Наурыз Қазығұрттан басталған...

Осы уақытқа дейін тылсымның сырын ашпаққа ұмтылған адамзат баласы топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесі қайырлаған қасиетті мекенді іздеумен келеді. Жаратушының жер бетіндегі пенделерін пиғылына қарай жазалап, пайғамбар кемесін паналағандар Алла тағаланың қаһарынан аман қалды деген дерек көктен түскен қасиетті төрт кітапта да айтылады. Сонымен Нұх кемесі тоқтаған тау қайсы: еврейлердің Синайы ма, арабтардың әл Жудиі ме әлде армяндар айта беретін Арарат па, біздің Қазығұрт па?

Аты аталғанда кез келген армян арқаланып шыға келетін Арарат тауы Түркия аумағында жатыр. ХХ ғасыр басында осы таудан кемені өз көзімен алғаш көрген адам – ағылшын Джордж Хагопиан. Алайда ол содан кейін кеме тапқан жерін есіне түсіре алмаған күйі 1972 жылы 77 жасында дүниеден озды. Тау басында кеме қалғанын дәлелдемекке талпынғанның тағы бірі Ресей авиаторы – Росковицкий еді. Ол 1916 жылы тау басынан әскери крейсерге ұқсайтын кемені байқап, сол дерек бойынша Петербургтен шыққан арнайы экспедиция кипарис ағашынан жасалған алып қайықтың шіріген тамтығын суретке түсіріп алады. Зерттеушілер биіктігі 16 метрлік кеменің ұзындығы –167, ені – 50 метр екендігін анықтаған. Әйтсе де кейін суреттер жоғалып, кеме қалған жерді қайтып табу тағы да мүмкін болмай қалады. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын ғана әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары америкалық зерттеушілер Рон Валет пен Доналд Хесселдің иран-түрік шекарасына жақын маңдағы тау етегінен тағы бір кеме тапқанын жария етті. Анкарадағы Ата Түрік атындағы университет қызметкері Салих Байрактуан алып қайықтың жасын 100 мың жыл деп белгілеп те жіберді. Бірақ түрік ғалымының кеменің тау басынан емес, етегінен табылуын жер бетінің өзгеріске ұшырауынан деп түсіндіргеннен басқа толымды ештеңе айта алмағаны белгілі. Осыдан күдіктенген әлем зерттеушілері індете келе, кеме қаңқасының Нұх қайығына ұқсатып қолдан жасалған көшірме екендігін әйгіледі.
2005 жылы Ресейдің «Аргументы и факты» басылымының екі нөміріне Дмитрий Писаренконың «Нұх пайғамбар кемесі. Ол қайда?» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада орыс журналисі «Космопоиск» қоғамдық ғылыми бірлестігі жүргізген зерттеу қорытындыларын жария еткен. Ондағы мәліметтер бойынша Арараттың қарлы шыңдарынан түсірілген суреттегі кеме емес, Жанартау атқылауынан пайда болған ұзындығы 200 метрдей қазаншұңқыр. Ал осы уақытқа дейін «ақ түсті қаңқа» деп қабылданып келген сұлба аумағы пойыз вагонының көлеміндей мұз сүңгі болып шыққан. Ғылыми бірлестік тұжырымынша, Синай мен әл-Жуди тауларында да пайғамбар кемесі тоқтады деген пікірге табан тірететіндей дәлелдер кемшін. Осының барлығы қазақтың «Қазығұрттың басында кеме қалған…» деп басталатын әйгілі аңызының өзегінен ақиқат іздеуге мәжбүрлейді.
Қазығұрт аты алғаш рет IX ғасырлардағы жазбаларда кездескен. Оғыздар мен печенегтер арасындағы соғыс жайлы жырда Қазығұрт тау ретінде аталады. Ал Әбілғазының «Түрікмендер шежіресінде» Қазығұрт туралы екі дерек айтылады. Оның бірі Оғызханның күңінен туған алты ұлының бірі Қазығұрт болса, екіншісі тау атауы деп көрсетілген. Жазушы Сәуірбек Бақбергенов бұл жайлы әділдікті айтатын қазы және түркілердің тотемдік белгісі – құрт (қасқыр) деген сөзден жасалған деген пікір айтқан. Сонымен қатар, араб географтарының жазбаларында Кукрд деп жазылған тау дыбыстық өзгеріске ұшырап қазіргі атын иеленді деген болжам айтушылар да кездеседі.
Тау атауы жайлы мынадай да аңыз бар. Топан судың беті қайтқасын алғаш жерге Нұх пайғамбардың өзі түсіп, қазық қаққан деседі. Әулие табаны тиген жер әуелгіде Қазықұрды, кейіннен Қазығұрт аталып кетіпті. Ұлы жол бойына орналасқан қаланың өнер мен білім ордасына айналғандығын басқа емес, ертедегі жиһанкез Марко Полоның өзі жазып кеткен. Византия тарихшысы Менандр осы “Кеме қалған” шыңының жанындағы “Орда қонғанда” батыс түрік қағаны Истемидің Византия мемлекетінің қолбасшысы Земархты қабылдағаны жайлы дерек қалдырған. Осы тауда ежелгі Майқы бидің парсының жер қайысқан қолын айламен қайтарғандығы жайлы аңыз да сақталып қалған. Исі қазақты бір тудың астына біріктірген Сабалақ бозбала кезінде осы баурайда Төле бидің түйесін баққан. 1728 жылы Қазығұрт маңындағы Ордабасыда қазақтың игі жақсылары елдің малын талаудан, жанын қамаудан қорғау жайлы бәтуаласып, жоңғарларға күйрете соққы берген. Қасиетті тау ұлт үшін осынысымен ыстық. Осы өңірде туып, Қазығұрт жайлы көркем дүние де, ғылыми-танымдық еңбектер де жазып, киелі мекенді шығармашылығының алтын арқауына айналдырған жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың бастамасымен 2009 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Қазығұрт» атты кітап та жарық көрді.
Осы кітапқа жазған алғысөзінде тау атауы жайлы болжамды осы өңірдің тағы бір перзенті, қайраткер азамат Сауытбек Абдрахманов былайша толықтыра кетеді:
«Біздіңше, “Қазығұрт” атауының түп-тамыры тым тереңде болуға тиіс. Оның прототүркілік нұсқасы “Қаңғұқ-урт”, яғни қуыс (шұңқыр, үңгір), жұрт, басқаша айтқанда, “Ұлы құрсақ” екендігіне қарасақ та, Қазығұрт тауының алыстан алып қайыққа ұқсайтынына зер салсақ та, “қаңғұқтың” “қайұқ”, яғни “қайыққа” келетініне, ал “қаңзұқ-урт” транскрипциясының “қазық жұртқа” жақындығына көңіл бөлсек те, талай ойға қаламыз. Басқаша айтқанда, Қазығұрт адамзаттың орасан апаттан кейін қазық қаққан жұрты болып шығады. Оған жанаса тұрған жерге арғы бабаларымыздың Ілінгір (Ленгер) деп ат қоюында да мән бар: Нұқ пайғамбар кемесінің ілінгірі (якорь) сол жерге түскен… “Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған” деп келетін бағзы жыр баршаға белгілі. Нұқ пайғамбар кемесінің осы таудың шыңында тұрып қалуына байланысты айтылатын аңызды автор жеріне жеткізе, әсерлі әңгімелеген. Бұл ара, әрине, Жер бетін сондай топан су расында қаптады ма, Нұқ жасаған кеме қай таудың басына қайырлады деп жататын тұс емес.
Мәселе басқада. Мәселе – ежелгі бабаларымыз санасының әлемді жапқан топан су туралы классикалық мифке үн қосқан сұлулығында, саралығында, дүниенің жаратылысына, адамзаттың жер-жаһанға таратылысына қызыққан, соны өзінше түсіндірген даралығында».
