да қарап жатпады. Өзінің ең сенімді деген адамдарын көрнеуде комунистерге бағынышты қылып, олармен әр күні астыртын байланыста болып, қарсы жағының жан дүниесі мен шынайы іс-әрекетін бақылады.
Сөйтіп, тоқсан толғанып ойланған Оспан: «Комунистердің сөзі мен іс-әрекеті бірдей емес екен, бұларға да сенуге болмайды екен» деген шешімге келеді.
Осы оқиғаларға қарап отырып, Оспан батырдың бір ұлтқа немесе, бір мемлекетке ғана жауығып отырымағаны анық көрінеді. Жер бетіндегі отарлаушы күштерге, соның ішінде қанатын кеңге жайған Кеңестік және Қытайлық қызылдардың жауыздығын барынша танып жеткені байқаймыз.
Шын мәнінде қызылдар мен Оспанның бірігу, ымыраға келу идеясы Кеңес Одағын қуаттайтын топтар мен бұрынғы «Шығыс Түркістан республикасының» орнын иелеп отырған «үш аймақшылдарға» мүлдем жақпайтын. Іштегі ымыраға келмес алауыз топтар да бас пайдасын ойлап, бақай қулықпен арпалысқа түсті. Шынжаңдағы жергілікті топтар мен тұлғалар ішінде жаңа қызылдарға кім бұрын жақсы көрініп қалар екен деген қызғаныш пен бақталастық туды. Оспанды құртуға мүдделі топтар көбейді. Өкініштісі осындай таяз ойлы адамдардың мұрагерлері мен ұрпақтары немесе «ақ дегенін алғыс білген» кейінгі жандайшаптары Оспанды әлі күнге дейін жау санап келеді. Кейде ойдан ойдырылған рулық қақтығыстар қазанына қуырғысы келеді. Бұл ұлттың ішкі іріңін кеулетуші империялардың лақса қулығының жұрнағы еді.
Ерлікпен басталып, өрлікпен жалғасқан ұлт-азаттық қозғалысын «бүлікке» балаған «Үш аймақ» Оспанға бұдан бұрын да шошына қарайтын еді. Бұл туралы «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісі тарихы» («Ұлттар» баспасы, 2000 жыл.) атты кітаптың 340-бетінде: «Оспан, Қалибек, Жаужап (моңғол) бүлігі арт-артынан туылғандықтан, үш аймақтың жағдайы күннен-күнге ушығып, мүшкіл халге кіріптар болды. Ұлттық армия әскери күшінің жеткіліксіздігі тұтас үш аймақ үкіметіне ауыр қатер төндірді», – деп жазады.
Ендігі жерде Кеңестіктердің кеңесін бұзбайтын, қытай билігіне басы байлаулы «қып-қызыл», жаңа «үш аймақшылар» тарих сахнасына көтерілді. Сөйтіп, қыркүйектің басында «Үш аймақ» жақ ҚКП орталық комитетінің жол-жорық көрсетуіне негізделіп, Шынжаң мәселесін шешудің көп түрлі жолдарын қарастырып, ҚКП-на жауап хат жазды. Аталған хаттың 6 тармағында: «…Жәнімхан, Қадуан, Оспан, Қалибек т.б көп саяси және әскери қылмыстыларды жазалап, мал-мүлкіне дейін мүсәдралауды» сұрады. («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», «Шынжаң» халық баспасы, 2006 ж.Үрімжі 313-314 беттер).
Оспан мен қызылдардың ат кекілін кесіскен алғашқы сәтінде оларды татуластыруға талпынушылардан гөрі ажыратуға, ара жігін ашуға ұмтылғандар көп болды. «Үш аймақшылардың», атап айтқанда, Опанның өмірбақи қорғаған мүдделі қандастарының бар ниеті Оспанның көзін құрту болды.
Оспан да соңғы рет қарманып қалуға кірісті. «…Қайтадан бір ұйым құрды. Бүкіл армияның бастығы Оспан, оның орынбасары Жолбарыс болып белгіленді. Екі полктің бастығы ретінде мен (Нұрғожай – Ж.Ш) және Қапас екеуміз белгілендік. Дәлелхан Жәнімханұлы әскери ат, азық, көлік дайындауға сайланды. Алтынбек, Кәбен, Қатай Баркөл елінің әскери бастықтары болып сайланды» («Азаттықтың өшпес рухы» Алматы «Сардар» 2008 ж, 165-бет.) Міне бұл Оспанның қызылдарға ресми түрде қарсы дайындыққа кірісуі еді.
Осыдан кейін Оспан қолы шегіне соғыс жасап, Гансуге қарай бет алды.
