ЕЛ БІРЛІГІ – ЕЛ МҰРАТЫ
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Халыққа жолдаған әрбір жолдауында Тәуелсіз Еліміздің асыл мұраттарына алтын қазық болар терең де мағыналы ойларын ортаға салумен келеді. Елбасының әр қадамының астарынан сан ғасырлық бабалар армандаған аялы үміттердің алауын көремін. Елбасы бұл жолы да жүрегі бар кісіні тебірентер, санасы бар адамды теңселтіп жіберер ұлы шешімге қол қойды. Барлығы да Тәуелсіздігіміздің баяндылығы үшін, ел бірлігі мен тірлігі үшін!
Біз тоқсаныңшы жылдары әдебиет босағасынан жас ақын болып аттадық. Тәуелсіздікпен бірге жеттік, жетілдік. Өстік, өндік. Көшеде жүріп елдің бірлігін көкседік, халықтың ыңтымағын жырладық. Сол кезде Елбасы маңдайымыздан сыйпап, арқамыздан қақты. Жас қаламгерге тиесілі барша қамқорлығын жасады. Далада қалған жастарды баспанамен қамтамасыз етті. Кітабымызды шығартып, лайықты мемлекеттік сыйлықтармен марапаттады. Еңбегімізді еледі. Күні бүгінде таңдаулы қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлемнің айтулы алты тіліне аударылып, кітап боп шығып, дөңгелек Жердің жүзіне қазақ әдебиетінің кеңінен таңылуына мүмкіндік жасап отырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, құрметті Елбасыға көңіл төріндегі ризашылығымыз сарқылмақ емес. Екіталай кезеңде жүрегін алау ғып жағып, сәби сияқты ақ-адал елін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай сақтаған, мынау ұлы жаһанда қазақ баласына сара жол бастаған қаһарман ұл – Ол Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болып тарихтың алтын қақпасында мәңгіге жазылып қалады деп ойлаймыз.
Қазақ деген дана халық ежелден әрбір істің байыбына барып парасатқа жүгініп отырған. Алладан еліміздің естияр перзенттеріне ауыз бірлік, ынтымақ және Мәңгілік Ел боламыз деген ұлы байламның аясындағы ақ туы биіктей беруін тілеймін.
Маралтай Райымбекұлы,
ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері