Мұстафа Шоқай және Шығыс Түркістан Республикасы

Мұстафа Шоқай және Шығыс Түркістан Республикасы

Қазақ ұлтшылдары және оларды құрамына алған Алаш идеясындағылардың арманы жалғыз қазақ ұлтының басын біріктіру емес, күллі түркі дүниесі үшін қызмет ету еді. Ұлт ұғымынан әлдеқашан биіктеп кеткен сондай ұлы тұлғалардың бірі Мұстафа Шоқай болатын.

 

Түрікшілдікпен қаруланып, Алаш идеясын барынша көкке көтерген Мұстафа Шоқай – ұлы Тұран елі үшін жанын қиған күллі түркінің зиялысы. Жалғыз қазақ халқының емес, түркі елінің бірлігін, егемендігін аңсаған, түркі халықтарын біріктіріп, Түркістан жобасын жасаған қоғам қайраткері.

 

Орта Азия Мұсылман Ұлттық Бұқарасы Қоғамдары Федерациясының ІІІ конгресі 1922 жылы 18-22 қыркүйек күндері Ташкентте он алты мүшенің қатысуымен өткен жиналыста қазақ зиялылары басым болған. Түркістанда өткізілген осы соңғы конгресте ұйымның келешегіне қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Түркістанда біртұтас тәуелсіз ұлттық мемлекет орнатқанға дейін күрес жүргізуге бірауыздан шешім қабылдады. Осы жиналыста ұйымның аты «Түркістан Ұлттық Одағы» (ТҰО) деп өзгертілді. М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Мүневвер Кари және Талип Жан секілді көрнекті зиялылар қатысқан жиналыста Түркістанды біртұтас көруге, ру-тайпалық ерекшеліктеріне қарай жіктемеуге көңіл бөлуге келісілді. Сөйтіп, Ұлы Түркістан ұғымы дүниеге келді. Ұлы Түркістан экономикалық және географиялық ерекшеліктеріне қарай үш аймаққа бөлінді. Әмударияның оңтүстігін алып жатқан аймақ Оңтүстік Түркістан, аталмыш өзен Хорезмнің солтүстігін және Қазақстанның Ұлытауының шығыс бөлігін алып жатқан аймақ Орталық Түркістан және осы таудың батыс бөлігі Батыс Түркістан деп аталды. Сондай-ақ бұл конгресте Түркістан мәселесін Ресейдің ішкі мәселесі болудан шығарып, халықаралық даулы мәселеге айналдыру туралы шешім қабылданды. Бұл шешімді ТҰО мүшелерінің Ресейдегі большевик үстемдігін мойындаудың бір көрінісі ретінде бағалауға болады. Себебі өз күшінің нашар екендігіне көз жеткізген ұйым мүшелері мәселені халықаралық платформаға көтеруді ұйғарған еді. Шоқай ТҰО басшысы Уәлидимен хат жазысып, хабар біліп тұрған. Осылайша Түркістандағы соңғы конгресте Шоқайды сыртынан Түркістан Ұлттық Одағына мүшелікке қабылдайды. 1925 жылдан бастап Еуропа елдеріндегі Түркістанды зиялылар мен жастардың саяси және мәдени іс-әрекеттерінен үйлестірген бұл ұйымның құрылуы Түркістандағы антисоветтік күрестің бір бөлігі ретінде іске асты. Бұның құрылуына Түркияның ұлт-азаттық күресінің жетекшісі М.Кемал паша жанама түрде үлес қосқан бұл ұйымның дүниеге келуіне негіз болған алғашқы саяси қадам 1920 жылдың маусым айында Бұхарада басталды. Бұхара большевиктерімен Бұхара әміріне қарсы одақ құру үшін ұйымдастырылған жиналысқа Башқұртстан, Қазақстан және Құлжадан зиялылар, Ферғана басмашылары қатысып құрылған еді. 1939 жылы басталған және күн өткен сайын ушыға түскен ІІ дүниежүзілік соғыстың аласапыран жағдайында одақтың жұмыс атқаруы да мүмкін емес еді. 1929 жылдан бері үздіксіз шығып тұрған «Яш Түркістан» журналы да соғысқа байланысты сол жылдың қыркүйек айынан бастап тоқтап қалды. Ал екі жылдан соң, 1941 жылы Шоқайдың Берлинде қайтыс болуымен жетекшісінен айырылған ТҰО-ның іс-қимылы біржолата тоқтады.

 

Қазақтың ХХ ғасырдағы көрнекті қоғам қайраткерлерінің қазақ қоғамында алатын орны ерекше болған. М.Шоқайдың қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің барысын қарастыра отырып, «Түркістан Ұлттар Одағын», «Прометей Одағын», «Түркістан регионын» құру және қарсылық жұмыстарын жүргізуінің басты мақсаты – түркітектес халықтардың өзіндік негізін сақтау болатын.

 

М.Шоқай өз төңірегінде болып жатқан оқиғаларға ғана зер салып қоймастан, елінің-жерінің тағдырына қатысты халықаралық жағдайға да ерекше назар аударып, түркі халықтарының тағдырына қатысты оқиғаларға да бүйрегі бұрылып отырған. Соның ішінде империялардың илеуіне түскен түркі халықтарының ұлт азаттық күресіне ерекше алаңдаушылықпен, бауырмалдықпен қарап келген. Әрі оған деген өзінің баға-көзқарастарын білдіріп, болашақ тағдырларына тілектестікпен қарап отырған. Бұған Мұстафа Шоқайдың шетелде саяси қудалауда жүріп, аттың жалы, түйенің қомында шығарған «Жас Түркістан» (1929-1939 ж.ж.) журналының беттерінде жарияланған мақалалары айғақ бола алады. Айталық, Шығыс Түркістандағы мұсылман халықтардың ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы Манчжурлық қытайлық отаршылдыққа қарсы көтеріліп, ұлттық тәуелсіздіктерін жеңіп алу жолындағы күрестері жайлы мәліметтерді осы журнал беттерінде жариялап, оған өзінің саяси көзқарасын білдіріп, тиісті бағасын беріп отырған.

 

Шығыс Түркістанда 1930 жылдардың басында жергілікті мұсылман халықтардың қытайлық бодандықтан азат болу жолындағы көтерілісі басталып, ол Қытай империясының онсыз да нашарлай бастаған халықаралық жағдайын шиеленістіре түскен еді. Кеңес Одағының тікелей араласуымен болып жатқан Шығыс Түркістандағы бұл оқиғалар туралы М.Шоқай «Шығыс Түркістан көтерілісшілері бұдан бұрынғы көтерілісшілер сияқты атамекенін қытайлардан біржолата азат етуді көздеп отыр. Бұл мақсаттарына олар ішінара болса да қол жеткізгендей сыңайы бар» деп жазып, 1933 жылы Шығыс Түркістан Ислам Республикасының құрылуы туралы хабарды журнал бетінде мәлімдеді (Мұстафа Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998 ж., 360-бет).

 

Мұстафа Шоқай Шығыс Түркістандағы оқиғаларға сараптама жасап, оған қатысты сан алуан саяси пікірлерге өз көзқарасын білдіре отырып, ол Шығыс Түркістан Республикасына Англияның ұстанымы қандай болды деген сұраққа былай деп жауап береді: «ағылшындар да Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына көмек қолын соза қоятындай сыңай танытып отырған жоқ. Ағылшындар да Шығыс Түркістан қозғалысының исламдық сипаты бар деп сескенеді...». «Панисламизм» десе ағылшындардың да басының «сақинасы» ұстайды. Сол себепті ағылшындар Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына аса сақтықпен қарайды», – деп, Англияның ШТР Үкіметіне қолдау көрсетуінің негізсіздігін айтады (М.Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998, 405-бет). Ал бұл пікір, шынында, Кеңес өкіметінің өзімен бәсекелес ағылшындардан қауіптеніп, «солай болуы мүмкін-ау» деген ойынан шығуы да ғажап емес. Мұстафа Шоқай осыны дәлелдейтіндей мынадай тағы бір мысал келтіреді: «Чинни Түркістан ауазы» ағылшындар Шығыс Түркістан ұлттық қозғалысына іш тартып болысып отыр деп жазады. Ал, шын мәнінде, олай болып отырған жоқ.

 

Біз осы газеттен ағылшындардың Үрімжідегі Қытай әкіміне қару-жарақ беріп көмектесіп отырған үкіметке қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысын ағылшындардың қолдауы мүмкін бола қояр ма екен?

 

Өкінішке орай, ағылшындар Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресіне көмек көрсетуі былай тұрсын, оған сырттай жанашырлық та көрсетпейді», – дейді.

 

Шығыс Түркістанға Англия көмектесіп отыр дегені Кеңес Одағының «өсек-аяңы» болса керек. Кейінгі анықталған ақиқат М.Шоқайдың көзқарасындай болып отыр.

