Кеңес одағы қалай күйреді?
Большевиктер билікке келісімен оларға қарсы бағытталған «ақтар қозғалысы» қарулы күрес бастап, Ресейде азамат соғысының оқиғалары орын алды. Кеңес өкіметі жаңа орнығып жатқан кезде көпұлтты Ресейде ыдырау үрдістері басталды, соған байланысты Финляндия, Польша, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Эстония, Латвия және Литва өздерінің тәуелсіздіктерін жариялады. Сонымен қатар, Украинада Орталық Рада, Қазақстанда Алаш-Орда, Түркістанда Қоқан автономиясының үкіметтері құрылды, олар жергілікті халықтардың мүддесін қорғайтын саяси күштер болды.
Бірақ Қазан төңкерісіне дейін Ресейді «халықтар түрмесі» деп олардың бостандығын жақтаған В.Ленин, И.Сталин және т.б. большевиктердің көсемдері өздері билікке келгеннен кейін «ұлы державалық» пиғылдарын анық көрсете бастады. 1918-1919 жылдары большевиктер басшылығы, Қызыл Армияның күшімен Украинадағы, Қазақстандағы және Түркістандағы ұлттық үкіметтерді талқандап қуғынға ұшыратты, олардың орнына аталған аймақтарда Кеңес өкіметі орнатыла бастады.
Бөлініп кеткен территорияларды қайта қосып алу саясатын Кеңес өкіметі жалғастыра берді. Польшаның тәуелсіздігін таныса да, қалай да осы елді қайта қосып алу амалын Кеңестік Ресей басшылары іске асыруға кірісті. Сондықтан большевиктер осы кезде поляктармен жүргізілген келіссөздерге немқұрайды қарап, екі мемлекеттің арасындағы қатынастарды одан сайын шиеленістіруі, ең соңында Кеңестік Ресей мен Польшаның арасындағы соғысқа әкеп соқты. 1920 жылы кеңес-поляк соғысы кезінде Варшава түбінде Қызыл Армияны талқандаған поляк халқы өз тәуелсіздігін сақтап қалды.
Большевиктердің Ресей халықтарының тәуелсіздігіне қарсы болғанын Теріскей Кавказ жеріндегі оқиғалардан байқауға болады. Осында өздерінің тәуелсіздігін жариялаған Армения, Әзірбайжан және Грузияға Кеңестік Ресейдің басшылары ашықтан-ашық қоқан-лоққы саясат жүргізіп, неше түрлі арандатушылық ұйымдастыра бастады. Осындай саясатты жүргізуде, әсіресе, И.Сталин, С.Киров, С.Орджоникидзе сияқты большевиктер партиясының белгілі қайраткерлері ерекше белсенділік көрсетті. Осы мемлекеттерге «еңбекшілер ерекше қарсы болып, бізден көмек сұрады» деген сылтаумен Ресей басшылары 1920 жылдың сәуір айында Қызыл Армияны жіберіп, мусаватистер үкіметін құлатып, Әзірбайжанда Кеңес өкіметін орнатты. Тура осындай жолмен қараша айында дашнактар билігі жойылып, Кеңес өкіметі Арменияда орнады. Ал 1921 жылдың мамыр айында Қызыл Армия тәуелсіз Грузияға басып кіріп, осындағы ұлттық үкіметті құлатып, осы жерді кеңестендіруге жол ашты. Сөйтіп, большевиктердің агрессиялық саясатының нәтижесінде: армян, грузин және әзірбайжан халықтарының тәуелсіздіктері жойылды.
Әртүрлі ұйымдастырылған арандатушылықтан кейін, 1920 жылы Түркістан майданының (қолбасшысы М.Фрунзе) әскерлері патша кезінен сақталып келген Бұқар және Хиуа хандықтарын басып алып, осы жерлерде 1918 жылы құрылған Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасымен қатар «қуыршақ» Бұқар және Хорезм кеңестік республикаларын жариялады. Осы уақыттан бастап, әскердің күшімен орнатылған Кеңес өкіметіне қарсы Орта Азия халықтарының көп жылға созылған қарулы күресі басталды. Оның себептері туралы Кеңестік Ресейдің Қарулы күштерінің бас қолбасшысы С.Каменев «...Кеңес өкіметінің шаралары, шын мәнінде, отарлаушылық саясат болды. Сондықтан ол ұлттық қозғалыстың дамуына әкеп соқты. Қызыл гвардияшылар отрядтарының сорақылық істері басмашылардың көбеюіне әсер етті» деп көрсеткен. Осыған орай, бір кезде большевиктер кемсітіп «басмашылар қозғалысы» деген соғыс, шын мәнінде Түркістанның жергілікті халықтарының Кеңес үкіметінің озбырлық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысы болды.
1922 жылы Ресейдегі азамат соғысы большевиктер үкіметінің жеңісімен аяқталды. Қызыл Армия жеткен жерлердің көбісінде Кеңес өкіметі орнатылды, бірақ тәуелсіздіктерін жариялап, Ресейден Польша, Финляндия, Латвия, Эстония және Литва бөлініп шықты.
Өздеріне пайдалы «пролетарлық интернационализм» принципін негізге алып большевиктер 1918-1920 жылдары Ресей құрамында бірқатар автономиялар құрды. Бұл жұмысты жүргізгенде олар орталық аппарат пен көбінесе орыстардан тұратын жергілікті партия ұйымдарына сүйенді. 1918 жылы Еділ бойындағы немістер коммунасы, ал 1919 жылы Татар-Башқұрт автономиялары құрылды. Бірақ Татар-Башқұрт автономиясының басшылары «Пантюркизм» жолына түсті деп үріккен большевиктер бұл автономияны екіге бөлді. Сөйтіп 1920 жылы Башқұрт Татар,Қазақ кеңестік автономиялық республикалар, Дағыстан және Таулы Қарабақ кеңестік автономиялық республикалары, сонымен қатар Шуаш, Карел, Удмурт, Мари, Қалмақ автономиялық облыстары мен округтары құрылды. Ал 1921 жылы Коми, Кабарда, Қырым автономиялары пайда болды.
Азамат соғысының аяғына қарай бұрынғы Ресей кеңістігінде Украин, Белорус, Әзербайжан, Армян және Грузин кеңестік социалистік республикалары және Қиыр Шығыс Республикасы пайда болды. Оларды большевиктер құрған үкіметтер басқарды. Орта Азияның Қызыл Армия басып алған жерлерінде «қуыршақ» Бұқар және Хорезм халық республикалары құрылды.
Осындай жағдайға байланысты Орталықпен басқа республикалармен және олардың халықтарымен қарым-қатынастарды заңдастыратын мәселелер қаралып талқылана бастады. Соның нәтижесінде Грузия басшылары Махарадзе, Орахелашвили, Мдивани қарсы болса да, 1922 жылдың басында РКП(б)-ның нұсқауымен Грузия, Армения және Әзербайжан біріктіріліп, Теріскей Кавказ кеңестік социалистік федерациясы құрылды. Ал 1922 жылдың тамыз айында кеңестік республикалардың федерация негізінде одағын құру туралы жоспарды Сталин басқарған комиссия қарай бастады. Жалпы федерация арқылы Ресей, Украина, Белоруссия және Теріскей Кавказ федерациясының бір одаққа кіру жоспарын Ленин ұсынды. Ал Сталин бұл республикалар Ресей құрамына автономиялар ретінде кіру керектігін дәлелдеді. Осы кезеңде басқа да ұсыныстар болды. Мысалы, Грузия басшылары Теріскей Кавказ федерациясындағы республикалар әрқайсысы жаңа одаққа бөлек кіруін қалады. Осындай ұсынысты Татар, Башқұрт автономияларының басшылары да қолдады. Ал Украинаның өкілдері федерацияның орнына конфедерация құру керектігін дәлелдеді. Бірақ Сталин бұл ұсыныстарды қабылдатқызбай, өзінің автономиялық жоспарын жақтап: «Ұлттық аймақтардағы жас буын коммунистер, тәуелсіздік ойынын ойын ретінде түсінгісі келмей, бізден тәуелсіз республикалардың конституцияларын іске асыруды талап етеді»-деп большевиктердің республикалар құруын «тәуелсіздік ойынымен» салыстырады. Сөйтіп басқарушы партияның ұлыдержавалық саясат жүргізетендігін айқын байқатады.
Бірақ Ленин Сталиннің «тым асығыс» шараларын сынға алып, партияның Орталық комитетінде өзінің жаңа одақты федерация негізінде құру туралы жоспарын қабылдатқызады. Әрине, өздерінің осы жоспарларына қарамастан Ленин мен Сталин де құрылатын одақты болашақта біртұтас ірі коммунистік державаға айналдыру мақсаттары болғанын байқау онша қиын емес.
1922 жылдың желтоқсан айында Украинаның, Белоруссияның, Теріскей Кавказ және Ресей Федерациясы Кеңестерінің республикалық съездері өтті. Олар большевиктердің қысымымен республикалар одағының құрылуын жақтаған шешімдер қабылдады және Бүкілодақ Кеңестерінің І съезіне делегаттар сайлады. Осы уақытта Қиыр Шығыс Республикасы таратылып, Ресейге қосылды.
1922 жылдың 30 желтоқсанында Мәскеу қаласында Бүкілодақ Кеңестерінің І съезі өтті. Съез төрт республика: Ресей, Теріскей Кавказ федерациялары мен Украина және Белоруссия бірігіп, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) құрылуы туралы қаулы шығарды және КСРО құрылғаны туралы Декларация мен Шарт қабылдады. Онда республикалардың одақтық мемлекетке бірігуінің принціптері мен шарттары баяндалды. Съезде КСРО Орталық Атқару Комитеті (ОАК) сайланып, оған төрт тең төраға М.Калинин (Ресей), Н.Нариманов (Теріскей Кавказ), Г.Петровский (Украина) және А.Червяков (Белоруссия) сайланды. Бірақ тең төрағалық қағаз жүзінде қалып, аз уақыттан кейін Орталық Атқару Комитеттегі билік толық М.Калининнің қолына көшті.
1923 жылы шілде айында Орталық Атқару Комитетінің ІІ сессиясы КСРО-ң Конституциясын қабылдап, оны Бүкілодақтық Кеңестерінің ІІ съезі 1924 жылдың 31 қаңтар айында бекітті. Конституция бойынша КСРО жоғарғы үкімет органдарының қарауына мынандай мәселелер жататын болды: сыртқы саясат, соғыс жариялау мен бітім жасау, КСРО мен республикалардың шекаралары, КСРО құрамына қабылдау, КСРО Қарулы күштері, транспорт пен байланыс, халық шаруашылығын жоспарлау. Ал Конституциядағы республикалардың Одақтан шығу құқығы көп жылдары қағаз жүзіндегі бап болып қала берді.
КСРО құрылғаннан кейін кеңес үкіметі ұлттық республикаларда көптеген саяси, экономикалық және мәдени шараларды іске асыруға кірісті. Республикалардағы басқару аппаратына жергілікті халықтардың өкілдері кіргізіле бастады. Бірақ оларға көбінесе сенімсіздікпен қараған Коммунистік партия ұлттық аймақтардың басшылығына өзінің өкілдерін жіберіп тұрды. Сөйтіп, Одақтық басқару жүйесінің ерекше билігі бюрокртиялық орталықтандыру процессінің күшеюіне әкеп соқты.
1924-1925 жылдары Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік құрылыс жұмысы жүргізіліп, Түркістан Автономиялық Кеңестік республикасы, Бұқар және Хорезм халық республикаларының территориясында Өзбек және Түркімен Кеңестік социалистік республикалары құрылды. 1929 жылы Тәжік Автономиялық кеңестік социалистік республикасы одақтас республикаға айналды. Осы құрылған үш республика Одақ құрамына енді. Бірақ, Кеңес үкіметі республикалардың шекараларын бөлген кезде көптеген қателіктер жіберді. Мысалы, қазақтардың бірқатар батыс және солтүстік жерлері Ресей федерациясының құрамына, тәжіктердің Самарқан, Ходжент аймақтарының кей жерлері Өзбекстанның құрамына бөлініп берілді, ал Әзербайжан мен Армения араларындағы өткізілген шекара кейін шешілмейтін проблемаға айналды.
Бірақ, «халықтар достығының салтанаты» орнаған көпұлтты федерация орнына Кеңес Одағы біртіндеп әкімшілдік-әміршілдік басқару системасы қалыптасқан, тоталитарлық сипаты бар коммунистік империяға айналды. КСРО құрылған кезде федерацияда терезесі тең болады деген одақтас республиклар барлық жағынан Мәскеуге бағынып, онсыз бір жөнді мәселені шеше алмайтын қуыршақ құрылымдар болып қала берді. «Социалистік интернационализм» принципі негізінде бір тілде сөйлейтін, бір идеологияға және бір орталыққа бағынған «кеңес халқын» құрамыз деген Одақ басшыларының әрекеті XX ғасырдың 70 жылдары сәтсіз аяқталды. Ең соңында экономикасы ішкі және сыртқы жағдайы, ұлттық саясаты тығырыққа тірелген Кеңес Одағы 1991 жылы ыдырап, оның кеңістігінде 15 тәуелсіз мемлекет пайда болды. КСРО-ның ыдырауындағы басты себеп – ол 1986 жылдары Қазақстанда басталып: Украина, Латвия, Литва, Эстония, Грузия және Әзірбайжанда жалғасын тапқан ұлт-азаттық қозғалыс болды деп айтуға болады. Кеңес Одағының ыдырауы тарихи заңдылыққа бағынған үрдіс, өйткені көп ұлтты империялар қандай саясат жүргізсе де уақыты жеткенде ыдырауға мәжбүр болады.
Қазіргі кезде КСРО кеңістігінде пайда болған тәуелсіз республикалар әрқайсысы өзінің шамасына қарай даму жолына түсті. Олар бұрыннан мемлекеттілік дәстүрі бар Ресеймен қатар, Қазақстан, Украина, Белоруссия, Әзірбайжан және Өзбекстан саяси және әлеуметтік-экономикалық жағынан белгілі дәрежеге жетті. 1922 жылы большевиктердің Кеңес Одағын құрудағы алдау-арбау, зорлық-зомбылық саясатына алданып қалған: Украина, Белоруссия және Теріскей Кавказ басшыларының кейін опық жегенін ұмытпау керек. КСРО-ның құрылу оқиғаларын оқыған да, зерттеген де орынды, бірақ талай рет бодандықты бастан кешірген ТМД халықтарының тарихтан тағлым алатын уақыты жетті деуге болады. Халықаралық дипломатияда екі жақты қатынастар деген қағида бар, сондықтан уақыт сынағынан өткен осы принциптер арқылы ірі державалар құратын әскери немесе экономикалық одақтарға кірмей-ақ, Достастық елдері әлемдегі барлық мемлекеттермен саяси-экономикалық, мәдени қатынастарды әржақты және толыққанды дамытуға барлық мүмкіншіліктері бар.
Бітімбек АДАМБЕК,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің
бүкіләлем тарихы және халықаралық қатынастар кафедрасының
профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты
ortalyk-kaz.kz
(Тақырыбы өзгертілген)