Күркелі жастары Жұмат Шанин атауын қолдайды!
Баянауыл ауданына қарасты Күркелі ауылы – кеңестік кезеңде «Большевик», «Южный» аталған мекен. «Күркелінің бауыры – күнде дауыл» деп жырлаған Көтеш ақынды, Кенесарының батырлары Сейтен мен Тайжанды, аспандағы аққуға ән қосқан Жарылғапбердіні, Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында «таутан Жақып» атаған Жақып палуанды, Алаштың ардақты перзенті Жұмат Шанинді, Екібастұз көмірін ашқан кенші Қосым Пішенбаевты, басқа да ел тарихында есімі қалған тұлғаларды дүниеге әкелген алтын бесік – осы.
Кеңшарлар тарап, олардың орнын шаруашылықтар басқан кезеңде 1992 жылы «Южный» кеңшарының орнын Жұмат Шанин атындағы шаруашылық басты. Сонау жылдарды бұл туралы күркелілік азамат Ерсін Сәрсенбаев былайша еске алған еді: «Южный» кеңшарына Жұмат Шаниннің, ал осындағы мектепке Қошке Кемеңгеровтің есімі берілген жылы мен ауылда партком едім. Үй-үйді аралап тұрғындардың келісімін алып, қол жинап шыққаным есімде. Ел Шанин туралы азды-көпті біле¬тін болып шықты. Сөйтіп, өш¬кеніміз жанғандай болып, ауылымыз жаңа атаумен атала бастады». Кезінде «Южный» кеңшарында ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған Көмек Шигербаев марқұм да шаруашылыққа Жұмат Шанин атауын алуға қандай қиындықпен қол жеткізгенін, осы атауды үлкен жиында өзінің қалай қорғап шыққанын сүйсіне әңгімелейтін.
1993 жылы, кеңшардың құрылғанына 50 жыл толғанда, ауылдың кіреберісіндегі асфальт жол бойына Жұмат Шаниннің батар күннің шұғыласына малына шағылысып жанып тұратын бейнесі орнатылды.
…Республикамыздың алғашқы халық әртісі, тұңғыш режиссері, драматург, театр қайраткері, көзі тірісінде «қазақтың Станис¬лавскийі» атанған Жұмат Шанинге орыстың белгілі режиссері К.Станиславский отызыншы жыл¬дарда мынадай сөз арнаған екен: «Құрметті дос, келешекте ұрпағыңыз сізді әңгіме етпей қоймайды. Сіз, сеніңіз маған, өзіңіз туралы халқыңыз әңгіме етіп, аузынан тастамайтындай тамаша мұра жасадыңыз».
Әлдебір себептермен Жұмат Шаниннің есімінен ажырап қалған Күркелі жұртының осы сөзде айтылғандай, ардақты азаматтың есімін қайта ауызға алып, әңгіме етерлік жөні бар. Елді мекен Күркелі ауылдық округінің Жұмат Шанин ауылы деп аталса, тамаша ғой! Жуантөбе де Жосалы ауылдық округінің Жүсіпбек Аймауытов ауылы болып қайта аталды емес пе!
Бірнеше жыл бұрын «Алаш айнасы» порталы да осы ауыл атауына қатысты мәселеге үн қосып, «Төрт атауы бар ауыл тағдырын кім шешеді?» деген материал жариялаған болатын. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Сарыарқа самалы» басылымдары да бұл тақырыптан сырт қалмай, нәтижесінде ауылдың Қапар атауы Күркелі болып өзгертілген-ді. Десе де, Күркелі ауылдық округінің Жұмат Шанин ауылы десек, оның несі айып?! Ең бастысы, Күркеліде өсіп-өнген жастар ауылдың Жұмат Шанин есімімен аталуын қолдайды, тіпті басылым беттерінде ауыл атауын көпшілігі бертінге дейін Жұмат Шанин деп жазып жүрді. «Мен газет беттерінен ылғи Жұмат Шанин ауылы деген жазуды оқып жүргендіктен, атамның аты ауылдан алынып тасталғанын бертін ғана білдім», - дейді бұл туралы Жұмат Шаниннің Алматыда тұратын немересі Болат Шанин.
Жұмат Шанин Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры мен Абай атындағы опера және балет театрының дүниеге келуіне, дамып қалыптасуына жанын сала кіріскен қайраткерлердің бірі ғана емес, бірегей басшысы да болған. Ал оның Алаш үкіметіне қатысты қайраткерлік еңбектері - жеке тақырып.
1972 жылы Шымкент облыстық драма театрына Жұмат Шанин есімі берілді.
Баянауыл кенті мен Алматыда оның атында көше бар. Астананың да бір қысқа да елеусіз көшесі Шанин есі¬мімен аталыпты. Бірақ мұның бәрі Жұматқа бір ауылдың атауын қимай қалуға себеп бола алмайды. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында туған ауылы Жұмат Шанин есімімен қайта қауышып жатса, бұл Алаштың арда азаматын құрметтеудің ерекше белгісі болмақ.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА,
Павлодар облысы