Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Халықты бірлікте ұстау – бізге аманат

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын

- Маралтай аға, Қазақстан өз алдына жеке ел болып, түтін түтеткен тұста халық көңілінде бағдарымыз, болашағымыз белгісіз деген үрей басым болды ма, әлде шынымен тәуелсіздіктің, азаттықтың қасиетін сезінді ме?

- Расында, ол кезде бір алапат сезімдер болды. Еркіндіктің, азаттықтың рухы сезілді. Қазақ жүрегіндегі жанартау жарылғандай әсерде жүрдік. «Мен – қазақпын. Осы елдің, осы жердің егесімін, перзентімін» деген сүйіспеншілік жүрегімізде, көңілімізде, тамырымызда бүлкілдеп жатты. Ол кезде біз жас болдық. Түрлі жиындар, түрлі басқосулар өтіп жататын жер-жерлерде. Барлығында халықтың рухы асқақтап тұрды. Біз оған шынайы сендік. Өйткені халық тәуелсіздікті қорқынышпен емес, қуанышпен, махаббатпен қарсы алды.
Жалпы өз басым қазақ халқы сол кезеңде азаттық алуға толықтай дайын болды деп есептеймін. Қанша дегенмен бодандықтың қамытын сыпырып тастап, бағзы бабаларымыздай азат санада өмір сүруге талпынып тұрған кезең болатын. Жарты әлемді жаулаған, тебінгісін терге шіріткен ата-бабаларымыздың рухы қазақ бойында азаттық сәулесі болып жарқырап жатқан еді. Біз сол алапат жарылысты көрдік. Ғаламат сәтке куә болды. Сол азаттық қолға тиген тұста өмірге келген балалар міне 25-ке толып жатыр. Тәуелсіздігімізге де ширек ғасыр.
- Осы ширек ғасыр ішінде тәуелсіздіктің салмағын, қадірін түсіне алдық па аға?
- Ия, тәуелсіз атану бір бөлек те, енді сол тәуелсіздікті сақтап қалу, ұстап тұру, қадіріне жете білу деген бөлек мәселе. Тәуелсіздігін жариялап, арада көп уақыт өтпей одан айырылып қалған, ішкі бірліктің жоқтығынан азаттығыны сақтай алмаған елдер көп қой. Сондықтан да гүлді қалай күн нұрына шомылдырып, түбіне су құйып, мәпелеп өсірсек, тәуелсіздікті де гүл секілді аялап ұстауымыз керек. Тәуелсіздікті әр адам өз жүрегінде аялап ұстауы керек. Біздің бабаларымыздан сөз қалмаған, бәрін айтып кеткен. Тек соны орындау ғана қалды. «Бірлік түбі – береке», «бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Бізге ең керегі бірлік, ішкі тұрақтылық. Бағытымыз айқын, бағдарымыз белгілі, еңсесі тік мемлекетпіз, иншалла. Мәңгілік ел болуға ұмтылып жатырмыз. Баба тарих тасқа қашап кеткен өткенімізді тірілтіп, өшкенімізді аршып алып жатырмыз. Осының бәрі қасиетіңнен айналайын, тәуелсіздіктің арқасы. Күлтегін бабамыз айтады «Мәңгі тас қашадым. Мәңгі тас тоқыдым. Мәңгілік үшін» деп. Тасқа қашалған тарихта «Мәңгілік ел» деген асқақ арман көп айтылған. Демек, біздің мемлекет осы бабалар арманының концепциясын жасады. Мәңгілік аспан асты, жер үстін билеген бабаларымыздың өр рухы көкке ұшып кеткен жоқ, жерге түсіп кеткен жоқ – ол біздің жүрегімізде. Жұмекеннің бір өлеңі бар еді:
Жүрегіңде бір тамшы қан болса егер,
Бар денеңді айналып ол жол шегер.
Мен де осынау тамшы қанға бара-бар,
Туған жердің тұла бойын аралар.
Менің демім баяу ғана бір алған
Күрсіну мен сүйсінуден құралған.
Арман, арман алға бұрды бетімді,
Нені қусам, сүйем соған жетуді.
Мен кідірсем, терім сүртіп бір сәтке,
Бүкіл дүние тұрып қалар секілді,
- дейді. Міне біздің бәрімізде осы жүрек болуы тиіс. Қазақтың бойындағы тәуелсіздікке деген махаббат тоқтамай – азат күннің жүрек қағысы тоқтамайды.
- Бостандықты, азаттықты, тәуелсіздікті барынша жырға қосып келесіз. Біз жалпы тәуелсіз халықтың, егемен елдің образын әдебиетте сомдай алдық па, аға? Өйткені жас ұрпақты жаңа санада тәрбиелеу де үлкен мәселе ғой.
- Бұл – былай. Там-тұмдап, жылғадан жылап аққан, көзі енді ашылып жатқан бұлақ болады ғой. Сол секілді. Жас буынның, орта буын өкілдерінің шығармашылығында тәуелсіз сана образы айқын байлады. Негізі ауыз әдебиеті, дастан-жыр, эпостарымыздағы асыл дүние, азат рух кеңестік әдебиеттегі ағаларымыздың астарлап айтуымен санамызға сіңді. Қазір әдебиеттің кені ашылды. Түрлі ағымдар, формалар пайда болды. Бұл біздің поэзиямызда анық сипат тауып жатыр. Прозада да жаңа қазақ образын сомдай байқалады. Бір сөзбен айтқанда, бұл – көзге бадырайып көрініп, менмұндалап тұрмауы мүмкін. Жалпы еркін тақырыпта жазу, цензураның болмауы, жазам деген тақырыбыңа шектеу қойылмаудың өзі – тәуелсіздіктің нышаны. Санасы азат қаламгер – бойында құлдық психологиясы жоқ, болмысы тұнық кейіпкер туғызатыны сөзсіз. Орта буын тәуелсіздікті көп жырлады, ал кейінгі жас буын әлемдік ой ағымдарына ілесе бастады. Бұл – өте жақсы үрдіс. Әдебиет деген тірі организм дейміз ғой. Енді әдебиетіміз осыдан ары дами береді, алға жылжи береді.
- Өте дұрыс айтасыз аға. Жаңа бір сөзіңізде тәуелсіздігін сақтай алмай қалған елдер де бар деп айтып қалдыңыз. Сонда мәңгі ел болудың формуласы қандай деп ойлайсыз?
- «Ынтымағымнан айырма көрме, Құдайым» деп аузынан тәубесі түспеген халықпыз ғой. Мәңгі ел болудың формуласы біздің қолымызда, қанымызда бар деп ойлаймын. Ол – бірлік. Еліміздегі Ассамблея осы формуланың нәтижесінде туған құрылым. Елбасының дұрыс саясат ұстануының арқасында елімізде ынтымақ орнады. Ел мен жердің егесі біз болғандықтан түп көтеріліп көшіп кете алмаймыз, қаншама ғасырлар, мыңжылдықтар бойы осы топыраққа кіндік байлағанбыз. Ал енді тағдырдың айдауымен бізбен бірге бір шаңырақ астында ғұмыр кешуге мәжбүр болған басқа ұлттарды кеудеден итеруге тағы да келмейді. Біздің жағдайды басқа мемлекеттермен салыстыруға болмайды. Жеріміздің бір кездері ұлттар лабораториясы болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Ендігі қадамымыз – осы жерді мекен еткен барша ұлттарды ынтымағы жарасқан, бірлігі асқан халыққа айналдыруымыз керек. Қазіргі таңда «оралман» деген сөзге қатысты көп пікір айтылып жүр ғой. Осыны мен «Қазақ әдебиеті» газетінің «Жас қалам» қосымшасына редактор болып тұрған кезде Адалбек Ахмади деген ақын жігіттің аузымен айтқыздырдым. «Оралман» деген сөз алынып тасталсын деп. Бірақ белгілі бір дәрежеде ол да бір статус секілді. Жарайды, мәселе атауда емес. Бірақ осы сырттан келген бауырларымызды біз лайықты деңгейде бауырымызға тарта алуымыз керек. Елбасымыз айтады, «Жер бетіндегі бар қазақтың жалғыз ғана отаны бар, ол – Қазақстан» деп. Демек, қаны бір, жаны бір сырттағы ағайындарымыз елге келіп, төрге озуына қақысы бар. Батырларымыз, абыздарымыз, жырауларымыз, хандарымыз – бәрі де осы халықтың бірлікте болуын жырлап өтті, аңсап өтті, аманаттап кетті. Демек, халықты бірлікте ұстау – бізге аманат. Аманатқа қиянат жүрмейді. Бүгінгі біздің саясаттың осы мәселені басты назарда ұстауы да сондықтан. Тәуелсіздік деген ойнайтын нәрсе емес. Осы жеткен жетістікті ұстап қалуымыз керек.
- Өте орынды пікір айтып отырсыз. Жалпы өзіңіз болашақта Қазақстанды қандай биіктен көргіңіз келеді?
- Үйде Иманғали, Бағлан деген ұлдарым бар. Біреуі 4-те, біреуі 3-те. Солардан «Қазақ елінің болашағы қандай болады?» деп сұраймын. Олар «Күшті болады» деп жауап береді. Әрине, олар періште ғой. Мен де болашақтың кемел, керемет болатынын қалаймын. Өйткені осы даланың әрбір тасына бабамның тері тамған, әр жусаны әжелеріміздің көз жасымен суарылған. Қазақ үшін осыдан артық қасиетті мекен, жер-жұмақ жоқ. Сондықтан да осы мемлекетті мекен еткен барша халық болашағымыздың жарқын, керемет болғанын қалайды деп ойлаймын. Өзіміз тұрып жатқан Алматымыздың, мәдениеттің, руханияттың ордасына болған сүйікті қаламыздың бұдан да керемет боп гүлденер сәті әлі алда деп білемін.
- Маралтай аға, шынымен сіз «Алматыға ғашықпын» деген сөзді жиі айтып қаласыз. Алматы несімен ыстық сізге?
- Өйткені Алматы әу бастан қазақтың ары мен жаны саналған қала. Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы, тәуелсіздіктің тұсауын кескен – Алматы. Ару Астанамыздың жоба-жоспары осы Алматыда жасалды. Алматы – Алаштың аманатын арқалаған қала. Алматы – қазақтың асқақ арманына қол жеткізген қала. Алматы өз бауырында өскен ұлдарын Алатаудай биікке көтеріп, әлемге танытқан қала. Сондықтан да ол маған қымбат, ыстық. Мәдениет пен руханияттың ордасы екенін айтпасам да түсінікті.
- Керемет көңіл-күйде отырсыз аға. Ақынға қара сөзден өлең оңай демекші...
- Түсіндім. Ендеше бір өлең оқып берейін.
Тұлпарға мінген ұлы даланың
Тарпаң мінезді ұлы боламын.
Жауларым семсер сілтеген сәтте
Қиылған талай гүлім, қарағым.

«Тереңдеп кеткен әжімің» деме,
Бүгінге қарап қажыдым неге?
Сұңқарлар анау торғайға түсіп,
Естілмей кетті-ау қаз үні көлде.

Бір ғажап рух ғарыштан келіп,
Дұшпанмен бабам алысқан дедік.
Сүйемдей жерге сүйегін берген
Арыстар туып, намыстан өліп.

Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ,
Ұйқыдан безем Күлтегін құсап.
Келмейді мені мойындағысы
Өркениеттік ділдегі ынсап.

Неғылсын сон-оу заманды надан,
Жаулаған жарты ғаламды бабам.
Толассыз уақыт толғату керек,
Табанға салса адамды адам.

Болмауы тиіс мұратым мұңды,
Толағай бір ұл туатын сынды –
Кісі бейнелі, тарпаң жүректі,
Кешегі… біздің ұғатын сырды.

Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі
Бабалар бүгін түсіме енбейді.
Солардан қалған жүрек қой мынау –
Жүрегім неге кісінемейді?

Пұшайман халім өртеді мені.
Қылқобыз кеудем шертеді нені?
Жал бітті, кенет… жотама менің,
Оқиғадағыдай ертегідегі.

Ғаламат солай басталып бір сәт,
Құйғытып кеттім тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын – Ай сияқтанып…

Алапам тасып, ақырып, төніп,
Аруағымды шақырып келіп:
Шығысқа қарай адырна тарттым,
Жар болса Тәңір, ақырын беріп!

- Сүбелі сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз, аға. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

«Алаш айнасы»
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста