Бөкенбай батыр: аңыз қайсы, ақиқат қайсы?

XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ елінің ел болып қалуына ақыл-ой дарынымен, біртуар батырлығымен ерекше үлес қосқан Табын Бөкенбай қолбасшының ұлт тарихына, халық зердесіне өзіне лайықты деңгейде орнығуы оңай болған жоқ. Аты-жөні, ұлт тарихына сіңірген ғаламат еңбегі, батырлығы мен тұлғалық даралығы, көреген даналығы тарихи құжаттарда айқын көрсетілгеніне қарамастан, оның қайраткерлігі, батырлығы, атқарған ісі біреулерге телініп, қиянатқа ұшырап жүрді. Соңғы оншақты жыл көлемінде, бірсыпыра терісі бар — оңы бар, игілікті істер атқарылды да, ұлы қолбасшы бейнесі ұлт тарихынан өз орнын ала бастады.

Біз бұл мәселеге өте мұқият қарап, қазақ тарихында орыс елінің шежіресіндегі Кутузовтың деңгейінде өте зор іс атқарған қолбасшымыздың шынайы өмірбаяны, толық тұлғасын қалыптастыруға тиіспіз. Шүкір, бұл үшін, тарихи деректер де жеткілікті. Шындық деп айтқанымыздың түрі көп болғанымен, түптің-түбінде ақиқат біреу ғана екенін естен шығармауымыз керек. Себебі, бүгін ағат жасалған әрекеттер, шала, негізсіз, асығыс айтылған пікірлер ертеңгі күні алдымыздан шығады. Сондықтан өткенімізді ұлықтауда, бірегей тұлғаларымыздың тектілігін нақтылау барысында еліктеу мен солықтаудан, көтермелейміз деп төмендетіп алмаудан сақтанып, ел болып ойлағанымыз жөн. Алмас қылыштың қап түбінде жатпайтыны секілді, тарихтағы ел қадірлеген тұлғалардың кім болғаны түбі бір айқындалады. Тек сол шындық тиянақталғанша бұра тартпай, ұрпақ алдында ұятты болмай, сабырмен іздену қажет.

Ғұмыры әлі талай ғылыми еңбек пен тарихи шығармаларға арқау болар Бөкенбай қолбасшының өмір-тарихына әділдікпен ат басын бұрар уақытымыз келген сияқты. Өзіміз үшін, бізден кейінгі ұрпақ үшін Бөкенбай қолбасшының бізге дейін де әркім шатастырып, берекесін алған қайраткерлік еңбектерін пендешілік жасап төмендетіп алмауды ойлауға тиістіміз. Осы мәселеге қаншалықты мән беріп жүрміз? Енді соны сараптап көрелік.

…1999 жылы шығарылған «Ақтөбе» энциклопедиясында батырға өз аты бұйырмай «Бөгенбай» есімі енгізіліпті. Бөкенбай Қараұлы жөніндегі баспасөз деректері 2002 жылдардан бастап көзіме шалына бастады. «Ақтөбе» газетінің 2003 жылғы 18 желтоқсан күнгі санында Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің профессоры З.Байдосов және аға оқытушы Е.Исмайлов мырзалардың «Табын Бөкенбай батырдың суреті бізге қалай жетті?» атты мақаласы жарияланды. Сол 2002 жылдардан бастап Бөкенбай қолбасшы туралы тарихи жарияланымдарды қадағалау, деректер іздестіру және салыстырмалы түрде қалың жұртшылықтың танымын кеңейту мақсатында өзім де қырыққа тарта мақала-хаттар ұсынған екенмін.

2007 жылғы 27 қыркүйек күнгі «Ақтөбе» газетінде белгілі тарихшымыз, профессор Зәкіратдин Байдосовтың «Бөкенбай батыр — қолбасшы, саясаткер, мемлекет қайраткері» атты көлемді мақаласы, осы мақаланың ізімен «Ақтөбе» газетінің шамамен желтоқсан айының бас шамасында «Бөкенбай батырдың бейіті» атты шағын суретті мақала жарық көрген-ді. Бір қызығы, осы екі мақала Бөкенбай туралы бұлтартпас шындық сияқты қабылданып жүр. Бұл — қате. Бөкенбайдың өз дәуірінде сиямен жазылған тарихи деректермен, дерек көздерін зерделегендердің еңбектерімен санаса отырып, солардың қолданысқа енгізілмегені былай тұрсын, алты жылдан бері Зәкеңнің алғашқы «анау айттылап» салған бағытымен жүріп келе жатырмыз.

Әңгімені Зәкеңнің мақаласынан басталық:

«Осы уақытқа дейін Бөкенбайдың қай жерде, қай жылы туғандығы, қай жерде дүниеден озғандығы белгісіз болып келді… Ресей Федерациясы, Қуандық ауданы, «Приуральный» совхозының «Двуречье» деген жерінде тұратын зейнеткер, «РФ ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» Зейналы Өмірзақов бізге бір шумақ айтып берді. Онда «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Бөкенбай сынды батырым, алты мүшел толтырып, қалың да жәуміт ішінде, қапыда қаза болған-ды», — делінеді екен» — … Егер де жоғарыда келтірген жыр шумағында айтылғандай «…алты мүшел толтырып» опат болса, онда ол 73 жасында, немесе, 1669 жылы дүниеге келген болғаны» — деген екен Зәкең.

Бізше, Бөкенбай батырдың жас шамасы туралы деректі туу сонау «Приуральскийдегі» «айтты-мыс» емес, белгілі тарихшы, қоғам қайраткері Әбекеңнің (Ә.Кекілбаевтың) тарихи-хронологиялық «Үркер» романының 118-119 парақтарындағы нақтыланып жазылған деректермен және белгілі зерттеуші, тарих ғылымының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы 13 наурыз күнгі «Елдестірмек елшіден. Тағы да табын Бөкенбай батыр туралы» атты зерттеу мақаласында «…Бүгінде зерттеушілер тама Есетті 1667 жылы туған деп анықтап, бір шешімге келгендей болды. Ал Бөкенбайдың оған ағалығын және қайынағалығын есепке алсақ, батырдың 1667 жылға дейін дүниеге келгендігін аңғарамыз…» дегені нақты дәлел сияқты.

Бөкенбай Қараұлының ғұмырнамасын шынайы көрсеткіміз келсе, Ресей елшісі К.М.Тевкелевтің қазақ жерінің табалдырығын 1731 жылғы 3 қазан күнгі аттағаннан, 1733 жылғы 14 қаңтар күнгі Уфаға жетуіне дейінгі аралығындағы күнделігін, ғұлама жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбаевтың қазақ елінің XVII-XVIIІ ғасырлардағы қазақ-орыс, орыс-жоңғар, орыс-башқұрт, Ресей — Орта Азия, Ресей — Қытай қатынастары құжаттарына сүйеніп, болған оқиғалардың деректілік нақтылығымен халықтың өз азаттығы жолындағы күресі мен басқарушы хан Әбілқайыр, қолбасшы Бөкенбай, Есет батырлардың өмірін хронологиялық түрде жүйелеп, бұдан 31 жыл бұрын, жазып берген «Үркерді» неге қолданысқа енгізбейміз? Бұл шығармаға қазір тарихшыларымыздың қосып-аларлары да, дауы да жоқ сияқты еді ғой.

Енді Бөкенбай қолбасшының қазасы туралы. 1742 жылғы 28 мамыр күнгі Жайық әскерінің казагы Харкиннің мәліметі бойынша П.И.Рычковтың жазбаларында «…В ево же Харкину, бытность кайсацкой владелец же Букенбай в числе пятисот человек ходил под трухменцов для взятия у них полону и отгони скота, токмо они, трухменцы, их кайсаков, всех побили до смерти» (История Казахстана в русских источниках XVI-ХХ веков, 5 т. 33 пар.) — деген дерек бар.

Бөкенбай қолбасшының жерленуіне байланысты Зәкіратдин Байдосовтың 2007 жылдан бергі дәлелдемелеріне келейік. Ол «…2004-2005 жылдардағы экспедицияларда 90-ға тақап қалған Айнағұл, 70-ті алқымдаған Мақсат қарттар өздерінің аталарынан естіген әңгімелерін тілге тиек етіп, «Бөкенбайдың қысқы жайлауы Доңызтау да, жазғы жайлауы — Жем өзенінің бойы, соған құятын «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай», «Ащылы Бөкенбай» деген Жем салалары… Батырдың он мың жылқысы болған… дейді. Олай болса, Бөкенбайдың «Құр Бөкенбай» дейтін саладағы «Ақбұлақ» деген жердің батысындағы қыратқа жасақтарымен бірге жерленуі де ретке келеді. Оны 11-12 жасар Айнағұлға әкесі Қожа айтқан екен. Сол жерге мен 2004 жылдың қазанында бөренеден қада қағып белгі қойған едім. Сөйтіп, Бөкенбай батыр 1669 жылы …«Құр Бөкенбай» сайының бойында дүниеге келген… Ақбұлақтың батыс беткейіндегі қыратта жерленген. Бұны біздің қазіргі, болашақтағы ұрпақтарымыз осылай деп білуі тиісті. Сол жерде Бөкенбай батыр мазарын салу — оның ұрпақтарының, күллі қазақ қауымының борышы» — деп, әңгіменің бастауын Айнағұл мен Мақсатқа бастатқызып, қорытындысын өзі түйіндеп, ұрпақтары мен қауымға міндет артады.

Зәкең, жоғарыда келтіргеніндей, «2004 жылдың қазанында бөренеден қада қағып, белгі қойып едім» — десе, 2007 жылғы «Бөкенбай батырдың бейіті?» атты мақалада «Жарқамысқа жақындағанда Сиырсалғанның құмы дейтін құм бар. Сол құм ішіндегі бір төбеде жоңғарға қарсы шешуші шайқасқа үш жүздің қолын бастап шыққан даңқты қолбасы, Табын Бөкенбай батыр жерленіпті деседі…» деп келеді де Жарқамыста көп жыл әкім болған Асау ақсақалдың аузымен: «Ертеректе осында Табын Бөкенбай батыр жерленіпті деген әңгімені еміс-еміс құлағым шалғаны бар. Жақында тарихшы Зәкіратдин Байдосов келіп соны растап кетті», — делінеді. Әрі қарай: «Қазір төбе басында қада қағылып, Табын Бөкенбай батырдың осында жерленгендігі туралы жазылыпты. Құлпытастардың күл-паршасы шыққан. Оқуға келмейтін секілді…» деген сөйлемдер бар. Осыдан соң әрбір оқушының ойында «қараптан-қарап қалай күл-паршасы шыққан?», — дейтін сұрақ тұрады.

Оның үстіне қазақ тарихында БІРЕГЕЙ тұлғалардың ой-шұқырлар мен құм арасындағы төбешіктерге жерленуі мүмкін емес екенін жадымызға алсақ, Сиырсалғанның өркеш құмының ішіндегі белгісіз құм төбешік неге таңдалған дейтін түйткіл туады. Өйткені бұл пікірлердің барлығының да қайшылықтары мол және пәтуалы негізі жоқ, жалаң сөздермен көмкерілген. Әбілқайыр ханның хатқа жазылып қалған қабырын тауып, мүрдесін анықтау үшін еліміздің танымал ғалымдарының өзі көмекке шетелдік ғалымдарды шақырып, бірнеше жыл бойы еңбектенсе, біз оп-оңай мәселе шеше саламыз…

1803 жылы Бұқараға аттандырылған Ресей елшілік керуенінің басшысы Я.П.Гавердовскийдің қазақ елінің өткен тарихы жөніндегі жазбалары қысқа да болса нұсқа дерек. Тіпті, 1710 жылдарғы «Қарақұм құрылтайы» мен «Қарақұм шайқасы» және ел басқарған бірегей тұлғаларымыз жөніндегі мәліметтері мұнда нақты бейнеленген.

Зәкең Я.П.Гавердовскийдің Бөкенбай батырдың сол дәуірдегі қазақ елі тарихындағы алар орны жөніндегі мына деректерін жиын сайын қазақша аудармасымен айтады: «…Меньшая стеснена была в пески около озера Аксакалбарбий и по рекам Иргизу, Тургаю, Ори, Илеку и Уралу… В 1710 г. некоторые старейшины и начальники семейств из числа тех родов, которые располагались в песках Каракумах, собрались для совету, дабы употребить все усилия к единодушной защите друг друга до последней капли крови. Слабые души даже среди сего собрания обнаружа страх свой и предлагали искать безопасности от милосердия контайши: другие хотели оставить жилища свой и спасаться бегством за реку Волгу, а некоторые подобно робким зайцам желали рассеяться в разные стороны… Но известный в то время по храбрости старшина БУКАНБАЙ уничтожил сие предприятие их. Киргизцы рассказывает, что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в иступлении: «Отмстим врагам нашим! Умрем с оружием! Не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших!…».

Бірақ, сол Я.П.Гавердовскийдің күнделік-журналының тамыздың 21-22 күндеріндегі Ырғыздағы «Бөкенбай шоқысы» маңындағы қоналқыда отырып, былай деп тайға таңба басқандай етіп жазғанын мүлде айтпайды: «…К реке Иргиз опускается она многими крутыми уступами… За горою Кулакачи находится другая высокая и знаменитая гора Кабанкулак, т.е. свиное ухо, разделенная от первой песчаною равниной. Справо отсюда видна сказанная выше гора Сувукбиттау, а далее верст за 40 показываются горы БУКЕНБАЕВЫ, между коими особенно отличается конусообразный каменный холм, называемый БУКЕНБАЕВ маяк. Все сии горы, кроме Кулакачи, флецевого содержания, имеют в себе трап, извест и песчаник, и по большей части покрыты сверху красною глиною.

При воззрении на Букенбаевы горы и на маяк Букенбаев, киргизцы не могли утерпеть, чтобы не уведомить нас о причине такового их найменования. «В старину, — говорили они, — когда калмыки, притесняя орду нашу чрез набеги, оставались обитать частью в здешних окрестностях, старшина Букенбай с подвластными ему аулами имел главное кочевья в горах, носящих тепер его имя, где природа соединила все выгоды, потребное для жизни. Чтобы вернее спасти свое убежище от неприятелей, он располагал всегда в своей долине, окруженной отовсюду возвышенными местами, по койм паслись табуны под наблюдением раставленных на вершине гор караулов. Для предупреждения нечаяных нападении на возвышеннейщей пред всеми прочими и неприступной каменной горе, с коей все около лежащее местоположение было открыто, выставлял особый пост, который определенными сигналами давал знать скрывающимся в долине обо всех движениях неприятеля. Долго таким образом охранялись сие природное укрепление, но наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. ТЕЛО СЕГО ГЕРОЯ ПОГРЕБЕНО НА ГОРЕ МАЯЧНОЙ.

Занятия наши в описании местоположения прерываемы были различные пройшествиями…»

Тарих көші үшін Бөкенбай қолбасшының қазасы мен күнделік-жазба арасындағы 60 жыл ұмытылатын мерзім емес. Тіпті, Я.П.Гавердовский сапарында, онымен сөйлескен қазақтар арасында Бөкенбай қолбасшымен бірге жүріп, тұз-дәмдес болғандардың көзі тірілері де болғаны анық.

Қазіргі Орал мемлекеттік университетінің ғылыми істері жөніндегі проректоры, тарих ғылымының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың «Тарих тұңғиығындағы тұлғалар» (Алматы. Арыс баспасы 2008 ж.) атты ғылыми мақалалар жинағының 49-парағында «Бөкенбай батыр денесі Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Шалқар жол қатынасы бойындағы биік шоқыда жерленген. Кейін ол «Бөкенбай шоқысы» деп аталып кетті. Шоқыны 1803 жылдың 21-22-тамызында көрген Я.П.Гавердовский Ырғыз өзенін барлап, «Құлақашы тауынан әрі, биік және белгілі Қабанқұлақ тауы бар. Арасын құмды жазық бөліп тұр. Оң жағымызда Суықбеттау көрінеді. Одан 40 шақырым жерде Бөкенбай тауы, олардың арасында «Бөкенбай маягы» аталатын шошақ пішінді тас төбе ерекше көзге түседі… БӨКЕНБАЙ БАТЫР ДЕНЕСІ ОСЫ ТАУДАҒЫ МАЯКТА ЖЕРЛЕНГЕН — деп жазған» — деп тұжырымдайды.

Сонда кімге сенеміз? Бөкенбай қолбасшының жерленуіне байланысты бұдан 209 жыл бұрынғы Я.П.Гавердовскийдің күнделік-журналындағы сиямен жазылған жазу мен оны тұжырымдаған тарих ғылымының докторы, профессор Ә.Мұқтарға ма, әлде қазіргі «ауыл айтқыштары» Айнағұл мен Мақсаттарға ма? Мұның дұрыс-бұрысын оқырманның өзі ажыратар.

ХІХ ғасырдың бас жағында жазылған Я.П.Гавердовскийдің еңбектерін теріс деп сынаған сыншыларды байқамадық. Олай болса, Я.П.Гавердовский жазған Бөкенбай қолбасшының Қарақұм құрылтайына дейін де бүкіл қазақ еліне белгілі тұлға болғандығы мен сол құрылтайда ел тағдыры сынға түскен сәтте өз мойнына ел мен жердің жауапкершілігін ала білгендігі де ақиқат.

Я.П.Гавердовскийдің күнделік-жазбасы мен көмекшілері Иванов пен Богдановичтердің сапар барысындағы көрген-білгендерін толтырған журналдарындағы Табын Бөкенбай қолбасшының қонысы Ырғыздағы «Бөкенбай шоқысы» алабы болып, кейін шоқы басына жерленгені, қабыры да сол шоқы басында екендігі туралы жазылған екі бірдей тарихи жазбаға сенбей, әркімнің «айта салған» әңгімесіне сену пиғылынан Бөкенбай қолбасшыны ұлт батырынан гөрі рулық батырға айналдыруға құмарлық пендешілік байқалады.

Бөкенбай қолбасшы тарихы жайдақ, бәкене аңызға немесе жалаң сөзге сүйеніп жасалуға тиісті емес. Ондай жеңілтектік қазақ ұлтының тағдырында орасан зор орны, өлшеусіз еңбегі бар, күллі ұлт мақтанып айтарлық Бөкенбай батырдың рухына да, оны мақтан тұтатын ұрпақтар зердесіне де қиянат болады.

Қазақтың ұлы қайраткері, ұлтқа ұлы өнеге қалдырған Бөкенбай батыр тарихы бүкілелдік көлемде, ғылыми тұрғыда кешенді зерттеліп, бүкілхалықтық деңгейде ұлықталуға тиіс.

Бізден соң да өмір бар. Ендеше, ел басында жүрген азаматтар да осы мәселені ойлағаны жөн.

Ералы ТҰРАБАЕВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

aktobegazeti.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста