Балапан ұясы. Бүркітті құсбегілер әртүрлі жолмен қолға түсіреді. Соның негізгі тәсілі бүркітті балапан кезінде ұядан алу. Бүркіт ұясын адам баласы оңай бара алмайтын, аса биік шың-құздың басына, жалама жартастарға салады. Кәнігі құсбегілер бүркіттің балапанын ұядан алу үшін ұзақ уақыт аса мұқият бақылап тексереді. Ұябасардың қай жақтан ұшып шығып, қайда барып, қалай қайтқаны бәрі-бәрі аса мұқият бақыланады. Ақылды құс балапанына жем тасығанда өте қырағылық танытып, сақтықпен барынша құпия ұшады. Мысалы, ұядан ел көзіне түспей өте ерте ұшады немесе ұясын құпия ұстау үшін жемді ұяның жақын маңынан емес барынша ұзақтан тасиды. Сол сияқты ақылды бүркіт ұясына жем әкелгенде дағдылы бір бағытпен келмейді жемнің өзін үнемі бір жақтан әкелмейді ұяға жақындаған кезде бой тасалап, сайды өрлей, жер бауырлай ұшып ұяның астынан жасырын тік көтеріледі. Нағыз қыранның ұясын табу оңай-оспақ жұмыс емес. Кейбір бүркіт ұя маңынан адамды көріп қалса, балапанын басқа жаққа көшіріп әкетеді. Ұядағы жұмыртқа жалғыз болса оны жалқы балапан деп атайды. Бұл қыран болудың бір белгісі деп есептеледі. Қыран бүркіттер жалқы балапаннан көбірек шығады. Ел аузында «жалғыз туса жан алар» деген сөз бар. Егер ұяда бірі үлкендеу, бірі кішілеу екі жұмыртқа болса, құсбегілер үлкендеуін ұябасар деп кішілеуінен бұқатана балапан шығады деп есептейді де, ұябасар жақсы өсіп жетілсін деп бүркіт жоқта ұядағы жемге ортақтасатын бұқатана жұмыртқаны алып тастайды. Бүркіт балапанында – сары аяқ, сары тұмсық болады. Өсе келе әртүрлі түске өзгереді. Бірақ, қырағы құсбегілер құсты осындай балапан кезінде-ақ назар салып, болашақта қандай құс болатынын парықтай алады. Балапан ана тәрбиесінде өсіп қара қанаттанады. Әбден ұшарға таяғанда ұстамаса, ақ үлпек кезінде ұядан алған балапан кенжелеп орыннан тура алмайтын тілерсек дертіне шалдығуы мүмкін. Ұядан алған балапанды үйге әкелген соң үйшік жасап, бөлек баққан абзал. Үйшіктің есігін жауып, жемді төбесіндегі жарық түсетін тесіктен берген дұрыс. Балапан жемге тойғаннан кейін үйшікті тазалап, суды жаңалап қояды. Өйтпесе, ескірген жем жеп, борсыған су ішкен балапанға індет жұғады. Балапан есейген соң артқы екі тегеуіріне баулық бау тағып, айналсоқ жасап, саздауыт жазық жерге тұғыр орнатып, ұзын жіппен арқандайды. Жемді әбден қараңғы түскенде жақындатып қойса, таң атқанша жеп бітіреді. Бұлай тәрбиеленген балапан орынсыз піштактап шақырмайды әрі жемге таласып адаммен қарсыласпайды. Дала құсы тектес ержетеді.
Балапан сыны.Тауды мекендейтін бүркіттер ішінде тұмса бүркіт балапаны деген болады. Бұл балапан құсбегілердің назарын өзіне қатты аударады. Бұдан басқа: ақбұршақ балапан, шұбар балақ балапан, ақбілек балапан, шынжыр балақ балапан дегендер болады. Тұмса бүркіт балапанның кеуде жүндерінің ұшы қарайып көрінеді де, ортасынан көлденең белдеуше ақ сызықтар байқалады және жүннің қарасынан ағы көптеу болады. Бұл сызықтар жемсаудан бауыр шудасына дейін, ұршықтан балақ шудаға дейін созылып ақ бедер жасайды. Кеуде, бауыр, балақ жүндерінің ұшы ақ және саңғыруға жақын бауыр шудасы аппақ, бірақ ұшы қызғылтым сарғыш түсті болады. Ақбұршақ балапанның шалғысы түзу бітеді, құйрығының қарасы аз, қалың әрі жалпақ тарақты болады. Шұбар балақ балапанның екі топшының арасындағы өндіршек-жемсау аумағы тұтастай қызыл шұбар, кеудесі жалпылама ақ бедерлі болады. Ақбілек балапанның білезігі ақ болады. Шынжыр балақ балапанның денесі жалпылай ақ бедерлі болады. Қазақ құсбегілері көп айтатын «шынжыр балақ шұбар төс, ақ білекті мұзбалақ қыран» дегеніміз осы. Балапан ұяда үнемі бауырын төсеп жата берсе, ол тобанаяқ, майбауыр сан еттері бос-болбыр болады. Сондықтан, балапан бауырын тез көтеру үшін ұябасар ұясына арша бұтақтары сияқты қатты заттарды әкеліп төсеп тастайды. Балапан баптау. Балапанында ұядан алып тәрбиелеген бүркітті құсбегілер қолбала деп атайды. Балапан құсты қолға баптау түз құсын баптаумен бірдей. Бірақ балапан құс көбірек аймалауды қажет етеді. Құсты баққанда балапан кезінен күйлі етіп баққан абзал. Балапан құсты үнемі ұшуға жаттықтырып, мүмкіндік болса, биіктеу жерге шығарып, еңкейте ұшырып әдеттендірсе ұшуға тез көндігіп топқанат болмайды. Қолға баулығанда басына томаға кигізіп мал-жанға көп талпындырмаған жөн. Жем шоқыту, томағаға әдеттендіру, ұшыру, қолға шақыру, ат үстінен шақыру сияқты жұмыстардың бәрін құсбегі өз ретімен жүргізіп, қолбаланы баулиды. Қолбаланың қанат-құйрық қауырсындары кемеліне келіп, жетілгенде барып шырға тартылады. Қолбалаға шырға тартқанда ең әуелі түлкі терісінен жасалған шырғаға түсіріп, біртіндеп тірі түлкіге бау аштырады. Бау аштыру дегеніміз қолбалаға алғаш рет түлкі алдыру. Қолбаланың алғаш алған түлкісін тырнақ алды дейді.
egemen.kz