Бұдан 45 жыл бұрынғы "Жас ұлан" оқиғасы жайлы не білеміз?

Бұдан 45 жыл бұрынғы "Жас ұлан" оқиғасы жайлы не білеміз?

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында тарихымызға үңіліп, батыр бабаларымыздың, ұлт қайраткерлерінің қаһармандығына тағзым етеміз. Өзіміздің өткен шағымызды да еске аламыз. Сонау тың игеру жылдары дүниеге келген біздер есейген шағымызда ел егемендігіне қосқан титтей үлесіміздің бар екенін аңғарып шүкіршілік етеміз, қазіргі кезеңде Тәуелсіздігіміздің қадыр-қасиетін ұғынар ұрпақтың өсіп-өнгеніне тәубе дейміз. 

Өткен ғасырдың 69 жылы Керекуде, мектеп қабырғасында жүрген жасөспірім кезімізде «Жас ұлан» атты жасырын ұйым құрған едік. Бiздi сол уақыттағы ұлт саясатына қатысты жағдайлар осыған итермеледi. Облыс орталығындағы көшелер мен дүкендер атаулары түгел дерлік орыс тілінде болды. Қаладағы 34 мектептiң екеуi ғана қазақша: Абай атындағы орта мектеп және бiз оқитын №3 мектеп-интернат (Қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернат). Қазақ балабақшасы мүлде болған жоқ. Оның үстіне қазақ жастарының мәдени дем алып, көңiл көтеретiн орны да болған емес. Тек «Дворец металлургов» мәдениет үйінде (Қазіргі Ж. Аймауытов атындағы қазақ театры) «Қазақ жастарының кеші» деген атпен жылына бір рет мәдени шара өткізілетін. Қоғамдық орындарда қазақ балаларының бір-бірімен қазақша сөйлесуінің өзі оңай емес: өзге ұлт өкілдері «Бізді балағаттап отырған шығарсыңдар, қане, көпке түсінікті орыс тілінде сөйлеңдер!!!» – деп зекіп тастайтын.

Сөйтіп, ұлттық кемсітушілік қыспағында жүргенімізде алпысыншы жылдардың басында Қарағандыда жазушылар Бүркіт Ысқақов пен Кәмел Жүнiстегi ағамыз бастаған азаматтардың қазақ жастарының «ЕСЕП» (Елiн сүйген ерлер партиясы) ұйымы, сондай-ақ Мәскеуде Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Сәбетқазы Ақатай секiлдi ағаларамыз бастаған қазақ студенттерінің «Жас тұлпар» ұйымы еске түсті. Кеңес тарихын оқып жүрген соң, революционерлердің жасырын ұйымдары туралы да жақсы бiлемiз. Содан санамызда әлгі ағаларымыз тәрізді астыртын саяси ұйым құру жөніндегі идея туындады. Жалпы айтқанда, 1960-жылдардың соңында жастар арасында ұлттық сананың ояну үрдісі жүрді десем, қателеспеспін. Сол үрдіс бізді ұлттық саясат мәселесінде түсініксіз жайттардың сырын ашуға ұмтылдырып, ізденіске жетеледі. Ақыры, ұлттық намысымызды қорғау мақсатында ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» ұйымын құрдық. Ұйымды қазіргі белгілі ақын Арман Қани (Қаниев) басқарды, Қайролла Кәженов (осы жолдар авторы), Қайрат Қабылбеков (Қазір Павлодар ауданы әкімдігінде бөлім басшысы), Гүлбаршын Әлиева (1954-1975 ж.ж.), Рәшит Бейсекеев (1954-1990 ж.ж.), Айгүл Жүнісова (1954-1991 ж.ж.), Алтын Махметова, Болат Кәкежанов, Саниал Мусин тәрізді өнерлі әрі өнегелі оқушылар белсенді мүшелері болдық.

Ұлттық мәселелер бойынша өзара пікірталастар ұйымдастырдық. Арман бiздерге үнемi Расул Ғамзатовтың Отан, туған тiл туралы өлең­дерiн оқиды. Қысқаша айтсақ, кеудемiз жiгер мен намысқа толы. Арманға елiктеп, мен де өлең жазам.
Бiздi әлi жұрт бала деп санайды,
Жас болсақ та көрiп жүрмiз талайды.
Айтыңдаршы, ендi елу жылдан соң,
Кiм оқиды ұлы ақын Абайды?! –деген
жыр жолдары сол кезде туған.
Ұйымның бір отырысында өзара ақылдаса келе жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтар таратуға келістік. Үнпарақтың мәтiнiн Арман жазды. Соны Сембай Құсайынов ебін тауып жазу машинкасына басып әкелді. Желтоқсан айында каникулға шыққан кезімізде соларды көше бойына, қоғамдық орындарға жапсырып кеттік. Қайрат Қабылбеков бір-екі данасын Павлодар ауданындағы Кеңес ауылына ала кетiп, бөлiмше кеңсесiнiң есiгiне іліп қойған. Келесі 1970 жылы (Бұл В.И. Лениннің 100 жылдығы тойланатын жыл еді) 1 Мамыр мерекесі шеруіне «Қазақ мектептері мен бала бақшалары ашылсын!» деген плакаттар көтеріп шығуды жоспарлап қойғанбыз. Бірақ үлгере алмадық, қаңтар айында Ұлттық қауіпсіздік басқармасы ұйым мүшелерін бір-бірлеп қолға түсірді.

Күнде тергеу, күнде тексерiс басталды. Бiр қызығы, тергеушілер «Осының бәрiн өзiмiз ұйымдастырдық, үнпарақтарды өзіміз жаздық» деген сөзімізге сенбей қойды. «Тоғызыншы сыныптың балалары бұлай iстеуi мүмкiн емес, ұйымды құрып, сендерді басқарған үлкен адам бар, соны айтыңдар!» – деп әлек салды. Егер, шынында, ондай адам болса соттап жіберетіні анық еді. Сынып жетекшіміз Ғазиза Рамазанқызы Әбжанова мен тәрбиешіміз Зұлқия Смайылқызы Көшімбаеваға қатты шүйлікті.
ҰҚК-дегі тергеу аяқталған соң ұйым мүшелері түрлі жазалауға ұшырады. Мәселен, Арман Қани «Ұлттық саясат мәселесіндегі өрескел саяси-идеялық қателіктері үшін» деген айыппен комсомол қатарынан шығарылып, мектептен қуылды әрі оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген белгі соғылды. Соның салдарынан Арман бiршама қиыншылық көрдi, ұзақ жылдар бойы қара жұмыстар iстедi. Өлеңдерiн еш жерде жарияламады. Мектепті әскер қатарынан оралған соң сырттай оқып тамамдады, жоғары оқу орнын бертiн, егемендік кезеңінде сырттай бiтiрдi.
Рашит Бейсекеев, Айгүл Жүнісова, Гүлбаршын Әлиеваға да әлгіндей айып тағылып, комсомол қатарынан шығарылды. Болат Какежанов, Сембай Құсайынов, Қайрат Қабылбеков, Алтын Махметоваға «Мектеп тәртібі мен ережесін өрескел бұзды» деген айып тағылып, қатаң сөгіс берілді және бұл сөгіс комсомолдық есеп карточкасына жазылды. Сонымен қатар Сембай Құсайынов, Саниял Мусин және осы жолдар авторы «өз еркімен» оқудан қуылды. Сөйтіп біз тәртібі «3» деген белгі соғылған оқу-үлгерім табелін қолымызға ұстап, жан-жаққа кете бардық. Мен оныншыны Екібастұз ауданының Ақкөл ауылы мектебінде бiтiрдiм.
Рашит, Гүлбаршын, Сембай, Қайрат және осы жолдар авторы түрлі жоғары оқу орындарына құжат тапсырғанда өмірбаянымыздың әлгі тұстарын, әрине, көрсеткен жоқпыз, әйтеуір емтиханнан сүрінбей өткен соң қабылдандық қой. Бірақ бақылаудан құтыла алмадық. Облыс партия комитеті тарапынан ұйымның бірнеше белсендісін бас бостандығынан айыру жазасына кесу жөнінде Қазақстан компартиясы Орталық комитетіне ұсыныс жасалғанын, бұған І хатшы Д.А. Қонаевтың келісім бермей, кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларының өмірін сақтап қалғаны туралы мәліметті тек бертін естідік.
Дегенмен, «Жас ұлан» ұйымын жазалаудан кейін өңiрдегi ұлт саясатына аз да болса оң өзгерiстер ене бастады. (Жоғарыдағылар бүгін қазақ жасөспірімдері осылай жасап жатса, ертең үлкендерi көтерiлер деп қауiптенген шығар). Біраз дүкендерге, кинотеатрларға қазақша атаулар берілді, бiрер көше қазақшаланды, ең қуаныштысы, «Ақ бұлақ» атты алғашқы қазақ бала бақшасы ашылды! Сондай-ақ жас ұландардың іс-әрекеттері жастар түгіл үлкендерге де ой салған шығар.
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында осыдан 45 жыл бұрынғы «Жас ұлан» оқиғасын еске ала отырып, бұл күндері өмірде жоқ үзеңгілес серіктеріме иман, жанымызда жүрген жолдастарымызға саулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Суреттерде: Қайрат Қабылбеков, Арман Қани, Қайролла Кәженов 1969 жылы және қазіргі кезде.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста