“Әуезовті сатпаймын” деп азап көрген Қайымнан ұстазы неге кешірім сұрады?
Қайым Мұхамедханов - ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері. Ол – Қазақ ССР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор.
Алайда, Қайымның ғылымдағы жолы оңай болған жоқ. Небір “тар жол тайғақ кешу” кезеңдерден өтті. “Әуезовті сатпаймын, Абайға адалдық танытамын” деп көрмеген азабы қалмады. Бірақ соның бәріне мойымастан, басын иместен өмірден өткен бұл ғажап тұлғаның өмірі таңғаларлық.
Қайымды алға жетелеген қандай күш? Қайымды биікке көтерген нендей құдірет? Міне, осы сұрақтарға жауап – бүгінгі мақаланың арқауы болмақ.
Ғабдулқайюм – Ислам уағызшысы Мұхамедхан қарияның баласы
Қайым 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында Мұхамедханның иман ұялаған отбасында дүниеге келді. Азан шақырылып қойылған есімі – Ғабдулқайюм. Араб тілінен аударғанда “ғабд” деген сөздің “құл”, ал “қаюм” сөзінің Алланың құдіретіне, барша тіршілікті бақылаушы сипатына қатысты айтылған сөз екенін білеміз. Яғни, есімінің жалпы мағынасы “Алланың құлы” дегенге келеді. Өзі халық арасына “Қайым” деген атпен танылса да, студенттер алдында немесе жаңа бір адаммен танысқанда шын есімін айтады екен. Бұл туралы шәкірті, белгілі абайтанушы Кәмен Оразалин өз естелігінде айтқан.
Қайымның діни есім иеленуінің себебі, әкесі Мұхамедханның діндар, заманының білгір, зиялы адамы болуымен байланысты болса керек. Үйлері де атақты “Абай жолында” айтылатын Тінібай мешітінің жанында болыпты. Мұхамедхан қария сол мешіт жанындағы 1960 жылдары бұзылып тасталынған медреседе мұсылманша дәріс берген көрінеді. Қайым “Өзім туралы бір дерек” атты жазбасында: “Әкем Мұхамедхан көзі ашық, көңілі ояу, сауатты әрі ауқатты адам еді. Сол кезде шығып тұратын газет-журналдарды түгел дерлік алдырыпты. “Дала уәлаятының газеті”, “Айқап”, “Шора”, “Абай” журналдары, “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Уақыт”, “Тәржіман” газеттері, Абайдың жинағы (1909), Шаһкәрімнің, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Жұмабаевтың, С.Торайғыровтың, тағы басқа қазақ ақын-жазушыларының кітаптары, қисса-дастандар үйіміздің бір бөлмесінде лық толып тұратын.
Жоғарыда аты аталған адамдар және Әлихан Бөкейхановтан бастап, белгілі қазақ зиялыларының көбі біздің үйде болып, әкеммен жақын қарым-қатынаста болған. Бір кезде Сұлтанмахмұт біздің үйде тұрыпты. Шаһкәрім, Көкбай ақындар Семейге келген кездерінде біздің үйде жатып та жүрген. Жас шағымда Шаһкәрімді де, Көкбайды да көрдім. Бала кезімнен көріп өскен шындықты бұрын айтуға аузымыз бармайтын еді. Сол шындықтың шет жағасын ашып айтуға енді еркіндік ала бастадық. Осы айтылғанның бәрі менің әдебиет әлеміне келуіме себеп болды”, - дейді.
Әрі Мұхамедхан қария кейбір Қарынбайлардай емес, ХХ ғасыр басындағы қалғыған қазақты оятуға бағытталған газет-журналдарға, әсіресе Семейде шыға бастаған Алаш үні “Сарыарқа” газеті мен Жүсіпбек пен Мұхтар шығарған “Абай” журналына демеушілік жасап тұрған. Ол туралы өзінің қойын дәптеріне: “ана газетке пәлен сом, мына журналға түген сом көмек жасадым” деп тіркеп қойып отырған екен. Ол дәптер Мұхамедхан қария ұсталғанда, бірге тәркіленген.
Алаш зиялыларының тізесінде отырып өскен Қайым
Әкесі Мұхамедханның ел ішіне сыйлы болғанының бір дәлелі – Семейге келген зиялы қауым өкілдерінің барлығы осы шаңыраққа тоқтайды екен. Соның бәрін көріп, Алаштықтардың әңгімесін тыңдап өскен Қайымға әкесі үнемі: “Төңкеріс болған жылы сен аяғыңды енді ғана басқан сәби болатынсың. Сонда Семейге Әлекеңнің келгені ерекше салтанатты жағдайға ұласып еді. Бүкіл қазақ қауымы оны үлкен қуанышпен ханнан кем қарсы алған жоқ. Шындығында, Әлекең ұлт көсемі еді ғой. Мұны сол шақта Сұлтанмахмұт та келістіріп жырлады емес пе?! Ахаң мен Жақаң (Ахмет пен Міржақыпты айтам), сондай-ақ Мағжан мен осы Сұлтанмахмұттар Әлекеңнің қасынан табылатын. Біздің үйде қона жатып әңгіме-дүкен құратын, сөйтіп, ел болашағын алыстан болжайтын сол ұлылардың сен тізесінде отырып өстің ғой, шырағым! Соны ұмытпа!
Әлекең, Ахаңдардың бұл шақта елді еркіндікке жеткізу мақсатымен орталықтан заңды түрде автономия сұрап жүрген кезі. Сол мақсатпен бұлардың Мәскеудегі мықтылармен телеграф арқылы сөйлесетіні де, Сталинмен ұлт мәселесі жөнінде сөзге келісіп қалатыны да осы тұс. Содан бірде Ахаң Мәскеуге арнайы сапар шегіп, Ленинмен үш сағат әңгімелесетіні де шындық. Сол шақта біздер Ахаң сынды ғұламамен үш сағат бойы тілдесуге жараған орыстан да ұл туған екен деп күпінетінбіз”, - деп әңгімелеп отырады екен. Міне, Алашқа бар жан-тәнімен берілген әке балаға да осы махаббатты сіңірді. Кеңес үкіметі келіп, бастарына қара бұлт үйірілсе де, ұстанымдарынан бас тартқан жоқ.
Араб тілі мен Құранды жетік меңгерген Қайым
Білімдар Мұхамедхан бала Қайымның сауатын алдымен Құран арқылы ашты. Ғалымның өзі бұл туралы ешқашан айтпаса да, кейінгі деректер соған меңзейді. Өйткені, Қайымның қызы Дина әкесінің бірнеше тіл білгенін, 14 жасында Ыдырыс Мұстамбаевтың тапсырмасымен арабша жазылған бір кітапты үш күн ұйықтамай, көшіріп шыққанын, араб тіліне жетік болғанын айтса, белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев: “Қайым Мұхамедханов – үлкен ғалым, ірі азамат, аса білгір ұстаз. Ой қуаты, тереңдігі қандай еді шіркін! Құранды қалай жетік білуші еді! Оқыс сұрақтары да адам таңғаларлық білім биігін көрсететін”, - деп таңырқай еске алады. Осы деректер арқылы, біз де Қайымды сол кездегі өзге зиялыларымыз секілді дін кәусарынан сусындап өсті деп жорамалдаймыз. Оған Мұхамедхан қарияның ұстаз, дін білгірі екендігін және қосыңыз. Өзге замандастары балаларына молда жалдап, діни сауатын ашып жатқанда, Мұхамедханның өз баласына шариғат ілімдерін үйретпеуі мүмкін емес жағдай екені анық.
Қайым өмірін зерттеуші Алла Белякинаның жазуынша, 1921 жылы Мұхамедханның ақ сарай үйі тәркіленіп, иесіне екі бөлмесі ғана қалдырылып, басқасы мектепке қаратылады. Солай кішкентай Қайымның өз туып-өскен үйі мектебіне де айналады.
Қайым бастауыш мектепті 1928 жылы тәмамдайды. Ары қарай Кеңес мектебі бай баласын оқытқызбаймыз деп алмай қояды. Сол кезде Мұхамедханның досы Тұрлыхан Қасенов Семейге келіп: «Мұха, жетіжылдық мектеп ашылды, мені соған директор етіп тағайындады. Ал менің мұнда тұратын үйім жоқ, соны ақылдасқалы келдім», – деп, өтініш айтқан соң: «Үй іздеп, әуре болма», – деген Мұхамедхан оны өз үйінде тұрғызады, ал Қайым мектепке алынады. Ал 1932 жылы Мұхамедхан тұрып жатқан екі бөлме де тартылып алынып, бұл отбасы үйшіктей ғана үйді пана тұтады. Қайым жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін мұғалімдердің екі жылдық курсында, кейін педагогикалық институтта оқиды.
Семей молдасының қызына үйлену, ақылшы әкенің “халық жауы” атануы
Қайым 1936 жылы Семей молдасының қызы, Ташкенттің белгілі діни ғұламасының шөбересі Фархинұр атты сұлуға үйленеді. Анасы туралы Дина Қайымқызы Бағашар Тұрсынбайұлына берген сұхбатында: “Анам Фархинұрдың әкесі Ахметжан Семейде екі мұнаралы мешіт салдырып, соның имамы болған. Үлкен нағашыларымыздың бәрі шариғат жолын ұстанған екен.
Әуезов те Семейге келген сайын осы үйге тоқтайды екен. Анам Мұхаңның жейдесін жуып, киімдерін дайындап қояды екен. 1939 жылы Естай анамды көріп, ән арнаған екен», - дейді. Осы бір деректен Фархинұрдың текті жердің қызы екенін байқаймыз. Әрі оған Қайымның басына түскен бүкіл ауыртпалықты бірге көтеріскенін, 10 баланы дүниеге әкеліп, ері айдауда жүргенде соларды асырап-жеткізгенін қосыңыз.
1937 жылы әкелі-балалы Мұхамедхан мен Қайымды Кеңес үкіметіне қарсы адам ретінде ұстап әкетеді. Қайымды бірден босатып жібергенімен, әке ұзаққа қалады. Ол кез туралы ғалымның кейінгі естеліктерінің бірінде: “1937 жылы 24 ноябрь күні ораза айы болатын. Таң алдында әкем мен шешем сәресілерін ішіп, ауыздарын бекіткелі отырған кезде НКВД-ның үш жендеті келіп, тұтқындап әкетті. Әкем Мұхамедхан мұсылмандардың Кеңес үкіметіне қарсы тобының белсенді мүшесі деген жалған жаламен ұсталып кеткенде менің жасым жиырмадан енді ғана асқан еді”, - деп жазды. 67 жасты алқымдап қалған Мұхамедхан қарияның артынан қанша барса да, бұларға еш дерек берілмейді, тек 10 жылға жер аударылғаны айтылады. Алайда, арада 50 жылдан артық уақыт өткенде, 1990 жылдары ғана Қайым әкесінің ұсталғаннан кейін үш күннен соң атылып тасталғанын біледі. Қайда жерленгені де белгісіз. Артында тек ақталғаны туралы бір жапырақ қағаз ғана қалған...
Мұхтар Әуезовпен 6 жасында танысқан Қайым
“Халық жауының” баласы атанған Қайым бірден институттан шығарылып, түртпек көре бастайды. Жұмыс таппай қара жұмыс атқарады. Жүк түсіріп, көмір тасиды. Осы кезде оған қамқорлық танытып, бағыт-бағдар берген әкесінің ескі досы Мұхаң – Мұхтар Әуезов еді. Қайымның өзі ол туралы: “Мұхаң, тегінде, менің әкемнен 27 жас кіші болса, мен бұл кісіден 20 жастай кішімін. Оны өз үйімізде алғаш көргенде небәрі алты-ақ жаста екенмін. Әкейдің тәрбиесімен дауыстап сәлем бергенім есімде қалыпты. Ал ес біліп, ат жалын тартып мінгеннен-ақ Мұхаңның қамқорлығынан кенде болған жоқпын”, - деп еске алады.
Қайым шығармашылықтағы алғашқы жолын поэзиядан бастап, 1938 жылдан өлең жазады. 1930 жылдардың аяғында 20-дан астам өлеңнің, екі дастанның авторы ретінде танымал болады. Ал 1940 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өтіп, кейін әдеби сынға бет бұрды. Және дәл сол жылы ұстазы Мұхаңның кеңесімен Абай музейін құру жұмысына ат салысады.
Қайым Мұхамедхановтың қазақтың алғашқы әнұранының авторы екенін біреу білсе, біреу білмес. Кеңес кезіндегі “Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған” деп келетін гимннің сөзін, Әуезовтің кеңесімен жабық байқауға қатысып, 34 қаламгердің ішінен осы Қайым ақын болып жүрген кезінде жеңіп алған болатын. Гимн авторы атанғанда оның жасы небәрі 27-де еді. Сол гимн 1945 жылы қарашаның 17-де қабылданды.
Ал 30 жасында Қайым Мұхаңның арқасында Абай музейінің директоры болады. Оның абайтану саласындағы ұзақ та тағдырлы жолы осылай басталған еді.
Ол музей директоры болып тұрған тұста Абайдың көзін көрген қариялар әлі тірі болатын. Қайым ерінбей, жалықпай жүк көлігіне мініп, алыс шалғайдағы ауылдарды аралап, хакім Абайдың көзін көргендермен, өмірі мен шығармашылығынан хабардар адамдармен сөйлесті, тұрмыста қолданған заттарын, қолжазбаларын жинастырды. Сол кезде 500-ден астам жәдігер жинаған деседі. Бүгінде музей жәдігерлерінің негізін осы Қайым жинаған дүниелер құрап тұр. Алайда, Мұхаңның соңынан түсушілер Қайымға да тыныштық бермеді. 1951 жылдары “Очистить музей от хлама” деген мақала жазылып, бай-сұлтандардың тұяғы саналатын Құнанбай суретінің музейде қойылуын, өзге де жәдігерлерді сынағандар да болды. Ондайларға Қайым: “Пушкин, Толстой, Лермонтов музейлерінде олардың ата-аналарының суреті жоқ па екен?» - деп жауап беретін.
Абайға бар жан-тәнімен кіріскен Қайымнан кей деректерді Әуезовтің өзі де “Абай жолын” жазуға алған деседі.
Абай үшін, Әуезов үшін басын бәйгеге тіккен Қайым
1951 жылы Әуезовтің ғылыми жетекшілігімен “Абайдың әдеби мектебі” атты тақырыпта диссертация қорғайды. Сонда тырнақ астынан кір іздеген, Әуезовті көре алмай жүрген адамдар “Маркс, Энгельс, Ленин мен Сталин мектебі дегенді білуші едік, мынау неғылған сұмдық? Ғылымдағы буржуазиялық ұлтшылдық көзқарас дегеніңіз осындай-ақ болар”, - деп шуласты. Диссертация “Кенесары көтерілісін, Құнанбай сұлтанды дәріптейді” десті. Ол кезеңнің туралы ғалымның өзі: “1951 жылы сәуірде “Абайдың әдебиет мектебі” атты еңбегім бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Оның арты дау-шарға, пәле-жалаға ұласты. Ақырында “халық жауы” ретінде бес адам 25 жылға кесіліп айдалдық. Олар: Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Б.Сүлейменов, Қ.Жұмалиев және мен – Қ.Мұхамедханов”, - деп еске алады.
Әрине, бұл бесеудің қай-қайсының да тағдыры оңай болған жоқ. Ал ұстанымынан бас тартпай, “Әуезовке қарсы қол қойғанша, өлгенім артық” деп қасарысқан Қайымның көрген азабы тіпті ерекше еді. Қалтай Мұхамеджанов та оның осы қасиетін айырықша бағалап: “Мұхтар Әуезовті егер бір адам сатпаса, ол – Қайым, екі адам сатпаса, соның бірі – тағы Қайым. Қайым Мұхтар Әуезовтің өзіне де, оның мұрасына да адал болды”, - деген болатын.
Күндіз-түні азапталған Қайымға тергеушілер тек “Әуезовтен, Абайдан бас тарт” деді. Бірақ Алаш зиялыларының көзін көрген, тәрбиесін сіңірген Қайым сатқындыққа бармады. “Өлсем, өліп кетейін” бірақ, шындықтан танбаспын деді. Өзі сол кезең туралы: “Сегіз ай тергеуде жатқанда жеті тергеушіні ауыстырдым. Алған бетімнен қайтпай қойдым. “Мұхтарды сат, ол саған диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт, жазаң жеңілдейді”, - дейді олар. Одан да өлгенім артық емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін?” – деп еске алады.
Түрмеде Қайым көрмеген азап жоқ шығар. Металл жоңқасын жастық етті, қол қой деген жеріне қоймай, егеуқұйрықпен табақтас болды, қытайлар ойлап тауыпты делінетін, қырынан жатқызылып, самайына суық су тамшылатылды. Тырнағының астына ине сұққыланды. Бас-көз делінбей талай тепкінің астында қалды. Сонда рухы сынбаған Қайым “НКВД азабы” туралы естелігінде: “Өзекті жанға бір өлім. Мен сол кезде “өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес” деп ойладым. Адал жандармыз ғой, ақыры қайырлы болсын”, - дейді ғой! Неткен адалдық!
Ал Қайымның түрмеде көрген тағы бір азабы туралы ғалым Мекемтас Мырзахметов бір естелігінде ұстазынан естігенін былай жазады: «Тергеушілер бір күні мені бір жеке бөлмеге қамап кетті. Ішінде еш нәрсе жоқ. Тек қана ортасында турник құрулы тұр. Бұл не? Мені турник ойнасын деп қойған ба деп таңдандым. Байқасам, бір уақыттарда бөлмем қатты жылынып, бірте-бірте ысып барады. Табаным күйіп барады. Саса бастадым. Не қыларымды білмей дағдарып тұрып, жан қысылған соң тұрған турникке асыла кеттім. Көп тұруға қолым шыдамай барады. Турниктен қолымды жіберейін десем, табаным ыстыққа тиіп күйетінін сезіп тұрмын. Жандалбасамен турникке асылып, қолым қарысып қалыпты. Оны мен есім ауғандықтан сезетін халім жоқ. Бір кезде өздері келіп мені босатып алыпты. Тағы да есім кірген соң «қол қойдың» астына алды. Көнбедім. Екі-үш күн өткен соң тағы да «қол қой» деп қыстады. Қасарыстым. Көнбеген соң кешегі бөлмеге апарып тағы қамап қойды. Бірақ бөлмеде құрулы тұрған турник жоқ. Үй ысыса не лаж етем деп ойланып тұрғанда, бөлменің суи бастағанын сездім. Бөлме суығы үдеп барады. Тісім тісіме тимей қалтырап барамын. Өлместің қамын жасап, үйді айнала зыр жүгірдім. Тоқтасам қатып қаламын, тек жүгіру ғана жанды сақтап қалмақ. Жүгіре-жүгіре талып түссем керек. Ес-түссіз жатқан мені тағы да өздері сүйреп алып шықты. Шамасы сырттан бақылап тұрса керек. Әрең дегенде есімді жиып, басымды көтерсем тағы да қағазды алдыма тоса қояды. Тістеніп тұрып қасарыстым. Тоңғаным әлі тарқамай дір-дір етіп азаптанып тұрмын. Абақтыдағы тұрағыма қарай кеттім. Таңертең тағы да тергеу басталды. Тергеуші түлкі бұлаңға салды. Жылы сөйлеп «өз басыңды, бала-шағаңды ойласаңшы» деп қамқорси түсті. «Мына қағазға қол қой да, бізбен қоштасып, үйіңе кетсеңші», – деп қағазды нұсқады. Пікірімнен қайтпасымды білді де, белгі беретін түймесін басып қалып еді, еңгезердей екі жігіт жемтігін іздеген төбеттей дүрдие кіріп келді. Тергеуші мені алаңдату үшін сөйлей беріп еді, артымда тұрған екеуі қас қағымда резинка қапшықты басыма кигізіп жіберді де, мені құлатып, қапшықтың аузын байлап тастады. Сол арада-ақ мені үшеулеп сыртымнан таяқпен жабыла ұра бастады. Бар болғаны басымды қорғалақтап, тұншығып бара жатырмын. Тұншығудан есім ауып қалыпты. Қаптың аузына ашып мені шығарып тастағанын білмеймін. Есім кіріп, көзімді ашып, маңайыма қарасам, әлгі үшеуі маған албастыдай үңіле қарап күлісіп тұр. «Қасапшыға ет қайғы, қара ешкіге жан қайғы» деген осы екен-ау деп жатырмын. Үшеуі мені тұрғызып алды да, баяғы әдеттеріне басып қағаз бен қаламды алдыма қоя қойды».
Басын өлімге байлап, өз ақиқатынан бас тартпаған Қайымға қол қойдыра алмайтындарын білген тергеушілер, ақыры 25 жыл арқалатып, Карлагқа айдатып жібереді. Онда да талай қиындық көрген Қайым “Отбасыңды, балаларыңды ойласаңшы. Қол қоя сал” деген өтірік қамқорлыққа да көнбей, керісінше түрмеден балаларына: “Тағы да ең қатты айтатын нәрсе – ешкімге де бір ауыз өтірік айтудан, алдаудан аулақ болсын. Не болса да шынын сөйлейтін болсын. Сүйікті балаларым! Сендердің маған қазіргі көрсеткен көмектерің осы болады. Өмірде бәрі кездеседі, шыдау керек. Жабырқап, жасымау керек”, - деп хат жазады. Ол айдалып кеткенде артында тірі жетім болып біреуі құрсақта алты баласы қалған.
Және түрмеде жатқанына қарамастан қалам-қағаздан ажырамаған Қайымның жанкештілігіне не дерсің?! Тұрсын Жұртбайдың “Қайым Мұхамедханов – Абайдың інісі, Алаштың ірісі”, Герольд Бельгердің “Мен оны Алаштың соңғы тұяғы, «Алаш» зиялыларының мұрагері, Абай мектебінің соңғы өкілінің бірі ретінде қабылдадым» деуі тегіннен тегін болмаса керек. Құдды, ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының бастан кешкені, тура сол қалпы Қайымның да басынан өтіп жатқандай еді. Ол 1954 жылдың қаңтарында Карлагта 15 күн ішінде Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» повесін қазақ поэзиясы тілімен аударды. Өзге де қаншама дүниелер жазды.
Түрмеден шығу, Әуезовтің кешірім сұрауы
Өзінің бір сөзінде Қайым: «Абайды танып білген, сондай-ақ, Абай өнегесімен сусындаған адамға, өмірдің тауқыметін жеңіп шығу жеңілірек болмақ. Оған басқадай моральдық кодекстің қажеті шамалы», - дейді. Расымен де, Қайымды түрмеден алып шыққан Абайды, Алашты тануы болса керек. Олардың биік рухы Қайымның да бойына Семей топырағы, әке аманаты арқылы әбден сіңген.
Сталин өліп, Қайым ақталса да, түрмедегілер оны босатуға асықпады. Карлагтан шыққаннан кейінгі ғұмыры туралы Қайым былай деп жазды: «Елу алтыншы жылы ақталып, түрмеден босадым. Мойынты-Шумен келіп, Алматы вокзалынан түстім де, Есмағамбеттің үйіне телефон шалдым. Амандық-саулықтан соң-ақ, ол: «Ойбай, бауырым, Мұхтарға телефон шал. Бәрің келіп, Қайымды тастап кеттіңдер деп төбемізге шай қайнатып, бізбен сөйлескенді қойды. Өзі Индияға жүргелі жатыр», – деді.
Мұхтармен сөйлестім. Байқаймын, телефонның ар жағында булығып тұр. «Үйге кел!» – деді. Үстімде түрменің киімі, қалтамда алты-ақ сом ақша бар. Әрі поезд үш сағаттан кейін Семейге жүреді. Мұхтар бұл кезде кейбір мәселелерге байланысты кешірім де сұрап қойған. Сол да қитығыма тиіп тұр. «Жарайды, Қайым, 15 күн үйіңде дем ал да, маған кел. Жеңгеңе айтып кетемін. Кеңінен әңгімелесеміз», – деді ол.
Мұхтар екеуміз ағалы-інідей Алматыда қауыштық. Сырымызды, шынымызды айтыстық. Бір сәтте Мұхтар: «Қайым, сен түрмеде не ойлап отырдың?» – дегені. Бір кісілік камерада отырғанымды, көрген қорлығымды айттым да, мынау өлеңімді оқи жөнелдім:
Дейтұғын уақыт жетіп, соқты сағат,
Сағынған сондай күнді қылмай тағат.
Жарқ етіп бұлттан шығып күткен күнім,
Ақ құсы әділеттің қақса қанат.
Дер едім сонда, дүние, арманым жоқ,
Тағдырға таба болып қалғаным жоқ.
Көрсеттің қорлығыңды, зорлығыңды,
Кеудемнен жүрегімді алғаның жоқ.
Өр зорлықпен басымнан еркімді алдың,
Әжім салдың бетіме, көркімді алдың.
Аңқылдап ақ көңілмен алданбасқа,
Аузымнан айнымайтын сертімді алдың”.
Қайым естелігіндегі “Әуезов кешірім сұрады” дегенін бірнеше жағдаймен байланыстыруға болады. Шәкіртінің түрмеде көрген азаптарын естіген Мұхаң көзіне жас алып, өзінің де Алаш арыстарымен түрмеде отырған бір айы туралы айтып беріпті. Сонда Ахмет Байтұрсынұлы Әуезовке: “Сендер кешірім сұраңдар, аман қалыңдар. Ал біз ұстанымымыздан бас тартып, халықты алдай алмаймыз”, - деген екен. Солай Мұхаң: “Жаздық, жаңылдық” деп кешірім сұрап, 1937-нің аласапыранынан аман қалған. Мұны естіген Қайым ашуланып, ұстазын “сатқынсың” деп айыптаған көрінеді. Тек кейін “Егер Алаш арыстары ақыл-кеңестерін беріп, кінәң болсын, болмасын мойындап, жаңа өкіметтен кешірім сұра демесе, Мұхаң да қосақ арасында кеткен болар еді. Сол кездегі жас Мұхтардың болашағынан үлкен үміт күтіп, тым болмаса, соны сақтап қалуға ұмтылған Ахаңдардың бұл харекеті асқан көрегендік екеніне кім дау айтады?” – деп жазған болатын.
Ал екінші жағдай, Қайымға байланысты орын алған. Мұхтар Әуезовті де сұрақ-жауапқа алғанда ол Қайымнан “Шәкіртім емес, тақырыпты мен ұсынбадым” деп бас тартқан. Осыны айтып, Қайымның алдында өзін кінәлі санап, атақты жазушы жылаған деседі. Қайым кешірген. Ал ақиқатының қалай болғаны әрине, бізге белгісіз.
Бар ғұмырын Абайға, оның ақын шәкірттеріне арнаған Қайым
Түрмеден босап келген Қайымнан Әуезов сол жолы: “Енді немен айналысасың?” деп сұрағанда, “Әрине, Абайдың шәкірттерін зерттеймін, кітап жазамын”, - деп жауап берген. Неткен табандылық! РАсымен солай болды да. Қайым одан кейінгі бүкіл өмірін Абайға, оның ақын шәкірттеріне арнады.
Шәкәрімтанудың басында да Қайым тұр. Ол ғұлама ақынды ақтап алу үшін 30 жыл арпалысты.
Ғұмырының соңына қарай “еңбегі еш, тұзы сор” болып, еленбей қалған кездері де көп болды. Ол туралы шәкірті Тұрсын Жұртбай: “Абайдың 150 жылдығы қарсаңында ақынның академиялық басылымын шығару туралы қаулы қабылданды. Сол томға Қайымды қатыстыру туралы және Абай текстологиясына жетекшілік жасау үшін ғалым ретінде Семейден Алматыға шақыру туралы ұсыныс айтылып, ғалымға Алматыдан үй берілді. Абайдың екі томдық академиялық жинағы ойдағыдай жарық көрді. Абай тойы өтісімен Қайым қалтарыста қалды. Оған берілетін жеңілдіктер, Қазақстан гимнін жазғаны үшін тағайындалған жәрдемдер тоқтап қалды. Төрт бөлмелі үйде жалғыз қалған Қайымның Семейге қайтудан басқа амалы жоқ еді. Өйткені күнделікті өмір сүрудің өзі қиындық тудырды. Семейге барған соң да оның үміті ақталмады», - деп жазды.
Бірақ өзі түрмеде жатып:
Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям,
Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?
Тарта гөр, Семейімнің топырағы,
Төстіктей жеріңе мен еркін сыям!” – деп аңсап, армандаған туған жерінде ғұмырының соңғы жылдары өткені – көңілге жұбаныш. Өзі де: “Адал ниетпен тілеген ақ тілеуім қабыл болып, туған жер, өскен еліме аман-есен оралдым. Құдайға шүкір, әзірге, адам қатарлы өмір сүріп, жер басып жүріп жатырмыз”, - деген екен соңғы сұхбаттарының бірінде.
Сөйткен Қайымның үйінде Әуезов отырған орындық сақталған екен. Бірде үйіне барған шәкірті Тұрсын аңдамай барып, сол орындыққа отырып алғанда түсін суытып: «Тұр. Бұл – Мұхтардың орны. Одан басқа ешкім отырмайды», – депті. Сасқалақтап қалған Тұрсекең: Қарама-қарсы орындыққа жайғастым. Бой жылынған соң: «Тұр. Отыр мұнда. Осы үйге келгендегі ендігі сенің орның осы», – деді Мұқаңның орнын нұсқап. Көзімнен жас ыршып кетті. Әрине, сүйініштен. Достыққа, інілікке, дәстүрге деген махаббатына, адалдығына, жан тазалығына, құрметіне сүйіндім. Жанарына шық тұнып: «Қара шалды сағындым», деп ақырын ғана сыбырлады. Ол осы бір ауыз сөзбен көп сырды аңғартты», - деп еске алады.
Профессор Нечаев: “Семейдегі қазақ интеллигенттерінің жұлдызы” Қайым ақсақал Абайға, оның айналасына, кейінгі Әуезовке өмірбойы адалдық танытқан күйі 88 жас ғұмыр кешіп, өмірден өтті.
«Бақыт дегеніміз – еркіндік, адал сөйлеу және ештеңеден қорықпай өмір сүру. Тек осылайша өмір сүру керек! Мұның адам өміріндегі маңызы зор»деген ұстаныммен өмір сүрген Қайымның ғұмырын «бақытты ғұмыр» демей, не дейміз?!
Марфуға ШАПИЯН