Айтпақшы, осы өңірді зерттеген ғалым Молдияр Серікбаев Батыс Тянь-Шань сілемінде жеке тұрған Қазығұрт шамамен 300 млн. жыл бұрын пайда болып, 65-70 млн. жылдай су астында болған деген болжам айтады. Оған тау айналасынан табылған мұхит құмы дәлел. Бұл пікір де Наурыз қазақтың қазық жұртында мыңдаған жылдар бұрын тойлана бастады деген аңызға бойлата түседі.
Аңыз бойынша Нұх кемесі Қазығұртқа келіп қайырлағанда күн мен түннің теңескен мезгілі екен деседі. Сол сәт пайғамбар да мерейленіп, қолдағы асын кемедегі тіршілік иелеріне үлестіріп берген екен. Кеме тау басына келіп тоқтаған соң, 300 жылдан кейін Наурыз атты адам ежелгі мерекені тойлауды қайта бастаған дейді. Демек, осыдан 12 600 жылдан астам бұрын жер бетін топан су қаптаған деген қазіргі зерттеушілер дерегіне сүйенсек, Наурыз тарихы қай заманда басталғанын аңдау қиын емес.
Өмірден бір өзі бір ғылыми орталықтың жүгін арқалап өткен белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы 1970 жылы Мәскеудегі Ленин кітапханасынан ерте кезде араб қарпімен жазылған “Наурыз” атты жырға кезігеді. Ұзақ жырда Нұх пайғамбардың өзі күн мен түн теңескен мезгілде шашу шашып, кемесіндегілердің бұл күнді мерекелегені жазылады. Осыған сүйеніп, Ұлыстың ұлы күні Қазығұрт баурайынан бастау алған деген тұжырымға тоқтаған ғалым бұл мәселені түбегейлі зерттеуге кіріседі. Тынымсыз ізденген ғалым ежелгі қытай жазбаларынан ғұндардың бұл күнді ерекше мерекелеп, 365 жігіттің әрқайсысы бір күйден шерткені жайлы дерек тапқан.
Аудан азаматтары бас болып соңғы жылдары «Наурыз – Қазығұрттан басталған» деген әфсананы қайта тірілтті. Бұл бастама бойынша Нәуірзек құс келісімен өңірде ұлыстың ұлы күніне орай өтетін шаралардың шырқау шегі киелі тау баурайында өріс тауып келеді.
Кіндігі осы топырақта кесіліп, Қазығұрт жайлы талай аңызға қанып өскендер мынадай бір қызық әңгіме айтты.
2006 жылы жергілікті өнерпаздардың жер бетін топан су қаптағанын көрсететін театрландырылған қойылым кезінде шынымен де аспаннан жаңбыр шелектеп құйып, аяқ астынан дауыл көтеріліпті. Кеменің тау басына қайырлайтын тұсы бейнелегенде нөсер сап тыйылып, аспан шайдай ашылған. Бір қызығы, келесі жылы да осындай жағдай айна-қатесіз қайталанған екен. Мұндағылар ауа райы орталығы мен интернеттегі мәліметтерге сүйенетін адамдарды қайта-қайта қапы қалдыратын табиғаттың бұл құбылысын таудың тылсым қасиетімен байланыстыра қарайды.
Сонымен, пайғамбар кемесі қайда қайырлады? Әлі ешкім мұның анығын айтып, ұштығына жете қойған жоқ. Бар білеріміз, “Кеме қалған”, “Пайғамбар тоқтаған”, “Пайғамбар саусағы”, “Ғайып ерен, қырық шілтен”, “Әңгір ата” аталатын қасиетті пұшпағы бар таудың әлі де талай құпияны бүгіп жатқандығы.
«Қазығұрттың басында кеме қалған…» деп, әріден басталатын әдемі әфсана тудырған бұрынғылар осы тылсымның сырын сезбеді дегенге кім сенеді… Әрине, сезді. Ендеше, сол бабалардан басталған аңыздың өзегіндегі ақиқатқа үңіліп, қазық жұрттың қадірін арттыру бізге парыз.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, Астана, «Халық сөзі»
(Тақырыбы өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста