Ділдәнің не жазығы бар еді?

Ділдәнің не жазығы бар еді?

«Қазақ әдебиеті» апталығының 2015 жылғы 6-12 наурыздағы №9 (3438) нөмірінде «Зере – мейірім, Ұлжан – даналық» деген мақала жарық көрді. Әмина Құрманғалиқызы аталған еңбегінде Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында қазақ әйелдерінің ғажайып галереясын жасағанын айта келіп, ұлт әдебиетінің классигі сомдаған бейнелерге «Таңшолпан – ерлік, Сары апаң – адуындық, Зере – мейірім, Ұлжан – даналық, Мәніке – тәкаппарлық, Қаражан – дүниеқоңыздық, Тоғжан – сұлулық, Әйгерім – өнер, Үміт – махаббат, Керімбала – намыс пен қайрат, Жүзтайлақ – асқан айла мен мекерлік...» деген баға береді. Бір деммен жазылған шығарманы тұшына оқып шыққаннан кейін, осыншама кесек ой мен кестелі сөздің авторы Абайға бозбала кезінен жан серік болып, тағдырын қосақтаған әйелдің жан дүниесіне бойламағанына, «Ділдә – шыдамдылық» деп айта алмағанына қынжылып-ақ қалдым...

Арада біраз уақыт өтіп, санадағы мақала мазмұны көмескілене де бастаған-ды. Таяуда ғаламтордан Асан Омаров деген зерттеушінің «Абай және Әйгерім» деген мақаласына ұшырасып қалған соң, ұмытылуға айналған тақырып қайтадан көлделең тартылды. Зерттеушінің айтуынша, Абай мен Әйгерімнің арасында кестелі сезім, керемет жарастық болған. Тіпті, автор: «Абайдың Әйгерімге үйленуі оның өміріне елеулі өзгерістер әкелді... «Абай жолынан» аян, Абай мен Әйгерім – мөлдір махаббат иелері. Берекелі, бақытты ғұмыр кешті. Бірақ, ондаған жылдар өткенде араларында бірлік кеміп, қамырық пен түсінбеушілік араласқаны өтірік емес. Неге? Себебі, өмірдегі Әйгерім – өте малсақ адам болған... – деп, солармен қатар жүрген замандас, құрбы сияқты шалқып кететін кездері бар.

Тек, ақсүйек бидің тұқымы Ділдәнің ыңғайымен қайын жұрты Әйгерімді «тоқал» деп кемсітіп атаған екен. Сонда, шынымен-ақ, Ділдә – бөки, Әйгерім періште жан болған ба? Сөзді ұлы Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің өзіне берейік: «Бұлар келген күннің ертеңінде Ербол ғана барып, Ділдәға амандасып, жүз көрісіп қайтты. Қалыңдықтың түсін, отырысын Ербол айтқысы кеп еді. Ол өзі ажарына қатты ырза боп, сүйсініп келген» (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы», 2014. 22 том: 1-кітап: Абай жолы: Роман-эпопея. 257 б.).

«Абайлар Ділдәнің бойын ғана көрді. Ол кебісін шешіп жатқанда сырт сымбаты талдырмаш, бірақ аса сұңғақ бойлы, биік көрінді» (сонда. 259 б.).

«Айрылысар кезде Абай мен Ділдә бір-біріне үйреніскен болатын, оқта-текте қалжыңдап та отырысады. Ділдә Абайға сүйкімді, сұлу көрінді...» (сонда. 263 б.). Бұл – 1-ші кітаптағы Ділдә. Әрі қарай кеттік. Құнанбайды Меккеге, қажылық сапарға шығарып салатын жол үстінде, Абай апасы Мәкіш екеуі бір күймеде келе жатып өз өлеңдерін, соның ішінде «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген шығармасын айтатыны бар ғой. «...Екі ынтық. Екеуін де жалын өртейді. Бірақ шарасыздық – қатал тағдырдай. Соның соңғы кездерде көңілге көп оралып жүрген бір тынысы осы тәрізді.

Бірақ Мәкіш бұны ұққан жоқ. Ол бұрын өзі естіп көрмеген, жаңағыдай тосын сөздерден бір ғана «жар» дегенді аңғарып, тоқтап қалды да, Абайдан сұрады:

– Ұқпадым. Бұндағы жар дегенің кімің өзі?

Абай апасына оншалық шешілмек емес.

– Жар дегенім күйік салған бір жан да. Жар дегенді білмеушімең?

– Білсем, жар деп кісі үй жолдасын айтат та!

Абай селт етіп, жалт қарады.

– Ділдә демексің бе?

– Иә. Ділдә болса қайтушы еді?

Жас жігіт бұл жерге жеткенде айтқанына өкінгендей боп, шұғыл айналып бұрылып қалды. Күйіп, қиналып кетіп:

– Ойбай, жаратқан, Мәкіш-ай, Ділдәң не? Не деп кеттің.

Мәкіш өзінің Абайға қатты батқан сөзінен қысылып қалды. Ыңғайсызданып күлді де:

– Япырай, сөзім саған түрпідей тиді-ау, Абай. Ділдә байғұстың не жазығы бар еді?

– Рас, Ділдәнің жазығы жоқ. Бірақ оған ынтыққан арман өлеңін айтар менің де жазығым жоқ. Төрт бала тапқан Ділдәні айтқаның не?

– Е, бала тауып бергеніне жазықты ма, саған?

– Жазығы жоқ. Қайта балалары жақсы. Ол – балаларымның анасы. Ата мен ана қосқан жолдасым. Бар болғаны сол ғана. Ал жүрек жалын, ынтық достық десең, ондай оттың бәрі де ол кеудеде өшкен. Болған шағында да, соншалық маздаған шырақ жоқ еді. Көңілі ертерек бітеу тартып, ерте суынған жан ғой ол! – деді де, Абай енді бұдан ары сөйлегісі келмей, тоқтап қалды» (23 том: 2-кітап: 21-22 беттер).

Эпопеяның алғашқы кітабында керемет жан ретінде кескінделген Ділдә турасында Мұқаңа Абайдың аузымен соншалық ауыр үкім айтқызған не? Әрине, отарлық кіріптарлық жағдай, кеңестік керітартпа идеологияның ызбары. Бар болғаны топас, түсінігі тар салпыетек қатын бейнесіндегі Ділдә романда бұдан соң нұрлы шұғыла шашып бір-ақ мәрте көрінетін сәті бар: «Ділдә осы келісте Әбішті өз қасынан жібермей, екі күндей қонақ етті. Үшінші күні балалары аттарын ерттеп, әке қасына қайта кетпек болған жерде, Әбіштің қасына жабыса жақын отырып, шешесі ойдағы бір арманын айтты... Аналық арыз етті.

Бұл жайын Мағашқа алдын ала білдірген болу керек. Ол да шешесінің ендігі сөзін үлкен ықыласпен қуаттап, тыңдап отыр.

– Сәулем, – деп, Әбіштің жіңішке қолын өз қолына алды. – Кешегі өткен енеден менің де ұққан өсиетім бар-ды. Баяғыда, сендер жас шақта, Абай қалаға оқуға кетем дегенде «Талабына тілек қос, тізгінін алмай, оң шырайыңмен ұзат. Білім іздеп барады. Адам болам деп аттанып отыр. Ол сенің де, мына кішкентай күшіктеріңнің де ырысы» деген еді. Сенің ұзақ шырқап жүрген жүрісіңді солай ұғынғам. Әлі де жолың болсын, – деп көзіне жас алды. Орамалымен бетін де басты. Қимастық шерге толы сағынышты ана көңілі зорға шыдап жүргенін сездіреді» (24 том. 3-кітап: 179 б.). «– Зорлық жоқ, жаным! Бүгін үйленіп кет деп те айтпаймын. Жалғыз-ақ маған келінің, құдай қосса, мынау болады деп ұнатқан жаныңды атап кет. Биыл айттырып қой да, жолыңа жүре бер. Соның бары да жұбаныш. Өзіңнен соңғы қуанышым, үмітім болады да отыра береді! – деді.

... – Өзің көресің. Көңілің ұнатса ғана құп дерсің. Менің өздігімнен саған айтар кісім де бар. Мынау ноғай Махмұттың үйінде, Мағрипа деген, сондай асыл зат, жақсы бойжеткен бар. Соны бір көрші, сәулем! Көріп тұрып маған жауап айтшы. Мен сенен әзір басқа серт сұрамайын. Осыныма уәде бересің бе? – деді (сонда. 180 б.). Мұқаң өзі ұсынған көркем туындыны замана ағымына қанша лайықтаса да, кейбір тарихи ақиқатты айналып өте алмаған тәрізді. Ділдәнің адам танығыш сұңғылалығын еріксіз аңғартып кетеді. Ана көңілі қалаған аруды көрген сәтте Әбіштің де жүрегі лүпілдеп қоя беретінін қайтерсіз.

«Абай жолында» Мұхаң ұсынған көркем шындық пен нағыз тарихи шындықтың ара жігін ашып алу үшін, эпопеяның жарыққа шыққанына 70 жыл толуына орай Сабина Зәкіржанқызының профессор Тұрсын Жұртбаймен жүргізген «Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді» және «Жетпіс жыл жұртын сусындатқан сұлу сөз» деген сұхбаттарды («Абай» порталында жарық көрген) шолып шығу артықшылық етпейді.

«... – Иә, бірінші кітапта жағымды бейнеде сипатталатын Ділдәнің орнын екінші кітапта Әйгерім басады. Сондай-ақ әуелде өз атымен берілген Шәкәрім есімі өзгертілді. Оның орнына биографиялық тарихы белгісіз, жазушының қиялынан туған Дәрмен атты дәнекер бейне пайда болды. Базаралы мен Абайдың тартыстары, Құнанбай мен Абай арасындағы сыйласымдық кері сипат алды. Базаралы мен Әйгерім жағымды образдардың қатарына қосылып, Бөжей және басқа да Құнанбай бастатқан тұтқалы кейіпкерлер жағымсыз жаққа ауыстырылды, – дейді Абай әлемінің білгірі, әуезовтанушы Тұрсын Жұртбай. – ...бірінші кітапта басталып, екінші кітапта өзінің ілгері дамуын күтіп отырған Абай мен Ділдә арасындағы оқиға да басқа мазмұнда баяндалған. Талқы кезінде «кедейдің қызы жағымды образ болуы керек» деген принципті ұстанған қаламгерлер. Мұхтарға: «Алшынбайдың қызы Ділдәдан жағымды образ шығарып, басыңды дауға қалдырма. Әйгерім образын өзгерт», – деген Әлжаппар Әбішевтің пікіріне Әуезов кәдімгідей ашуланып, қатты қиналған. Бірақ бұлай етпесе, «Абай» романының жарық көрмейтінін біліп, Абайды еріксіз Әйгерімге ғашық еткен. Ал, өмірде Әйгерім мен Абайдың ортасындағы жарасым өте күрделі болған. Дегенмен, автор өмірлік шындықты сақтап, үшінші кітапта «Абай мен Әйгерімнің арасына бір салқындық кіріп еді» деп жазады. Бірақ Әйгерімге ән айтқызу арқылы сол жарасымды қайтадан орнына келтіргендей болады.

...Романның бірінші кітабында Абайдың сүйікті жары ретінде Ділдә көрсетілген болатын. Әйгерім болса жағымсыз образ санатында көрсетілуі тиіс болатын. Осыған байланысты «Әйгерім кедейдің қызы. Ол жағымсыз болмауы керек» деген айтыс басталады. Осы мәселені Әлжаппар Әбішев басты талап етіп қояды. Бұл Әлжекеңнің естелігінде де бар. «Абайдың махаббаты кедейдің қызы Әйгерім болуы керек. Оны шын сүйіп үйленген жары етіп жазса, Абайдың демократтығы ашылады», – деп романдағы кейіпкерлерді сол кездегі таптық принцип заңдарына мәжбүрлі түрде сәйкестеген. Егер де Әйгерім жағымсыз образ болып көрінетін болса, онда «Абай жолы» романының алдағы уақытта жариялануына тосқауыл қойылатын еді.

Жалпы, шығарма үш кітаппен аяқталуы тиіс еді. Бірақ 1949-1953 жылдар арасында біржақты сындар пайда болды. КПСС Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісінің орынбасары П.Поликарпов: «Егерде бәрі де «Абай» романында суреттелгендей болса, онда қазақтар коммунизмнен баяғыда өтіп кетіпті, оларға Кеңес өкіметін орнатып керегі жоқ көрінеді»,– деген сын айтты. Мұндай сындардың басында КПСС орталық комитетінің Суслов бастатқан хатшылары, «Правданың» Қазақстандағы меншікті тілшісі Черниченко және қазақтан шыққан С.Бәйішев, С.Нұрышев секілді белсенділер тұр еді. Бұл сындар М.Әуезовті шырғалаңға түсіріп, 1951-1953 жылдары романға еш қатысы жоқ «Қара шығын» секілді тарауды енгізді. Соның нәтижесінде кітап төрт томға созылып, романға 1954 жылы 18 ақпан күні нүкте қойылды».

Дала данышпанының өмірбаянын нақты тарихи деректер негізінде таңбалау барысында Мұхаң былай дейді: «Абай Еркежанды алмай тұрғанда, көбінесе Дәлдәнің аулында болып, кіші әйелінің балаларын сол ауылда өз қасына алып жүріп Мағауиямен бірге тәрбиелеген. Әйгерімнің қыстауы Аралтөбеде, ол Еркежан қыстауынан 70 шақырым жерде болады» [М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 18. Зерттеулер, мақалалар. /Жауапты шығарушы М.Мырзахметов. – 1985. – 448 бет, 1 п. сурет, порт. – (Қазақ ССР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты), 118 бет]. Мұхаңның суреттеуінде, Абай Әйгерімсіз өмір сүре алмайтын ғашық жанға сонша ұқсамайды. Соған қарағанда, зерттеуші А.Омаров сәл-пәл асыра, асыға түйін жасаған сыңайлы.

Ұмытпасам, 2006 жылы, қазақтың ұлы режиссерлерінің бірі Болат Атабаев Қарағандыға келіп, Абай шығармалары негізінде С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында «Жұмбақ жан» драмасын қойған еді. Сөйтіп, сахнаға бірнеше – дана Абайды (бұл бейнені біртуар талант Рамазан Баймағанбетов марқұм сомдап еді-ау), ақын Абайды, қатынжанды Абайды, жауыз Абайды... шығарғаны бар.

Театр тарихында айтарлықтай құбылысқа айналған қойылымнан әркім ой өресіне, сана деңгейіне сай пікір түйгені хақ. Қазіргі әңгіме ақынның әйелқұмарлығы жайлы. Еркек кіндіктінің көбіне ортақ осалдық «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» деген Абайға да тән болыпты. Мұхаңа назар салайық: «Абай – жас жігіт кезінен бері ұлғайып келген уақытына шейін, өз басынан махаббаттың көп романдарын кешірген адам. Сонда әсіресе жақсы көрген әйелдері тоғай бойындағы Нұреке дегеннің қызы болады. Онымен Семейде, Тінібай үйінде кездесіп, бір ай бойы барлық өзге істерін ұмытып, жүріп алған уақыттары болған. Сыбан ішінде сондайлық жақсы жақсы көріскен әйелі Сабырбай ақынның қызы Қуандық. Бұл өзі де ақын қыз болған. Ақын Аягөзге бір топ кісімен бара жатып, сол қыздың аулына қонады. Абайдың қасында Сүйіндік баласы Асылбек бар екен. Ол – Қуандықтың жездесі. Сол арқылы қалжыңдасып отырып, ақыры Қуандық пен Абай айтысып кетеді. Бұлардың айтысын Сабырбай үй сыртында тыңдап тұрады.

...Жаңағы айтылған әйелдер сияқты Абайдың жас күнінде қатты қадырлес болған әйелінің бірі Мұрын Тананың қызы Тұржан сұлу екен. Бұл кейін Сыбан ішіндегі Быжы деген өзбекке тиіп тұрғанда, Абай әдейілеп барып амандасып қайтып жүрген [М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 18. Зерттеулер, мақалалар. /Жауапты шығарушы М.Мырзахметов. – 1985. – 448 бет, 1 п. сурет, порт. – (Қазақ ССР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты), 79-80 беттер]. Еркежанды Абай өле-өлгенше жақсы көрумен кеткен. Мұны алған соң, өзге екі әйелінен, әсіресе, соңғы кезде көңілі қалған Әйгерімнен алыстап кетеді. Ділда ерте қартайып, балаларының анасы болған қалпында жәй ғана сыйлас досы болып қалады. Ендігі әйелі өзге екеуі емес, жалғыз Еркежан болғанға ұқсайды... [сонда, 118 бет]. «Абай жолындағы» көркемдік шешімнің ықпалымен кейбір авторлар Абайды Әйгерімге өле-өлгенше ғашық болып өткен адам етіп көрсеткісі келгеніне қарамастан, өмір прозасы мүлде басқаша өрбіген сыңайлы. Сөзіміз деректі болуы үшін Ысқақтың (Абайдың тете інісі) немересі Әрхам Кәкітайұлының естелігіне ден қоялық:

«...Байшорадан шыққан атқамінер пысық Аюбайдың Мұсасы Еламанның жуандығына, зорлығына көнбеймін, ит ұяласынан қорқа ма деп жүрген жігіт екен. Сол Мұса Абайды қонаққа шақырған соң, Абай қасына үш-төрт жігіт ертіп барады. Мұсаның жамағайын ауылдасы Бекей, Шекей дегендер бар екен. Қонақ күтіп, шай құйып беруге Бекейдің бойжеткен қызын Мұса шақыртып алады. Кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді, ақша жүз, алқызыл бетті, күлкісі бұлбұлдың сайрағанындай қыз екен. Атағы зор болғанмен, 30 жасқа жаңа келген жас Абайдың жалынды жүрегі сұлу қызға бой ұрмай тұра алмайды. Тамақ жеп, үйіне қайтқаннан кейін де көз алдынан кетпейді.

Ол заманда бозбалашылық етек алып тұрған кез. Абай Мұсаның әйеліне кісі жіберіп, сол арқылы қызды көндіріп, көңіл қосады. Анда-санда жолығып, мауқын басып жүреді. Бұл екі ел пішен шабар мезгілде екі айрылып көшіп, ауыл ортасы алыстап кетеді. Енді күз болып, ел қыстауға қонып, қарашаның қары жауып, еріп кетіп тұрғанда Абай жылдағы әдетімен бүркіт салуға шығып, түлкі қуып, Орда тауына барып бір-екі түлкі алып, кеш болған соң, кіші Орданың Шіліктікезең дейтін жерін қыстайтын Бөкей аулына келіп қонады. Бекейдің үйі тар, жарығы шырағдан, алакөлеңке екен. Гүл жайнап тұратын Бекейдің сұлу қызының беті сұрланып, ажары қайтқан, қайғы-қасірет шеккен адам сияқты, кісі бетіне жөндеп қарай алмайды. Абай бұған қайран қалады. Ел жатып ұйықтағаннан кейін қыздың қасына барып хал-жәйін сұраса, жылап отырып жауап береді. Өзіңізге аян, бұрын мен еркек көрмеген жан едім, атастырған күйеуім жақын арада келіп қол ұстаймыз депті. Мен екіқабат болып қалдым, бұрын күйеуі қалыңдық ойнамаған қыздың оң жақта отырып екіқабат болғаны қандай масқара. Күйеуім мен еліме не бетімді айтамын? Менен сорлы жан бар ма, құр жылаудан басқа дәрменім жоқ дейді. Абай мұны естігенде жаны қатты түшіркенеді. Бір жағиф жанға мұндай зәбір қиянат еткеніне өкінеді. Бірақ лаж жоқ, өткенге өкінгенмен не пайда, Абай ол ауылдан ерте аттанып, 5 шақырым жердегі Мұсаның аулына келеді. Мұса үйінде екен, қалбақтап күтіп алады. Абай Мұсаны оңаша алып өткен істі баяндайды. Сонда Мұса:

– Абай сен неге қысыласың? Атаң Өскенбайдың бес қатыны болған, әкең Құнанбайдың төрт қатыны бар. Көп қатын алу сендердің салтың емес пе, сол қызды ұнатсаң, мен ертең әйелімді қосып беріп аулыңа апарғызып берейін. Қыздың қайны берген малын алар, ел бүлінерлік түк жоқ, – дейді. Ойы он санға бөлініп отырған Абайға Мұсаның мына сөзі қамшы болып, жарайды деп келіседі. Сол күні Абай Мұсаның үйіне қонып, Бекейдің қызын шақыртып алып, киіндіріп, Мұсаның әйелін қасына ертіп аулына қайтады.

Абайдың бәйбішесі Ділдә, келіншек болып түскеніне 14 жыл болған. Сол жылдарда алты құрсақ көтеріп, тұңғыш ұлы Ақылбайды Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным бала қылып баурына салып алған. Одан кейінгі ұлы Әкімбайды Ысқақтың қатыны Мәніке бала ғып алған. Енді қолында Күләнда, Райқан деген екі қыз, Ғабдырахман, Мағауия деген екі ұл. Олардың алды 9, арты 5 жаста. Жаратылысынан сүйегі бостау Ділдә балабасты болып, тез қартаюға айналған. Бетіне айғызданып әжім түсіп, саркідір қатын болған. Жас тоқалдың келгеніне ренжіген жоқ. Қайта барылдаған жуан даусымен: – Абайдың күні-түні ағылып келіп жатқан көп қонағын күтем деп әбден сілем қатып еді, енді мына тоқалы күтсін. Балаларымды ермек қылып отыра беремін, – деп ырзалығын білдіреді. Абай жас сұлу тоқал алып келіпті, қайырлы болсын айтамыз десіп көршілері, туған-туысқандары жиналып, той жасап жатқанда, Әнет Масақпай деген кіріп келіп: – Абай, тоқалың қайырлы болсын, айдай керім екен. Көпшілік оған күлісіп, айдай керім десіп, аяғы әкесі Бекейдің қойған аты қалып, Әйгерім атанып кетеді. Келер жаз шыққанда Әйгерім маңдайы мен мұрыны Абайға тартқан, өңі, шырайы өзіне тартқан бір ұл табады. Атын Тұрағұл қояды. Тұрағұл емшектен шыққанда, Ділдә Әйгерімге: – Бай сенікі болсын, бала менікі болсын, – деп Тұрағұлды өз баурына салып, бала ғып алады (Әрхам Кәкітайұлы. Жүрегімнің түбіне терең бойла: (Абай туралы естеліктер) – Алматы: Жазушы, 1995. 91-94 беттер).

Осы тақырыпқа байланысты Ділдәнің шөбере бауыры, Қаздауысты Қазыбек бабамыздың зерлі шапанын ұзақ жыл сақтап, Тұңғыш Президент мұражайына тапсырған алтыншы ұрпағы Алтын Қожаметов ақсақал (тоқсанның жуан ішіне келіп, бертінде, 2015 жылы қайтыс болды):

– Әйгерім екіқабат болғанын білген Абай бұны Ділдәға қалай айтудың жөнін таппай, достары Жиренше мен Ерболды жұмсапты. Оларды тыңдап алған соң Ділдә: «Шаруаны жасаған Абай болса, сен екеуіңді неге жұмсайды? Өзі келсін» дейді. Абай келген соң: «Бала сенікі ме? Сенікі болса, ал. Көп қатынның алды да мен емес, соңы да мен емес. Балаларымды ермек қылып отыра беремін», – деп, ризашылығын берген екен, – деген еді бір естелігінде.

Аңғарғанымыздай, Абай Әйгерімге романда суреттелетіндей ғашық болып үйленбеген, бозбалашылығының соңы насырға шапқан соң, еріксіз бас қосқан тәрізді. Телефон мен телеграф, ғаламтор пайда болмаған заманда өмір сүргенімен, «Ел құлағы – елу», Абайдың бозбалашылығын Ділдә білмеуі мүмкін емес. Сөйтсе де, «Бұқа – көптікі, бұзау – иесінікі» деген қағиданы ұстанған, оның үстіне өз ата-бабалары, аға-бауырлары да көп қатын алып және соны қалыпты жағдай санаған қоғамның қызы болғандықтан, ерінің осалдығына кешіріммен қарап, тағдырдың маңдайға жазғанына көнбістік білдіргені хақ.

Абай әйелдерінің ара қатынасы жайлы естеліктерде Ділдә Әйгерімді «тоқал» деп атап, кейін ауыл-аймақ, туған-туыстары соның ыңғайымен тоқал деп кетіпті деген ой айтылады. Қазақтың «Бәйбіше – құдай бұйрығы, тоқал – иттің құйрығы», «Кеше келген тоқалдар – шөміш алып қоқаңдар» тәрізді мақал-мәтелдері кішілікке келген әйел бейнесін жағымды сипатта көрсете қоймайды. Дегенмен, дала қоғамында екінші қатын әрдайым тоқал атана бермеген (айталық, «Абай жолының» өне бойынан Ұлжанды не Құнанбай, не қайын-қайнағалары «тоқал» деп айтқанын кездестіре алмайсыз). Кемсітушілік деңгейіндегі ондай атау көбінесе мінезі жайсыз, ағайын-туыс, көрші-қолаңға мазасыз әйелдерге қатысты қолданылған. Әйгерім осындай қылықтарымен, А.Омаров айтқан «малсақтығымен» (дүниеқоңыздық) «тоқал» атанса керек.

Қазақ қоғамында ене қартая келе, күтімі келісуі үшін келіндерінің арасынан адамға мейірімі барын, ұясы тату, отбасы берекелі, мінезі жайлысын таңдайды. Құнанбайдың төрт қатыны ішінен анасы Зере Ұлжанды қалап, соның қолында болса, Ұлжанның күш-қуаты тайған кезде оны Ділдә күтіміне алуы да көп жайды аңғартса керек. Әулет анасы отырған үй қашан да үлкен үй саналған. Яғни, Абайдың үлкен үйі – Ділдәнің шаңырағы.

Абайтану тақырыбында зерделі зерттеулерімен танылған ғалым Бауыржан Ердембеков былай дейді:

«...Өскенбай мен Шаншар тұқымдары арасындағы құдалық шын мәнінде мың жылға жалғасқан туыстыққа ұласып, кейін Құнанбай Абайға Қазыбек бидің неменесі Ділдәні айттырады. Ділдәдан туған Әкімбай деген баласы жастай дүниеден өтіп, ата-ана қабырғасын қайыстырған «жарасы үлкен жас өлім» үстінде ақынның:

Ата тегің мұндағы –

Орта жүздің ұлығы;

Ана тегің ондағы –

Өзен судың тұнығы.

Екі асылдан қосылған

Сом алтынның сынығы.

Өлгенше естен қалмайды

Өзгеше біткен қылығы ,-

деп жоқтауында үлкен мән жатыр. Аталған есімдер – Абайға аса қымбат жандар. Сөздің құдіреті дарыған ұрпақты данышпан ақын судың тұнығына балайды. Абайдың туғандарынан айрылғандағы қайғысын айтқанда, жастай кеткен Әкімбай қазасы, оның ақын жүрегіне қаншалықты батқаны туралы әңгіме аз айтылады. Қашанда байқағыш Абай Әкімбайдың әлі бүршік жара қоймаған ерекше қасиетін танып үлгерген екен. Дүниеден өтер өткенше «иманын айтып кеткен», «өзгеше қылықты» баланы «орамды тілді ауыздым, ақылға жүйрік маңыздым» деп ақын тектен-тек өлеңге қоспаса керек. Сом алтынның сынығына баланған жас өрімнің бойындағы өнер шіркіні «артына белгі қалдырмай» көктей орылды. Әкімбайдың өлімі ақынға үлкен қасірет әкелген, жүрегіне сызат салған өкініші зор қайғы болды. Демек, Абай мен Шаншар әулетін тек нағашылы-жиенді туыстық қана жақындастырып тұрған жоқ, одан әлдеқайда зор өзен судың тұнығы – Шаншардан Абайға дейін жалғасқан рухани арнаның тасқыны табыстырып жатыр (Ердембеков Б.А. Абайдың әдеби ортасы: Монография: – Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2012 жыл).

Ділдәға қатысты сөз қозғалғанда «Сары тон» әңгімесі айтылмай қалмайды. Бұл әңгіменің бірнеше нұсқасы бар. Біріншісінде, ол – Ділдәнің төркінінен келген құнды жасаудың бірі. Екіншісінде – өз қолынан шыққан бұйым.

Б.Ердембеков аталған еңбегінде Ақылбайдың ақындық талантын сипаттай келіп: «...Әкесі Абай болса, шешесі Ділдә – Алшынбай бидің немересі. Сонау қара тілдің ділмары Қазыбек биден үзілмеген нағашы жұртын Ақылбайдың суырып салып өлең қылатыны да бар. Ділдәнің төркінімен бірге келген алтынмен зерленген әдемі тонға балаларының көзі түсіп, таласқан екен. Сонда Ділдә Абайдың машығына басып:

– Менің төркінімді келістіре мақтап табан астында келісті өлең шығарғаныңа беремін мына тонды, – дегенде, әншейінде самарқау жүретін Ақылбай арғы нағашысы Қазыбек биден бастап Бекболат би, Тіленші би, Алшынбай, Ділдәнің әкесі – Жүсіпті жырға қосып, бәйгені жеңіп алған екен. Ақылбайдың шығармалары жарияланған Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» еңбегінде осы өлеңнің соңғы жағы енбей қалған.

...Тіленші одан туып ел билеген,

Арғынға одан қорқып жан тимеген.

Билікте бұйырғаны ғаділ шығып

Тентегі мен телісі зар илеген.

Алшынбай – атасынан сары қасқа,

Бір адам сөз айтпаған одан басқа.

Біреуді аға сұлтан қоям десе

Ешбір жан ешқашан бас шайқамас та.

Өзіме мырза Жүсіп – нағашы ата,

Сөзімде кешіріңіз, болса қата.

Атаңды арғы-бергі түгел айттым

Аруағын нағашымның тонға сата, – деп соңын қалжыңға салып жіберген екен», – деген үзіндіні ұсынады.

«Жүрегімнің түбіне терең бойла...» кітабынағы екінші нұсқасында:

«...Ділдә он қара тоқтының терісін илеп, Шыңғыс тауының зердей қызылсары қынасына бояп, адам қызығардай тон тігіп болып отырса, оған көзі түскен Ақылбай маған беріңіз деп жата жармасады. Өзін шешем деп білмейтін Ақылбайды паң мінез Ділдә баурына тартуды мін санайтын. «Өзімнің бауыр балаларымның біріне берем, саған тон табылмай ма, ары жүр!» – деп тонды бермепті. Сонда Ақылбай отыра қалып өлең жазып, оны Абайдың алдында оқып беріпті:

Қазыбек – арғы атаң әулие өткен,

Дүниеден фәни жалған ол да кеткен.

Қиыр шеттен бір адам бабам десе,

Аруағы сол сағатта барып жеткен.

Бекболат туып қалды артық заттан,

Ол-дағы қарғағанын дереу атқан,

Орта жүзді билеген Абылай да

Қаймығып, ақыл алған Бекболаттан

(басқа нұсқасында:

Сұлтаны Орта жүздің Абылайды

Тидің деп қытығыма сайдақтатқан).

Тіленші одан туып ел билеген,

Одан қорқып арғынға жау тимеген.

Алдына барған жанға әділ екен,

Тентекті лебізімен нанша илеген.

Алшынбай одан туған, орны басқа,

Ешбір жан сөз сөйлемес жүйрік қасқа.

Біреуді егер сұлтан қоям десе,

Теріс деп, бұза тартып шайқамас та.

Одан соң мырза Түсіп нағашы атам,

Сөзімде, сөкпеңіздер, болса қатам.

Арғы-бергі атасын түгел айтып,

Апама осы өлеңді тонға сатам, – депті.

Абай отырып: «Тонның құны жетерлік болды, Ділдә», – депті. Ділдә көзіне жас алып, Ақылбайды құшақтап, маңдайынан иіскеп, тәу етіп, тонды өз қолымен кигізеді», – деп кестеленген екен.

Хош. Сонымен, айтпақ әңгімеміздің арқауы – Ділдә. Рас, романдағы Ділдә бейнесі мақтауға тұрарлық емес. Қайталап айтайық, большевиктік-фашистік идеологияның қылышынан қан тамып тұрғанда аға сұлтанның баласы, өзі болыс, өзі бай, нағыз үстем таптың өкілі Абайды жарыққа алып шығу үшін Мұқаң саналы түрде көптеген құрбандыққа барды. Сөйтіп, Құнанбайды қаншелек жауыз, Майбасарды даңғой, Ділдәні қытымыр, Жабайхановты (Бөкейханов Әлиханның прототипі) есерсоқ етіп, керісінше, өзін сатып кеткен Ерболды адал дос, қарақшы Базаралыны халық жоқшысы, ар ұялар іс қылған Қодар мен Қамқаны жазықсыз құрбандар етіп көрсетуге тырысты. Әрине, қазақ қоғамының кеңестік билікке дейінгі кезеңін «Абай жолы» арқылы ғана танитын оқырманға бұлардың бәрін тәптіштеп түсіндірудің ешбір ағаттығы жоқ. Тіпті, бұл – қажетті, сауапты іс. Бірақ, қалам ұстап, ұлттың жоғын жоқтауға тиіс ағайынмен бұл тақырыпта сөз таластыру қасірет демейік, ұят. Шын мәнінде Абайдай алыптың адал жары, отбасының берекесі болған ақылды, сабырлы, Мұхаңа Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы көп құнды деректер берген, қартайғанша (жасы сексеннен асып, 1924 жылы қайтыс болған) сыр-сымбатын жоғалтпаған Ділдәнің аруағы осылай істетуге мәжбүр етіп отыр.

Ермек Балташұлы, ҚР Мәдениет қайраткері

Abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста