Бумын қаған –Алпамыс батырдың өзі
Көне түркі жазба ескерткіштерінің сырын ашып оқи бастаған ғалымдар өз деңгейіндегі білімдерін сарп етіп, жазбалардың негізгі мағынасын ашып жариялады. Алайда олардың мүмкіндігі жетпейтін, ескерткіштердің терең сырлы қатпарлары жеткілікті болатын. Ол сырлар өз құпияларын ішіне бүгіп, қазіргі кезге дейін, әлі де жабулы күйінде ішкі таңғажайып қазынасын жасырып келеді. Солардың бірі де болса, бірегейі – І Шығыс Түрік қағанатын құрушы, Бумын болып қате оқылған қағанның есімі.
Бумын есімі бір ғана дыбыс – ДЖ таңбасының оқылмауы себебінен жаңылыс оқылды. Тілдік түркітану ғылымының негізгі міндеттерінің бірі тарихи кезеңдердегі түркі тілдерінің дыбыстық құрылымын анықтау болып табылады. Оны анықтау оңай емес екені мәлім, өйткені көне замандардағы халықтардың дыбыстық сөйлеу мәнері біздің құлағымызға жеткен жоқ. Оны жазба мұралардағы әріптік-дыбыстық таңбалар арқылы ғана қалпына келтіруге болады.
Бұрын белгісіз болып келген ДЖ дыбысы кірігіңкі дауыссыздардың еріндік нұсқасы болып саналады. Бұл нұсқа бүкіл әлемдік – әрі түркологиялық, әрі тарихи – жаңалықтың ашылуына себепкер болатын әріп таңбасы болып отыр. Өйткені бұл ОДЖ⁴, ҰУДЖ⁴, ДЖ⁴О, ДЖ⁴ҰУ таңбасы Күлтегін үлкен жазуының бірінші жолында жазылған, бұрынғы зерттеушілер қате оқыған, Көктүрік қағанатын құрушы ұлы Бумынның ескерткіште жазылған шын аты Б¹ОДЖ⁴МаН¹ екенін дәлелдейтін таңба. Алғашқы зерттеушілер таңбаның нақты айырмашылығына назар аудармай, өздеріне белгілі О, Ұ, ҰУ дыбысының таңбасы ретінде оқыған. Бұл Боджман, қазіргі айтылуында БОЖБАН, Қоңырат тайпасының негізгі руларының бірінің аты. Біздің бұл Божбанның сол Көктүрік қағанатын құрушы Боджман қаған екеніне көптеген бұлтартпас дәлелдеріміз бар. Бірінші дәлеліміз: рулық шежіреде Божбан атаны дүниежүзіне әйгілі Алпамыс батырдың өзі деп көрсететін нұсқалар бар. Қазақ Совет Энциклопедиясында Божбан ата туралы дерек берілген. Онда былай дейді: «Божбан – Орта жүз, Қоңырат ішіндегі Көтенші руынан тараған ата. Шежіре бойынша Божбаннан Ұржық, Жұмық, Қожағұл, Жәукім, Итемген, Құлым, Бекарыстан, Тоқпақ дейтін сегіз ата тарайды. Аңыз бойынша, Божбан – Жиделі-Байсындағы Алпамыс батырдың ұрпағы, бала кезінде Көтеншіге келіп сіңген. Көтеншіден тараған Сары, Сапар, Маңғытай, Саңғыл елдерімен бірігіп, «Бес Божбан» атанған. Божбан Октябрь Революциясына дейін Шымкент уезінің оңтүстік-батысын, Сырдың екі жағын мекендеген. Таңбасы – Қоңыратқа ортақ босаға таңба ()» [Қазақ Совет энциклопедиясы. 2- т. Алматы, 1973, 371- б.]. Шежірелердің бірінде Божбан ата Алпамыс батырдың ұрпағы делінсе, екіншісінде Алпамыс батыр Божбан атаның ұрпағы болып айтылады. Ал үшіншісінде Алпамыс батыр мен Божбан ата екеуін бір кісіге телиді: «Бір деректе «Божбан» Жиделі Байсындағы Алпамыс батырдың ұрпағы, бала кезінде Көтеншіге келіп сіңісіп кеткен десе, екіншіде Алпамыс батыр «Божбан еді» дейді» [Сәдібеков З. Қазақ шежіресі. Ташкент – Узбекистон – 1994, 103-б.].
Бұл деректерден Алпамыс батыр мен Боджман қағанның арасында байланыс бар екені анық байқалады. Алпамыс батыр жырының «Одиссеямен» сәйкестігін қаперге алсақ [Жирмунский В.М., Зарифов Х.Т. Узбекский героический эпос. Ташкент, 1943.], эпос кейіпкері б.д.д. ХІІІ ғасырдың тұлғасы саналар еді. Халықтық эпостар, онда жырланатын қаһармандық оқиғалар тізбегі ұрпақтарға жалғасып, ұзақ тізбек құратыны аян. Олай болса, сол тізбек Боджман қаған ерліктеріне де ұласып өз алдына дербес жырланған деп пайымдауға болады. Кейін эпостық қаһармандар тізбегі бір батырдың бойына жинақталып, айтылуға жеткені эпостағы оқиғалардың әртүрлі дәуірлерде сипатталуынан көрінеді. Алпамыс атауының екі сөзден құралғаны «Қорқыт ата» кітабындағы Алып Бамсы батыр есімінен аңғарылады. «Алпамыс батыр» жырын академик В.М.Жирмунский V ғасырда туған деп пайымдаған. Сонымен бірге ол Алпамыс пен Манас есімдерінің ұқсастығы туралы пікір білдіреді. Яғни Алпамыс есімімен орта ғасырларда хатқа түскен «Қорқыт ата кітабындағы» Байбөрі (Байбура) баласы Алып Бамсы мен алтай халқының «Алып Манаш» және қырғыздың «Манасы» сәйкес, оның себебі Алпамыс Алып Мамыш (немесе Манаш) тіркесінен туған [Жирмунский В.М. Введение в изучение эпоса «Манас» // Энциклопедический феномен эпоса «Манас». Бишкек, 1995, С. 111.] деп санайды. Боджман батыр алып бабаларына ұқсап Сары теңіз-Сары өзеннен бастап, Пұрұм – Ауропаға дейін жаулаған, Көктүрік қағанатын құрған алып қаған болғаны көне түркі жазба ескерткіштерінен белгілі. Осы ерлігін жыраулар жырлап, ұлы эпос тудырғаны туралы ұлы М. Әуезов те өз пікірінде айтып кеткені мәлім. Алпамыс есімі Боджман қаған атынан туған. Оның шығу төркіні есім буындарын алмастырып айтудан пайда болған. Мысалы, қазақ есімдерінде Байбөрі – Бөрібай, Байсары – Сарыбай тәрізді буын-сөздерді ауыстырып айтудан Боджман – Манбодж болып өзгеріске түскен деуге болады. Алдыңғы ман буыны ман //бан //пан сәйкестіктеріне түрлене алады. Ал соңғы бодж буыны бодж //бош //бос сәйкестіктерімен өзгеріске түседі және алдыңғы Б дыбысы да б //м //н сәйкестіктеріне ауыса алады. Осыдан банбос >банмұс >банмыс >баммыс >бамсы өзгерісі туса, ал банбос >баннас >маннас >манас атауы осылай шығады. Бұдан басқа Мамыш есімі Манмыш >Маммыш >Мамыш өзгерісінен, Манаш >Маннаш -тан пайда болады. Ал Алпамыстағы Памыс панмыс >паммыс >памыс түрленісінен туғаны анық деп тұжырамыз.
