Міржақып Дулатұлының Алашқа айтқан аманаты
Алты алашқа аян, 1916 жылғы 25-маусым жарлығы әлегінен Жетісу облысындағы қырғыз-қазақтың басына қиямет-қайым күндер туды. Жігіт бермейміз деп қарсылық қылғаны үшін оққа ұшып, қаншасы өз жерінде бір қырғын көрді. Басшы адамдары дарға асылды. Рахымсыз хұкіметтің қарулы ғаскеріне қарсы тұра алмай, көбі Қытай жеріне босты.
Мал-мүліктің көбі орыс ғаскерінің қолына, олжаға түсті. Көрші мұжықтар жау болып, талтүсте талады: өлтірді, адамын байлап, малын айдап алды. Босқанда айдап-көшкен мал-мүліктен жолшыбай айрылды. Жаяу-жалпы, үйсіз-күйсіз Қытай жеріне жеткенде қар жауды, қыс түсті. Онда жанашыр жақын таба алмай, бара таласты. Аштан өліп бара жатқан соң қалмақ, қытайға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келіншектерін қаны қара қалмақтар қатынданып кетті. Аш-жалаңаш, аузына не түссе соны жеп, қайда болса, сонда жатып, неше түрлі дертке ұшырап, тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естір құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегі бастан кешкен қызық дәурен көздерінен бір-бір ұшты. Мыңды айдап, жүзді сапырып, шалқыған байлар бір үзім нанға зар болды. Әлпештеп өсірген балалары телміріп, көрінгеннің көзіне қарап, мойнына дорба салып, қайыршы болып кетті. Бай-кедей, жас-кәрі, жақсы-жаман айырмасы бітіп, бәрі бірдей сорлы болды. Атадан ұл, анадан қыз, жардан жар айрылды. Жүрек қанға, көз жасқа толды.
Жетім-жесір ботадай боздады…
Жұрттықтан, тіршіліктен күдер үзіп, бұл опасыз дүниеге қош айтысуға таянып тұрғанда, бостандық туды. Бұл хабарды естігенде жүректері жарылғандай қуанып, е дүние, тым болмаса елге жетіп, алаштың ортасында өлсек арман бар ма деп қайта шұбыра бастады.
Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлім… Әлі жоқ, дымы құрыған сорлылар жаяулап қозы көш жерге жүруге жарамай, кез келген жерде жығылды, жығылғаны тұрған жоқ, өлгені тірілген жоқ…
Басы-қасында болмаған, көздерімен көрмеген алаштың балалары, бір минут көздеріңді жұмып, қиялға салып қараңдар, сонда көргендей боларсыңдар: біреу тәлтіректеп аяғын баса алмай жығылып жатқан, біреу аштықтан ісініп, «қандай күнә-сұмдығымыздан мұндай күйге ұшыраттың, құдай!» – дегендей. Қимылдауға шамасы келмей, көкке қарап жатқанын, жолдың бір шетінде өліп, өлгеніне рахаттанғандай, мәңгілік ұйқыға кеткен шалды көрерсің. Үсті-басы дал-дал, тәні көрініп, етбетінен жығылған күйде өліп кеткен кемпірді көресің. Жас баласын бауырына қысып, құшақтаған күйінде өлген жас қатынды көрерсің. Бұлардың мұндай қаліне қайғырар ешкім жоқ. Тек қуанышпен ас пен тойға жиналғандай топ-топ қарға-құзғын, ит-құс, өлгендердің көзін шоқып, етін жеп, сүйегін кеміріп жатқанын көрерсің. Бұл өліктер құдайдың кең даласын сасытқан. Ық жағынан жан жүрерлік емес, мұның иісін өзің иіскегендей боларсың.
Мұның бәрі ертегі емес, болған іс! Кеудеде шыбын жаны қалғандары еліне жетті. Бұлар не көрді? Қора-қопсы ойран болған. Қоймалары таланған, малдан адал қара қалмаған. Жеріне егін шықпаған, егін салар жан қалмаған. Жеріне шөп шықпаған. Шөп жейтін мал қалмаған. Аяқ жетер жерде азық жоқ. Азықты жерге жетер көлік жоқ. Көлік болса азық жоқ. Қалың алаш алыста, қаны басқадан қайыр жоқ.
Тағы дағдарыс, ашаршылық, тағы өлім…
Бостандық туды, жадырап жаз шықты, күркіреп күн шықты. Бірақ, ол бишаралардың басынан қара тұман серпілмеді, ғазрейіл қылышын қынабына салмады. Басы аман, малы түгел ағайын жеткілікті жәрдем бере алмады, әр-берден соң жұрт олардың хәлін ұмытуға айналды.
Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен деп табиғат өзгермеді: тағы да қыс туды. Бишаралардың халі бұрынғыдан мың есе жаманға айналды. Бір жылдың ішінде өлгені жүз мыңнан асты. Енді бұл қыс талайын өлтірген шығар. Қанша өлгенін ақ кебіндей қар жасырып жатқан шығар.
Міне, қар кетіп жаз шығуға айналды. Құзғын-қарға той қылар және сасыр… Бірақ адам баласы жансебіл екен, әлі өліп біткен жоқ көрінеді. Тірілеріне «тамақ» та табылып қалды дегенді естіп отырмыз, тірілері өлгендерінің етін жеп жатыр дейді. Бұған алаш, я қуанарсың, я жыларсың, өзің біл. Жыласаң – ағайындығың. Бірақ сенің көз жасың ашқа тамақ, жалаңашқа киім болмайды. Көз жасы көмекке жарайтын болса өзгеден кенде болса да, олар көздің жасынан, көңілдің қайғысынан кенде емес еді. Ағайынға алаш шын жаның ашыса, шын жыласаң көмегіңді көрсет, жылуыңды бер. Жайшылықтағы қайыршыға беретін тиыныңды берме, ұрулы елің өлімнен қалғандай жылуыңды бер.
Жоғарыда айтылған оқиғаны Жетісу қазақ-қырғызының басынан кешіп отыр. Енді бұл күнде Жетісуға көрші Сырдария облысының қазағы ашаршылыққа, қырғынға ұшырай бастады. Бұл елде өткен жаз егін-шөп шықпай, қысқа қарсы малдары жұтап, шеттен астық келмей, келтіруге шамасы келмей, Жетісудай болмаса да, бастарына қараңғы күн туды. Шет жағасы бөтен елдерге ауып, бұлардың да адамдары сатылып, берекесі, елдігі кетуге айналды.
Осы екі облыстағы аш-жалаңаш қазақ-қырғыз бауырларға жұрттан жеткілікті жылу жинап, рулы елімізді өлімнен аман сақтап қалу мақсатымен Семей облысының Алаш қаласында (Жаңа Семей) қазақ комитеті һәм жастардың «Жанар» атты ұйымы басшылық етіп қауым жасады. 5-наурызда қауым ортасынан іс басқаратын бес кісілік комитет сайлап шығарды. Қауымның құрметті бастығы – Әлихан Бөкейханов, жәй бастығы Мұқаш Поштайұлы болды.
Комитет төрағасы – Міржақып Дулатұлы, орынбасары Жүсіпбек Аймауытұлы, хатшысы Мұхтар Әуезұлы, қазнашы Ғабдолла Есіркепұлы, тағы бір мүшесі Ғабдолла Қоскейұлы.
Мәжілісте жеті мың сомдай жылу жиналды. Комитет қазір іске кірісті.
Саналы Алаш!
Мына екі облыстағы бауырларымыздың жайы жоғарыда айтылды. Біз жұрт боламыз, өз тізгінімізді өзіміз аламыз деп отырмыз. Жұртымыздың бір жағы мынадай жоғалғалы тұрғанда кіммен жұрт боламыз?! Кеше бір облысымыз ойран болса, бүгін екінші облысымыз мынадай апатқа ұшырап тұрса, ертең үшінші, арғы күні төртінші облысымыздың басына, сүйте-сүйте, бәріміздің басымызға мұндай хәлдің келмесіне қайдан көзіміз жетеді?!
Тұтанған өртті мезгілінде сөндірмесек, ол өртке ертең бәріміз де шалынбаймыз ба? Шарпылмаймыз ба? Сонда бізді кім жұрт қылады! Онда біз жұрт бола алмаймыз, жоғаламыз.
Мейірімді Алаш!
Рулы елің қан жұтып тұрғанда, сен май жұтпа!
Ата-аналар, сендер балаларыңды еркелетіп, маңдайынан сипап, күнге, желге қақтырмай отырғанда, өздеріңдей адамдардың балалары сатылып, көздеріне шыбын үймелеп, жетімдікте жүргенін, бір түйір тамаққа, бір жұтым сусынға зар болып жылап отырғанын ойлаңдар!
Сендердің қатын-қыздарың алтын-күміске малынып, бойларын түзеп, жылы үй, жайлы төсекте отырғанда, олардың қатын-қыздары күңдікте аш-жалаңаш абыройын жаба алмай отырғанын ойлаңдар!
Атқа мінген азамат! Сендерге ел керек, жұрт керек болса, басшылық қылып, алашты аман сақтау қамына кірісіңдер!
- Намыстан, Алаш!
- Жігерлен, Алаш!
- Тас бауыр болма Алаш!
МАДИЯР.
«Абай» журналы, 1918 жыл, нөмірі 3
taglym.kz