Барлыбек Сыртанов һәм Қазақ елі Конституциясы
Барлыбек Сыртанов 1867 жылы Жетісу губерниясы Қапал уезінің Арасан болысындағы Қарашоқыда дүние есігін ашқан. Барлыбектің арғы бабасы Қаптағай қол бастаған жаужүрек батыр әрі XV ғасырдағы Ақ Орда мемлекетінің ірі қайраткері болған. Оның батырлығы туралы ел аузында көптеген аңыз-әпсаналар айтылады. Тіпті, Қаптағай ныспысы – Найман тайпасының ұранына да айналған (С.Мұханов, Халық мұрасы. Алматы 1994, 31 бет). Барлыбектің бергі атасы Қадірәлі XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында Жетісу өлкесіне танымал от тісті, орақ ауызды ділмар, ердің дауын екі ауыз сөзбен шешкен атақты би болған (С.Өзбекұлы. Барлыбек Сыртанов. Алматы 1996. 16 б). Өз әкесі Сырттан да Мұхаммеджан Тынышбаевтың жазбаларына қарағанда ел ішінде турашылдығымен, өткірлігімен көзге түскен батыр адам болған екен («Қазақ» газеті, 1915, №95).
Замана ағысын дөп аңғарып, болашағын дәл болжай білген Сырттан батыр ұлдарының ішіндегі оқуға зерек Тұрлыбек пен Барлыбекті 1877 жылы Верный қаласында ашылған ерлер гимназиясына оқуға береді. Тұрлыбек сырқатына байланысты гимназияның 4 класын бітірісімен Алматыдан кетіп, Ресейдің Шәуешектегі консулдығында тілмаш болып қызмет атқарады. Ал, Барлыбек негізінен шенділер мен ақсүйектердің балалары оқитын гимназияда өзінің білімге деген құштарлығының арқасында озат оқушы атанады. Ол алғырлығының арқасында гимназияны 1886 жылы үздік бітіріп шығады. Мектеп директоры Д.Новак шәкіртінің оқуға деген таудай талабын байқап, Жетісу облысының губернаторына Барлыбектің оқуды университетте жалғастыруы үшін қаражат бөлуін сұрайды. Жетісу әскери губернаторы өтінішті қабыл алып, Барлыбек Сыртановқа арнайы стипендия тағайындайды (ҚР ОМА, 64-қор, І-тізім, 2911-іс, 4-бет). Санк-Петербург университетінде оқығысы келген Барлыбекті бүкіл ел ақсарбас айтып, Құдайы тамақ беріп, ақсақалдар ақ батасын беріп, ұзақ сапарға шығарып салады. Барлыбектің бұл сапары туралы М.Тынышбаев: «Сондай қиыншылықта Жетісу деген бір түкпірден қазақ көрмеген я естімеген жерге Барлыбек марқұм жарық дүние көруге, кейінгілерге үлгі болып, жол көрсету үшін жалғыз кетті» («Қазақ» газеті, 1915, №95), – деп жазған болатын.
Барлыбек Сыртанов 1886 жылы Санк-Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Ол осында жүріп араб тілінен В.Р.Розен, парсы тілінен В.А Жуковский, түрік-татар тілінен И.Н Березин, шығыс елдерінің тарихынан Н.И Веселовский секілді ірі мамандардан дәріс алады. Жетісудан ілім-білімге сусап келген тастүлек өзінің еңбекқорлығының арқасында аралық сынақ-емтихандардан өте жақсы деген бағамен сүрінбей өтіп отырады. Барлыбектің тұсында Санк-Петербургте оқитын Мәмбетәлі Сердалин, Бақытжан Қаратаев, Абдолла Теміров, Бақтыгерей Құлманов секілді қазақ жастары «Жерлестер» атты ұйым құрады. Олар кейінгі келген қазақ студенттеріне қол ұшын беріп, әрдайым бірге бас қосып, сол кездегі революциялық мазмұндағы еңбектер мен астыртын әрекеттерді талқылайды. Қазақ даласында мәдени-ағартушылық ісін қолға алу туралы бір-бірімен пікір алмасады. Санкт-Петербургте білімін молайтып, ұйымдастырушылық қабілетін баптаған Барлыбек 1890 жылы университетті бірінші дәрежелі дипломмен үздік бітіріп шығады (С.Өзбекұлы. Барлыбек Сыртанов. Алматы 1996. 26 б).
Оқуын үздік аяқтаған Барлыбек Сыртанов 1891 жылы Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында столоначальник болып қызметке қабылданады. Жетісу әскери губернаторлығының облыстық басқармасында 1894 жылы іс жүргізу бөлімімінің меңгерушісі, кейін ерекше тапсырмалардың кіші чиновнигі қызметін атқарады (ҚР ОМА 44-қор, І-тізім, 55425-іс, 1-3 беттер, 55418-іс, 9-бет).
Барлыбек Сыртанов Ресей патшалығының билік жүйесінде қызмет еткенімен орыс чиновниктерінен және қазақ бай-манаптарынан жәбір көрген қарашаның мүддесін қызғыштай қорғайды. Заңның мүмкіндігін, қала берді өзінің беделін салып жүріп талай қазақ-қырғыздың кеткен ақысын қайтарып береді. Бұл жөнінде М.Тынышбаев: «Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке жылап келіп, теңдік алып, мауқын басушы еді, һеш кімді я жылатып, я жылатпауға Барлыбек, Тұрлыбек себепкер болған емес. Бұлай болған соң бүтін бір облыс орыс-қазақ-қырғыз Барлыбек, Тұрлыбектің сөзінен еш уақытта шыққан емес» («Қазақ» газеті, 1915, №95), – деп жазған еді.
Барлыбек туған елінің көзін ашу үшін Ахметкәрім Зейнулин деген азаматпен бірігіп, Қазан қаласынан 3 пұтқа жуық араб әрпін алдыртып, «Семереченские областные ведомости» газетінен «Туземный отдел» атты айдар аштырады. Бұл бөлімде көшпелі қазақ елінің аянышты тұрмысы, жердің тарылуы, отарлық саясаттың зардабы хақында мәселелер көтереді. Патша өкіметі тарапынан шыққан 1905 жылы барлық мешіттерде Николай ІІ патшаның суреті ілінуі керек деген нұсқау іс жүзінде іске аса бастағанда Барлыбек Сыртанов бұл жарлыққа қасқайып қарсы тұрады. Мұсылмандар толқуының басында ел алдында зор беделге ие Барлыбек Сыртанов тұрғандықтан, одан қатты сескенген губернатор нұсқауды лажсыз тоқтатады. Ресей мен Қытай билігі 1903-1907 жылдар аралығында шекара межесін қайта қарағанда Барлыбек Сыртанов бұл іске белсене араласады. Қазіргі Алматы облысының Қытаймен шекарасы Барлыбек Сыртанов белгілеуімен анықталады.
Шенеунік қызмет атқарып жүріп халқына шарапатын тигізген Барлыбек Сыртанов Жетісу өлкесінде зор абыройға ие болады. Оның айтқанына қараша түгілі орыс ұлықтарының өзі бас иетін. Барлыбектің үлкен атақ-абыройға ие болғанын Жамбылмен айтысқа түскен Шашубайдың: Арқада мен айтайын салдығымды, Мұнда келсе айтайын бек, төре, хандығымды. Ашулансаң аспанды тастап жібер, Сен де аянбай қимылда барлығыңды. Барлыбек, Тұрлыбекпен аман болса, Жандарал да бұзбайды жарлығымды (С.Өзбекұлы. Барлыбек Сыртанов. Алматы 1996. 26 б), – деген жыр жолдарынан да аңғарумызға болады.
Барлыбек Сыртанов Қазақ халқының мұсылманшылықпен қатар еуропалық біліммен қаруланбайынша болашағы бұлыңғыр екеніне көз жеткізіп, Жетісудағы ағарту ісіне де белсене араласады. Атап айтар болсақ, Қапалдағы өзінің ауқатты жерлестері Маман құттың балалары салдырған медресенің жадидтік бағытта білім беруіне ықпал етеді. «Айқап» журналы арқылы «Мамания» медресесіне оқымысты азаматтарды тартады. Сондай-ақ, Верный гимназиясының үлгісінде мектептер ашуға Матай мен Жалайырдың ауқатты кісілерін қаражат бөлуге үгіттейді (Барлыбек Сыртанов архиві, 1 том, 31-бет. С.Өзбекұлының жеке мұрағатынан). Верный гимназиясына қазақ балаларын көптеп тартып, соның арқасында Мұхаммеджан Тынышбаев, Салық Аманжолов, Базарбай Мәмбетов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Қанай Боранбаев, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бөрібаев, Ысқақ Дүйсенбаев секілді азаматтар оқу бітіріп шығады.
Столыпиннің жер реформасы кезінде Қазақтың шұрайлы, сулы-нулы жерлері күшпен тартып алынып, орыс қара шекпенделеріне беріле бастағанда Барлыбек Сыртанов бұл басқыншылыққа үзілді-кесілді қарсы тұрады. Қазақ зиялылары бас қосқан 1905 жылғы Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаевтармен бірге Барылбек Сыртанов та Қазақ ұлтының жерге қатысты және өзгеде құқықтарын талап етіп Патшаға петиция жазады (Н.Байгелова. С.Өзбекұлы. Қарқаралы петициясы және Қазақстан конституционализмнің дамуы. Алматы, 2007. 65-бет). Ол 1910 жылы Ұзынағашта Жетісу өңірінің белсенділерінің басын қосып, кеңесте: «Жақсы жердің бәрі қара шекпенділердің меншігіне өтті. Жұртынан айырылған байқұс қазақ тақыр жерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас. Ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу басты міндетіміз. Қара шекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет», (Барлыбек Сыртанов архиві, 1 том, 13-бет. С.Өзбекұлының жеке мұрағатынан) деп халқына үндеу тастайды. Жетісудағы қазақ-қырғыздың жер және өзгеде зар-мұңын талап етіп 1911 жылы Санк-Петербургке барып, ұлықтарға шағым түсіреді (Прошение Б.Сыртанова. Барлыбек Сыртанов архиві. 1 том, 1-ші, 4-ші беттер). Сол жылы Санк-Петербургте қыстаған Барлыбек осындағы бай кітапхананың мүмкіндігін пайдалана отырып, Әлихан Бөкейхановтың өтініш айтуымен С.Б.Алашинский деген бүркеншік атпен Қазақ елінің алғашқы Конституциясын («Қазақ елі уставы») жазып шығады (С.Өзбекұлы. Барлыбек Сыртанов. Алматы 1996. 36 б).
Елге оралғаннан кейін Барлыбек Сыртанов қарап жатпай «Айқап» журналына публицистикалық мақалалар жазып, Қазақ мүддесіне қызмет етуін жалғастырады. Мәселен, ол «Замана шалдары» атты мақаласында кәрі-құртаң 70-80-ге келген шалдардың өрімдей балиғатқа жаңа толған қыздарға үйленуін сынап фельетон жазады (Айқап, 1912, №13). Алдағы иек астында ұлы дүрмектердің болатынын сезіп, оған тыңғылықты дайындық жүргізу үшін жалпықазақ сеьзін өткізу туралы ойларын баспасөз арқылы халыққа жеткізеді (Айқап, 1913. №16). Ауылдардың өзін-өзі басқаруына қатысты «Ынтымақ ережесін» жазып, Бұқабай балалары бұл ережені тәжірибеде іске асырады. Науқасына байланысты Қапалға қымызбен емделуге келгенінде Жетісудағы минералды су көздері бар жерлерден «Арасан», «Барлық-Арасан» санаторийнің ашылуына мұрындық болады.
Алайда, төсегінен түңіліп, тыным таппастан халқына қалтқысыз қызмет еткен Барлыбек денсаулығын күте алмай, қан түкіріп ауыра бастайды. Науқасы меңдеп, көк жөтелі күшейіп, ақыры ол 1914 жылы Қапалда бақилық болады. Бұл туралы М.Тынышбаев қазанама-естелікте: «Барлыбек марқұм әлі келгенше қазақты ілгері бастыруға һәм жан-жақты қорғауға көп тырысты. Жұмысының алды, әсіресе, қазақтың жері еді. Бұл жұмыс үшін денсаулығын аямай жүріп, жөтелін ұлғайтып алды. Сол жөтел Барлыбекті алып кетті» (Қазақ, 1915,№96), – деп жазды.
Түйін: Барлыбектің студенттік досы, қоғам қайраткері Б.Қаратаев: «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың, жалғыз сен ғана «халық үшін еңбек еттім» деп айтуыңа хақың бар» (Е.Федоров. Очерки национального-освободительного движение в Средней Азии. Ташкент, 1925, с 25), – деп, Барлыбектің ел үшін ұшаң-теңіз еңбек сіңіргенін көзі тірісінде-ақ мойындаған еді. Барлыбек дүниеден өткенде С.Ғиясов: «Кішіпейіл, өтшіл, сөйлескенде сөзін таза қазақ тілінде сөйлейтұғын, турашыл һәм діндар бір адам еді. Бұл жақтағы елдің шаһбазы десе де болады. Салынған топырағың жеңіл, иманын саламат, ғакбетін қайырлы қылып, артында бала-шағаларына көркем сабыр берсін» (Айқап, 1914, №24), – деп қазанама жазды. Иә, Барлыбек Сыртанов елі үшін етінен ет кесіп беруге даяр шаһбаз, алты Алаштың жүгін арқалаған қаранар азамат еді. Исі Қазақтың қамын жеген жәуанмәрттігі бір басқа, алдағы жүз жылдықты нақ аңғарып, сол үшін елеулі еңбектер жазып қалдыруы – сөз жоқ Барлыбек Сыртановтың елден асқан данышпан һәм көреген болғанын әйгілейді.
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ УСТАВЫ
Кіріспе сөз
Қазақ елі көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырудан 7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында. «Ақтабан шұбырынды», «алқакөл сұлама» жылдарда қалмақтардың күшті һәм көп әскеріне ауызбірлік жоқтығынан қарсы тұра алмады. Бірақ Үш жүздің ақылды ұлдары бір байрақтың астында жиналуға уәде беріп, бас қосып, қалмақтарды күл-талқан жасады. Әбілхайыр хан асығыстық жасаумен Кіші жүздің қазақтарын Россияға бағынышты етті. Орыс патшасы жасаған шартты бұзып, қазақ жеріне бекіністер орнатты, жаулап алуды күштіледі, қара шекпенділерді қаптатты, қазақтың жерін, жеген нанын, ішкен суын тартып алды. Байғұс қазақтар өз жеріне ие болудан айрылды һәм айдалаға, құмға ығыстырылды.
Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкмет өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз. Қазақ елі республикасында жоғары билік жүргізуді бүкіл қазақ және басқа нәсілдердің өкілдері дауыс беру арқылы іске асырады. Сайланатындар елдің ең сүйікті, білімді, ел үшін жанын беретін адамдар.
Өз алдына ел болуды көздеумен дүниеде өзін-өзі билеген нәсілдер сияқты жеке ел болу мақсатында һәм елді бақытты, теңдік, бостандық өміріне жеткізу үшін осы уставты кіргізеді.
І. Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында
1. Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел.
2. Қазақ елінің жеке туы бар. Туы жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі.
3. Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады.
4. Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды.
5. Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.
6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.
7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.
8. Қазақ елі Президентінің орынбасары – Вице-президент. Ол Президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді.
9. Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын (парламент), орындайтын (үкімет) һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады.
ІІ. Адам баласының хұқы турасында
10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді.
11. Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге хұқы бар.
12. Қазақ елінде ер адам мен әйел теңді. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады.
13. Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруына һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ.
14. Нәсілдерді бір-біріне итеретін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тыйым салынады. Кінәлілер законға жауапты.
15. Қазақ елінде соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатта хүкім беруі шарт, болмаса қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады.
16. Қазақ елінде адам баласының хат-хабарын ашуға рұқсат жоқ. Рұқсат беру – соттың мойнында.
17. Адам баласының мүліктің барлық түріне ие болуға хұқы бар. Мүлікке ие болу, пайдалану һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлік хұқынан айыру законмен, құнын төлеу арқылы болады.
ІІІ. Қазақ жері турасында
18. Қазақ жері оның меншігінде болады.
19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты.
20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады.
IV. Сот турасында
21. Сот билігі өз еркімен іске асады.
22. Соттың хүкімі законға һәм сот ережелеріне сүйенеді.
23. Суьялар дау шешкенде хүкметке яки адам баласына бағынбай, закон һәм сот ережелері негізімен хүкім шығарулары шарт. Судьяларға әсер жасағандарға соттың үкімі кесіледі.
24. Қазақ елінде бар судьялар Ұлт мәжілісіне өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады.
25. Орнынан алуды адам баласының арызының негізінде һәм Қазақ елі сотының Председателінің хүкімімен Ұлт мәжілісінде көп дауыспен растайды. Олай болмаса, судья өз атына қайтарылады.
26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар.
27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам.
28. Сот орнында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айырылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады.
13 июнь, 1911 жыл, С.Петербург, С.Б.Алашинский
islam.kz