Арғы Алматының ақиқаты
Алматы қаласының ірге қалағанына 1000 жыл мерзім болуы тарихи шындыққа айналды. Осы жолда отандық археолог-ғалымдарымыз ұшан-теңіз жұмыстар атқарып, шырқырап тұрған шындықты шарайнаның жүзіне шығара білді. Соның нәтижесінде өткен жылдың ортасында бұл оқиға ЮНЕСКО деңгейінде мойындалып, осынау аса беделді халықаралық ұйымның мерейтойлар тізіміне енгізілді. Бұл шын мәнінде өте үлкен жеңіс қана емес, туған еліміз бен халқымыз үшін орасан зор мәртебе болатын.
Ал күні кеше біздің оңтүстік астананың он ғасырлық мерзімге мезіреттелген мерейтойы Еуропа мәдениеті мен руханиятының өзіндік бір орталығы іспеттес Париж қаласында одан әрі думан жалғастырды. Осыған байланысты француз астанасына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған арнайы делегация барып, Алатау аясында бастау алған мерекелік көңіл күй ауанын сол қалпында жеткізді.
Біз ақиқаттың арнасында қалыптаса бастаған айғақ турасында тағы да бір топ ғалымдарға сөз бергенді жөн көрдік.
Болат КӨМЕКОВ,
ҰҒА академигі, профессор:
– Алматы қаласының ірге көтергеніне 1000 жыл шамалас уақыт болғаны туралы мәселенің көтерілгені кеше мен бүгін емес. Бұл бұрыннан бері айтылып келе жатыр еді. Оған дендеп мән беріліп, зерттеу жүргізе бастау 2000 жылдың басынан бері қарай ерекше қатты қарқын алды. Осы тарапта менің Карл досым, академик Карл Байпақов еш өлшеуге келмейтін ұлан-ғайыр жұмыстарды атқарды. Расында да Алматының тарихын 1854 жылы ғана бой көтерген Верныйдан бастау үлкен қателік болды. Олай дейтінім, сол Верный бекінісінің тақыр жерден тұрғызыла салынбағанын кезінде Ш.Уәлиханов пен В.Бартольд өз еңбектерінде жазып кеткен еді. Мұның арғы жағында Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбектерінде Алматы туралы жазбалар кездеседі. Міне, кеңес кезеңінде бізге осыларға салмақ артып, тірек тіреуге мүмкіндік берілмеді.
Мұның үстіне, қазіргі таңда ежелгі қалалар мен қоныстардың нақты дәурен сүрген уақыттарын анықтауда жаңа тәсілдер іске қосылды. Енді археология деректері бірінші планға шықты. Біз шынында қандай да бір тарихи шындықты анықтауда ең алдымен археологиялық қазба жұмыстары барысында алынған мәліметтеріне сүйенуіміз керек. Содан кейін жазба деректерге жүгінеміз. Осы арқылы зерттеліп отырған нысан туралы алынған деректерді тиімді пайдалана білуіміз қажет. Ең соңынан нумизматикалық заттар беретін мағлұматтарға ой жүгіртеміз. Ал Алматы қаласының нақты жасы туралы деректер осы айтылып отырған үш сала бойынша да табылып отыр.
Осы жерде көңіл бөле кететін тағы бір жайт, өзінің ғасырдан ғасырға созылған ұзақ тарихы барысында көптеген елді мекендер мен географиялық атаулар әртүрлі жағдайда өзгеріске түсіп, әлсін-әлсін алмасып жатады. Біз тарихи нысандарды зерттеу кезінде мұны да қаперімізден шығармауымыз керек. Бұл үшін кәрі Каспийдің күні бүгінге дейін бізге белгілі 70 түрлі атауы болғанын айтсақ та жеткілікті. Сол сияқты Тараздың 7 түрлі аты болғаны да мәлім. Осы тұрғыдан келгенде, бір кездері Алмату, Алмалық деген аттары болған Алматыға әр дәуірде әртүрлі аттардың таңылып қалған болуы да ықтимал екенін естен шығармайық. Мұны неге айтып отырмын? Айталық, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде және жасаған картасында Яссини (Яхинч) деген қала бар. Ол бұл шаһардың Іле өзенінің батыс қапталында орналасқанын жазады. Осыны зерттеп қарап, зерделей келгенде, әңгіменің қазіргі Алматы туралы болып отырғанын пайымдау қиын емес.
Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Мен тарихи деректермен жан-жақты дәлелденіп тұрған ақиқат нәрсеге күмәнмен қарауға болмайды деп есептеймін. Сол сияқты өз тарихына құлдық психологиямен қарауға болмайтынын айтар едім. Бұлай дейтінім, бізде әлі де көршіге қарап жалтақтау, солардың көңілдеріне келмесін деп өбектеу қалмай келе жатыр. Әйтпесе, ресейліктер 1147 жылы іргесі қаланды деп жүрген Мәскеудің 1000 жылдығын 1997 жылы атап өткенде, ешкім ештеңе деген жоқ қой. Ал тарихи шындыққа келсек, бұл қаланың аты жалпақ жұртқа XIV ғасырда Ұлы Мәскеу кінәздігінің орталығы атанған кезде ғана белгілі болған. Бұл жерге 1237 жылдың күзінде Бату хан келгенде, қоныстың тіпті аты да жоқ еді. Алтын Орданың ханы өзеннің жағасына келіп тұрып: «Мушхийю гол хото» дейді. Ол «Қисық өзен жағасындағы қала» дегені еді. Содан кейін келе «Москва» деген атау шығып, ол өзенге де, қалаға да таңылса керек.
Моңғолияның қазіргі астанасы Улан-батордың атауын қазақ қайраткері Тұрар Рысқұловтың бергенін де бүгінде жұрттың бәрі біледі. Бұдан бірнеше жыл бұрын моңғол елі осы қаланың негізі болған бұрынғы Урга қаласының 800 жылдығын тайлы-таяқтары қалмай тойлап өтті. Онда да оларға «бұларың қалай?» деген бір пенде болған жоқ. Ендеше, Алматының тура тарихы туралы сөз еткенде де, ақиқаттан ауытқып кетпей, шындықты айтуымыз керек. Ал жоғарыда аталған екі қалаға келгенде де, біздің тарихи дерегіміздің түбірі мықты, діңгегі мығым болып тұрған жоқ па? Ең бастысы, дәлел деген жетіп-артылады. Біздің археолог-ғалымдарымыз мұның бәрін шегедей қағып, мықтай нықтап беріп отыр. Қазіргі Алматы қаласы орнынан табылған теңгелер заттар, байырғы қол өнері бұйымдары осыған нақты деректердің бірі болып табылады. Әртүрлі әдет-ғұрыптарға арналған мерекелер үшін дайындалған қола қазандар тіпті бұл маңда біздің дәуірімізге дейінгі V-III ғасырлардың өзінде тіршілік болғанын, мұнда елді мекен қанат жайғанын айғақтап береді. Демек, бұл қаланың орнындағы қонысты шығыс сақтар мен үйсіндер жайлаған деген тұжырым жасауға әбден болады. Ол кезде Алматының тарихы қазір біз айтып отырған мың жылдан көп әріге кетіп қалады.
Бұларға қосарым, Алматы атауы ертедегі араб, парсы жазбаларында кездесетіні сияқты, «Яса жазбасын» («Тодо бичиг») жазып қалдырған моңғол тарихшысы әрі діни қайраткері Зая Бандидтің өмірбаяндық материалдарынан да орын алған. Осы кітапта Талғар және Күрті деген елді мекендер атауларымен бірге, Алматының да аты жүр. Ал кітап XVII ғасырдың екінші жартысында жазылған. Мұның өзі бұл қаланың күні кешеге дейін осы атаумен келгенін тағы бір дәлелдеп өтеді. Бұдан туатын қорытынды: 1854 жылы Верный бекінісі ақ топырақ, тас қайрақтың үстіне орныға салған жоқ.
Амантай ИСИН,
тарих ғылымдарының кандидаты:
– Алматының көне қала екені анық. Бірақ дәл қазір оның пайда болғанына мың жыл болды ма, жоқ одан да бұрын қабырға тұрғызған ба, – бұл әлі зерттей түсуді керек етеді. Себебі, кейбір деректер қаланың біз айтып жүрген уақыттан да әріден бастау алып қалуы мүмкін екенін алға тартады. Ал қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық заттарға қарағанда, Алматының кемінде кейінгі орта ғасырларда өмір сүргенін байқауға болады. Міне, осы күміс теңге – дирхемдердің бірінің айналмасына жазылған деректерде ақшаның соғылған ауласы мен күн бірлігі анық көрінген. Одан «Бұл дирхем Алмату аймағында (баладта) бесінші жылы соғылды» деген жазу шыққан. Алматы аумағынан табылған дирхемдер 1271-1272 жылдары Мауреннахр жері мен Түркістан қаласында Масудбек жүргізген реформа кезінде соғылғанын да білдіреді. Кейінірек В.Н.Настич оларда жазылған жазу негізінде сол кезеңде Алмату, Алматы қаласының аты қазіргідей айтылғанын да жеткізді.
Жалпы, бұл маңда Алматы жалғыз болмаған. Бұл жерде онымен қанаттас тағы екі қала орныққан. Солардың арасындағы ең үлкені – Алматы Ұлы Жібек жолының бойына орналасып, осы маңайдағы сауда мен экономикалық орталықтың қызметін атқарған. Тағы бір айтатын жайт, сол замандардың өзінде үлкен елді мекендердің серіктес қалалары болған. Мұндай үштіктің біз қазіргі Семей өңірінде де, Ертістің төменгі ағысы бойындағы қимақтар (қыпшақтар) меншігіндегі алқапта да болғанын айтар едік. Астана қаласының тарихы да тереңнен тартылатыны жөнінде деректер баршылық. Оның негізін Бұзоқ (Бозоқ) қаласа керек. Келешекте осылардың бәрінің тарихын зерттеп, шындықты бетке шығаруымыз керек. Әдетте шырғалаңның шиесін шындық қана шеше алады.
Бақытжан ЕЖЕНХАН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Мен бұл тақырыппен тікелей айналысып жүрген адам емеспін. Бірақ осы жөніндегі деректерге әрдайым құлақ асып, көз салып тұрамыз. Сол деректерде қазіргі Алматы қаласының маңында ерте әртүрлі кезеңдерде біресе Алмату, біресе Алмалы деп аталып келген қоныстың болғаны айтылып қалады. Негізі, осындай шаһардың болғаны ешқандай күмән тудырмаса керек. Ол заманында Жібек жолының бір өткелі болған сияқты. Батыс пен Шығысты жалғастырып жатқан сол атақты жолдың иінінде тұру бұл қаланың белгілі бір мәдениеттің орталығы мен ошағы ретінде танылғанына да айғақ бола алады. Бірақ өз басым оның бұдан тап мың жыл бұрын өмір сүргенін кесіп айтып бере алмаймын. Біздің тарихшы ғалымдар да бұл жөнінде бірауызды пікірде бола алмай отыр. Себебі, кейінгі кездері белгілі бола бастаған археологиялық қазба жұмыстары мұндағы ежелгі қоныстардың тарихы екі мың жылдың маңайынан арна тартатынын байқатып жатыр. Демек, бұл тарапта тағы біраз ізденіп, нақтылы бір шешімге келуге тура келетін шығар. Қалай дегенде де, қаланың шежіресін 1854 жылы ірге қалаған Верныйдың тарихынан бастауға болмайды.
Жазып алған Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА