Ауған соғысына қатысқан жалғыз қазақ қызы
КСРО Қарулы күштерінің 1979 жылы Ауғанстан жеріне басып кіруі салдарынан туындаған ауған соғысының 10 жылға созылғаны тарихтан белгілі. Бұл соғысқа қазақ жерінен 22 мыңнан астам ер-азамат қатысқан. Ал олардың арасында жалғыз қазақ қызы болғандығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Ол – Саржанова Ләззат Ілиясқызы. 8 наурыз – әйелдердің халықаралық мерекесіне орай Ләззат Ілиясқызына хабарласып, азды-кем сұхбаттасқан едік.
«Мен 1960 жылы дүниеге келдім. Анам – кітапханашы, әкем – механизатор. Бір отбасыда 8 ағайындымыз. 1976 жылы 9-сыныпты бітіргеннен кейін Талғар медицина колледжіне оқуға түстім. Колледжді 1980 жылы аяқтағаннан кейін Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылындағы жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып жұмыс істедім. Әлі есімде, 86-шы жылдары КСРО Қарулы күштері қатарында Польша, Германия сынды елдерде әскери борыш өтеуге шақыру жиілеп кеткен кез еді. Бірде, өзімнен үлкен әкпем Сәуле: «Польшада әскери борыш өтеуге сұранайық, көріп келейік» деп өтініш жасады. Ойымда ештеңе жоқ: «Жарайды, барсақ барайық» деп әскери комиссариат табалдырығын аттадық. Біраз уақыт өткеннен кейін әскери комиссариаттан шақырту келіп тұр. Өтініш бергенім есімнен де шығып кетіпті: «Не болып қалды екен?» деген алаң оймен жеттім. Барсам: «Біреуіңізді Ауғанстанға, екіншіңізді Польшаға жібереміз» дейді. Сөйтіп, әпкемді – Польшаға, ал мені Ауғанстанға жіберді», - деп еске алады кейіпкеріміз.
Кері шегінер жер жоқ. Ата-анасына шындықты айтар болса, соғыс іс-қимылдары тынымсыз жүріп жатқан Ауғанстанға жібермеудің барлық амалын жасайтындығы түсінікті. Сондықтан Ләззат Ілиясқызы әке-шешесі мен туған-туыстарын «Польшаға әскери қызметке барамын» деп алдаусыратып, Қазақстанда жасақталған жас сарбаздардың қатарында Ауғанстанға аттанып кете барды. Сол кезде ол 10 жылға созылған ауған соғысына қатысқан жалғыз қазақ қызы ретінде тарихта қаларын да білмеген еді.
«Қазақстаннан аттанып кеткеннен кейін жан-жаққа бөліну үшін Өзбекстанның Термез қаласына келіп қонып, казармаға тоқтадық. Екі қабатты төсек, асқа кепкен нан беріледі. Жуынуға су жоқ. Сол кезден-ақ қайда бара жатқанымды түсіндім. Казармада Пули-Хумри, Баграм деген сынды Ауғанстан қалаларының аттарын естіп қаламын. Әкери борышын өтеп келе жатқан бір әйел Баграмнан келе жатқанын әрі онда қауіпсіздеу екендігін жиі айтады. Содан Алладан Баграмға баруымды тілеп, тілегім қабыл болды. Баграмға жеткенде әйелдерге арналған арнаулы үй бар екен, кірсем, ылғи орыс қыздары отыр. Сол сәтте күн күркірегендей болды. Бірақ, далада бір тамшы жаңбыр жоқ. «Девчата, гром громит, шум. Почему дождья нету?», десем, «Дура что-ли? Какой дождь, обстрель идет. Из «зеленки» обстреливают», дейді. Міне, сонда ғана нағыз қан майдан соғыстың ортасына түскенімді сезіндім», - деді ол.
Ләззат Ілияс қызы соғыс кезінде жарақат алған офицерлерге, жауынгерлерге медициналық қызмет көрсетті. Абырой болғанда соғыс қызып жатқан майдан даласына негізінен әскери дәрігерлер жіберілетін. Бірақ, сол 86-шы жылдың тамыз айында ұрыс алаңына тап болуына да тура келді. Өлім-жітімді де, жарақаттанғандарды да өз көзімен көрді. Ауғанстанға алғаш келген кезде бойын қорқыныш үрей билесе, біртіндеп зеңбіректің де, автоматтың да дауысына бойы үйренді. Ажалдан да аман қалды.
«Анда-санда кино көрсететін шағын клуб бар еді. Оған қасымдағы қыздар барып жүретін. Бірде менің де қызығушылығым оянып, кино көруге бардым. Кино біткен сәтте бір ер адам мені қатты итеріп жібергендей болды. Сөтсем, дәл жанымыздан снаряд жарылып, соның соққысын алған екенбіз. Снаряд жарылған тұсқа тақау тұрсам, Отаныма да оралмас па едім?! Кім білсін.Солай бір өлімнен қалғаным бар», - деп еске алады сол бір қорқынышты күнді ол.
Әскери борышын мінсіз атқарғаны үшін Ләззат Ілиясқызы бір жылдан кейін еңбек демалысын алып әке-шешесінің, туған-туыстарының ортасына келеді.
«Бұл кезде анам әскери комиссариатқа барып, әпкемнің Польшаға, менің Ауғанстанға кеткенімді біліп алыпты. Келсем, анамның шашы ағарып, қушықтай болып қалыпты. Енді ешқайда жібермеймін деп байбалам салды. Ал бұл уақытта мен әскери қызметке төселіп, мінезім де қатайып кеткен сәт болатын. Анамды да, әкемді көндіріп, қайтадан Ауғанстанға аттандым. Сол жылы «Жауынгер» медалімен марапатталдым», - деді Ләззат Саржанова.
Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Басши ауылының тұрғыны, Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы»Ләззат Саржанова одан кейін де «Жауынгер интернационалист» жауынгер ерлігі үшін грамотасымен, Ауғанстаннан Кеңес армиясының шығарылуының 15 жылдығына орай орден, медальмен, Қазақстан ардагерлер ұйымының Ауғанстаннан Кеңес армиясының шығарылуының 20 жылдығына арналған медальмен марапатталған. Бүгінде зейнеткер болса да медицина мамандарының жетіспеушілігіне байланысты Басши ауылының ауруханасында медбике болып жұмыс істейді.
«Жолдасым мен бір ұлым өмірден озып кетті. Қазір екі ұлым, екі қызым бар. Басши ауылында бір ұлым, бір қызыммен және үлкен баламның тұңғышы - немереммен тұрып жатырмын», - деді Ләззат Саржанова.