Мемлекеттік сыйлық: өтпелі марапат – өкпелі жазушы

Әдебиет саласында қаламгерлерге берілетін сыйлық көп емес. Сол сыйлықтардың арасында дараланып тұрғаны – Нобель мен Букер. Нобель сыйлығына қазақ жазушыларының қол жеткізуі әзірге мұң секілді. Ал Букер сыйлығы – ағылшын әдебиеті әлеміндегі ең беделді марапаттардың бірі. 2014 жылдан бастап жүлде автордың азаматтығына қарамастан, ағылшын тілінде жазылған романға берілді. Жеңімпаз 50 мың фунт стерлинг алады. Егер шығарма басқа тілде жазылып, ағылшын тіліне аударылған болса, аудармашы марапаттың жартысын алуға құқылы. Бұл сыйлық алғаш рет 1969 жылы тағайындалған. Букерді де алған қазақ шығармасы болған жоқ.

 

Ал Қазақстанда қаламгерлерге бе­рілетін ең үздік марапаттың бірі – мем­лекеттік сыйлық. Бұл сыйлық екі жылда бір рет беріледі. Сыйлықтың маңызы да жоғары.

 

Осы уақытқа дейінгі мемлекеттік сый­­лықты алу мен беру тәртібін қа­райтын болсақ, мұнда елеулі бір құпия шы­мыл­дықтың бар екенін байқауға бо­лады. Ұсынылған жазушылар тізімінің ашық болмауы, іріктеу шараларының да жабық жағдайда өткізілетіні кейін талай «әңгіменің» туындауына себепкер. Тіпті, мемлекеттік сыйлыққа түсіп, барлық ір­ік­теуден өтіп, ең соңғы шешуші кезеңге келгенде бәйгенің алдынан келе жатқан қаламгерлердің шаң қауып қалғанын да білеміз.

 

Кеңес тұсында жазушыларға арнайы сыйлық белгілеудің екі аспектісі бар болғанға ұқсайды. Біріншісі, қалам­герлерді кеңес жетістіктерін насихаттауға ынталандыру болса, екіншісі зиялы қа­­уым­ды сыйлыққа таластырып, қы­рықпышақ етіп қырқыстырып қою. Өмір­де дос болып, сырласып, қатар басып келе жатқан қаншама жазушы осындай «додадан» кейін бір-бірін жау санап, бет көріспей кеткені де жасырын емес.

 

Ақын-жазушылардың бас ауруына айналды ма?

Ақын Байбота Қошым-Ноғай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазір мемлекеттік сыйлыққа шығармасын ав­тордың өзі ұсынатыны ешқандай құ­пия емес. Әрине, олардың бәрі де Жа­зушылар одағының қолдауына сүйенеді. Осы мемлекеттік сыйлық біраз ақын-жазушыларымыздың бас ауруына ай­нал­ғаны рас. Әжептеуір ақша ғой енді. Шамалы уақыт талғажау қылады, аздаған абырой алып береді дегендей. Осы сыйлықты ала алмадым деп уайымдап, жүрегіне салмақ түсіріп өліп кеткендер де бар. Ал алғандарының ішінде біреулері бұл абыройға лайықты, біреулері лайықсыз. Оны мен айтпасам да, елдің бәрі біледі» деп жазады.

 

Бұл сыйлыққа кім лайық, кім лайық емес, оны анықтайтын комиссия бар. Мүмкін, бар гәп осы комиссияда шығар.

 

Белгілі ақын Ғалым Жайлыбай: «Мем­лекеттік сыйлық – екі жылда бір рет берілетін үлкен марапаттардың бірі. Осы сыйлық басталғалы әңгіме де, кү­бір-сыбыр да көбейіп кетеді. Бұрын әде­биет пен өнер саласында бес-алты ад­амға дейін берілетін еді. Кейінгі кездері жалғыз сыйлыққа байлап қойды. Осы сый­­­лыққа ұсынылудан бастап қателіктер бар. Қаламгер Жазушылар одағы немесе қоғамдық ұйым арқылы өзін-өзі ұсынады. Украинаға Шевченконың тойына бар­ғанда байқадым, онда мемлекеттік сый­лықты анықтайтын арнайы комитет жұ­­­­мыс істейді екен. Екі жылда шыққан ең үздік шығармаларды олардың өздері таңдайды. Лайық деп танылған үміткерді сыйлық алуға бір-ақ шақырады. Ал бізде ең үлкен мәселе – комиссияда. Ол жерде ақын-жазушыларды білмейтін адамдар да отырады. Оның ішінде суретшілер де, мүсіншілер де бар. Олар тапсырылған шығармаға дауыс береді. Олар үміткердің бәрінің шығармаларын оқып шығады дегенге сенбеймін. Сондықтан комис­сияның құрылымы қайта қаралуы ке­рек. Ол үшін мемлекеттік сыйлықтың ере­же­лерін өзгерту керек деп ойлаймын», – дей­­ді.

 

О баста бұл сыйлықты Кеңес үкіметі ойлап тапқан еді. Ол кезде сталиндік сыйлық деп аталды. Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің «Ақын-жазушыларды бір-бірімен сыйлыққа таластыру үшін ойлап табылған дүние» дегені бар-ды. Кейде қаламгерлердің бір-біріне «өкпелеп» кетуінің де сыры осында ма деп ойлайсың. 

 

Оның үстіне, соңғы жылдары мемле­кеттік сыйлыққа лайық шығарма жазылған жоқ деген де пікірлерді ара-тұра оқып қоямыз. «Ешкімнің көңіліне келмей-ақ қойсын, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бірде-бір қазақ жазушысы «Абыржымен» иық теңестіретін трилогия жаза алған жоқ! Мен бұл сөзді ол туындыны үш-төрт рет қайта оқыған редакторы ретінде айта аламын», – дейді ақын Байбота Қошым-Ноғай. 

 

 Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын шығармалардың арасына ғылыми еңбектер де еніп кетеді. Жазушы таза ғылыми кітаптар көркем әдебиетке араласпауы керек екенін айтады. «Бұл мемлекеттік сыйлық – көркем әдебиетке берілетін марапат. Көркем әдебиет дегеніміз – поэзия мен проза. Мүмкін оған эссе де кіретін шығар. 

 

 «Абыржы» – эколог-жазушы Сайлау­бай Жұбатыровтың ұзақ жылғы тынымсыз ізденісінің жемісі. Жазушының көз майын тауысып жүріп жазған көркем дү­ниесі. Алайда бұл шығарма да сыйлыққа ие болған жоқ.

 

 

«Дауысы» есептелмейтін комиссия


 Белгілі жазушы Дулат Исабеков «Тә­уел­сіздік алған жылдары берілген мемле­кеттік сыйлық пен қазіргі мемлекеттік сыйлықтың айырмасы жер мен көктей», – дейді. «Алғашқы кезде комиссия мүшелері кітапты қолдарына алып, пікірлерін қа­ғазға жазып алып, басқосуда талқылап, талдап жататын еді. Содан талас туа­тын, әркім өзінше дауысын беретін. Қа­зір кітап оқымай, комиссия шешім шығаратын кезең туды. Жазбаша пікір жазылмайды. Кітаптың бетін ашпаған күйі комиссияның отырысына барады. Барлығы «көңіл күймен» шешіледі. Әрқайсысы ауызша «келісім» жасайды. Бұдан кейін әділетсіздік тумағанда не істесін? Осылайша, мемлекеттік сый­лықтың берілуі тым сапасыз деңгейге жетіп қалды», – дейді. Одан бөлек, бұрын бір рет сыйлыққа ұсынылған шығармалар қайта басылып, қайта «таласқа» түсетін деңгейге жетіпті. «Бір рет комиссиядан құлаған шығарма арада бірнеше уақыттан кейін қайта ұсыныла береді. Оны неге тіркейді? Бір құлап қалған шығарманы қайтадан тіркеу – заңсыздық. Ал біз сол заңсыздыққа көзжұмбайлықпен қа­раймыз» деп күйінеді жазушы. Тіпті, комиссияның дауысы есептелмейтін де жағдайлар болған секілді. «Биыл мен комиссияда жоқпын. Жоқ болғаныма түк өкінбеймін. Өйткені қанша жылдан бері комиссияға мүше болып келе жатырмыз. Шын мәнінде, біздің дауысымыз есепке алынбайды», – дейді Дулат Исабеков. 

 

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын шығармалардың арасына ғылыми еңбектер де еніп кетеді. Жазушы таза ғылыми кітаптар көркем әдебиетке араласпауы керек екенін айтады. «Бұл мемлекеттік сыйлық – көркем әдебиетке берілетін марапат. Көркем әдебиет дегеніміз – поэзия мен проза. Мүмкін оған эссе де кіретін шығар. Қазір публицистикалық мақалалар, зерттеу мақалалар, ғылыми ма­қалалар жинағы да мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын болды. Көркем әдебиет де­­геннің критерийлері бөлек емес пе?», – дей­ді. 

 

Әдебиетке ар өлшемімен қарайтын уақыт жетті 

 Белгілі сыншы Құлбек Ергөбек: «Мемлекеттік сыйлық бір кезде маң­дайымызға басқан ең абыройлы сый­лығымыз болған. Өткен шақта айтып отырған себебім, бұл сыйлық осы күнде қадір-қасиетінен жұрдай болған, өзінің ұстанымынан айнып кеткен, сыйлық аты қалғанын сездіреді. Бір кездері осы мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия мүшесі болғанмын. Кейін өз шығармам ұсынылғанда комиссия мүшелігінен шы­ғарды. Бұл әділеттік деп ойлаймын. Соған қарамастан сол жолы сыйлық ала алғаным жоқ. Екі рет түстім. Біріншісінде ұсынылғандардың қатарында Төлен Әбдік бар еді. Айтқанымдай, сол жолы сыйлықты Төлен Әбдік алды. Бәйгеге қатысқан азаматтардың қай-қайсысына да өзіміз алғандай қуандық. Бұл – әдебиетке ар-өлшемімен қарайтын заман еді. Екінші рет мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ті­зім­нен өзімді алдыртып тастадым. Өйткені сол жолы ол сыйлықты кім алатыны бел­гілі болған еді», – дейді. 

 

Жалпы, сыншы сыйлық неге әділ берілмейді деген сауалға, оның бір се­бебі мемлекеттік сыйлықтың өз өл­шем­дерінен айнып кеткенінде екенін айтады. «Оның бір өлшемі – көзі тірі өнер, ғылым қайраткерлеріне беріледі деген еді. Дүниеден өтіп кеткен ақын-жазушыларға да бердік. Бұрын мемлекеттік сыйлыққа шығарма Жазушылар одағының сек­циясында әбден талқыланып, талданып барып ұсынылатын еді. Оның өзінде бір-екі шығарма баратын еді. Биыл бұл сыйлыққа 24 шығарма ұсынылып отыр. Біріншіден, қазақ әдебиетінде өрлеу, өсу жоқ. Соған қарамастан 24 автордың шығармасын қабылдап, талқылаймыз деп отырған комиссия мүшелерінде де ұят қалмаған сияқты. Менің бұл сыйлыққа деген екінші бір теріс көзқарасым осы.Үшінші, мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияда елге әбден танылған, ұлты­­мыздың ұяты, әдебиетіміздің ары деп айтуға тиісті қаламгерлер, өнер мар­ғасқалары отыруы керек. Олар өзіне де, өзгеге де адал болуға тиіс. Әлсіз комиссия мүшелерінен әділетті шешім шығады деп айтуға қиналатын жерім – осы» дейді сыншы. 

 

Құлбек Ергөбек мемлекеттік сыйлық­ты көзі тірі қаламгерге емес, қайтыс бол­­ған ақын-жазушыға, оның өзінде уақыт тезіне шыдас берген, тарихтың қойнауында шаң басып қалып қоймай, ұрпақтардың талғамына жауап беріп, қайта жарияланып, қайта басылып, сах­нада қайта жүріп жатқан шығармаларға берсе жөн болар ма еді деген ойды айтады. 

 

«Қазір біздің жазушылар «менен Ты­нымбай артық жазады-ау» деп ойлай қой­майды. Жүрсін Ерман – ғажайып талантты ақын. Құлап қалды деп естідім. Ол неге құлайды? Пәленбай адам комиссия мүше­сі. Оның бәрі уақытын бөліп, сол 24 шы­ғарманың бәрін оқып шығады дегенге өз басым иланбайды. Бұрын мемлекеттік сый­лыққа ән жанрдан бір-бір шығарма ұсынылатын. Есесіне, қазақ әдебиетінің барлық жанры қамтылатын еді. Қазір ондай емес. Бір жылы поэзия, бір жылы проза, тағы бір жылы балалар әдебиеті, сосын әдебиет сынына берілетін еді. Кейде сатириктер ұсынылатын. Алдымен мемлекеттік сыйлық жөнінде комитеттің отырысы болып, мұның принциптерін қайта анықтау керек. Әйтпесе, соңғы жыл­дары ортадан төмен шығармаларға берілетін болды. Шығарманың тілін білмейтін, комиссия мүшелерінің тілін табатын адамдар алатын секілді. Қазіргі қазақ қоғамын сыбайластық, сыбайлас жемқорлық, дүниеқоңыздық жайлап кет­кені сияқты біздің мемсыйлықты да немқұрайдылық, сыбайластық иектеп алды. Мемлекеттік сыйлық алу бұрын абырой еді. Бүгінде бұл марапатты алу біртүрлі абыройсыздыққа айналып бара жатқан секілді. Біз Туымызды, Ән­ұранымызды қалай құрметтесек, Қазақ­станның мемлекеттік сыйлығы деген ұғым­ды да соншалықты қастерлеуіміз ке­рек» деген пікірді алға тартады.

 

P.S. Қазақстандағы мемлекеттік сыйлық – майлы жілік секілді. Мұнда жа­зушының жасына, денсаулығына, шыққан өңіріне қарай қиюластырып беру ісі жалғасып келеді. Негізі, сыйлықты кім мықты, сол алуы керек. Мейлі, ол 15 жастағы жас­өспірім бола ма, жас жазушы бола ма, өл­шем – әдеби туындының өзектілігі мен көркемдік шеберлігі тұрғысынан қаралуы тиіс. Дәл қазіргідей «жабық» жағдайда әдеби өлшемдердің, кәсіби шеберліктің, шын мықтының анықталуы өте күмәнді. Сондықтан мемлекеттік сыйлықты ұсыну, іріктеу, беру қағидаттары заманға сай ашық жүйе арқылы қалыптастырылуы керек секілді. Онсыз өкпелі қаламгерлер қатары әсте азая қоймайды.

 

Айым БЕКТҰР
Aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста