Біздің жұрт бөкейді неге бөтенсиді?
Шүкір, бүгінде бірталай тарихымыз түгенделді. Өшкеніміз жанды, жоғымыз табылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихымызды тереңінен тануға, өткенімізден өнеге алуға мүмкіндік берді. Тіпті бір жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялап, тарих көмбесін ақтаруға арнадық.
Жақында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан» жобалары қолға алынып, туған жердің тарихын қайта қарауға, өскен өңіріміздегі қасиетті орындарды қайтадан жаңғыртуға жол ашылды. Мұның барлығы да – бізге беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Елбасы тау-тасыңның, жер-суыңның атауы қайдан шыққанына зер сал, оны кейінгі ұрпаққа аманат қыл, туған жеріңнен түлеген тұлғаңды таны, оның ел үшін еңбегіне үңіл, соны басқаларға насихат қыл деп отыр. Біз осы мүмкіндікті өз пайдамызға жарата алдық па?
Менің туған өлкем – Атырау облысының Құрманғазы ауданы. Жалпы, жұрт «Жүзарал жері» деп атайтын бұл өңір – тұмса тарихтың кені, талай тұлғаның түлеген жері. Туған өлкем тарихқа тұнып-ақ тұр. Өкініштісі, сол қазына-көмбені әлі де аша алмай келе жатқан секілдіміз.
Құрманғазы ауданының тарихы арысы Алтын Ордадан бастап, кейінгі Бөкей хандығымен (Ішкі орда) тікелей байланысты. Негізінде, Бөкей ордасы дегенде Батыс Қазақстан облысы еске түсетіні бар. Рас, Жәңгір ханның ордасы (ставкасы) – Орал өңірінде. Жәңгірге дейін Ішкі орданы билеген Бөкей ханның ордасы – Қазақстан шекарасынан 3 шақырымдай әріде, Ресейдің Астрахан облысы Красный-Яр ауданының Байбек деген жерінде. Одан кейінгі Шығай сұлтанның ордасы – осы Құрманғазы ауданының Көнек мекенінде болған. Жазғы еңбек демалысында бабалардың ізі қалған Байбекті де, берідегі Көнекті де көріп қайттым.
Орыстың жерінде қалды демесең, Бөкей ордасының алғашқы астанасы болған Байбектің бүгінде түтіні түзу. Мұнда Бөкей ханның мазары менмұндалап тұр. Жанында жұбайы Атан ханым және ханның серігі болған Сейіт баба жерленген.
Бөкей хан бұл жаққа қалай келді? Қайып хан дүниеден озғаннан кейін Қазақ хандығы үш жүзге бөлініп, әр жүздің өз ханы сайланып, ұлы ханға бағынғаны белгілі. Осы кезде Кіші жүздің алғашқы ханы Әбілқайыр болды. Әбілқайырдан кейін билік ұлы Нұралының қолына өтті. Нұралыдан кейін Кіші жүздің хан тағына Ералы, Есім, Айшуақ хандар отырды. Айшуақтың билікке келуі Бөкей сұлтанның Кіші жүзден іргесін аулақ салуына әкеліп соқтырды. Бөкей өз иелігімен Жайықтан Еділге дейінгі даланы жайлауды мақсат тұтып, І Павел патшаға бірнеше рет арыз айтты. Ақырында, 1801 жылы Бөкейдің сұранысын қанағаттандыру туралы патша жарлығы шығып, Бөкей бастаған қазақтар, нақты айтқанда 25 мың адам Жайықтың оң жағына көш ауды. Осылайша, Еділ – Жайық аралығында Ішкі орда (кейінгі Бөкей хандығы) мемлекеті құрылды.
Бөкей жаңа мемлекетінің ордасы етіп Байбекті таңдаған. Алайда ол ұзақ хандық құрған жоқ. Үш жылдан кейін қайтыс болып, өз аманаты бойынша сүйегі Байбектегі Сейіт бабаның жанына жерленді.
Бөкей хан дүниеден өткен кезде тақ мұрагері Жәңгір сұлтан әлі жас болатын. Сондықтан билікті Нұралының тағы бір баласы Шығай уақытша өз қолына алды. Ол 1815-1823 жылдары, яғни 8 жыл орданы басқарды. Алайда ресми түрде хан статусын алған жоқ.
Шығай 1820 жылы ордасын бүгінгі Құрманғазы ауданының Еңбекші округына қарайтын Көнеу ауылының терістігінен 2 шақырымдай жерге көшірді. Биылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қасиетті жерлер қатарына қосатын бір мекен болса, ол – осы Көнеу еді. Өкінішке қарай, мұнда бұл жердің Бөкей хандығының ордасы болғаны туралы бір белгі жоқ.
