Ашылмаған ақиқат: қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі
Деректерге сүйенсек біздің елден 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған, 25 мың адам ату жазасына кесілген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Almaty.tv.kz-ке сілтеме жасап.
«Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданғанына биыл – 30 жыл. Ал бұған дейін 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрылған еді.
«Әр өңірде өңірлік комиссия құрылған. Комиссия жұмыс тобынан құралды. Әр жұмыстық топ өзінің бағыты бойынша архивтен дерек жинақтап, яғни ақталмағандардың тізімін жасап, оны мемлекеттік комиссияға ұсынады», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша құрылған өңірлік комиссияның мүшесі Мейіржан Мұсабаев.
Қазіргі таңда ғалымдар қарқынды түрде жұмыс атқарып жатыр. Арнайы комиссия жұмысының нәтижесінде қуғын-сүргінге қатысты құжаттар жинағы мен зерттеулерден тұратын 31 томдық кітап жарық көріпті.
«Кеңестік жылдары 135 мың адам ақталса, биыл 311 мың адам ақталды деген ақпарат тарады. Бірақ, өкініштісі, олар кім? «Қуғын-сүргінді – қылмыс» деп айттық, сол қылмысты жүзеге асырған жүйені сынай отырып, біз құжаттарды пайдалануға қиыншылық әлі де туындап отыр. Неге? Осыны мен түсінбеймін», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша құрылған республикалық комиссияның мүшесі Хангелді Әбжанов.
«Жұмысты тездетуге кедергі – архивтік құжаттардың қолжетімсіздігі, тіпті кейбірімен жұмыс істеуге мүлде рұқсат жоқ» дейді ғалымдар. Оның үстіне бұған дейін ақталғандардың есімін жасырын ұстаудың өзін ағаттық деп есептейтінін жасырмады.
«311 мың адам ақталды» деп сүйіншілеп тұрып хабарлау керек қой. Міне, мына облыста бірнеше адам, мынандай салада осындай есім ақталғанын ашық айту керек қой», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша құрылған республикалық комиссияның мүшесі Хангелді Әбдіжанов.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы басталғалы Президент архивіне 200 мыңнан астам құжат өткізілген. Ал жыл аяғына дейін 700 мыңға жуық құжат жинау жоспарлануда. Бұл іске қатысты құжат архивтерде құпия сақталған. Қазір оларды қолжетімді етудің тетігі қарастырылып жатыр.
«Бұл жұмысты Президент архиві ұйымдастырып келе жатыр. Жылдың аяғына дейін саяси репрессияға қатысты зерттеушілердің, тарихшылардың, мемлекеттік комиссия мүшелерінің қызығушылық білдіретін құжатының барлығы ғылыми айналымға енеді, ұлттық архив қорына кіргізіледі және құпиясыздандыру жұмыстары аяқталады», – деді ҚР Президенті архивінің бас ғылыми қызметкері Қайрат Әлімғазинов.
Архивтегі құжаттардың сақтаулы тұрғанына ғасырдан астам уақыт болды. Тіпті, оның кейбіреуін оқу қиындық тудырады. Ғалымдар тозығы жеткен қағаздармен жұмыс істеуге рұқсат ала алмай жүргенде «түгелдей тарихымыздан айырылып қаламыз ба» деп алаңдайтынын жасырмады.