Бір қызығы оларды қызылдардан көрі «Шарқи» аталған «үш аймақшылардың» өкшелей қууы көбірек болған көрінеді. Бұл жайында Нұрғожай батыр аталған еңбегінің 165-166 беттерінде бірінші рет: «Біз Сарқамыста отырғанбыз. Үш аймақ атын жамылып, орыс армиясы келіп басты. Олармен аяусыз соғысып, көп адамын қырып тастадық. Қалған әскерлері жеңіліп, Нориға шегініп кетті» десе, енді бірде «Оспан, Жәнімхандар Тақырбастау, Сарбастауға барып орналасты. Бір жұмадан кейін орыстардың жалған Шарқи Түркістан атындағы әскерлері келіп басты», – дегенді айтады. Демек Оспандардың әлі де болса қызылдармен тіл біріктіруінің мүмкіндігінен алаңдаған Кеңес Одағы өз армиясын кіргізіп, «үш аймақшылармен» сәйкесе отырып, қызылдардан бұрын қармануды ойлаған сияқты. Тіпті ол көмекті «үш аймақшылардың» әдейі сұрап алуы да немесе қызылдырдың түртіп салып, білсе де білмеске салып тасада тұруы да әбден мүмкін еді.
Осы дәлелдерді негізге алғанда: «біз Оспанның адамдары едік» деп бейуаз ауылдарды шапқан тонаушы-қарақшылардың да кеңестік қызылдар немесе «үш аймақшылдар» жағынан ұйымдастырылғанын анық білеміз.
Оспанның өз адамдарын бағындырған сыңаймен қызылдардың ішіне кіргізіп, аңыс аңдағаны сияқты, қызылдар да өзіне сатылған қазақ жансыздары арқылы Оспанның қыбыр-жыбырын аңдып отырды.
Сондай сатқындарды жолбастаушыға алған қытай қызылы ақыры батырды торға түсірді. 1951 жылы 19 ақпанда Гансудың Хайзы деген жерінде қолға түсті.
Түйенің үстіне маталып, қол-аяғы кісенделіп бара жатқан әкесіне қызы Пәнсия дауыс салып жылайды. Сол сәтте Ошың(Оспан) ақырып: «Өшір үніңді, дұшпанның алдында көз жасыңды көрсетпе! Мені қытай мықтылығынан ұстаған жоқ, Құдайдың бұйрығымен ұстады. Алла бұйырды, мені байлап алды. Мен өкінбеймін, қайт кейін!», – деп паң күйінде аяқ-қолы кісендеулі түйе үстінде қайқайып кете барады.
Жылап-шулаған ауыл адамдарына қарап: «Көз жастарыңды көл қылғанша, естеріңді жинап, ертеңдеріңді ойлаңдар!», – деп қатал әмір етеді. Хайзыдан Дұңхуаңға, одан Үрімжіге жөнелтіледі.
Батыр айтқан сөзінен қайтпады. Бас имеді. Комунистер ұсынған ақша, атақ, мансапқа алданбады.
1951 жылы сәуірдің 29 күні 52 жасында Үрімжі қаласында өлім жазасына үкім етілді. Тарих алдында аппақ арын кірлетпей, нағыз мұсылман түркінің қасиетін сақтап шаһит болды.
Жоғарыда баяндалған оқиғаларға зер салып қарар болсақ, Оспан ешқашан рулық немесе бір ұлтты ғана жек көрушілік деңгейінде болмаған.
Көзі көрген қарттар Оспан бейнесін: «Ұсақ-түйекке желп етпейтін, аса сабаз, маңғаз, шешімді жұрт тарыққанда ғана айтатын, жол тапқыш, ақыл-айлалы, десі басым жан еді. Ұлтына ерекше адал болатын, қайран Ошың-ай!» деп айтып отырушы еді.
Бүгінгі қытайда болып жатқан қазақ немесе өзгеде мұсылман ұлттарына жасалып жатқан қысымдарды ойлағанда, олардың бірінші болып «Оспанды айтпайсыңдар!» деуіне қарағанда, тарих өз мінберінде батырдың рухына тағы бір мәрте бас иіп тұрғандай болады.
Ол ұлттың, ұлыстың жауы емес, ұлттық рух пен намыстың жоқшысы еді! Оның рухының қызғыш құсқа айналып Алтай аспанында – Түркінің бағзы жұртында шырылдай ұшып жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды!
Бүгінгі шаһид болған күнінде (29 сәуір) батыр рухына дұға жасауды ұмытпайық, ағайын!
Жәди Шәкенұлы,
жазушы