Шығайдың кезінде Ішкі ордадағы жұрттың жағдайы оңалып, мал-жанының саны артты. Жәңгірден бұрын қазақтарды отырықшы өмірге баулыған осы Шығай болатын. Осы мақсатта Каспий теңізінің жағасынан ағаш үйлер салуды қолға алды. Қазақтардың балық шаруашылығына ден қоюы да осы Шығайдың тұсында қарқын алды. Алайда соңыра билікті өз иесі Жәңгірге аманаттап, қалған өмірін қараша жұртпен бірге өткізді.
Шығайдан дәулескер күйші Дәулеткерей тарады. Дәулеткерейдің дүниеге келген жері – осы Көнеудің маңы. 2006 жылы Еңбекші округына қарайтын Кобяково ауылына Дәулеткерейдің есімі берілді. Шығайдың атында ауыл түгіл, көше жоқ. Шығайды айтамыз-ау, ағасы Бөкей ханның өзін біздің жұрт бөтенсінетін секілді. Олай дейтінім, Алтын ордадан кейін ноғай мен қалмақ қонып, одан қалса, орыс-казактың оты болған осы даланы қазаққа атақоныс қылып, іргелі елге айналдырған Бөкей хан еді. Алайда Ганюшкиннің атауын Бөкейге беру туралы ел ұсынысы әлі де қолдау таппай тұр.
Жақында Құрманғазы ауданының орталығы – Ганюшкиннің атын өзгерту мәселесі ауданда қайта көтерілді. Ауыл атын «Бөкей», «Құрманғазы», «Жетіарал» деп өзгерту туралы ұсыныстар болды. Сөйтіп, қоғамдық кеңес мүшелерінің басым көпшілігі «Құрманғазы» атауын қош көріпті. Білдей бір ауданның атауы – Құрманғазы атамыздың атында. Енді аудан орталығын да Құрманғазы қылмақ па? Ауданда Құрманғазы атын алған мекемелер, ұйымдар онсыз да жетіп жығылады. Ауыл атын Құрманғазыға қимай, не қызғанып тұрғанымыз жоқ. Осы аудан көлемін ел қылған, жаудан қорғаған Бөкейде бір атау жоқ емес пе, соны неге ескермейміз? Бөкейдің атында ауыл тұрмақ, мектеп, көше жоқ. Есті адам жерге, суға атау берерде тамырға, тарихқа үңілмес пе? Осы елге қорған болған, құтын асырған ерін еске алмас па? Бұлай елеусіз қалдырардай Бөкейдің не жазығы бар еді?!
Бөкей ханға ауыл атын беру туралы бұрынырақта елдің ардагер қаламгері, марқұм Рахмет Иманғалиев, кейін жазушы Өмірзақ Қажымғалиев жазды. Біз де екі жылдың алдында «Айқында» «Бөкей ханға бір атау бұйырмай ма?» деген мақала арнап, ұсыныс қылдық. Бұрылған бір жан болса-шы…
Шүкір ететініміз, аудандағы Морское ауылдық округы – бүгінде Мақаш Бекмұхамедовтің атында. Әбіш Кекілбаевша айтқанда, «Атырау, Жайық бойында оның атын білмейтін адам жоқ». Мақаштың мазары да бүгінде осы ауылда тұр.
Жәңгір хан дүниеден өткеннен кейін, Бөкей ордасындағы хандық басқару жойылып, орнына 1848 жылы Астрахан губерниясына тікелей бағынатын Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңес құрылды. Сөйтіп, Бөкей ордасының жер аумағында Бірінші және Екінші Приморье (Теңіз жағалауы) округтері және Тарғын, Таловка (Талөкпе), Нарын, Қалмақ және Қамыс-Самар қисымдары құрылды. Мақаш осындағы Бірінші және Екінші Приморье аймақтарының правителі (әкім) болды. Бірнеше рет қазақ депутациясы құрамымен Санкт-Петербор барып, патша алдында ел тағдырына қатысты мәселелерді көтерді, қазақтарды шоқындыруды тоқтатуды талап етті. Мақаштың басшылығымен Екінші Теңіз жағалауы аймағында жиырма шақты мұсылман мектебі ашылды. Өзінің тікелей қаржыландыруымен Ганюшкиннен орыс-қазақ мектебін салдырды. Күй атасы Құрманғазыға қолдау көрсетіп, Уақытша кеңестің правителі Лазаревскидің қолынан «ақ билет» алып берген де осы Мақаш болатын.
Мұны неге айтып отырмыз? Мақаштың жиені, осы топырақтан түлеген (қарындасы Сарадан туған) Бақтыгерей Құлмановқа да біздің ел әлі күнге тиісті бағасын бере алған жоқ. Мақаш жастай жетім қалған Бақтыгерейді оқытып-тоқытты. Кейін Бақтыгерей Думаның депутаты болды. Алаштың ардақты ұлына айналды. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан «Құлманов келмей, съезді бастамаймыз» деп, Орынборда күллі қазақты екі күн күттірген екен. Бақтыгерейдің мықтылығын осыдан-ақ байқауға болады.
Алашорда үкіметі құрылғанда, оның төрағасына ұсынылған 3 қазақтың бірі – осы Бақтыгерей болатын. Атырау қаласында атына көше берілді. Ауыл берсе де жараспас па еді? Алдағы 22 желтоқсанда Бақтыгерей Құлмановтың туғанына 160 жыл толады. Оның үстіне биыл – Алашорданың 100 жылдығы. Бақтыгерейдің «бағын ашатын» уақыт туған секілді.
Мақаш пен Алашордаға тікелей қатысты тағы бір тұлға бар. Ол – Уәлитхан Танашев. Мақаш пен Уәлитхан – аталас туыс. Еспембет биден бес бала тараса, соның Шалабайынан – Танаш, Бекпембетінен Шолтыр өрбиді. Мақаш – Бекпембеттің немересі. Ал Уәлитхан – Танаштың шөбересі.
Уәлитхан Алашорданың Уфа дирекциясы, Сібір, Комуч үкіметтеріндегі елшісі болды. Ә.Бөкейхан, А.Тұрлыбаевтармен бірге Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізді. Биыл Уәлитхан Танашевтың туғанына – 135 жыл. Мұны да ескерген жөн шығар.
Өткенде Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз конференциясында Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов: «Ганюшкинді өзгерту – елдімекендер атауын жаңарту бағытындағы жұмыстардың біріншісі. Бұдан кейінгі кезекте Сафон, Кудряшово, Котяевка ауылдарының атауын өзгерту мәселесі қаралмақ» деген екен. Әрине, бұл атауларды өзгертетін уақыт баяғыда-ақ жетті. Мәселен, Сафонға – Бақтыгерей Құлмановтың, Кудряшовоға – Уәлитхан Танашевтің есімін неге бермеске?! Айтпақшы, аудан әкімі айтқан Сафон, Кудряшово, Котяев ауылдарымен қатар, аудандағы Киров, Кадырка ауылдарының да атын өзгерту керек. Кадырка ауылына Шығай сұлтанның есімін беруге әбден болады. Котяев ауылына осы өңірдің тумасы, белгілі күйші Смағұл Көшекбаевтың атын берсек, жараспас па?
Рас, Ганюшкинде С.Көшекбаев атындағы Мәдениет үйі, тағы бірер ауылда көше бар. Алайда айдай әлемге дәулескер Дина Нұрпейісова шешемізді танытқан, сүйегі алмандардың жерінде қалған Смағұл атамызға ауыл атын беру артық етпес еді.
Киров ауылдық округын – Жаңаталап, оған қарасты Дәшін ауылын Хиуаз Доспанова ауылы деп өзгерткелі жатыр екен. Мұндай ұсынысты Киров ауылдық округінде өткен жиналыста округ әкімі Олжас Тәжібаев айтыпты. Дәшін – қалмақтан қалған атау. Еділ қалмақтарының екінші тайшысының аты Дайчин болған. Қалмақ атаулары қазақ жерінде өте көп. Оларды қозғамаса да болады. Алайда ауыстыру қажет болса, Дәшін ауылына Қазақстанның халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз апамыздың атын беру – құптарлық іс.
Тек Кировті Жаңаталап деп өзгерту көңілге қонбайды екен. Жаңаталап – 1936 жылы құрылған өңірдегі төрт колхоздың бірі. Қанша жерден жаңашылдыққа шақыратын қазақы ұғым десек те, нағыз сәбеттің иісі сіңген атау. Оны қайта жаңғыртудың қажеті бар ма? Одан да Киров ауылдық округіне Әбілқайыр ханның немересі Мерәлі Қаратайұлының атын неге бермеске?
Екінші Приморье аймағын Мақаш Бекмұхамбетов 26 жыл басқарғанын білеміз. Мақаштан кейін Екінші Приморьенің правителі Мерәлі сұлтан болды. Мерәлі ордасын дәл осы Дәшін жеріне тікті. Мерәліден атақты күйші Мұхит тараған болатын. Екінші Приморье аймағы 1928 жылдан бастап, Теңіз ауданы болып қайта құрылды. 1993 жылдан Құрманғазы ауданы деп аталады. Ендеше, Құрманғазы ауданының «екінші әкімі» неге елеусіз?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін қазақ даласында сең жүрді. Туған жердің тұлғаларын тану, қасиетті мекенді айшықтап, атын аспандату – осы бағдарламаның басты мұраты. Олай болса, Елбасы бастамасына Атырау жұрты, соның ішінде Құрманғазы ауданының атқамінерлері үн қосып, қарекет қылып, хан-сұлтандар Бөкей Нұралыұлы, Шығай Нұралыұлы, Мерәлі Қаратайұлын, алашордалық арыстар Бақтыгерей Құлманов, Уалитхан Танашевтардың атын асырып, ұлықтауды ұмыт қалдырмайтын шығар деп үміт етеміз.
Серікбол ХАСАН,
"Айқын" газеті