 

Шынжаңның билеушілеріне кеңестік ықпалдың қаншалықты болғандығын Мұстафа Шоқай 1933 жылы «Яш Түркістанның» 46-нөмірінде былай деп жазды: «Тұрғындарының көпшілігі тарапынан, яғни түріктер тарапынан (бұл жерде ол жалпы түркітектес халықтарды айтып отыр) ешқандай құрметке ие бола алмаған және ішкі Қытайдан тым шалғай, оқшау тұрған Шығыс Түркістанның билеушілері Кеңес өкіметінің жартылай ашық, жартылай астыртын көмегінің арқасында ғана өмір сүріп тұра алды. Шығыс Түркістандағы осы үкімет тұсында бұл өлкенің есігін емін-еркін ашып, қазыналарын қалауынша тонауға, экономикасын өз ықпалына біржола енгізуге мүмкіндік тапқан Мәскеу мұндай үкіметтің бұдан соң да өмір сүре беруіне шын мүдделі болатын. Большевиктер Шығыс Түркістанда тек экономикалық пайданы ғана емес, сонымен қатар саяси мақсаттарды көздейді» (М.Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998, 360, 361-беттер).

 

Ол 1933 жылы «Яш Түркістан» журналында Кеңес өкіметінің Шығыс Түркістан оқиғаларына қатысты саясаты туралы: «Шығыс Түркістан түріктері өздерінің ұлттық құқықтарын қорғау жолында орталық Қытай үкіметі, Дүңген күштері мен Кеңес өкіметі тәрізді дұшпандардың бірлескен одағымен бетпе-бет келіп, олар өздерінің ұлттық күресін ешбір сырт күштің көмегінсіз, тек өз күштеріне сүйеніп жүргізуде» деп жазды (М.Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998, 406-бет).

 

Кеңес өкіметінің Шынжаңдағы мұсылман халықтардың ұлт-азаттық көтерілісіне ешқандай да іш тарта алмайтын себептерін Мұстафа Шоқай былай деп көрсетеді: «Олар ұлттық көтерілістер капиталист мемлекеттерді әлсірететіні себепті, мұндай көтерілістер тек өздеріне зиян келтіретін мемлекеттерде болып жатса ғана ондай мемлекеттердегі ұлттық көтерілістерді ұйымдастыруға және жәрдем етуге қатысып отырады.

 

Шығыс Түркістандағы жағдай басқаша. Бұл жердегі ұлттық күрестің жеңісі Кеңес өкіметі мүдделеріне, оның жаңа отаршылдық саясатына қауіп тудыратын болды. Жапонияның Манчжурия арқылы Моңғолстанға жақындасуы, бір жағынан, Англияның Тибетке саяси-экономикалық билік жүргізуі, екінші жағынан, большевиктерді Шығыс Түркістан мәселесінде барынша абай болуға мәжбүр ететін факторлар. Оқиғалар мен жалпы саяси жағдай Шығыс Түркістандағы Қытайға қарсы ұлт-азаттық күрестер тек большевиктердің еркімен ғана болып жатыр деген пікірді теріске шығарады»/1, 361-б/. Мұстафа Шоқай бұл пікірі арқылы Шығыс Түркістан Республикасының өмір сүруіне кеңестік саясаттың мүдделі емес екендігін көрсеткісі келді. Кеңес Одағы Шығыс Түркістан үкіметінің Шэн Шихай үкіметіне бағынып, тізе бүгуіне мәжбүр етті. Шығыс Түркістан Республикасы, Мұстафа Шоқай айтқандай: «оның жаулары – «Орталық Қытай үкіметі, дүңген күштері және Кеңес өкіметі тәрізді дұшпандардың» қарсылығы нәтижесінде жеңіліске ұшырады. Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін Кеңес Одағы ешқашан көргісі келген жоқ және көргісі де келмейді» (М.Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998, 446-бет).

 

Шығыс Түркістан Республикасының төрағасы қызметін атқарған Қожанияз қажыға Кеңес өкіметі ақыл беріп, оның Қытай үкіметіне берілуін талап етуін тағы да Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналында 1935 жылы жарияланған мына мәліметінен көреміз: «Кейбіреулер «Шығыс Түркістан түріктерінің досы» деп жүрген Кеңестік Ресей Қожанияз ажымға ол Шығыс Түркістан Республикасының төрағасы болып тұрғанда көмектеспей, Республика туын түсіріп, Қытай үкіметіне берілгеннен соң ғана және дәл осыны шарт ете отырып көмектесетінін білдірді және солай етті де» (М.Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998, 446-бет).

 

Мұстафа Шоқай Шынжаңдағы мұсылман халықтардың азаттық күресін жаныштауға күш салған Кеңес Одағының саясатын батыл айыптап, ол туралы: «Шығыс Түркістанда Қытай отаршыл үстемдігін аударып тастап, тәуелсіз түрік мемлекетінің шаңырақ көтеруі қызыл орыс империализмінің Азиядағы мүдделеріне бүтіндей қайшы келетін. Сол себепті Кеңестік Ресей әу бастан-ақ Шығыс Түркістандағы ұлттық қозғалысқа қарсы бағыт ұстады» деген болатын (М.Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998, 490-бет).

 

30-жылдардағы Шынжаңдағы кеңестік саясатқа байланысты ондағы жергілікті билеушілердің кеңестік ықпалға түсуінің себептерін түркі әлемінің көрнекті қоғам қайраткері М.Шоқай 1935 жылы былай деп жазды: «...Үрімші губернаторы Шин Шиқай (Шың Шысай – Ж.Ш.) Кеңес өкіметімен тығыз достық қарым-қатынас орнатып, большевиктерден түрлі кәсіптегі экономикалық дамуы» үшін олардан несие ала бастағанын мойындап отыр. Демек, Шың Шұрын (Жин Шурын – Ж.Ш.) тәрізді бүгінгі Үрімші Үкіметі де Мәскеудің уысына түскені көрініп отыр. Олай дейтін себебіміз. Мәскеу қызметкерлері, Мәскеу мамандары, Мәскеу қаржысы тек Мәскеудің мүддесі үшін ғана қызмет ететін болады. Оның үстіне Шығыс Түркістандағы Қытай Үкіметі Мәскеуге ешқандай бір шарт қоя алатын халде емес. Оған шамасы жетпейді.

 

Шығыс Түркістандағы «Мәскеу мүддесі» дегеніміз, бұл өлке сөз жүзінде Қытайдікі, іс жүзінде Мәскеудікі дегеннен басқа ештеңе емес» (М.Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998, 445-446-беттер).

 

Шығыс Түркістан халқының ұлт-азаттық күресіне Мұстафа Шоқай барлық түркітектес халықтар мен әлемнің кез келген халықтарының да қолдауын қалайды. Ол «Шығыс Түркістан халқы да әлемнің басқа еркін, азат халықтары сияқты өз тағдырын өзі айқындауын қалайды. Осы бір әділетті күресте көрсетіліп жатқан және көрсетілуі мүмкін кез келген көмекке біз шын жүректен алғыс айтамыз» (М.Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998, 406-бет).

 

Мұстафа Шоқай сол заманның қитұрқы саясатына сәйкес, ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрестерге отаршыл мемлекеттердің қолданатын сан қилы арандатушылық әрекеттерін, ұлттық қозғалыс күштерінің арасына іріткі салу, ұлт көсемдері туралы түрлі жалалы қауесет тарату сияқты әрекеттердің болып тұратынын ескерте келе былай дейді: «Ұлттық күрестің мүддесі осы күреске белсене қатысқан әрбір жеке адамның мүддесіне немқұрайды қаралмауын талап етеді... Ұлттық қозғалыстың жаулары оның басшылары мен қосшылары хақында алуан түрлі өсек-аяң таратады.

 

Қазіргі жағдайда ұлттық қозғалыстарды басқарып, жетекшілік ететін жеке тұлғаларды қорғап қана қоймай, олардың беделін арттыруға да күш салуымыз керек. Жауларымыздың оларға қастандық жасауына жол бермеуіміз тиіс. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының басшылары мен өкілдеріне сыртқы әлемнің назарын аудару, оларға халықаралық жұртшылықтың симпатиясын тудыру қазіргі кездегі біздің ең маңызды міндетіміз болып табылады. Ұлттық мүдделеріміз осы міндеттің толық орындалуын талап етеді» (М.Шоқай. Таңдамалы. І-том. Алматы, 1998, 406-407-беттер).

 

Мұстафа Шоқай Қытайға барлық жағынан жан-жақты көмектесіп отырған Кеңес Одағы туралы, өзіне ата жау санаған кеңестік өкіметке деген жеккөрінішті көзқарасын былайша көрсетеді: «Қытайдың тағы бір төртінші жанашыры – Кеңестік Ресейге келсек, ол Моғолстан мен Шығыс Түркістанды Қытайдан бөліп алып, өзіне тәуелді етуді көздейді. Кеңестік Ресей коммунизм идеяларын таратып, Қытай ұлттық төңкерісінің партиясы Гоминданды іштен ірітуге тырысты. Ол – ол ма, Кеңестік Ресей мұнымен де тынған жоқ. Қытайдың 20 миллион тұрғыны бар аумағында Кеңес өкіметін құрып, бұл елді ұшы-қиыры көрінбейтін азамат соғысына сүйреп түсірді. Орыс большевиктері Қытай коммунизмінің орталығы – Кантон қаласын екінші Мәскеу деп атайды. Олар Қытай коммунистерімен бірге жүргізе отырып, Америка мен Еуропа капиталдарын Қытайдан, жалпы Азиядан ығыстыруда. Қытайға болысып жатқан достарының жай-күйі, міне, осындай» /3, 139-б/.

 

Жалпы, М.Шоқайдың сол тұстағы көзқарастарының көбінің даналықпен айтылғанын біліп алу қиын емес.


Жәди Шәкенұлы
abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста