Кәмiл мұсылман деген кім?

«Кәміл мұсылман» – Абай көрсеткен «толық адамның» алғашқы деңгейі. Адам Құдайға толық сеніп, толық иманға ие болғаннан кейін, енді ол Құдай жолына толық түсуге ұмтылады. Осылай «толық адам» сатысына көтеріледі.

 

Абай «толық адам» сатысындағы бұл деңгейдегілерді «кәмiл мұсылман» деп атайды. «Мұсылман» арабтың «мүслим» деген сөзiнен шыққан, «Құдайға сенушi» деген ұғымды бiлдiредi. Ал «кәпiр» арабтың «кафара» деген сөзiнен шыққан, осыған керi мағынада, яғни «Құдайға сенбейтiн» адам деген ұғымды бередi. Абай «мұсылман» сөзiн бұрмаламай, өзінің осы алғашқы мағынасында қолданады. Яғни, «кәміл мұсылман» дегеніміз Абайша «Құдайға толық сенуші» дегенді білдіреді. Сопы ілімі бойынша да осылай.

 

Кәмiл мұсылмандар үшiн имандылық ең басқы шарт. «Адам» сатысындағы алғашқы деңгейде де қарапайым адамдарда имандылық бар. Бiрақ бұл екі имандылықтың айырмашылығы үлкен. Құдайға толық мойын ұсындырып, кәмiл мұсылман деңгейi адамды мүлде жаңа сапаға көтереді. Ал адам сатысында бұл сенім бірде бар, бірде жоқ. Әлі білімі болмай, өздерінің рухани болмысынан хабары болмағандықтан, бұлар имандылықты соқыр сенiм арқылы қабылдайды. Олардың мақсаты осы фәни өмірмен ғана байланысты. Сондықтан олардың имандылығы гуманизм деңгейiнде ғана, адамгершілік құндылықтарына ғана бағытталады. Материалдық өмірдің мақсаты болып табылатын гуманизм мен рухани деңгейлердің арасында айырма үлкен.

 

Бұл айырмашылық адам болмысынан шығады. Абай «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі» дейді. Яғни, тән мен емес екен. Өзінің қара сөздерінде де Абай адам болмысы – тән, ақыл және жан екенін көрсетеді. Сананың деңгейіне байланысты адам өмірі осы үш деңгейде болып, түрлі әлемдермен байланыста болады. Тән адамды – көрнеу заттық әлеммен, ақыл – жоғарғы нәзік әлемдермен, ал жан рухани әлеммен байланыстырады.

 

Тән құмарымен өмір сүретіндер барлық жан иелері тәрізді заттық әлем ықпалында. Өзін тәнмен балайды. «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса» дейді Абай. Малдарда адамның ақылындай ақыл және ішкі сезім жоқ. Олар барлық жан иелеріне ортақ төрт әрекетті инстинкт бойынша жасап, инстинктпен өмір сүреді. Малдардан адамның айырмашылығы – ерекше ақыл берілген. Малдарда мұндай мүмкіндік жоқ. Адамға ақылды қолданып рухани жаңғыруына болады. Бірақ санасы төмен адамдар өздеріне берілген бұл ақылды толық қолдана алмайды, не болмаса бұрыс қолданып төмен құлдырайды. Сондықтан оларды Абай «жарым адам», «жарым мұсылман» деп атайтыны бар.

 

Ақыл деңгейіндегілерді Абай «адам» деп атайды. Бұлар ақылын пайдаланып патриот, үлкен ғалым, қоғам қайраткері болып адамдықтың жоғары деңгейлеріне көтеріле алады.

 

Ал «толық адам» мүлде басқа деңгей. Төменгі басқа сатыдағылардың мақсаты заттық деңгейде болса, ал бұл сатыдағылардың мақсаты тек қана рухани деңгейде.

 

Материалдық деңгейде адамдар дiндi де өздерiнiң материалдық мәселелерiн шешу үшiн пайдаланады. Бүгiнгi күндердегi халықтар арасындағы қақтығыс, соғыстар бұл жағдайды жақсы көрсетеді. Қазiргi кезде дүние жүзiнде дiн араласпаған соғыс жоқ деуге болады. Сөйтiп имандылықтың төмендiгiнен дiндер халыққа көптеген зардаптар әкеледi. Ал «толық адам» сатысындағы имандылық рухани деңгейде. Олар дінді саясат құралына айналдырмайды.

 

Толық адам сатысының кәмiл мұсылман, хакiм деңгейлерiне көтерiлген адамдарда әлі рухани жоғары қаиеттер әлі толық болмауы да мүмкiн. Бiрақ оларда негiзгi артықшылық бар. Ол – Құдайға толық берiлгендiк. Ал басқа рухани қасиеттер осыдан шығып, рухани жетілу барысында толығып, өз дәрежесіне жетеді.

 

Материалдық сатыдағы адамдарға жақсы қасиеттер дене арқылы материалдық жолмен берiледi. Ал рухани жолдағыларға Алла тағаланың Өзі жүрекке бірден беруі мүмкін. Адамдарды Алла тағала Өзінің материалдық энергиясы арқылы басқарса, ал толық адамдарды жүрек арқылы Өзi басқарып, оларды Өзiнің аясына алады. Рухани жолдағылар Алла тағаладан құлшылық етуді тілеп, ол құлшылығын қабылдауын ғана сұрайды. Оларда басқа тiлек жоқ.

 

«Кәмiл мұсылман» деңгейiндегiлер әлi тән ықпалынан толық шыға қоймағандықтан, Құдайға берiлу ниеттерiн толық жүзеге асыра алмайды. Сондықтан шын көңiл, таза ниеттерi болса да кейде оларды нәпсi ықпалы жеңiп кетедi. Бұл – жан мен тәннiң күресi. Жан әлi тәндi толық жеңетiндей тазару дәрежесiне жете қойған жоқ. Бiрақ бұл жолдан шықпай, бүкiл өмірiн соған бағыштаған адам түптiң түбiнде рухани кемелденудiң жоғары биiгiне көтерiле алады. Мұны ағаштың жемiсiнің пісуімен салыстыруға болады. Ағаштың жемiсi пайда болғаннан кейiн әлi жеуге келмейтiн көк күйiнде болады. Бiрақ ол ағашты ерiнбей күтiп, суарып отырса кезінде жемiсi пiсiп, адамға қуаныш әкелетіні белгілі. Уақытқа байланысты. Уақыты келгенде қандай жемiс болса да пiсiп жетiледi. Сол сияқты рухани жолға түскен адам әуелде көптеген кемшiлiктерi көрініп, рухани пiсiп жетiлмеген сияқты. Бiрақ ол алған бетiнен қайтпай сол жолмен жүре берсе, уақыт келгенде өзiнiң рухани дәрежесiне жетiп, әулиелiк қасиеттерге ие болады. Ендеше оларды рухани жолға түскен кезiнен бастап-ақ толық адам деп атауға болады. Абай осы себептен кәміл мұсылмандарды толық адам қатарына қосады.

 

Кәмiл мұсылман өзiнiң рухани болмысын білетін болғандықтан, бiрiншiден, оның рухани бiлiмi бар, ал екiншiден, оның бұл бiлiмдi дұрыс қолдана бiлетiндей рухани қасиетi бар. Ол Алла тағаланың бiр екенiн, Оның барлық жаратылғандарға Ие екенін, сондықтан барлығы да Соның меншiгi екенiн бiлiп қана қоймайды, ол сол бiлiммен өмір сүруге ұмтылады. Сондықтан ол барлық жандарды бiрдей көрiп, Абайдың «адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп» деген қағидасын толық орындауға ұмтылады және өзiне тиесiлi несiбеден артықты керек етпейдi. Ол табиғаттың әділет заңын жақсы біліп, оны қатаң орындайды. Сонымен, қатардағы мұсылмандар мен кәмiл мұсылмандардың айырмашылығы – Алла тағалаға деген шын ниетінде және ынтасында. Абай адамды осыған шақырып, қара сөздерiнде дүниелiк ниеттердi сынайды.

 

Кәміл мұсылман деңгейіне жетілудің барлық деңгейінен де көтерілуге мүмкіндік бар. Оның алғы шарты – тағдырдың шапағат нұрымен рухани жоғары жетілген адамды кездестіріп, оған толық сену. Сонан кейін оны рухани ұстаз-мүршид ретінде қабылдап, Шәкәрім сөзімен айтқанда рухани «кіндігін кестіру». Сөйтіп адам рухани ұстаздың көмегімен бақи әлемге бет алады. Адам Құдайға берiле құлшылықтың әсерімен тез арада рухани әлемнің белгілерін сезіне бастайды. Оны енді бұл әлемнің емес, рухани әлемнің адамы деуге болады.

 

Абай отыз сегiзiншi қара сөзiнде кәмiл мұсылмандардың ақиқат бiлiмдi толық бiлетiнiн айтады. Олар «Алла тағаланы танымақтық, өзiн танымақтық, дүниенi танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жақсы менен жаманды айырмақтылық сықылды ғылым-бiлiмдi» үйренген, осы төрт маңызды нәрсенi танып-бiлген адамдар. Яғни, олар шариғатты меңгерген.

 

Абай бұл деңгейдегілерге берiлген тәртiптердi қатаң ұстану керек екенiн ескертедi. Ол Құдайға құлшылық тәртiптерiн қатаң сақтаудың маңыздылығын, оның iшкi тазалықтың кепiлi және иманның кiрленбей, нұрланып тұруына қажеттi нәрсе екенiн отыз сегiзiншi қара сөзiнде былай түсiндiредi:

 

Ендi ниет еттiңiз таhарат (намаз алдындағы жуыну) алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтмаққа, бұл тағаттарды орындау сыртқы ғибадат, оның iшкi ғибадатқа жетпегендiгi кемшiлiк емес пе? Сiздiң iшкi дүниеңiздiң таза болмағы ол иман болып, бұл сыртқы ғибадатыңыз иманның көлеңкесi, Һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрiк үшiн бұйырылған.

 

Рухани жаңғыру жолындағы адамға бұл өте маңызды сөздер. Себебі құлшылық жасаудың реті мен маңызы көрсетіледі. «Бұл сыртқы ғибадатыңыз иманды болған соң ғана парыз болған» деген сөз сыртқы ғибадат пен ішкі ғибадаттың айырмашылығы қандай үлкен екенін көрсетеді. Иманды адамға сыртқы ғибадатты сақтау керек, себебі ол ішкі ғибадатты өсіреді. Ал иманың жоқ болса, онда сыртқы ғибадаттың пайдасы шамалы. Бос әурешілік, уақытты босқа өткізу. Бүгінгі заманда мешітке барып жүргендердің кейбірі, міне, осындай деңгейде. Ойшыл әрi қарай былай деп жазады:

 

«Оның үшiн ғұламалар иман екеу емес бiреу, бiрақ iзгi тағатпен нұрланады, тағаты жоқ болса, күңгiрттенедi, бәлки сөну қаупi де бар деген». Осылай иманның маңызын және оны өсіру жолы беріледі. Тағат болмаса адамның iшкi иманы күңгiрттенедi, бәлки сөну қаупi бар деген ой айтылып отыр. Абай сыртқы ғибадат пен иманның бір-біріне әсерін осылай көрсетіп отыр. Олар үнемі байланыста.

 

Сонымен кәмiл мұсылмандардың басқа қарапайым мұсылмандардан өзгешелiгi – олар иманның iшкi және сыртқы жақтарын (ғибадат сырларын) қатар ескередi. Абайдың өз сөзiмен айтқанда, олардың «иманы түгел».

 

«Менiң қаупiм бар, олар хас (нағыз) ғибадат осы екен, Құдайдың бiзге бұйырғаны осы, бiз осыны қылсақ, мұсылмандық кәмiл болады деп ойлайды» – дейдi әрi қарай Абай көбiне ғибадаттың тек сыртқы жағын ұстануға ұмтылатын көпшiлiк туралы. Шын иманның нұры, көркi болып табылатын намаз оқу, ораза тұту сияқты сыртқы ғибадатқа Абай «Ол ғибадат күзетшiсi едi» (иманның күзетшiсi) деген дәл анықтама бередi. Бұл ойын Абай «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде де қайталайтыны белгілі.

 

«Жә, күзетшi күзеткен нәрсенiң амандығын ойламай, бiр ғана ояу тұрмағын ниет қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесi қайда кетедi? Мақсат күзетiлген нәрсенiң амандығы, тазалығы емес пе?» – деп иман жоқ болса, ғибадаттың да пайдасы шамалы болатынын нықтай түседі.

 

Толық адам сатысына көтерiлгендердiң имандылығы толық болғандықтан, олар өздерінің барлық ой-өріс, сөйлеген сөз, жасаған амалдарын түгелдей Құдайдың разылығына арнайды. Сондықтан олар қатардағы қарапайым мұсылмандар емес, кәмiл мұсылмандар.

 

Сонымен кәмiл мұсылмандық – Алла тағалаға шын пейiлмен iс-әрекеттi толық бағыштау. Бұл – iшкi тазалық, шын иман. Сонымен бiрге құлшылық тәртiптерiн, сыртқы ишараттарын қатаң ұстану, сақтау кәмiл мұсылмандық белгiсi. Бұл – әулиелiк жолдың басы.


Досым Омаров, абайтанушы, теолог.
abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста