Өткен ғасырда қазақ халқының екі мәрте қолдан жасалған ауыр ашаршылыққа ұшырағаны тарихи шындық. Айналасы он неше жылдың ішінде халқымыздың тең жартысынан астамы ашаршылық құрбаны болғаны да рас. Негізі бұл геноцид бүгінге дейін мойындалып, ешкім дау айтпайтындай нүктесі қойылуы керек еді. Бірақ біздің елде бәрі басқаша. Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған геноцидті әлі ешкімге мойындата алмадық. Тіпті өз елімізде де мұны мойындағысы келмейтіндер толып жүр...
Кеңес өкіметінің орнында отырған Ресейде осы нәубетті жоққа шығарғысы келетіндер өте көп. КСРО жендеттерінің қазақты қойша қырғанын естен шығарған кей шовинистер тіпті қазақтың жеріне таласып жүр. Оларға салса, қазақты ел қылған, жер берген, мемлекет құрып берген патшалық ресей мен кеңес одағы дегісі келеді. Бірақ тарих түгендегіш сол білгіштер ХV ғасырдан әріге барғысы келмейді. Қойдың құмалағындай бытыраған орыс жұртын мемлекеттікке кім бастағанын айтпайды да.
Ресейлік шовинистердің қазаққа қандай көзқараста екенін екінің бірі біледі. Ең өкініштісі өз азаматтарымыздың өзгенің сойылын соғып, тарихымызға тас ататыны болып тұр. Зұлмат жылдардың запыраны көп қазақты бей-жай қалдырмасы анық. Жоғарыда айтқанымыздай, қолдан жасалған ашаршылықтан қазақ халқының ауыр зардап шеккені, миллиондап қырылғаны тарихи шындық. Оны жоққа шығару мүмкін емес. Бірақ күннің көзін қолмен жапқандай, ашаршылықты болмаған дейтін керауыздар көбейіп келеді.
Күні кеше ehonews.kz деген сайтта Жанболат Шолпанов деген жазғыштың: «Холодомор» мойындалған жағдайда Қазақстанда не болмақ?», деген «сандырағы» жарық көрді. Шолпанов дегеннің ойынша, қазақ даласында ешқандай геноцид болмаған, мұны Мұстафа Шоқай ойдан шығарған. Ал Америка бастаған батыстықтар бұл тақырыпты әдейі үгіттеп ушықтырып отыр. Бұлар - тарихты бұрмалаушылар. Ашаршылық жайлы жазылған кітап, түсірілген фильмдердің барлығы жалған, ешқандай шындық жоқ...
Басынан аяғына дейін тұтас арамзалыққа, арандатуға толы мысықтілеу көзқарастағы мақаласмақтың айтпағы осы. Автор Украина ашаршылық шындықтарын ашып, геноцид деп жариялағаны үшін азаматтық соғысқа ұрынды, тоз-тозы шықты деп көсемсиді. Назар аударсаңыз, мұның әр сөзі ресейлік шовинистердің ұстанымы екенін аңғарасыз. Мұстафа Шоқайды жау санау, ашаршылықты миф деп санау, Украинаны бейшара бейнеде суреттеу, АҚШ пен батысты жамандау - осының барлығын ресейлік БАҚ-тан күнде көруге болады. Осыдан-ақ, желдің қай жақтан тұрғанын аңғаруға болатын секілді.
Біздің жазғыш «бүгінгі таңда «холодомор» және қуғын-сүргін тақырыбы мемлекеттік идеологияның бір бөлігіне айналуда», деп өкініш білдіреді (Есі дұрыс қазақстандық бұл тұста қуануы керек еді ғой). Автор қыза келе «Қазақстанда тарихты бұрмалау бойынша қабылданып жатқан әрекеттер біздің еліміз, Украинадан кейінгі, құрбан болуы мүмкін екенін көрсетеді», деп бір жамандықтың шетін қылтидаты. Тіпті «Нұр-сұлтан Украинадан сабақ алуы керек, тарих қайталануы мүмкін», деп сес көрсетеді (Автордың кімге арқа сүйеп, өз еліне айбат шегіп отырғаны қызық).
Автор Жанболат Шолпанов өзін саясаттанушы деп көрсетіпті. Бірақ Шолпанов деген қазақстандық саясаттанушыны таба алмадық. Соған қарағанда арнайы Ресейдің саясатын танушы болса керек. Солтүстіктегі көршіміздің сөзін сөйлеп, жырын жырлайтын мұндай «саясаттанушылар» біздің елде аз емес.
Енді автордың неге мұнша ашынғанына тоқталайық. Жазғышымыздың «ашаршылық пен қуғын-сүргін тақырыбы мемлекеттік идеологияның бір бөлігіне айналуды» деп аһ ұруына Президент Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия құруы себеп болса керек. Сонымен қатар, жыл өткен сайын тарихи шындықтар ашылып келеді. Көп жылдар бойы жасырылып келген қанды қылмыстар ел назарына ұсыныла бастады. Осының бәрі Шолпанов секілділердің шамына тигені сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйекте мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевты қабылдағанда қазақ халқының басынан өткен ашаршылық қасіреті жайлы да айтқан.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссияға кезінде қазақ халқының басынан өткен ашаршылық қасіреті туралы іс-шаралар қабылдауды міндеттеді», - деп жазған еді Ақорданың ресми сайты.
Қазақ халқының өткен ғасырда қуғын сүргінге ұшырап, жойылып кету қаупіне ұшырағаны жайлы еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан болатын.
«Әлемде бірде-бір ел, бірде-бір халық өз елінде демографиялық жағдайдағы осындай бұрылысты бастан кешкен жоқ және Қазақстан секілді толық жойылып кетудің алдында тұрмады. Біз аман қалдық, ұлт ретінде ұйыса білдік, біз мейірімсіз болып кетпедік, кектенген жоқпыз, 20 ғасырдағы жантүршігерлік трагедияға ешкімді айыптамадық. Біз табандылық танытып, сталинизмнің барлық жазықсыз құрбанына көмектестік», - дейді Елбасы қуғын-сүргін жылдары жайлы айтқан сөзінде.
Біз бұрынғы президент пен қазіргі президенттің сөзін ашаршылықты жоққа шығарғыш Жанболат Шолпановтың (егер мұндай адам бар болса) назарына ұсынып отырмыз. Қазақ халқының қанды қасіреті болған қос ашаршылықты мойындамау - нағыз сатқындық.
Шолпанов ашаршылықты миф депті, мұндай ойды осыдан екі жыл бұрын ресейлік Сергей Масаулов деген біреу де айтқан. Демек, Шолпановтар мен Масауловтардың сөзі бір жерден шығып отыр. Осы жерде «геноцид жайлы жазушыларды АҚШ қаржыландырады» деп тұжырымдаған Шолпанов өзін кімнің қаржыландыратынын да айта кеткені жөн секілді!..
Қуаныш Қаппас