Н.Я.Бичурин өз еңбегінде [Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. І т. Алматы, ТОО «Жалын» баспасы, 1998, 224-226-бб.] түріктердің хуннан тарағанын, түп атасы Ашина болғандығы жайындағы деректерді келтіреді. Ашинаның қаншық қасқырдан туғаны туралы аңызға сәйкес, ғалымдар ол сөзді моңғол тіліндегі чоно (қасқыр) сөзінен туындатады. Егер Алпамыс-Боджман қағанның әкесінің аты Бай Бөрі екенін ескерсек, Ашинаның моңғол тіліндегі А Чоно-ға сәйкес екенін сезуге болады. Чоно бөрі, қасқыр [Базылхан Б. Қазақша-моңғолша сөздік. Ұлан батыр – 1977, 180-б.] мағынасындағы сөз болса, А дыбысы Бай (ұлы) сөзіне сай ах //их [Базылхан Б. Қазақша-моңғолша сөздік. Ұлан батыр – 1977, 14-б.] (аға, ұлы) сөзінен қытай тіліндегі дыбысталуымен өзгергенін көреміз. Бұдан басқа Ашина есімін «Алпамыс батыр» жырындағы [Алпамыс батыр. Батырлар жыры. 2-т. Алматы, «Жазушы», 1986, 7, 189- бб.] Алпамыстың әкесі Байбөрінің әкесінің бір туған ағайыны Шыныбаймен де сәйкестіруге болады. Шыныбай есімін Бай Шыны деп алмастырып айтсақ, жоғарыдағы талдаудай А Шоно есімі шығады. Бұдан Боджман-Божбан қағанның түп-тек атауларының сәйкестігін аңғарамыз. Әбілғазы ханның жазбасындағы [Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, «Ана тілі», 1992, 45- б.] моңғолдың қырылуы мен одан аман қалған Қиян мен Нүкүз ұрпақтары Ергене Қоннан шыққандағы патшасының аты Бөрте чене аталады. Бұны да талдасақ, Бөрте сөзі түркіше Бөрі сөзіне келсе, чене сөзі моңғолша қасқыр мағынасын білдіреді. Бұл да Байбөрі мен Шыныбай аттарынан қосарласқан есімдер деуге келеді.
«Алпамыс батыр» жырының нұсқаларында Байбөрінің әкесі туралы көп айтылмайды. Тек Ә.Байтұрсынұлы нұсқасында ғана оның Ордабай деп аталатыны бар. Бұл нұсқада Байбөрі мен Құлтай, Шыныбайлар Ордабайдан туған ағайындылар саналады. Өзбек нұсқасы «Алпамыш» [Алпамыш. Ташкент, 1974, С. 7.] жырында Алпамыстың атасының аты Алпын би, бабасының аты Дабан би аталады. Әбілғазы еңбегінде [Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, «Ана тілі», 1992, 39, 40-б.] Шыңғыс ханның да, қоңыраттың да бабасы Қиян аталатын еді дейді. Одан ары Шыңғыс ханның Қияннан бергі бабасы Добун баян еді деген мәліметті келтіреді. Біз бұл жерде Алун сұлудың нұрдан үш бала табуы туралы қиялға көңіл аударуды жөн көрмейміз. Сондай-ақ Добун бай (баян – моңғолша) есімі де шатыстырылып бергі дәуірге әкелінуі моңғол тарихшыларының (Рашид ад-Диннің кезіндегі қидандардың) бұрмалауының әсерінен болған деп пайымдаймыз. Біздіңше, жоғарыда айтылған Алпамыс батырдың бабалары Ордабай, Дабан би мен Шыңғыс ханның бабасы Добун бай – бәрі бір кісі, яғни Гомер жырлаған Одиссей батырдың түркіше есімдері. Егер Ордабай есіміндегі Ор буынын бөлек сөзден қосылған бөлік десек, қалған Дабай бөлігі Дабан бай есімінен қысқарған деуге болады. Мысалы, Ор Дабанбай >Ордабамбай >Ордабай. Бұл жерде гаплология құбылысынан екі ба буынының бірі қысқарады. Бұл сөздің қысқаруының екінші нұсқасы Одиссей атауына жақын келеді. Мысалы, Ордабаббай >Ордаббай. Бұндағы Р дыбысы қысқарса, сөз Одаббай атауына өзгереді. Бұл Одиссей есіміне сәйкес келеді. Өйткені Добун есімін Досун, бай сөзін сай (Арпоксай, Липоксай, Колаксай) сәйкестіктеріне өзгертсек, Ор Досун сай >Ордосуссай >Ордуссай >Одуссай аты туады.
Бұндай салыстырулардан эпостың көптеген дәуірлер оқиғасын бір өзек-арқауға жинауын түйсінеміз. Мысалы, Одиссей оқиғасы б. д. д. ХІІІ ғасырда өтсе, одан кейінгі батырлар мен жаугершілік баяндары да өз алдына жырланып, цикл-тізбек құраған. Ондай тізбекті негізінен ата-бабадан ұрпақтан ұрпаққа берілетін тектік тәлім-тәрбие ұштастырып қалыптастырады. Батырлардың ұрпақтары да ата жолын қуып, батырлық дәстүрді сақтап жалғастырады. Бұл салт қазақ батырлар жырынан мәлім. Осыған сәйкес О(р)дуббай~ О(р)дуссайдан басталған жырлар тізбегі Алып Панбос >Алыппаммыс >Алпамыс батыр жырына ұласып, ұзақ дәуірлер оқиғаларын бір жырдың өзегіне жинақтаған. Алпамыс жырының бір нұсқасы (вариант) Манас эпосын жырлаушылардың арасында Манастың бабаларын да жырлайтын жыршылар [Зәұлы Т. Қалтарыста қалған қазына // «Қазақ әдебиеті», 2005, № 4, 28 қаңтар] болған: «1961 жылдан бастап Қытай оқымыстылары тарапынан «Манас» эпосына қызығушылық байқалып, Қызылсу қырғыз автономиялы облысында «Манасты» жинау мақсатында арнайы экспедиция жасақталды. Кейін елде «Манасты» зерттеу қоғамы құрылып, 90 манасшының аты белгілі болды. Олардың арасында Манастың ата-бабалары Төгейхан, Көбейхан, Жаңбыршы, Шаянхан, Шойхан, Бөнейхан батырларды жеке дастан етіп жырлайтын 52 жастағы Сатыбалды Аалының атағы елге әйгілі еді».
Бұл аталардың ең басындағы Төгей ханды Төгөн //Тоғон //Ноғон нұсқаларына таратуға болады. Моңғол тіліндегі ноян осы Ноғаннан өрістегені белгілі. Мысалы, қазақ тіліндегі бай сөзі моңғол тілінде баян аталады. Бұл бай сөзінің ежелгі дәуірдегі түпкі нұсқасы екені анық. Ал одан арғы дәуірдегі нұсқасы баған <бақанқ болады. Бұл қаған <қақанқ сөзінің нұсқатүрі. Жоғарыдағы Тоған //Ноған нұсқасынан Ноғаннай атауын қалпына келтіре аламыз. Әрине, бұл Қоңырат шежіресінің бас кезіндегі Нағанай екені даусыз. Бұл Одуссай (Одиссей) //Одуббай //Онуннай сәйкестіктерімен де көрінеді. Эпоста батырдың өзінен тараған ұрпақтары да тектік жалғастыққа сай батыр болып, тізбектеліп жырланады. Қазақ батырлық жырларындағы батыр ұрпақтар тізбегі өзімізге мәлім. Ал Манас ұрпақтары Семетей, Сейтек, Кененим, Сейіт, Асылбас, Сомбілек, Шигитейге [Зәкенұлы Т. Қалтарыста қалған қазына // «Қазақ әдебиеті», 2005, № 4, 28 қаңтар] дейін жеті ұрпаққа ұласады. Академик Р. Бердібай да Алпамыс ұрпақтарының әрқайсысы да бөлек жырланғанын айтып ескертеді: «Салақтығымыз ба, жоқ әлде «Қаулыға ілінген» жыр болғандықтан ба, сол жыршылардың репертуары толық жазылмай қалыпты. Түркістан түбіндегі Шорнақ ауылында тұратын Әбдірайым Байтұрсынов жыршының да жыры жазылып алынбаған екен. Ол жыршының ерекшелігі, Алпамыс батырдың өзінен кейінгі батыр ұрпақтарын да жырлаған. Алпамыс, оның ұлы Жәдігер, оның баласы Аманолла туралы жыршы Әбдірайымда ұзақ жырлар болған. Әлі де іздеп табу керек» [Камалқызы Ж. Академик Рахманқұл Бердібайдың дәрісі – «Алпамыс батыр» жырына арналды // «Евразия», 2009, № 10, 13 наурыз].
Көктүріктердің құнқтардан (хұн //ғұн) тарайтыны мәлім. Олай болса, бұл этноним де көне түркі жазба ескерткіштерінде жазылуы күмәнсіз болуы тиіс. Бұл тайпа есімі Мойын Чор (Могойн Шинэ Ус) ескерткішінде жазылып қалған. Бірақ ол жазудың алдыңғы бөлігі бұзылып өшкен де, ғалымдар оны қыбчақ [Сартқожаұлы Қ. Объединенный каганат тюрков. Астана, 2002, С. 75, 83, 89.] деп оқыған.Мұндағы qc ЧаҚ буыны бұзылмай сақталса, оның алдындағы таңбаның сілемі қалған. Оның доға түріндегі Н¹ таңбасын ғалымдар Б¹ таңбасының жұрнағы деп шешіп, «этноним – белгілі түркі тайпаларының бірі қыбчақ» деген асығыс та оңай қорытындыға келген. Бұл ескерткішті 1909 жылы Г.И.Рамстедт [Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности Монголии и Киргизии. М.-Л., 1959, С. 30.], [Сартқожаұлы Қ. Объединенный каганат тюрков. Астана, 2002, С. 55] тауып, оқыған және жариялаған. Ондағы ұйғыр қағанатын құрған кісінің аты қытай жазбаларында Мойын Шор (Моян Чжо) болып жазылғандықтан ескерткіш атын осылай атаған. Кейін зерттеушілер ескерткішті табылған жер атауына сәйкес Могойн Шинэ Ус деп атады. Өйткені ескерткіш Могойн тал жазығы мен Шинэ ус көлінің маңайында орналасқан. Эстампаж және қағаз көшірмелердің өзі нашар көшіріліп, бұзылуға ұшырағандықтан Қ.Сартқожаұлы ескерткішті тікелей тұрған жерінде зерттеп, Г.И.Рамстедт оқуына біршама түзетулер жасаған. Біз Қ.Сартқожаұлының ұсынған фотосуретін пайдаланып өзімізге қажетті тұстарына зерттеу жүргіздік. С.Е.Малов өз еңбегінде qciqfrÇt түрк қыбчақ деп жазып, алғашқы қалыпты түзуге ниет білдірген. Қ. Сартқожаұлы qcqfrÇt türk [qyb] čaq [Сартқожаұлы Қ. Объединенный каганат тюрков. Астана, 2002, С. 75, 176(ф19)] деп түпнұсқасын және транскрипциясын ұсынған. Мұнда таңбалар өшкені даусыз. Бірақ фотографияға зер салсақ, түрүк сөзі мен чақ буынының арасында үш таңбалық орын бар екені мәлім болды. Сондықтан Н¹ таңбасының алдында q ҚҰ дыбыс тіркестері жазылған деуге болады.
Сегізінші ғасырға дейінгі тарихи жағдайды бағамдасақ, қыпшақ тайпасының жетекшілігімен құрылған бір ірі мемлекет түркі халықтарының тарихында кездеспейді. Қыпшақ тайпасының негізгі орналасқан аймағы қазіргі Қазақстанның орталық және батыс, оңтүстік-батыс өңірлері саналатыны белгілі. Бұл аймақтың бәрі де Дунай өзеніне дейін бірінші Түрүк қағанатына енген сегіз оғыз (найман), тоғыз оғыз (керей), арғу (арғын), қырғыз тайпаларымен деңгейлес қыпшақ тайпасын түрүк атты жалпылық этнонимге қосып айтатындай жағдаят ол заманда әлі қалыптаса қоймаған еді. Ал бұған қарама-қарсы құншақ этнонимі жалпылық атауға толық ие болды деп айтуға толық мүмкіндік болды. Құншақ елесіміндегі құн сөзі құнқ (күн) /хұн //ғұн/ сөзінен қысқарған түбір. Келесі шақ буыны қазақ тіліндегі кішірейту жұрнағын білдіруге ыңғайланған. Ол шақ (кіші) сөзі ретінде қазақ тілінде әлі де қолданылып келеді. Бұл сөз шағын (<шақ+ын), ұсақ, шағыр (құм және оның ұсақ бөлшектері), шақ (бұтақ) т. б. сөздерде тікелей және құрамдас бөлік ретінде қолданылады. Осы сөздердің бәрінде де шақ сөзі үлкен тұтастықтың бөлшегі деген мағынаны білдіреді. Олай болса, құншақ этнонимі құнқ тайпасының бөлігі деген ұғымды білдіретіні аян болады. Құнқтардың батысқа жорығы ежелгі заманнан бастау алады. Ал Алпамыс-Одиссей заманын еске алсақ, олар б. д. д. ХІІІ ғасырдағы ежелгі Византия аймағындағы Троя қаласымен де байланысып жатыр. Қазіргі венгрлер өздерінің тарихын құнқ Аттиламен байланыстырады. Венгрлердің тілі фин-угор тілдеріне жатады, алайда Иштван Қоңыр Мандоки бұл тілде 1500-дей түркі сөздері бар [Масалим Е. Одинокое дерево. Алматы, 2008, С. 36; Тіспен туған қоңыр бақсы. Алматы, 2008, 77-б.] деп санаған. Венгр тілінде фин-угор және түркі тілдерінің қоспасы барлығына сәйкес Хунгар ел атауы хунқ-угор қос сөзінен тууы мүмкін деп санаймыз. Жалпы, бұл тілдер орал-алтай тілдері тобына жататыны белгілі. Сондықтан ежелгі заманда құнқ, угор тайпалары өздерін туыстаспыз деп сезініп, қатар қоныстанып қан араластыруы қазіргі кездегі хунгар елінің қалыптасуына негіз болғаны байқалады. Әрине, олардың құрамында өздерін құннан және фин-угордан тарататын топтардың болуы заңды. Сондықтан өздерін кунбыз, мадиярмыз және қыпшақпыз деп санайтын бөліктері кейінгі ғасырларға дейін өздерінің тілі мен тұрмыс-салттарын, дінін сақтап [Масалим Е. Одинокое дерево. Алматы, 2008, С. 36; Тіспен туған қоңыр бақсы. Алматы, 2008, 77-б.] келгені де анық. Олардың Надкуншак (басқұншақ), Кишкуншак (кіші куншак) деп аталатын жер атаулары – құнқ бабаларымыздан қалған белгілер. Сондай-ақ ел сөзін оршақ деп айтқан орта ғасырлардағы Анонимус атты тарихшысының еңбегінде [Заханқызы Р. Көне дәуір: көшпенділер. // «Қазақ әдебиеті», 2003, № 21, 23 мамыр] Венгрияның өзін Мадияр оршақ десе, айналасындағы елдер Немет оршақ (неміс елі), Чех оршақ (чех елі), Орыс оршақ (орыс елі), Кун оршақ (қыпшақ елі) т.б. секілді елесімдерімен аталады.
(Жалғасы бар)
Орынбай БЕКЖАН,
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ғылым орталығы Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты